Қыз – ұлт болашағы Пікір алмасу 13.12.22 мақсаты: Қазақ қыз балаларының мінез-қылығы мен әдептілігін және инабаттылығын сақтап тәрбиелеудегі ерекшеліктерді анықтау;
Міндеттері: 1.Достарымды, қыз балаларды өмірге тәрбиелеуде қазақтың тәрбиесін, адамгершілік жақсы қасиеттерін бойға сіңіру;
2.Қазақ халқына тән салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды білу;
3.Болашақта қыз балалар тәрбиесіне аса мән беру;
Өзектілігі: Қазақ қыз балаларын тәрбиелеу барысында қыз балаға тән жақсы қасиеттерге үйрету, жаман әдеттерден аулақ болу
Дәйектілігі: Қыз балаларға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау; Оларды барлық өмір жағдайында қолдану. Мектеп өміріндегі құрбы-құрдастарыма тәлім-тәрбие беруде салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды білуге үндеу.
«Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі», - дейді дана халқымыз. Ата-ананың көз қуанышы – қыз баланың өмірге келген күнінен бастап жақсы өсуіне, тәрбиелі, өнегелі, кішіпейіл, қарапайым, әдепті, ибалы, инабатты тағы басқа жақсы қасиеттерді бойына сіңіруіне ата- анасының ықпалы зор болып келеді. Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық айтқаным емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген.
Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс.
Қыз бала үйден шыққанда тап-таза киініп, шашын таранып, әсем күлкісімен айналаға нұрын шашып жүруімен қатар сабағын да жақсы оқиды. Қыз баланы тәрбиелей отырып, отбасындағы одан кейінгі өсіп келе жатқан қыздарға үлгі етеміз, яғни бұл жерде ұлт тәрбиелеу − бұл қазақтың ежелден келе жатқан философиялық даналығы деп білемін.
Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда сол ұлтымыздың діні, тілі, тарихы, салт-санасы ойымызға оралады. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап(бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады
Әр елдің өміріндегі шешуші кілт қыздарға берілетін тәлім-тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданады.
Жарық пен жылу, от пен су жоқ жерде тіршілік жоқ, ал осылардың көктегі көзі – күн, жердегі көзі – адамзат. Адамдардың бір-біріне мейірімі мен ұлағатты тәрбиесі тіршілікті сақтайды. Тәрбиесі түзелмей елдің көсегесі көгермейді, отбасы түзелмей болашақ түзелмейді. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала болашақта да сол әдебін сақтамақ. Әдепті, инабатты, адамгершілігі мол, сыпайы қыз тәрбиелеу – бүгінгі мектептің, қоғамның және ата-ананың негізгі міндеті. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал, отбасының алтын қазығы — әйел адам. Қазақ халқының мақсаты — әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу. Әдептілік және кішіпейілділік қыз баланың жан дүниесін әдемі, сұлу көрсетеді. Инабатты, кішіпейіл, қамқоршы болу – әр қыз баланың басты міндеті. Кішкентай кезінен бойына дарыған жақсы қасиеттері арқылы қыз көркем, ибалы, болашақта жақсы ана болады. Ата-аналар қыз балаларын тәрбиелеуде әдептілігіне, сұлулығына, ақылы мен парасаттылығына ақылына көркі сай болуына барлық жағдайын жасап, өмірге тәрбиелейді. Қазақ халқы қыз бала әдебінде үлкен кісілердің алдын кеспеу,үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру; аман-сәлем жасау; ата-ана мен үлкен кісілер арасында отырғанда білермендік жасамау; үлкендердің сөздеріне қыстырылмау, «Шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын есте берік сақтау; көп ортасында текке жыртақтап күлмеу; арын таза сақтау; ата-ананың рұқсатынсыз қыдырмау сияқты істерден аулақ болуға егжей-тегжейлі, жан-жақты тәрбие жүргізеді
Тәжірибелі аналар қыздарына ең алдымен кісілік, кішілік, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық, биязылық,тазалық, пәктік, ар-ұят, адамгершілік тәрбиесін жүргізумен қатар, ішіп-жеу, жүріс-тұрыс, іс-қимыл тіпті махаббат, неке істеріне дейін кісіліктен аттамау, сергек, сезімтал болу тәрбиесін жүргізеді. Сонымен қатар тамақты қалыпты ішу, мәдениетті тамақтану, жатқанда бір қырынан жиналып, жамбастап жатып ұйықтау, қандайда бір қауіп-қатерден сақ болып, өзін сергек ұстау, сезімтал болуға дағдылану жөнінде мұқият тәрбие жүргізеді. Қалай отыру, тұру, жүру, күлу, барыс-келіс, алыс-беріс жасауға дейін ұғындырып, әрі үлгі-өнеге көрсетіп отырады. Осы жерде: «Шешесін көріп, қызын ал, аяғына қарап, асын іш»,- деген халық мақалын айтқым келеді. Әр қыз бала үлгі-өнегені анасынан, үлкен әйелдерден, әжелерден, апаларынан алады. Сондықтан, әрбір әже-аналар өздерінің істеріне тиянақты, ибалы, әдепті, жинақы боуы қажеттілікті талап етеді. Ұлағатты аналар әр жолғы басқосуларда, дастархан бастарында қыздарына тәлім-тәрбие беріп, олардың жалқаулыққа салынбай, ел-жұртқа үлгілі-өнегелі,сергек, сезімтал, іскер, сымбатты боып есеюі жөнінде ақыл-кеңес беріп, тәрбиелі, ар-ұятты, ізетті, ибалы, ақылына көркі сай болып өсуге баулиды. Қазақ қызы сұлу, көркем, әсем, әдемі, сымбатты, ақылына көркі сай боуы үшін де үлкендердің тәрбиесі қажет деп ойлаймын. Қазақ халқы сұлулық пен сымбаттылық тәрбиесінде жан сұлулығын бірінші орынға қойған. Сонымен бірге тән сұлулығына да баса назар аударып, дене мүшелерінің сымбатты болып өсіп-жетілуі үшін жағдай жасаған. Мысалы, қыздардың жан сұлулығын арттыру үшін, оларға ең алдымен үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болудан бастап, адамгершілік, арлылық, мейірімділік, ізгілік, кешірімділік, кеңпейілділік, жанашырлық, бауырмалдық, әдептілік, инабаттылық,іскерлік, сергектік, сезімталдық, ақылдылық, білімділік тәрбиесін мұқият жүргізе отырып, қыздарына: «Мұндай тамаша қасиеті жоқ әйелдер «қыз, ана, әже» деген асыл қасиетті атқа лайық адам саналмайтындығын құлақтарына құйып,жүректеріне ұялатады. «Сұлу болғың келсе алдымен сырыңды түзе»,-деп тән сұлулығынан бұрын жан сұлулығын үйретеді. Ал, тән сұлулығы тәрбиесінде қыздарының жүріс-тұрысы мен қимыл-қылықтарына баса назар аударып, дөрекі іс-қимылдардан аулақ болуға шақырған. Қызды жеті жастан белін буындырып, он екі жастан бастап бой-басын таза ұстауға, айнаға қарап қасы-көзін түзетіп, шашын күтуге үйреткен. Бұл тәрбие қыздардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, қимыл-қылығын түзеп, әсемдікке, мәдениеттілікке, ізеттілікке, адамгершілікке баулиды. Мінезді, әдепті, ибалы, кеңпейілді, кешірімді болуға жетелейді.
Қорыта келе айтарым: қыз балаларға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау барысында дос-құрбыларымды, өзіммен қатарлас қыз балаларды әдептілікке, инабаттылыққа, қамқоршылыққа үндеймін.