ТАҢДАЙ
Таңдай, рalatum, ауыз қуысының жоғарғы қабырғасын түзеді. Ол екі бөліктен, құрамында сүйек тіні бар қатты таңдай және жұмсақ таңдайдан тұрады. Шырышты қабық таңдайды жауып, бүйір жағынан жоғарғы жақсүйектің ұяшықтарына өтіп, қызылиек түзеді.
Қатты таңдай, palatum durum,жоғарғы жақсүйектердің таңдайлық өсінділері мен таңдай сүйектерінің горизонталды табақшаларынан құралған. Ол таңдайдың алдыңғы 2/3 бөлігін құрайды. Қатты таңдайдың ортаңғы сызығы бойымен таңдай жігі, raphe palati, өтеді. Одан екі жаққа қарай, балаларда өте жақсы жетілген көлденең қатпарлар шығады.
Жұмсақ таңдай, palatum molle,таңдайдың артқы 1/3 бөлігін құрайды.
Жұмсақ таңдай, жоғарғы және төменгі беттері шырышты қабықпен қапталған таңдайдың апоневрозы мен бұлшықеттерден құралған. Жұмсақ таңдайдың шырышты қабығы артқы жағында жұтқыншақтың мұрындық бөлігінің шырышты қабығына жалғасады, ал алдында қатты таңдайдың шырышты қабығына өтеді. Жұмсақ таңдай, горизонталды орналасқан алдыңғы бөлігінен және төмен қарай салбырап тұрған таңдай пердесі, velum palatinum, деп аталатын артқы артқы бөлігінен тұрады. Таңдай пердесінің ортасындағы өсінді - таңдай тілшігі, uvula palatina, деп аталады. Таңдай пердесінің бүйір жиектерінен екі доға шығады: алдыңғысы, таңдай-тіл доғасы, arcus palatoglossus, тіл түбіріне, артқысы, таңдай-жұтқыншақ доғасы, arcus palatopharyngeus, жұтқыншақтың бүйір қабырғасына бекиді. Доғалар бадамша шұңқыршасын, fossa tonsillaris, шектейді, оның ішінде таңдай бадамшасы, tonsilla palatina, орналасады. Операция кезінде ескеретін жағдай,таңдай бадамшасының артқы жағында, 1см – дей қашықтықта ішкі ұйқы артериясы өтеді. Таңдай бадамшасы қызметі бойынша иммундық жүйеге жатады.
Жұмсақ таңдай, таңдай-тіл доғасы, таңдай-жұтқыншақ доғасы және тіл түбірінің аралығындағы кеңістік - аңқа (тамақ), fauces, деп аталады.
Жұмсақ таңдай бұлшықеттері:
1) Таңдай-тіл бұлшықеті, m.palatoglossus, аттас доғаның ішінде орналасады, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, тілге енеді. Қызметі: таңдай пердесін төмен түсіреді, аңқа тесігін тарылтады.
2) Таңдай-жұтқыншақ бұлшықеті, m.palatopharyngeus, аттас доғаның ішінде орналасады, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, жұтқыншақтың көмейлік бөлігінің артқы қабырғасына және қалқаншатәрізді шеміршектің артқы жиегіне бекиді. Қызметі: таңдай пердесін төмен түсіреді; аңқа тесігін тарылтады.
3) Таңдай пердесін көтеретін бұлшықет, m.levator veli palatini, самай сүйек пирамидасының төменгі бетінен, есту түтігінің шеміршекті бөлігінен басталып, жұмсақ таңдайға енеді. Қызметі: жұмсақ таңдайды көтереді және есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін тарылтады.
4) Таңдай пердесін керетін бұлшықет, m.tensor veli palatini, есту түтігінің шеміршекті бөлігінен басталып, төмен жүреді де қанаттәрізді өсіндінің ілмегін медиалды бағытта айналып өтіп, таңдай апоневрозына бекиді. Қызметі: таңдай пердесін кереді және есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін кенейтеді.
5) Тілшік бұлшықеті, m.uvulae, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, тілшікті түзеді. Қызметі: тілшікті жоғары көтеріп қысқартады.
Достарыңызбен бөлісу: |