Іsbn 9965-412-71-5 Иманғазинов М., 2009 кiрiспе а нтика


Тоқсары туралы ақиқат пен аңыз



бет4/20
Дата31.12.2019
өлшемі1,83 Mb.
#54076
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

1.5 Тоқсары туралы ақиқат пен аңыз

Тоқсары шамамен біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-ғасырдың екінші жартысында туып, VІ – ғасырдың басында дүниеден өткендігі туралы дерек бар да, бірақ нақты қай жылдары туып, қайтыс болғаны белгісіз. Оның Скифиядан екендігі және Афины қаласына барып, сол жерде ұзақ жылдар тұрып, қайтыс болғандығы ғана белгілі. Профессор Тұрсын Жұртбаевтың айтуынша, Тоқсары жөнінде Лукиан жазбаларында мардымсыз болса да кездеседі дейді. Лукиан өзінің “Скиф және қонақ”, “Тоқсары немесе достық” деген екі әңгімесінде Тоқсарының болмыс-бітімін нақты деректерге сүйеніп, тұщымды мағлұматтар береді. Әңгіме барысында Тоқсарының сабырлы, салмақты ой-тұжырымын аңғаруға болады. Ойы дәл, өткір, қарсыласының кез-келген сыни тұрғыда айтылған үәждеріне тырп еткізбей жауап таба қояды. Сол арқылы Тоқсарының Эллада елінде аса зор құрметке бөленгенін тани аламыз. Құрметке бөленгені былай тұрсын, Тоқсары Элладаға ұлттық қаһарман ретінде танылған. Оның қаһармандығы Балгер-әулиелігінде және сол қасиеті үшін оны әруағын құрмет тұтып, жыл сайын құрбандық шалған. Аполлонның кейінгі ұрпағы Асклепий болса, соның жолын қуып, балгер-емші болып, талай адамдарды емдеп, осы жолда аса айтарлық жетістікке жеткеніне орай, оны көне элладалықтар қасиет тұтқан. Тоқсары Анахарсис секілді қаракөк билеуші табынан емес, қарапайым ғана өмір кешкен адам болса керек. Оның сонау мұнар тартып, алыста мен мұндалап тұрған Афины қаласына жету үшін қаншама ауыр, азапты күн кешкенін өз ауызынан Мнесипп деген элладалыққа айтқанынан аңғаруға болады. Сол жолда достықтың белгісі есебінде қасында серіктес болып, бірге еріп жүрген Сесен атты досын мысалға алады. Тоқсарының аман-есен Эллада жеріне жету үшін, ақша тауып беру мақсатында өлімге бас тігіп, гладиатор болып, жекпе-жекке шыққан Сесеннің ерлігіне Мнесипп бас шайқап, таңырқайды. Бұл әрине көзсіз ерлік еді. Қазақ халқының қонақжайлығы жөнінде сырттағы жұрттар талай тамсанып, ауыздарынан тастамай айтса, Лукианда бұл салт-дәстүр Тоқсары жөнінде айтылған тұста да сақтардың қонаққа деген құрметтері аса жоғары болғанын сөз етеді. Қазақ халқы қазірде де қонақжай, танымаса да келген қонақты құдайы қонақ деп төріне жайғастырып, дәмдісін алдына қойған. Ал оның бұл қасиеті, оның мінез-құлқы көне дәуірдегі скифтердің арасындағы ұқсастықтары турасында профессор Тұрсын Жұртбаев еңбегіндегі Лукианның “Тоқсары мен достық” әңгімесінде өте тартымды баяндалған:

Мнесипп.Сен маған мынаны айтшы, Тоқсары. Осы сендер, скифтер, Орест пен Пиладқа арнап құрбандық шалып, құлшылық етесіңдер, сонда оларды құдай деп түсінесіңдер ме?

Тоқсары. Иә, Мнесипп, біз оларға арнап құрбандық шаламыз, алайда біз оларды құдай деп емес, тамаша адам болғаны үшін сыйлаймыз.

Мнесипп. Сонда сендер олардан не дәметесіңдер? Олардың қурап қалған сүйегінен не шығады, құрбандықты ол үшін шалмайсыңдар ғой, рас па?

Тоқсары. Өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес: біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз. Сондықтан да тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді”.

Демек, біздің бұл дүниеден о дүниеге көшіп кеткен бабаларымызға ас беріп, ат шаптырып, аламан той жасауымыз сонау есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан дәстүр болды ғой. Тоқсары әулиенің бұдан жиырма бес ғасыр бұрын айтқан “өлі разы болмай, тірі жарымайды” деген сөзін әлі қолданып жүрміз. Бұл да көшпелілердің рухани жалғастығының бір белгісі және тамырластықтың үзілмегендігі.

Бұдан кейін Мнесипп пен Тоқсары достық туралы пікір таластырып, ақыры екеуі бәстесіп тынады. Көшпелілердің адамгершілігіне, достыққа беріктігіне, кісі сыйлай алатындығына Мнесипп күдікпен қарап: “Кез келген қайырымды адамды құдай тұта бересіңдер, құдайдан құтыла алмай қаласыңдар ғой. Содан не тәлім аласыңдар? – деп кекетеді. Сонда Тоқсары Орест пен Пиладтың достығының белгісі ретінде олардың теңіз толқынынан құтылып кеткен сәтін жезге бедерлеп салып, оны мінәжатханаға іліп қойғананын, әрбір жас бала осы жез қақпақтағы суретті көріп, олардың достығы туралы аңызды естіп барып, сонда жазылған сөздерді оқу арқылы сауатын ашатынын айтады:

- Біліп қой, скифтер үшін достықтан қасиетті нәрсе жоқ. Олар жақсылықты да, жамандықты да досымен тең бөліседі. Біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Егерде досыңа сатқындық жасасаң, одан асқан опасыздық болмайды. Сондықтан да біз Орест пен Пиладты, олардың достыққа берік қасиетін, скифтерге тән нарттығы мен мәрттігін үлгі үшін құрметтейміз. Сол үшін де біз оларды “қонақтар-кораки” деп атаймыз - дейді, Тоқсары. Сонда Мнесипп: - Иә, Тоқсары, скифтер тек қана садақ тартудың асқан шебері ғана емес, асқан жауынгерлігімен ғана емес, сонымен қатар ділмәр шешендігімен де аңызға айналып жүргені белгілі. Осы уақытқа дейін Орест пен Пиладты әулие тұтқандарыңды мазақ етуші едім, енді сендердің дұрыс істегендеріңе көзім жетті. Мен сендердің тамаша суретші екендіктеріңді де білмейді екенмін. Ал скифтер достыққа сондай адал болады дегенге сенбейтінмін. Мен сендерді қонақ сыйлай алмайтын дөрекі әрі тағы жандар ғой, олардың өзара қырқысуы бітпейді, соған қарағанда тез долданып, тез тұтанатын мінезі бар шығар, жаулыққа үйір шығар, достықтың қадірін білмейтін шығар деп жүретінмін. Елдің бәрі осылай дегендіктен де, мен де соған иланатынмын. Тіпті, өзінің өліп қалған әке-шешесінің етін де жейді екен деген сыбыс бар ғой, - дейді.

Тоқсары пікірлесінің уәжіне жауап қайыра келіп:

- Менің ойымша, сендер достық туралы ауыз көпіртіп айтасыңдар да, іске келгенде тайқып шыға келесіңдер. Достықтың сыналатын кезі келгенде оны далаға тастап, зытып бересіңдер. Сендердің зарзаманшыл жазушыларың адал достық туралы хиқаяларды сахнада көрсетіп жатқанда көздеріңнен жас шығады, ал жайшылықта ғой көрген түстей ғайып боласыңдар, - деп гректердің өзін кінәлайды”.

Диалогқа қатысқан Мнесипп пен Тоқсары екеуі де сөзге шешен, ділмар. Екеуі де бірін-бірі сөзбен шалып, сынап-мінеп отырады. Бұл екі халықтың намысы, олардың кімнің-кім екендіктері екі адамның сөздері арқылы айқындалмақ. Егер сөзден мүдіріп, ой-пікір дәлелсіз болса, бүкіл бір елге таңба түспек. Эллада елі сол тұста қай салада болмасын алдына жан салмайтын, өркениеті дамыған ел болса, алыста мұнарланып жатқан скифтіктердің өмір-тіршілігі гректерге беймағлұм еді. Сондықтан Скифияның тұрмыс-тіршілгі туралы айтылған аз-кем сөздер арқылы Элладаның зиялы қауымы сол халық туралы өзіндік ой-пікір қалыптастырар еді. Тоқсары болса осы жайтты бағамдап отырып, бүкіл бір елдің намысын өзінің ақылы мен шешендік шеберлігі арқасында қорғап қалады.

1.6 Қазақ ауыз әдебиетi мен антикалық әдебиет

дәуiрiндегi фольклористиканың өзара үндестiгi
Фольклор – халық даналығы тудырған сөз өнерi болса, оның шығу тегi мен табиғаттық ерекшелiктерiн зерттейтiн ғылымды фольклористика деймiз, яғни (folk – халық, lore – бiлiм, даналық) фольклористиканы зерттеп жүрген ғалымдардың iшiнде немiс ғалымы М.Ф.Кнафльдiң пiкiрiнше фольклористика халық даналығы деген ұғым. Осы ұғымды қостаушы ағылшын ғалымы I.Дж.Томс фольклорды халық арасында туған ертегi, аңыз, өлең, жыр, түрлi наным-сенiмдердi жинақтайтын термин ретiнде алға тартады.

Әрине, бұл термин жөнiнде өз тұсында халық арасындағы танымал орыс және қазақ фольклорист ғалымдары түрлiше пiкiр айтып, түбiнде “Фольклор әдебиеттiң бiр бөлiгi болса, фольклористика-әдебиеттанудың бiр бөлiмi” деген ой-тұжырымды қуаттаған. Бiрақ қоғам да әдебиет те бiр орнында тұра бермейдi, үнемi даму үстiнде болғандықтан, көш iлгерi дамыған ғылыммен бiрге ой-пiкiрдiң өзгеретiнi де заңды.

Дегенмен, фольклористика - әдебиеттанудың бiр бөлiмi болғандықтан, екi түрлi континентте өмiр кешкен халықтардың әдебиетiн, оның iшiнде ауыз әдебиетiн қарастыру, салыстыру, ой елегiнен өткiзiп ой-тұжырым айту кешеуiлдетуге жатпайтын салалардың бiрi. Бұл турасында бұдан 30-жылдай бұрын қазақ әдебиетiнiң классигi Сәбит Мұқанов: “Енеден туа өнерленiп кеткен ешбiр ел жоқ. Мәдениеттi елдердiң бәрi де бiрте-бiрте өнерленген. Ендеше қазақ та алдағы аз жылда мәдениеттi болуына сөз жоқ. Бiрақ ол күндi күтiп отырмай, қазақ әдебиетiн тексерудiң негiзiн қазiр сала беру керек” деген пiкiрiнiң өзi европалық әлем әдебиетiнiң негiзiн қалаған антикалық әдебиетке де байланысты айтқан болуы керек деген ой ұшқындайды.

Атақты жазушы өз пiкiрiн әрi қарай былай жалғайды: “жер жүзiндегi барлық халықтың фольклоры сияқты қазақ фольклоры да қазақ халқының әр кезде, әр заманда басынан кешкен әлеуметтiк-экономикалық өмiрiнiң айнасы болды. Қазақ фольклорының мазмұн жағынан да, түр жағынан да дүниежүзiлiк фольклордың алдыңғы қатарынан орын алатындығы туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар”.

Қазақ фольклорының бiлгiрi ретiнде Сәбит Мұқановтың бұл пiкiрi жай айтыла салмаған. Өйткенi, осы кезеңге дейiн қазақ фольклористикасы жөнiнде қазақ ғалымдарынан тыс орыс және басқа да батыс, шығыс елдерiнiң ғалымдарының назарынан түспей келе жатқаны соның дәлелi. Мәселен, ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың iшiнде әлемге танымал зерттеушiлер, В.В. Радловтың 1866 жылы шыққан “Образцы народной литературы тюрских племен живущих в южной Сибири и Джунгарской степи” еңбегi; Г.Н. Потаниннiң “Несколько вопросов по изучению поверий, сказаний и обычаев киргизов и сибирских татар”, “Русская девушка в киргизской сказке” еңбектерiнiң “Этнографическое обозрение” журналында 1890 жылы шыққан еңбектерi; “Греческий эпос и ордынский фольклор” мақаласы да осы “Этнографическое обозрение” журналының 1894 жылдың №2 санында жарық көредi; Н. Абрамовтың “Каменная перамида, надмогильный памятник “Козы-Корпеш и Баян-сулу” в киргизской степени” мақаласы; М. Мюллердiң “Опыт сравнительной мифологий”; С.П. Толстовтың “Города гузов”; А.Н. Веселовскийдiң “Историческая поэтика” еңбегi; Дж. Фрезердiң “Фольклор в Ветхом завете” 1989 жылы Мәскеуде шыққан еңбегі; және тағы басқа еңбектер қазақ ауыз әдебиетiнiң шұрайлылығын, өте бай әдеби мұра екендiгiн әлемге паш ете отыра, ежелгi европалық және көне түркi әдебиеттердегі кейбiр ұқсастықтарға тоқталады. Әр халықтың өз фольклоры болса, ол сан ғасырлар бойы ел аузында жатталып, дайын форма ретiнде атадан балаға жалғасып жатқан халықтық мұра. Оны шығарушы авторлар кiм болғаны, қай мезгiлде туған? деген сауалдар қазақ фольклоры мен антика дәуiрiнде пайда болған әдеби мұраларға тікелей қатысты. Өйткенi, әр елдiң ауыз әдебиетiнде бiте қайнасқан, өзiнiң “меншiгi” болып кеткен әдеби мұралардың iшiндегi сюжеттiк мотив, образдық бейнелер, көркемдiк тәсiлдер т.б. әдеби компоненттердiң ұқсастығы түрлi дау-таластар тудырғаны әдебиет тарихынан аян.

“ХIХ ғасырдың басында Гегельдiң идеалистiк философиясы туған едi. Қоғам мен мәдениет тарихын сөз еткенде Гегель үлкен экономикалық формациялар мен олардың ауысу заңдылықтарын, үстем тап сапасымен жасалған мәдениет мазмұнын еске алмай, әдебиеттi қоғамның экономикалық базисiнен бөлек алып қараған. Сөйтiп, Гегель мәдени даму өзара тартыста болады, бiрақ әр кезде күштi тiл, күштi мәдениет жеңiп шығады. Сол мәдениеттiң iшiнде ерте туып, өзiнiң орнын сақтаған және болашағы бар саласы – герман (арий) халықтарының мәдениетi мен тiлi деген.

Гегельдiң жоғарыда келтiрген пiкiрiн сол дәуiрдегi ғалымдар қолданған. Мысалы, ХIХ ғасырдың басында Европа ғылымында барлық тiлдер басында бiр атадан тараған дейтiн индоевропеизм қысымы туады. Оны “ата тiл” (праязык”) теориясы деймiз. Немiс фольклористерi ағайынды Якоб және Вильгельм Гриммдер мен ағылшын ғалымы Макс Мюллер болса, басында барлық елдер фольклорының сюжетi мифтен туған, олардың мифологиясына герман халықтарының мифтiк сюжеттерi негiз болған. Сол сюжеттер кейiн түрлi халықтарға ертегi, эпос түрiнде тарап, өмiр тонын киген дейтiн қисынды жақтаған”.

Бұл тұжырымның көңiлге қонбағанымен, осы пiкiрдiң өзi кезiнде фольклористерге әлем елдерiнiң фольклорын зерттуеге бiршама итермешi болған-ды. Қалай болған күнде де, ертеде өмiр сүрген халықтардың таным-түсiнiгiндегi ортақ ойлар мен ауыз әдебиетiндегi ұқсастықтар болуы кездейсоқтық десек те, ғылымда сюжеттердiң көшiп жүру (миграция сюжетов) теориясы бар екенi, басқаша айтар болса, өлең-жыр, эпос, ертегi т.б. алғашында бiр халықтың iшiнде туып, бертiн келе басқа елдерге таралуы да заңдылықты процесс. Бұл пiкiрдi алғаш жақтаған ғалымдардың бiрi Қазақстан, Сiбiр, Алтай халықтарының фольклоры мен этнографиясын зерттеушi, жинақтаушы, Шоқан Уәлихановтың досы Г.Н. Потанин едi. Ол орыс және Европа елдерiнiң эпостық сюжеттерi түркi-монғол тайпаларының эпостық жырларынан алынған деген ойды алдыға тартады.

Үндi халқының “Панчатандра”, “Калила мен Димна” сияқты эпостық туындыларын зерттейтiн немiс фольклоршысы Бенфей: “Алғашқы эпос сюжеттерi Үндi елiнде туып, кейiн бүкiл шығысқа – Александр Македонский, Эллинизм ХI ғасырдағы крест жорығы кезiнде арабтар арқылы Маврларға (Испанияға), гректер арқылы Италияға, Орта Азия, Бабыл арқылы Балканға тараған” – десе, оны орыс фольклористерi А. Пыпин, кейiн К. Стасов қолдайды.

Жаугершiлiк немесе бейбiт өмiрде де бiр-бiрiмен араласқан экспансиялық немесе демократиялық қарым-қатынастағы екi халық өзара байланыс арқылы өздерiнiң мәдениетiнiң қандай да бiр дәрежеде болмасын әсер ететiнi заңды құбылыс.

“Жалпы мәдениеттiң бiр бөлiгi болатын көшпелiлердiң көне мәдениетiнiң iшкi мәнi (дiни мазмұны, тұрмыстық функциясы, т.б.) бейнелеу өнерiнiң сыртқы формалық сипатын анықтап, барлық көшпелi сақ-скифтер тайпаларына тән стильдiк ерекшелiгiн қалыптастырды. Сонымен қатар, даму барысында көшпелiлер өздерiне көршi халықтар мәдениетiнiң ықпал-үлгiлерiн де қабылдап отырды. Мысалы батыс көшпелiлерi (скиф, сарматтар) өнерiнде грек-рим мәдениетiнiң ықпалын, ал шығыстағы сақтар өнерiнде қытай мәдениетiнiң, оңтүстiктегi көшпелi тайпалар өнерiнде – Иран, Индия мәдениетiнiң, өнерiнiң ықпалы күштi болды”,-дейдi, белгiлi мәдениеттанушы–ғалым Хамит Маданов өзiнiң “Қазақ мәдениетiнiң тарихы” атты еңбегiнде.

Әдетте өнер, мәдениет нұсқаларымен бiрге ауыз әдебиетi, жазу, сызу бiрге жүретiні айдан анық. Сондықтан көршi елдермен қатар, грек-рим әдебиетiнiң фольклорлық және классикалық нұсқалары қазақ әдебиетiне әсер етпеуi мүмкiн емес. Оның жарқын мысалы есебiнде, өзiмiздiң қандасымыз (гректер Анахарсис Скифский деп атайды) Анақарыс бабамыздың грек халқының өнерi мен мәдениетi, әдебиетi мен ғылымына қызыққаны сондай Европаның талай елiн шарлап, ежелгi Грекияға барып, ғалым-оқымыстыларымен жүздесiп Солон, Периандр, Питтак және т.б. олармен дидарласып, перипатетик ретінде (перипатетик – қыдырыстап жүріп, әңгіме-дүкен құру арқылы білім жетілдіру) бiлiм-ғылымнан сусындап қайтқандығы туралы жоғарыда айтып өттiк.

Әдебиетшi – ғалым Ш.Қ.Сәтбаева өзiнiң “Шоқан Уәлиханов – филолог” атты монографиялық еңбегiнде: “халықтың сөз мұрасын зерттеуде, бағалауда мән-мазмұнын саралауда Ш.Уәлихановтың көзқарастары адамзат көркем қазынасының бұрын-соңды зерттелу тәжiрибесiне, орыстың озық әдебиеттану ғылымы мен сынының жетiстiктерiне арқа сүйейдi, көбiне олармен үндес келiп отырады.

Шоқан қазақ әдебиетiн қазақ халқының рухани мәдениетiнiң аса бай көрiнiсi деп бiлдi де, сол әдебиетпен басқа халықтарды таныстыруды мақсат еттi”- дейдi де, Шоқанның төмендегi тұжырымына көңiл тоқтатады: “Бiздiң халқымыздың көркемдiгi жағынан қалыспайтын өскелең әдебиетi бар. Егер жұрттың айтуымен Герадот жинаған Гомердiң көркем өлеңдерi мен аңыздарының аз да болса тарихи мәнi бар десек, егер де өзгертiлiп, мысал тәрiздi болып кеткен аңыздардың негiзiнде де оқиға, шындық жататын болса, қазақтың ата-бабаларының өмiр-тұрмысын, әдет-ғұрпын әр жағынан қамтып белгiлi бiр жүйеге суреттеген, сол елдiң өткен кездегi өмiрiнiң сәулесi болған аңыздарын алып, сол халықтың осы күнгi мiнез-құлқымен салыстырсақ, онда аңыздардың тарихи мәнi болуының мүмкiндiгiне күдiктенбеуiмiз керек. Халықтың таза ақындық туындылары ретiнде бүкiл қоғам көпшiлiгiнiң сезiмдерiн, өмiрiн және прогресiн қамтамасыз еткен шығармалар тарихтың филологиялық және де психологиялық назардан тыс қалмауы керек”,-деген тұжырымы, қазақтың әдебиетiн тар шеңберден арылтып, кең көлемде, тек орыстың ғана емес озық европалық әдеби мұраларымен бiрге салыстыру, әдеби компаративистiк сала арқылы қарастыруға жетелейдi.

Дарынды ғалым өз тұсында әдебиеттiң осы проблематикалық саласы бойынша көп шұғылданған. Еңбегi оң нәтижесiн берiп, оның осы саладағы жазған ғылыми ой-пiкiрiн дүниежүзiлiк зиялы орта ден қойып, көп қызғылықты фактiлерге мойын ұсынған.

Шоқан әсiресе, ежелгi грек пен рим әдебиеттерi мұраларының фольклористика саласы бойынша оқиға желiлерiн, образ, көркемдiк шешiм, суреттеу, бейнелеу жақтарын, мифологиялық компоненттердi қазақ елiнiң рухани бай мұраларымен кеңiнен салыстырулар жасайды.

Сонымен қатар, ғылыми еңбектерiнде озық классикалық европалық және ренессанстiк күйдi басынан кешiрген Шығыс елдерiнiң әдеби мұраларымен қазақ әдебиетiнiң кейбiр нұсқаларымен кең көлемде ұқсастық, үйлесiмдiлiктер iздейдi. Сол мұралардың бiрқатарын жарыққа шығарып, оған ғылыми анализ жасап, басқа жұрттарға таныстыру мақсатында ұшан-теңiз еңбек сiңiредi. Ойы-туған халқының европалық халықтардың өркениетiне жету, одан қалыспай бiр дәрежелес болуды, прогреске ұмтылдыруды аңсады. Игi iске қарсыларына аяусыз күрес те жүргiздi. Қазақты осы тұста рухани байлығын жетiлдiру оны басқа жұртқа көрсету арқылы тең дәрежелес болу мақсатына жету үшiн феодалдық-монархиялық тәртiп пен ислам дiнiнiң фанатизмiнен арылып, ғылым негiзiне сүйенген бiлiмге баулуды, орыста оқыту үшiн мектептер ашуды аңсайды.

“Жалпы қазақ халқының алдында европалық цивилизацияға жетуде, орыстардың византиялық дәуiрден өткені сияқты, татар халқы арқылы өтудiң өлермен перспективасы бар. Византийщина қаншалық жиiркенiштi болса да, бiрақ ол әйтеуiр даусыз ағартушылық элементi ретiнде христиандықты енгiздi. Соны және қабылдағыш қазақ халқы ой мен сезiмдi тежеу қабiлетi ғана бар өлi схоластикадан осы тығырықтан шығу мақсатында басқа татар ағартушыларынан ненi күтпек?- дейдi.

“Осы адам сүйгiш iстi тындыру үшiн, ең алдымен, тек ислам идеясы мен молдаларға деген қамқорлықты тоқтату және окургтегi татар мектептерiнiң орнына орыс мектептерiн ашу керек” - дейдi, өзiнiң “Сахарадағы мұсылмандық туралы” деген мақаласында.
Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Антика атауының мәні, шығу тегі.

2. Антика әдебиетінің Европаға әсері қай ғасырда болған?

3.Скифтер туралы алғаш пікір білдірген тарихшы-ғалым?

4. Анақарыс кім болған?

5. “Жеті ғұлама” дегеніміз кімдер?

6. Тоқсарының скифтерге қатысын түсіндір.

7. Солонның сарайында құрметті қонақ болған скиф кім?

8.Антика әдебиетінің Европаға әсері жөнінде ғылыми тұжырым

жасаған қазақтың ұлы ғалымы.

9.Ресейдегі антика әдебиетінің маңызы.

10.Мнесиппен дискуссия жасаған скиф кім?


Әдебиеттер:

1 Әуезов М. Очерктер және кино-әңгiме: Жиырма томдық шығармалар жинағы.VШ-т.  Алматы: Жазушы. 1981.  440-б.

2 Кәкішев Т. Толғам.  Алматы: Қазақ университеті. 2004.  507-б.

3 Рымғали Н. Әдебиет теориясы: Нұсқалық.  Астана: “Фолиант”

баспасы. 2003.  328-б.

4 Қасқабасов С. “Мәдени мұра – рухани жаңғырудың негізі” мақаласы // Егемен Қазақстан.  2.ХІІ.2003 жыл.2-б.

5 Кун Н.А. Ежелгi Греция мифтерi мен аңыздары.  Алматы: Мектеп. 1979.  13-б.
Қосымша әдебиеттер:

1 Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер.  Алматы: Атамұра. 2003. - 205-б.

2 Сейдімбеков А. Геродот “Тарих” //Қазақ әдебиеті.  6.03.1992 ж. 4-б.

II

АНТИКА МЕН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТЕРІНІҢ ОРТАҚ

ҰҚСАСТЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ОЙ-ПІКІРЛЕР, ЗЕРТТЕУЛЕР
Г

рек әдебиетi, қазақ әдебиетi секiлдi о баста халықтық шығармашылықтан тұратын мұралардан туындап, қалыптасқан. Грек фольклоры, грек мәдениетiмен бiрге Эгей теңiзiнiң маңында өмiр сүрген халық-тармен қоян-қолтық араласулары мен өзара алмасулары арқылы дамып, өзiндiк қалыптасу кезеңiн басынан өткергендiгін жоғарыда атап өттік.

Әдеби мұралар мен әдебиет нұсқалары әдетте жазу, таңба, кейде ауызекi сөйлеу, фольклористика арқылы тарайтыны белгілі. Оған себепкер – көршiлес жатқан елдердiң бiр-бiрiмен қоян-қолтық араласулары мен сауда-саттық, шаруашылық қажеттiлiктен туындайтын жайттан келетiнi сөзсiз. Сол жөнiнен келгенде, О.Сүлейменовтың 1998 жылы жарыққа шыққан “Таңба тiлi” (Язык письма) деген еңбегiндегi мына пiкiрiн өзгерiссiз берсек: “Древнегреческие историки, увидев сходства своих букв и названий с финикийскими, сочинили легенду о финикийце *Адм (Кадм) (Кадм туралы аңызды кейiнірек баян етемiз – И.М.) принесшим алфавит в Элладу. На ней зиждется научная версия о происхождений южно-европейских буквенных систем: финикийское – греческое - этрусское – латинское.

Данные палеографии и словарей заставляют предположить более сложную последовательность распространения буквенных систем. Конечный этап перехода от первоиероглифического письма к буквен-ному можно представить в таком схеметическом виде:







финикийский- арамейский




протоалфавиты








протогреческие



этрусский,

латинский

При этом новые письменности на первых порах тесно взаимодействовали между собой” – дейді.

Яғни, әр халықтың өз өркениетiнiң даму барысында таңбаның, әріптердің арқасында бiр-бiрiмен араласулары нәтижесiнде, өздерiнiң рухани мұраларымен бөлiспеуi мүмкiн емес.

Әдетте, халықтық шығармашылық алғашқы қауымдық құры-лыстың әр ру–тайпаның ара қатынасының шарықтау шегiнде туындаған. Бұл жеке адам емес, бүкiл қауымның тәжiрибесi мен олардың iшкi сезiм – толғаныстарынан шығатынын еске алсақ, онда ертедегi пайда болған мұралар сол бүкiл қауымның, сол халықтың ортақ еншiсi, меншiгi. Ал сол туындаған тәжірбиелер мен әдеби әфсана немесе әдеби мұралар көршілес халықтарға тарайтыны талассыз. Бұл бүкiл грек фольклорындағы барлық жанрларына, ертегi немесе миф-аңыздарына да, мысал немесе халықтық ән шығарма-шылығына тиесiлi айтылған сөз болмақ.

Ал грек әдебиетiнiң қалыптасуына фольклористикада аса маңызды орын алатын, ерекше роль атқарған мифология екенi белгiлi жайт. Ендi осы мифологияның тууы мен калыптасуы жөнiнде ежелгi және кейiнгi зерттеушi-ғалымдардың зерттеулерiне тоқталу қажет.

Мифология – құдайлар мен қаһармандар туралы халықтық әфсанадан тұратын, ертегiмен салыстырғанда ойдан шығарылмаған, ертеде болып өткен оқиғалар есебiнде қабылданатын жанр. Сонымен бiрге, мифология мифтi, аңызды зерттейтiн ғылым.

Антикалық мифология - өмірдің нақты құбылысын көрсетіп, сол дәуірдегі адамның өмірін, тұрмыс жағдайын, ой-қиялын сипаттаған. Ең басты мақсаты сол тұстағы адамдардың арманына, фантазиясына үлкен мән берілген. Гректердің мифологиясы – алғашқы тайпалық қоғам құрлысында пайда болғандықтан, көбіне табиғат құбылысын, табиғи ортаны бейнелеуге жақын болды. Сонымен бірге мифология тайпаның, рулық қарым-қатынастың табиғатқа жақын және бүкіл табиғатта болып жатқан өзгерістерді, құбылысты сол ру мен тайпа көсемдерінің істеген таңғажайып ерліктері, қимыл-қозғалысына жақындастырып көрсетуге бағышталды. Ал сол табиғат өзгерістері мен құбылыстардың бәріне тірі жан ретінде (фетишизм – табиғат затына, құбылысына жан бітіру, яғни зат бейнесіндегі рухани күштерге табыну) қарап, олардың мәнін жоғары көтеріп көрсету ыңғайы айқын аңғарылады. Мәселен, Аполлон мен Артемиданың шешесі Латона Делоста – жаңқа ағаш түрінде көрінеді, Геракл Гиетте – тас кейіпінде, ағайынды Диоскуралар Спартада – ұзын кесілген ағашқа көлденең байланған тал ағашы. Адам қолынан шыққан заттың ішінде Телефті жарақатынан емдеп шығаратын Ахиллдің найзасы. Фетиштік мағынаға ие болған табиғат заттарының ішіне – өсімдік пен жануарлар және адамдардың дене мүшелері де кіреді. Айталық, жүзім ағашы мен жапырақтары шарап құдайы Дионистің фетиші есебінде қабылданып, оны кейде “жүзім иесі” деп те атайды. Афинаны гректің бір гимінде – “Жылан” десе, кейде үкі фетиші қолданылады. Криттік Зевс – өгіз, Гера сиыр болып көрінеді де, олардың сол бейнелеріне орай магиялық, сиқырлық күштерді жануарларға бірге таңады.

Адамдарға келетін болса, олардың дене құрлысы мен ішкі органдары айталық, жүрегі, бүйрегі, көзі, шашы, қаны сілекейі және т.б алғашында адам рухы ретінде материалдық дене, яғни фетиш түрінде көрініп, адам жаны қанмен бірге о дүниеге аттанады деп есептеген.

Салт-дәстүр мен миф-грек халқы үшiн дiннiң ең маңызды алғышарттарының бiрi. Мифология гректер үшiн қасиеттi де аса жоғары қастерлейтiн тарих. Ал, А.Байтұрсынов тарихты “Ұлы дерек” деп бекер айтпаса керек-тi. Яғни, грек халқы өздерiнiң тарих беттерiн жазуда, мифологиялық деректерге көңiл қойған. Тiптi, александриялық кезеңге (эллинизм кезеңі) дейiн құдайлар мен қаһармандар ақын-жазушылардың шығармаларының ең өзектi де негiзгi әдеби кейiпкерлерi мен сюжеттерiне негiз болып табылған.

Грек құдайлары мен қаһармандары жөнiндегi аса мол деректерге антика әдебиетiнiң iрi өкiлдерi, Гомер мен Гесиодтың поэмаларына, грек трагиктерi Эсхил, Софокл мен Еврипидтiң трагедияларына жүгiнемiз.

Алғашқы мифтiк нұсқалар бей-берекет пен бiр-бiрiне керағар жағдайда едi. Себебi, әр тайпа мен әр мәдени орталық құдайлар мен қаһармандар жөнiндегi түсiнiктердi өз деңгейiнде қабылдап, өздерiнiң ырқына қарай бейiмдеп жазуға талаптанды. Осыдан-ақ мифтердiң ұзын арқаға салынып, көп варианттылыққа жол ашылды. Кейiннен Гесиод пен оның iзбасарлары мифтердi жинастырып, бiр жүйеге, ретке келтiруге талаптанды. Одан әрi қарай мифологияны жүйелеу талабы б.д.д. VI ғасырға жатады. Өкiнiшке орай аталмыш мифтердiң тарихи шығарма есебiнде тiркеген ең алғашқы авторлары логографтардың тарихи шығармалары бiзге жеткен жоқ. Ең алғашқылардың санатында Каллимахтың басшылығымен мифтердi жүйелi түрде зерттеген александрлық оқымыстылардың мифографикалық шығармалары да қолға тимедi. Тек Аполлодор жазған болар деген жорамал жасағандар оған “Кiтапхана” (“Библиотека” б.д. ІІ ғасыр) еңбегiн таңатын кiтап бүгiнгi күнге жеткен. Еңбекте Аполлодор мифтердi баяндау барысында классикалық ақындар мен логографтарға, александрлық филологтарға жүгiндi. Гесиодтың “Теогониясын” есептемегенде, Аполлодордың “Кiтапханасы” антика дүниесiнен бiзге жеткен бiрден-бiр жүйелi де реттi баяндалған гректiк мифологиялық еңбек.

Грек әдебиетi дiннiң даму сатысының шарықтау шегiндегi мифологияға жақын келедi, яғни қоғамның кешуiлдеген, дамудың бәсеңдеген тұсындағы антроморфтық политеизм (адам келбетi мен мiнезiне сай көпдiндiлiк құдайлар) кезiндегi догматикалық жүйеден ада, шексiз мифтiк және құдайлар жөнiндегi шығармашылыққа еркiндiк берген уақытқа жүгiнедi. Өйткенi, гректерге сан жүздеген құдайлар мен жартылай құдай iспестес ерекше жаралған мақұлықтар көптеп саналатын (бұлар гректерде құдайлар қатарында культiк деңгейде жүретiн).

“Адам өз рухани қасиеттерін тану үшін айналасын рухтандырып, сол арқылы барып өздерін тануға жол ашты. Мұны ғылымда антропоморфизм деп атайды. Антропоморфизм (гректің – “адам” және “түр, форма” деген сөздерінен шыққан) – хайуанаттар мен өсімдіктерге және табиғаттың түрлі құбылыстарына адам кейпі мен қасиеттері тән деп санайтын ескі заманнан бері келе жатқан түсінік. “Антропоморфизм мифология дамуының кейінгі сатысы болып табылады. Алғашқы сатысы – зооморфизм (яғни адамдар өз ата-тектерін хайуанттардан таратқан). Жартылай адам, жартылай аң формасындағы құбылыстардың көркем образға айналуына гносео-логиялық мән бар. Суперісі (русалка), кентавр адамдардың биологиялық-әлеуметтік тұтастығын меңзейтін образдар” – дейді, Ғ.Есім “Сана болмысы” деген еңбегінде.

Құдайлардың бұл тiзiмi уақыт өте келе, көршiлес елдердiң культтерi мен мифтердiң әсерiнен көбейе түсетiн, және олардың түс-тұрпаты, аттары мен атрибуттары, белгiлерi, атқаратын қызметтерi, жер ерекшелiгi мен қоғамдық сiлкiнiстерден өзгерiске ұшырайтын.

Мифтiң өзгерiске ұшырауы – өткен күннiң жемiсi десек те, кейiнгi дiн ұстанушы сопылар мифтегi культтiк жай-жапсарларды, наным-сенiмдердi мейiлiнше қатаң орындап, сақтауды мұрат тұтты, өйткенi ол өздерiнiң ертеңгi күнгi тiршiлiгiнiң негiзi.

Мифтердiң сюжетi мен қаһармандар қатарының мәртебелi жағдай-да, биiкте көрiнуi және сол ахуалдың осы күйiнде қалуына аристократ-тар, билеушi таптар мейлiнше қолдау көрсеттi. Мәселен, Зевс құдайдың нақсүйерлерiнiң санының аз-көптiгi ешкiмдi де толғандыра бермейтiн. Ал осы факт құдайдың, жер басып жүрген қарапайым көп әйелдермен қарым-қатынасы – аристократтардың өз ата-бабалары, аналары тәңiрмен араласқандықтан, өздерiн құдайдан кейiнгi ұрпақтары дәрежесiне көтерудiң бiрден-бiр баспалдағы болатын.

“Сәл дамытылған мифологияда бiрiншi ұрпақ – тәңiриелер, екiншi ұрпақ – алыптар (ергейжейлi, албасты), үшiншi ұрпақ – адамдар” делінген “Гиперборея: түс көрген заман шежiресi” атты еңбекте.

“Жалпы әлемдiк мифологиядағы “ұрпақтар” мәселесiнiң орташа жиынтық сипаты былайша келтiрiледi:

Бiрiншi ұрпақ –тәңiриелер (құдайлар) ұрпағы.

Олар әдетте бiр немесе екi тiрi пендеден таратылады. Жасам-паздық әрекет осылармен байланысты.

Екiншi ұрпақ – “аралық ұрпақ” – құбыжықтар, карликтер, алыптар және т.б. сол сияқтылардың ұрпағы. Бұл ұрпақтың көрсетiлуi тұрақ-сыз, өйткенi алыптар кейбiр мифтерде құдайлар қатарына жатқызылса, құдайлардың кейбiрi осы “аралық ұрпақққа” кiргiзiледi. Мысалы, грек мифiндегi титандар (алыптар) бiрiншi ұрпақ ретiнде көрсетiледi. Яғни әр мифтiк дәстүрде осындай ұрпаққа бөлiп көрсету үрдiсi сол мифтiк дәстүрдiң дамуына байланысты өзгеше болып шыққан, дегенмен негiзгi ұрпаққа бөлiну қаңқасы бәрiбiр сақталынып келедi.

Дамыған мифтiк дәстүрлерде ұрпаққа бөлiп көрсету үнемi екi қатар болып жүредi: бiрiншi қатарда тәңiриелердiң ұрпақтары көрсетiлсе, екiншiсiнде – адамзаттың ұрпаққа бөлiнуi көрсетiледi, не осы екi қатар ұрпаққа бөлiну үрдiсi бiрiне – бiрi жалғасып, ұштасып жатқан күрделi үлкен ұрпақтар тiзбегiн қалыптастырады. Бастапқы, яғни алғашқы қауымдық заманның мифтiк дәстүрiнде “құдай ұрпақтары” мен “адамзат ұрпақтары” бiр-бiрiнен ажаратылмайды, яғни ол iс жүзiнде бiр ғана “тiрi пенделер” (тәңiрлер де, адамдар да) ұрпағы болып көрсетiледi. Отырықшы құл иеленушi, мемлекет құрушы қоғамның мифтiк дәстүрiнде (грек, шумер, үндi, т.б.)осындай түсiнiктер күрделенiп кетедi, ал алғашқы қауымдық құрылыстан iс жүзiнде тiкелей көшпелi феодализмге ауысқан халықтар (түрiктер, монғолдар) бастапқы сипаттамалардың қаңқасын ұзақ уақыт бойына сақтап қала алады. Сондықтан түрiк-монғол фольклоры мен тiлi арқылы ең көне түсiнiктердiң сипатын тез реконструкциялауға болады.

Сонымен, бiз дей-түрiк және түрiк мифологиялық дәстүрiндегi негiзгi алғашқы қауымдық заманда-ақ қалыптасқанымен, iшкi байланыстар құрылымының қаңқасын көшпелiлiк заманда да сақталған “мифтiк ұрпақтар” тiзiмiнiн былай көрсетуге болады.

Бiрiншi ұрпақ – “Түп – ана” (ергежей, ал, абақ, ажи, дана, қалша, тазша) уақыты.

Екiншi ұрпақ – алыптар мен ергежейлiлер (алып, ергежейлi, албасты, абаасы уақыты. Мифоэпикада және эпосты бұл – батыр ата-бабалар (Алып Ер Тұңға, Алпамыс, Ер Сайын, Ер Қосай, Қазан, Қозы Көрпеш, Нукуз, Қиян, Аңшыбай, Алаша т.б.) заманы.

Үшiншi ұрпақ – адамдар.

Егер көне мифтiк түсiнiкте “алып”, “албасты”, “ергежейлi” типтi кейiпкерлер бастапқы уақыттағы жер бетiнiң тұрғындары болып тұрса, кейiнгi мифтiк түсiнiкте оның уақыттық сипаты жойылып, олар тек “жер асты тұрғындары” сипатына ие бола бастайды”.

Жергiлiктi культ пен аңыздардың басын бiрiктiрудегi бастаманы гомерлiк дiн қолға алды. Гректер Гомердi құдайлар жөнiндегi жүйелеушi, немесе елдiң ұғымындағыны өмiрге әкелушi деп есептеген. Геродоттың айтуынша, Гомер мен Гесиод эллин құдайларының шығу тегiн, олардың эпитеттерi мен негiзгi қызметтерiн белгiлеп берген. Дәстүрлi дiндi сынаушылардың бiрi, қыдырымпаз рапсод-ақын, колофоннан шыққан Ксенофан (б.д.д. VI-Vғ.): “Қарапайым халық iшiнде құдайды мазақтауға, даттауға итермекшi болған, соған батылы жеткен Гомер мен Гесиод. Құдайлар арасындағы ұрлық пен көзге шөп салуды, бiрiн-бiрi қулықпен алдау жайын телiп жазған солар”, – дейдi.

Грекиядағы көшiп-қону кезеңiнен кейiн (ХI ғасыр б.д.) аристократиялық қоғамдық-саяси құрылыс өз қалауындағы гомерлiк құдай мемлекетiн құрған. Оның басында Зевс құдай тұрды. Зевстiң культiн Грекияны жаулаушылар өзiмен бiрге ала әкелдi. Жергiлiктi наным-сенiмдермен теке тiреске түскен Зевстiң культi бiр құдайды шетқақпайласа, тағы бiр басқа құдайлардың сенiмiндегi адамдардың ой-санасын Зевске бұру арқылы солармен бiрлесiп кетсе, ал үшiншi бiреуiмен өзiне қосымша эпитет қосу арқылы, сол жердегi құдайлардың бауыры, қарындасы, баласы сияқты болып бiрiгiп кеткен. Кейбiреуiмен некеге де отырады. Жергiлiктi құдайлардың Зевспен бiрiгуiне дейiнгi кезеңде, Грекияда халық әртүрлi құдайларға сенген және олардың өз қызметтерi де болған. Зевс құдаймен бiрлескен аталмыш құдайлар олимпиялық құдайлар деп есептелiп, өздерiнiң атқарған әртүрлi қызметтерiн сол күйiнде атқара берген.

Гомерлiк қоғамда аграрлық дәстүрдi сақтағанымен, онда өнiмнiң, өсiмнiң жебеушi құдайлары мен хтоникалық (жер асты) құдайларының өмiр-тiршiлiгi мүлде аталмайды. Гомерлiк олимпиялық құдайларды аристократиялық дiн мейiлiнше патриархалды құдайлар деп дәрiптеуге ойысқан. Зевс өз отбасымен әлемдi жердегi патша секiлдi билейдi. “Илиада” поэмасында Аполлон құдайдың грек тайпасына салқын, жау күйiн сезуге болса, ал Гера, Афина, Посейдон – гректердiң өз отандастары, достары кейiпiнде көрiнедi. Бұған себеп – Аполлон, Артемида, Арес, Деметра, Афродита тәңіриелері Кіші Азиялық, тіпті анадолылық құдайлар деген пікір бар. Гесиодтың “Теогониясында” мифтiң архаикалық варианты жырланған. Гомерлiк поэмадан өзгешiлiгi, мұнда көбiне жер өңдеу жайы, қарапайым гректiң шаруалар қоғамның iс-тiрлiгi бейнеленген.

Гомердiң не болмаса Гесиодтың поэмаларындағы құдайлар әлемдi жаратушы емес, өздерi адам секiлдi туған деп көрсетiлген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет