Сигматәрізді жиек ішек, colon sigmoideum, проксималды және дисталды орналасқан екі ілмек түзуіне байланысты осылай аталып кеткен. Ол сол жақтағы мықын шұңқырында және кіші жамбас қуысының жоғарғы бөлігінде орналасып, сол жақтағы сегізкөз – мықын буыны ( III сегізкөз омыртқасы) деңгейінде тік ішекке жалғасады. Сигматәрізді жиек ішек іштің артқы қабырғасына бекитін шажырқайының арқасында қозғалмалы болып келеді және интраперитонеалды орналасады. Ұзындығы 15 – 67 см. аралығында болады.
Тоқ ішектің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтары. Веналары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі веналар арқылы қақпа венасына құйылады. Лимфа тамырлары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтарының жанында орналасады. Соқыр ішек пен құрттәрізді өсіндіден шығатын лимфа тамырлары соқыр ішектік лимфа түйіндері және мықын – жиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Жоғарылаған жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары оң жақтағы жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Көлденең жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары, оның шажырқайында және жиек ішектік ортаңғы артериясының айналасында жататын шажырқай-жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Осы аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары аш ішектің шажырқайында, шажырқайлық жоғарғы артерияның айналасында жататын шажырқайлық лимфа түйіндеріне құйылады. Ал, олардан кететін лимфа тамырлары белдік лимфа түйіндеріне құйылады.
Төмендеген жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары сол жақтағы жиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Сигматәрізді жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары сигматәрізді жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары шажырқайлық төменгі лимфа түйіндеріне құйылады. Олардан кететін лимфа тамырлары да белдік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: Соқыр ішек, жоғарылаған, көлденең жиек ішектердің парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нерв, ал,төмендеген және сигматәрізді жиек ішектерді жамбастың ішкі ағзалық нервтері нервтендіреді. Симпатикалық нервтенуі – шажырқайлық жоғарғы және төменгі өрімдер тармақтары.
Тік ішек, rectum (грекше – proctos), жоғарыда көрсетілгендей, сол жақтағы сегізкөз – мықын буыны ( III сегізкөз омыртқасы) деңгейінде басталып,. кіші жамбас қуысының артқы қабырғасына жанаса орналасқан, тоқ ішектің соңғы бөлігі ( 242 – сурет ). .