Бұлшықетті қабық, tunica muscularis – сыртқы бойлық, ішкі дөңгелек, екі қабаттан тұрады. Тоқ ішек таспаларының жалғасы - бойлық бұлшықет талшықтары төмен қарай кеңейіп тік ішекті толығымен қамтиды, сондықтан таспалары болмайды. Бойлық бұлшықеттеге артқы өтісті көтеретін бұлшықет, m.levator ani, талшықтары келіп қосылады. Бұл бұлшықеттен басқа тік ішекті көрші орналасқан ағзалармен (несеп қуық, несеп шығаратын өзек, жатыр) байланыстырып тұратын бұлшықеттер болады. Бұлшықетті қабықтың дөңгелек қабаты артқы өтісте қалыңдап, артқы өтістің ішкі қысқышын, m.sphincter ani internus, түзеді. Артқы өтіс айналасының тері астындағы шелмай қабатында, шат бұлшықеттеріне жататын артқы өтістің сыртқы қысқышы, m.sphincter ani externus, орналасқан.
Сыртқы сірлі қабықпен, tunica seposа, тік ішек жоғарғы бөлігінде барлық жағынан – интраперитонеалды; ортаңғы бөлігінде үш жағынан - мезоперитонеалды жабылған, төменгі бөлігі жабылмай – экстраперитонеалды орналасқан. Сірлі қабықпен жабылмаған жерінде, тік ішек дәнекер тінді қабықпен ( адвентициямен ) жабылады.
Тік ішектің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық төменгі артериядан кететін тік ішектік жоғарғы артерия, мықындық ішкі артериядан кететін тік ішектік ортаңғы артерия, жыныстық ішкі артериядан кететін тік ішектік төменгі артерия, Веналары: шажырқайлық төменгі вена арқылы қақпа венасына, мықындық ішкі вена арқылы төменгі қуыс венаға құйылады. Лимфа тамырлары: мықындық ішкі лимфа түйіндері арқылы және шажырқайлық төменгі лимфа түйіндері арқылы өтеді . Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – жамбастың ішкі ағзалық нервтері, Симпатикалық нервтенуі – шажырқайлық төменгі және жамбас өрімдерінің тармақтары.
БАУЫР
Бауыр, hepar, – асқорыту жолының ең ірі безі, көкет астында, басым бөлігі іш қуысының жоғарғы оң бөлігінде орналасқан. Тармақталған күрделі түтікті бездерге жатады. Орташа салмағы 1500 г. шамасында болады. Бауырдың қызметі алуан түрлі. Зат алмасудың барлық түрлеріне қатынасады. Ол, қақпа венасы арқылы келетін қоректік заттар құрамындағы және зат алмасу үдерісі кезінде пайда болатын зиянды заттарды жоятын тосқауылдық және өт өндіру қызметтерін атқарады. Нәрестенің эмбриондық шағында қан өндіру үдерісіне қатынасады.
Бауыр, ішастармен барлық жағынан қамтылып, интраперитонеалды орналасады. Оның: жоғарғы – көкеттік бетін, facies diaphragmaticа, төменгі – висцеральдық бетін, facies visceralis, алдыңғы жағында өткір төменгі жиегін, margo inferior, ажыратады ( 246 – сурет ).
Достарыңызбен бөлісу: |