Жүсіпқалиұлы Аман жинаған деректерінен
(Айтушы Бердіғалиев Мұзайыр ақсақал, жазып алған Серік
Әбдірахманов.)
Ақшолақ болыс болып Соналыны билеп тұрған кезде ақындығымен танылған адам. Ақшолақ болыс кезінде Санкт-Петербургке осы өңірден алты жас өренді оқуға жіберген. Сол алтаудың үшеуі бір жылдан кейін оқуын үлгере алмай елге қайтып келген. Қалған үшеудің бірі Ақшолақтың баласы Жәңгір екен. Олар оқуын бітіріп елге ораламыз деп тұрғанда елге үшеуі де қайтыс болды деген хабар келеді. Осы хабарды Ақшолаққа бес-алты шалдар келіп естіртіп отырады. Ақшолақ сонда: «Ойпырмау, мұны енді анасына естіртпейсіңдер ме?» – дейді. Содан қарттар үндемей (амал таба алмай) отырып қалған уақытта Ақшолақ өзі айтқан екен. «Сендер Сартайды алып келіңдер, естіртсе тек Сартай ғана естірте алады», – дейді. Содан Сартайды алдыртып жағдайды түсіндіреді. Сартай келсе Ақшолақтың бәйбішесі міндетті түрде соның жырын тыңдайды екен. Яғни еркектерге қосылмай бөлек отыратын көрінеді. Жағдайды түсінген Сартай жырға басады.
Елден шықтым Текеге,
Тері-терсек апарып
Астық-сулық етерге.
Сапарланып жол тарттым,
Құдайы бақыт көтергей,
Үмітім артып жөнелдім
Базар күні жетерге.
Араластым бардым да
Топ ішінде нөкерге.
Көлден ұшқан үш сұңқар –
Көруге болды ел іңкәр.
Мұсылманның қауымы
Қиыншылық көп екен, –
Таба алмай жүрдім елден нәр
Көремін деп ойладым,
Көрем деуді қоймадың.
Тасадан көрмей тұр ма деп
Олай бұлай бойладым
Бойласам да болмады
Ойласам да болмады
Сонда тұрып шамдандым –
Айда бір де көрмесін,
Сәке деп сәлем бермесін,
Сол арада болжадым
Өлген қайтып келмесін!
Жәңке сынды жайсаңнан
Көрем деп барсам көлбеңдеп,
Кеткен екен келмең деп,
Елдегі айт ағаға –
Қайырып сәлем бермен деп.
Көрінбеді көзіме,
Сөз айтпады өзіме.
Аңсап барған әркімге
Көрсетпес білем жүзін-ай;
Көрінбесін білгесін
Қайттым күдер үзіп-ай.
Қайтып күдер үзбейін, –
Алдымнан шыққан Мырзаш жоқ,
Екі көзін сүзіп-ай.
Сүзіліп шыққан көз де жоқ,
Саңқылдап шыққан сөз де жоқ
Көңілді қайттым үзіп-ай.
Әр тарапқа зер салсам,
Топырақ жатыр томпайған,
Қу ағаш жатыр қаңқайған.
Әулие-жай ішінде
Нешелер мырза сонда екен
Атқа мініп алшайған.
Қабаты қалың қара жер
Жүрегімді қайтарған.
Бергізбеді-ау бір жауап
Жақсы, сынды жайсаңнан.
Әлсірегенін білемін –
Елге сәлем айтпады-ау
Ел ақыны Сартайдан.
«Сәкелеп» қастан шықпайтын,
Өткен күннің бірі жоқ,
Келмесін содан байқаймын.
Азаң соғып астынан,
Қарағай басы қайқайған.
Қадірлі ағаш қайқайта,
Телегей теңіз шайқалған.
Шайқалмай теңіз не қылсын,
Кемеріне келгенде,
Болатын еді-ау майталман.
Екі күн жүріп сандалып,
Көре алмасын білгесін,
Жәңгір сол күн түсінде,
Елге сәлем айтты,
Қасірет-қайғы жеп айтты.
Қасіретінің басы сол,
«Жыламасын» -деп айтты.
Жұмаққа кірген аталар,
Ғилла берді үстіме,
Пырақ берді астыма.
Періштемен аралас,
Жарысып, сайран етеміз.
Пырақтар шабар аңқып-ай,
Хорлардың қызы таласып,
Біздерге қарап талпып-ай.
Біздерден сәлем айтыңыз:
Жаны ашыған ағаға,
Тәңсәріден оянған,
Тал бесікке таянған,
Ішінен шыққан анама.
Біздер үшін қамығып,
Шығармасын көзден жас,
Түсінсін мұның парқын-ай,
- деп Сартай естіртуін аяқтаған кезде
Ақшолақтың көзінен жас парлап отыр екен.
Мерғали Жұбандықовтың айтқандары
(Байторы Қабдеш ақсақал мынадай дерек айтқан екен:)
Көп жыл Үшана ауылында тұрған Мерғали Жұбандықов есімді қартпен 2008 жылдың наурыз айының аяғында Қаратөбеде кездескенімде, ол Сартай ақын жөнінде байторы Қабдеш деген қарттан естіп-білгендерін әңгімелеп еді. Қабдеш ақсақал жас кезінде Сартай ақынның делбешісі ретінде үнемі сапарлас болған екен.
Сартай жөнінде руы Байторы Қабдеш ақсақал мынадай дерек айтқан екен:
«Сартайдың үйі Төлендегі мешіттің қасында болды. Қазір үйінің жұрты жатыр. Сартай ұзын бойлы, сақал – мұртты, ат жақты адам болды. Қайда барса да, қоңыр мақпалдан тіккен қабы бар, қой шегінен жасаған қос шекті домбырасын қолынан тастамай, үнемі бірге алып жүретін еді», - дейді екен Қабдеш қарт.
Жас кезімде Сартай әншінің ат арбасын айдайтын делбешісі болып әншімен үнемі сапарлас болдым. Сартай салған ән-жырды жол үстінде де, барған ауылында да тыңдадым. Оның тереңнен шыққан құдық суындай тұнық та мөлдір қоңыр даусына, қазақтың бай, небір асыл теңеулерімен әдемілей салған әндерін, толғауларын жыр сүйер ауыл тұрғындарымен қосыла тыңдап, өнеріне риза болатынмын. Таңертең қосшы бала, ат арбаны жек, Княз жаққа барамыз дегесін осы ауылды бағыттап, жолға шығамыз. Атымызды қинамай, өз бабымен жүреміз. Біз барған ауыл адамдары ақын келген үйдің қасына жиналып, оның айтар әнін, толғайтын жырын асыға күтеді. Сүт пісірім уақытта олар Сартай түскен үйге кіріп, барлығы үй ішіне жағалай отыратын. Әншіге шөлін басуға, жолсоқты болып шаршап келді дей ме, кім білсін, сәл тынығып алуына мүмкіндік беретін. Жыршы ауқаттанып, шәйін ішіп алғаннан кейін домбырасын күйге келтіріп, үстіндегі шапанын шешіп, алдына жайып, аламан бәйгеге түсер тұлпардай даярланып, ащы тері алынғанша әуелі түрікпен жырымен бастап, тыңдаушысының назарын өзіне аударып алатын. Толғап-толғап, әбден бабына келген жыршы айтқан жырын бар ынтасымен тыңдап отырған ауыл адамдарын шетінен небір асыл сөздермен сыйпаттап мақтай жөнелетін. Мақтаулы сөзді естіген атқамінерлер, байлар, ауыл белсенділері, жаюлы тұрған шапанға алып келген шәй-пұлын салады. Бұл көріністерді жыршы тамақ асыраудың «әдістері» емес, өзінің өнеріне тыңдаушының берген бағасы, ыстық ықыласы деп қабылдайтын. Сол уақытта өнер адамына деген қошемет, ынталандыру осылай жүрсе керек. Айтқан ән-жырын тыңдаушысы марғаулау қабылдаса, Сартай да самарқауланып, кеңінен көсілмей, айтып отырған жырын тез бітіретін. Тыңдаушылар «қиқулап» отырса, жыршы да маңдайдан аққан терін сүртер сәт таппай, ұзаққа шапқан тұлпардай бауырын жаза түсетін еді. Сартай ән-жыр айта отырып, айналасын көзімен шолып, тыңдаушысының көңіл-күйін, сол сәттегі ахуалын байқайтын еді. Осылай ел аралап, ән салып, жыр жырлап өнерімен ауыл-аймаққа танымал болды. Оның өзіндік мақамы, сөз саптауы қаратөбелік өзге әнші-жыршылардан бөлек, тыңдаушысының құлағына жағымды келетін. Айтқан әні мен толғауы күнделікті өмірдегі тыныс-тіршіліктен туындайтын еді. Бұл Сартайдың суырып салма ақындығын, ал өзіндік сазы – халық сазгері екендігін, орындауы – әнші-жыршылығын дәлелдейді.
2.4 Нұртас Набиоллаұлының («Орал өңірі» тілшісі) жазбаларынан
Сартайға ақындық өнердің қонуы жайында Қаратөбенің байырғы тұрғындарының, ақын ұрпақтарының арасында түрлі әңгімелер айтылады. Бұл жайында Сартайдың немересі Ерген Сартаев былайша әңгімеледі.
- Әкемнің айтуынша, ол кезде қозы көгендеп, қой сауады екен. Қозы қайтаруға кеткен 6-7 жасар Сартай жоғалып кетеді. Айналада құдық не жыра жоқ, тегіс дала. Ел болып екі күн іздеп, таба алмайды. Үлкендер «баланы жын-пері көтеріп кетті» деп топшылайды. Үшінші күн дегенде Тайпақ бетінен келе жатқан бір жолаушы қыстан қалған шөмеле шөптің үстінде талықсып жатқан баланы көріп, ауылға алып келеді. Бала тірі болғанмен, көзін ашпайды. Сонда көзі қарақты бір үлкен кісі «Мынау тегін бала емес, бірдеңе байлап жатыр мұны. Дені сау, ештеңе қаққан жоқ. Оянғанда бірдеңе айтар, не деп оянар екен, сұрағанын тауып бере алар ма екенбіз» дейді. Бірер сағаттан кейін бала тұрып, бұрынғыдай емес, тілі бұралып, түсініксіз сөйлей бастайды. Сонда алғашқы сөзі «Домбыра» деп шыққан екен. Сөйтіп, 6-7 жасынан ақындықты Алла беріпті оған. Кейін үлкендер «Далаға қалай кетіп қалдың, не көрдің, біреу апарды ма?» деп сұрағанда Сартай: «Бір қара құс келді» деген екен. Басқа ештеңе білмепті. Сартайдың әкесінде, аталарында ақындық болмаған. Ол ақындығымен Ұлы жүзді де, Орта жүзді де аралаған, - дейді Ерген аға.
Сартай ақынның тағы бір немересі облыс орталығының іргесіндегі Шаған ауылында тұратын Күләш Құбайысқызы келер жылы сексеннің сеңгіріне толмақ. Әйтсе де, әжеміз әлі күнге тың. Бізге атасы туралы әңгімелеп те, домбырасын қолына алып термелеп те берді.
- Әкемнен 7 жасымда қалдым. Ол кісіден өлең-жыр, қандай да бір әңгіме жадыма түйіп қалмаппын. Аталарым туралы білетін әңгімелерімнің бәрі өзім қолында өскен, әкемнің ағасы Дәулетиярдың айтуымен есімде қалды. Сартайдың бір термесінде былай деп келеді:
- Малды бір жисаң қойды жи,
Май кетпейді шарадан.
Итті бір жыйсаң сырттан жи,
Қой бермейді қорадан.
Құс ұстасаң, жігіттер,
Бүркіт деген құсты ұста,
Қыс киерің түлкі етер.
Қас патшаның баласы,
Ауызына салмас парадан.
Қас батырға оқ тисе,
Мыңқ етпейді жарадан.
Алғыншық алсаң тектіні ал,
Өсек те жүрмес арадан,
Басыңды қоссаң, жігіттер,
Жақсыменен қосыңдар.
Жаманмен қоссаң басыңды,
Табалап жүрген дұшпандар,
Өле-өлгенше күлкі етер, - дейді. Дәулетияр көкем әндетпей, тақпақтап айтатын. Арасында ғана ыңылдап отырғанда «дәйдай-ау, дәйдай-ау, кәкемнің сазы еді» дейтін. Әкелерін «кәке» дейді екен, - дейді Күләш апа.
Бұл термені бүгінгілер біле бермейді. Бұрын-соңды жарыққа шығып, таралмаған. «Ел іші өнер кеніші» емес пе, осы мақаланы жазу кезінде «Құбайыс Қаратаевтың айтыскер ақын Жанғали есімді ұлынан туған, Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында тұратын Нұржан Қаратаевтың үйінде араб қарпімен жазылған көне жазбалар бар. Сартайдың термелері болса керек», дегенді естідік.
Түсінікті болу үшін Құбайыс Қаратаев туралы тоқтала кетейік. Құбайыс – Сартай ақынның ұлы. Сартайдың Қаратай есімді батыр ағасы болған. Сол Қаратайдың жалғыз ұлы жастай дүниеден өткенде Сартай Құбайысты соңынан ерген тұяғы болсын деп ағасына беріпті. Құбайысқа өз әкесінің өнері қонып, ақын, әнші болған. Оның өнері жоғары бағаланып, Ұлы Отан соғысына жібермей, алып қалу жайы сөз болғанда, «Менің өнерім – халық алдына шығып, ән салу ғана емес» деп, өз еркімен соғысқа аттанған екен. Қайран Құбайыс... Сол кездің өзінде Сартайдың көптеген мұраларын, ел ішіндегі өзге де қызықты әңгіме, өлең-жырларды қағазға түсіріп үлгерген екен. Жоғарыда айтылған Нұржан Қаратаевтың үйінде сақталған бір шамадан толы құнды мұраның дені Құбайыстың жазбалары болып шықты. Дәптерге жазылған 400 беттің үстіндегі арабша жазуды фотосуретке түсіріп алдық. Олардың ішінде бізге белгілі болғаны – «Қыз бен молданың айтысы», «Әбубәкір молданың өлер алдында айтқан толғауы», «Кәмпескеге ұшыраған байдың елімен қоштасқанда айтқаны» сынды ел ауызынан жиналған мұралар бар. Бір әттеген-айы, бүгінде мұндай ескіше жазуды жетік оқи алатын арнайы мамандар немесе жалпы хабары бар адамдар қат болып отыр. Әзірге табылған мұраны жергілікті медреседе сабақ беретін діни ұстаздар ептеп оқып көруде. Ескіше хат танитын кісілер болып, редакциямызға хабарласса, нұр үстіне нұр болар еді. Нұржанның үйінде Құбайыс атасының латын қарпімен жазылған өлеңдері мен әңгімелері де көп сақталған. Сондай-ақ 1922 жылы Ташкент қаласынан шыққан, араб қарпімен басылған, Халел Досмұхамедов құрастырған «Абай» кітабы бар.
Нұржан атадан қалған құнды мұраны көзінің қарашығындай қастерлеп сақтап отыр. Құбайыс ұстаған домбыра да сол шаңырақтың төрінде қабымен бүтіндей сақтаулы екен. Құбайыс домбырасының тарихы ерекше қызық. Ол жайында газетіміздің алдағы сандарының біріне шығатын «Соғыстан қайтқан домбыра» атты мақаладан оқи аласыздар.
P.S.
Құбайыстан қалған араб қарпімен жазылған жазбаларды 1965 жылы Сәрсенғали Нетәлиев деген адам оқып, біздің қазіргі жазуымыз кириллицамен 70 беттейін қалың дәптерге көшірген. Бірақ жазу мәнері өте түсініксіз екен. Осы себепті дәптердегі өлең-жырларды толығымен түсініп, оқып шығу мүмкін болмай отыр. Дәптердің Қат тізімі деп басталатын алғашқы беті «Орыстың тәржімә еттім мысалдарын, Әзірге қолдан келген осы барым» деп келетін өлең жолдарымен басталады. Сондай-ақ Сартайдың қазір белгілі «Тар заман» толғауы кейбір бізге жетпеген жолдарымен толық нұсқада жазылған. Замандасы Мұхамбетжан Сарғожаұлы(Ақшолақ) туралы жазғаны, бір жолы патшаға барған қазақтың үш жүзінің белді адамдары (қазақтардың 1894 жылы II Николай патшаның таққа отыру рәсіміне барғаны болуы мүмкін), Кіші жүз руларының мықтылары, дін оқуын терең игеріп, мешіт ұстаған заманының зиялылары туралы, Сартай ақынның өз руының мекен еткен жерлері жайлы толғаулары бар екен. Бұл дәптерді қалаға іргелес қазақ ауылында тұратын, Сартайдың Құбайыстан туған немересі марқұм Жанғалидің жары, жоғарыда аталған Нұржанның анасы Нағима ападан алып, қараған болатынбыз.
3 Ақын ұрпақтары
3.1 Сартайдың ұрпақтары туралы дерек көздері
Сартайдың ұрпақтары, ағайындары Құбайыс Қаратаев, Дәулетияр, Қожахмет, Иассауи, Болақа(Болат) Үшана ауылының ақылшы адамы болған. Сондай-ақ Райыс, Жанғали, Күләш тағы басқа да ұрпақтары бар. Сартайдың ағайыны Қаратай батыр болған. Атақты Есет батырмен бірге жүріп, талай жорықтарға қатысқан адам деседі, ел аузындағы аңыз, әңгімелерде.
(Төлетаев Наушаның айтуымен)
Қаратайдан- бір бала бар аты ойыма түспей тұр. Оралда тұратын, бұрын Шыңғырлауда болды
Қартбайдан-Атаман, Атаманнан Қожағұл, қазір тұқым жоқ, қыздарынан жиендері бар Оралда тұрады.
3.1 Жауынгер ақын (Құбайыс Қаратаев туралы сыр)
1903 жылы Қаратөбе ауданының Үшана ауылында дүниеге келген Құбайыс Қаратаев партия, кеңес қызметтерінде жасаған. Чапаев, Қаратөбе, Жымпиты аудандарында ақындығымен белгілі болған.
Осының бір мысалы, 1939 жылы ел ақыны Кенжебай Бекмағамбетовтың жалғыз ұлы қайтыс болғанда айтқан көңіл айтуын кезіңде Оралдық ақын Қаташ Садықовтан журналист Хамидолла Қыдыров жазып алған еді.
Қ.Қаратаев Чапаев аудандық газетінде редактор болыпты. Үшаналық ардагер-ұстаз Науша Төлеутаев Құбайыстың ақындығы жайлы еске алып, бір жылдары жымпитылық "Қызыл ту" газетінде "Басқарма мен торы ат айтысы" деген өлеңі шыққандығын айтты.
Колхоздың бақа торы ат көлігі еді.
Көлік-мал өндістің көрігі еді...- деп басталатын өлеңнен есінде қалғанын айтқаны бар. Өткен жылы маусым айының ішінде әкесі Құбайыс пен атасы Сартай ақынның мәліметін іздестіріп, Күләш Құбайысқызы Шаған ауылынан Қаратөбеге келген болатын. Үшана ауылында болып, біз жоғарыда айтып өткен Науша Төлеутаев қартқа ат басын тіреді. Әңгіме өз желісін тауып, "Бәймен" деп аталатын ескі қорымда түйінделді. "Бәйменде" екі құлпытас ескі. Қалғаны кейін қойылса керек. Ескі құлпытастың бірі-Бәйменге, ал екіншісі Сартай ақынның басына қойылған дейді ауылдың көнекөз қарттары. Ал Қаратайдың моласы Қалдығайты өзенінің арғы бетіндегі Көпбай қауымында деседі. Бір қызығы-Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолжазба қорында сирек кездесетін қолжазба ретінде Сартай Көшкіншіұлының "Тар заман" деген толғауы бар екен. Сондай-ақ Құбайыс Қаратаевтың "Сартай Көшкіншіұлын таныстыру", "1916 жылғы өлеңдер жинағының қолжазбалары", "Қырандарға хат" - 1941-1945 жылдар " Өлеңдер, Уральск, 1937 жыл" деген қолжазбалары сақтаулы екен. 2004 жылы жазғытұрым Қаратаев селосының тұрғыны, ардагер Мәрбан Бекмағамбетов деген әдебиетті сүйер қартымыз Сартайдың "Тар заман" деген толғауын, Құбайыстың бір топ өлеңдерін көшіріп әкеліп беруі маусым айында Құбайыс
қызы Күләштің Қаратөбеге әкесінің, Сартай ақын атасының шығармашылық жолдарын іздестіріп келуімен тұспа-тұс келді.
"Жүргенге жөргем ілінер" дегендей, апайдың бұл сапары сәтсіз болған жоқ. Сартай Көшкіншіұлының басында болып, ақын атасына құрмет көрсетті. Ал өз әкесі, жауынгер ақын Құбайыс Қаратаев Ұлы Отан соғысында опат болған.
Ол жайлы өткен жылы Орал қаласындағы баспанаханадан шыққан "Боздақтар" кітабының 5-том, 155-бетінде былай деп жазылған еді: "Қаратаев Құбайыс, қазақ, лейтенант, 1943 жылы қазанда жарақаттан қайтыс болған. Новгород облысы, Иванов деревнясында жерленген".
Ұзынқұлақтан Сартай ақынның баласы Райыстың ұрпақтары Ерген, Мерген, Мирзоян, Сәбила апайдың бірінде Құбайыс ақынның арабша жазылған қолжазбалары бар деп естиміз. Іздеп барайық десек, жер шалғай, Құбайыс ақын жайлы осы мақаланы оқи отырып, хабарласар деген ойдамыз. Жауынгер ақын туралы, кіндік қаны Қаратөбенің Батпақкөлінде тамған жерлесіміз жайлы осындай үздік сыр беруіміздің мақсаты осы еді.
3.3 Сартай немересі Күләш Қаратаеваның өлеңі
Бас иеміз сіздерге
Асыл әке,
ақын әке, жан әке,
Төгуші едің маржан сөзді бал әке.
Сұм соғыста қан кешсең де, жыр жаздың,
Жете алмадың сол арманға, өр әке.
Сол өрлікпен
үш жыл ұдай соғыстың,
Ортасында өмір-өлім ағыстың,
Сұм фашистің қардай жауған оғынан,
Сөнді өмірі талай жалын арыстың.
Асы әке,
етемін дер өрледің,
Ел намысын көз жұмғанша бермедің.
Фашистердің сұр жыландай қаптаған
Ордасында жеңілгенін көрмедің.
Алпыс сегіз жыл
Жеңіс тойым жақындар,
Жыр жазуға менің-дағы қақым бар.
Тағзым етіп, бас иеміз сіздерге,
Жауды жеңіп, майданда өлген батырлар.
Қайран әке
Қайран әке, қан кештің-ау соғыста,
Өмір деген өткінші бір ағыс па.
Артта қалған үш балаң мен жан жарың,
Көздің жасын көлдеттік-ау, сол қыста.
Сәйгүліктер шаналарға жегілді,
Он адамға бір ат-шана берілді.
Жер қайысқан азаматтар аттанып,
Ілбішіннің қалған халқы егілді.
Қайырыла алмай ет жүрегі-балаға,
Дүние өтіп бастарыннан барама!?
"Қаратаев командасы" дегенде,
Қайран әке, жүгірдің-ау шанаға.
Сол-ақ екен, кеттіңдер-ау алыстап,
Қара боран қаратпады анықтап.
Әке берген ұлы күштен нәр алып,
Жүр ғой қазір ұрпақтарын шалықтап.
Әкелермен жеңіс күні жақындар,
Жыр жазуға менің-дағы қақым бар.
Елдің туын ұстап қалған биікте,
Топырағың торқа болсын, батырлар!
3.4 Сартай ұрпағынан қалған жәдігер(Соғыстан қайтқан домбыра)
Құбайысқызы Күләш әжеміздің айтуынша, әкеден қалған қара домбыра сол сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласын көріп қайтқан. Ол туралы Күләш әжей былайша әңгімеледі:
- Пәбескі келіп, майданға аттанарда Чапаев ауданының орталығындағы халық әкемді жібермей, үш күнге сұрап алып, ән салғызды. Әкем де қасына Базар деген құрдасын бірге алып қалды. Үш күн бойы ән салғанда клубқа жиналған халық киноға барғандай шұбырып жүрді. Әкеміз аттанар сәт таяғанда шығарып салмаққа казармаға бардық. Казарма дейтіні – бұрынғы мектептің ескі ғимараты. Сонда әкем осы домбыраны қабына салып ала шықты. Казарманың ішінде партада отырған едім, майданға аттанатын жігіттерге «жүреміз» деген белгі болғанда жылап қоя бердім. Әкем мені көтеріп алды, Айсұлу анам домбыраны қолына алды. Осылай үшеуміз сыртқа беттедік. Есік алдына шыққанда әкем жүгіріп жүріп, мені бірнеше рет көтеріп, сәл аялдады да, атшанаға мінді. Домбырасын өзімен бірге ала кетті. Бір атшанаға он жігіттен тиеліп аттанғаны әлі есімде. Әкемнің құрдасы Базар ағаның үйінде бала да жоқ екен. Біздің үйде үш бала. Біресе бізде, біресе Базар ағаның үйінде болып, біраз жыладық. 1943 жылдың жазына дейін әкемізден өлеңмен жазылған бірнеше хат алдық. Әкемді соғыста домбырасымен көрген Бисенғали Имашев деген соғыс ардагері Тоғанас ауылында тұрды. Осы Шаған ауылындағы Базархан деген көршімнің құдасы еді. Әкемнің майдандас серігі болғандықтан, мен оны өз әкемдей көріп, ол мені қызындай көріп, жақсы араласып тұрдық. «Бірде тоғай арасында демалып отырып, Құбайысқа ән салдыра берген едік, әуеде жау ұшақтары пайда болып, үстімізден оқ атқылай бастады. Жан-жаққа бытырай жөнелдік. Сол сәтте ағашқа ілулі тұрған Құбайыстың домбырасын көзім шалды. Бұдан кейін Құбайысты қайта көрмедім», - деп әңгімеледі ол кісі. Бүгінде әкемнің сол майдандас серігінің Раушан есімді қызы мен күйеу баласы Серік Орал қаласында тұрады. Әкемнің домбырасы қабына салынған күйі Айсұлу анамның қолына қайтарылды. Менің ойымша, домбыраны әкем көзі тірісінде өзі беріп жіберген сияқты. Өйткені әкемнің майданда ерлікпен қаза тауып, Новогород облысының Ивашово деревнясында жерленгені туралы “қарақағаз” домбырадан кейін келгені бала болсам да, есімде.
Құбайыстан қалған қара домбыраны, арап, латын қарпімен жазылған көптеген жазбаларды мұқият сақтап, кейінгі ұрпағына табыстаған жары - Айсұлу Сартай келіні. Құбайыс майданға аттанғанда жары Айсұлу 22 жаста екен. Ал Құбайыстың қызы Күләш, 8 жаста болыпты. Күләш әженің туған анасы, Құбайыстың бірінші әйелі Мәруә – атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің туған қарындасы. Мәруә өңеш ауруынан 24 жасында дүние салғанда қызы Күләш 3 жасар еді. Мәруә да жақсы әнші болған. «Анам науқастанғанда дауысы жоғалып кетті. Соның өзінде маған ән үйретіп, алдына алып, билететін. Ал анам қайтыс болғаннан кейін 4 жас шамасында болармын, әкем мені Алматыға, Ғарифолла нағашыма алып барды. Үлкен қақпаның алдына мәшинемен тоқтай қалғанымызда, ақ қалпақ, ақ костюм киіп, іштен шыға келген Ғарифолла нағашым мені көтеріп алды. Онда бірнеше күн болдық. Әкем мен нағашым қолыма бөтелке ұстатып, ауладағы құдықтан су әкелуге жұмсайтын. Мен суды алып, ішке енгенде есіктері жатақханадағы секілді қаз-қатар орналасқан ұзын дәліздің ішінен «өз үйімізді таба ала ма» деп, есіктердің қайырылысына тұрып, мені сырттай бақылайды екен. Мен кішкене болсам да пәтерімізді тура тауып барғанымда әкем мен нағашым риза болып, кезек-кезек көтеріп, еркелететін», – деп еске алады Күләш әже. Нағима апай (Құбайыстың ұлы Жанғали Қаратаевтың жары) 1964 жылы Құбайыс шаңырағына келін боп түскенде домбыра Айсұлу енесінде болыпты. Айсұлу әжей домбыраға ешкімнің қолын тигізбей, өзі ғана алып, шаң тигізбей сүртіп отырады екен.
- Құбайыс атам мінезі жайлы, ешкімді жәбірлемейтін, кісіге қатты айтпайтын адам болыпты. Заң саласында қызмет еткен кезінде «Адам-ның қатесі болса да, соны мойындатуға аяймын» деп, өз еркімен басқа жұмысқа ауысыпты. Көпшілік Құбайыс атамның өнеріне ерекше тәнті болып, салған әнін, термелерін тыңдауға құмартады екен. Атам барып, ән салған жерде «Ауылға Құбайыс келіп жатыр екен» деп, сол ауылдың жұрты бар шаруасын тастап жиылады екен. Қайын атам 1941 жылы со-ғысқа өзі сұранып кетеді. Ас жоқ, киім жоқ қиын кезде домбыраны бір қап тарыға саудалап келгендер болыпты. «Аман-есен оралса, өзі тарта-ды, артындағы ұрпағы өссе, солар ұстайды» деп, аш жүрсек те, домбы-раны сатпадық,- дейді қайын енем. 1967 жылы Ғарифолла Құрман-ғалиев ауылымызға келіп, концерт қойды. Ол кезде Чапаевтың XXII партсъезінде тұрамыз. Әскербек Еңкебаев, Гүлнафис Баязитова сынды өнер адамдары біздің үйге Ғарифолла әншімен бірге келді. Қона жатып, қонақ болды. Сонда атамның домбырасын көрген Ғарифолла әнші ерекше тебіреніп, «Аяшым, жарадың, Құбестің көзін осылай жоймай, ұстап отырғаның – сенің азаматтығың. Ер адамға бергісіз екенсің» деп ризашылығын білдірді. Осы домбыра - Құбайыс атамыз 1937 жылы Алматы қаласында өткен республикалық халық өнерпаздары байқауына барғанда Ғарифолла Құрманғалиев екеуіне бірдей етіп, бір шеберге жасатқан екі домбыраның бірі екен. Мұны осы жолы Ғарекеңнің өз ауызынан естідік. Сөйтіп, атамның домбырасын Ғарекең өзі шертіп көріп, ән де салды. Шәкірті Әскербекке де ұстатты. Әскербек «Он алты қызды» орындады, – дейді келіні Нағима апа.
Құбайыстың көзіндей сол қара домбыра бүгінде Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында тұратын немересі Нұржан Қаратаевтың төрінде ілулі тұр.
Қорытынды
Қаратөбе топырағы өнер адамдарына бай. Мұхит, Ғарифолла, ескендірді елі қадірлейді. Ал Сартай ақынды білетіндер болса некен-саяқ.
Сартай осы Қаратөбе өңірінде өмірге келген,-дейді аудандық "Еңбек туы" газетінің редакторы Қайыржан Хасанов. -"Сартай термесі", "Сартай сазы" атты әндері мен термелері күні бүгінге дейін халық ортасында, сахналарда орындалып келеді.
Елбасының жарлығына сай үстіміздегі жылдың Мәдениетті қолдау жылы болып жариялануына байланысты есімін жұртшылық білң бермейтін Сартайдай ақынды халыққа жете таныстыру мақсатында Сартайдың ұрпағы Күләш Құбайысқызы Үшана ауылында болды.
Сартай ақын жерленген зиратты Үшана ауылының тұрғыны, зейнеткер Науша Төлеутаев, осы тұрғыда ізденуші, Б.Аманшин атындағы орта мектептің ұстазы Аман Жүсіпқалиев көрсеткен соң, Қ.Құбайысқызы атасының басына дұға етіп ақтық байлады.
Ақынды еске алып, халыққа таныстыру мақсатында жұмыстанған Қайыржан Хасанов зират басында Сартайдың өлеңдері, шығармашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, естеліктерге тоқталды.
Ұққанымыз Сартайды ақын, термеші, жыршы ретінде, елдегі жағдайларда ауылдарды аралап, халықтың көңілін көтере білетін сал-сері дәрежесінде танимыз. Алайда ақынның жазбалай өлең, термелері туралы мәліметтер өте аз. Сондықтан да келешекте елдегі белгілі азаматтар А.Жүсіпқалиев, Қ.Хасанов, Т.Отаровтар алдарына үлкен мақсат қоя отырып, Сартай ақынның өнер жолын, шығармашылығын зерттеуді басты мұрат етуде.
Сартайдың шығармашылығы жайлы айтар болсақ, республикаға танымал әншілер Жақсылық Сәрсенғалиев пен Қалампыр Рахимованың орындауында үнтаспаға жазылған Сартай әндері, қазір аракідік қазақ радиосынан беріліп тұрады.Сондай-ақ әнші Қалыбек Ақтаев М.Ташмұханбетов атындағы Ташкент зауытындағы «Мелодия» деп аталатын Бүкілодақтық грампластинкалар фирмасынан « Сартай термесін» өз орындауында арнайы күйтабақ етіп шығарды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.
Әр жылдарда газет беттерінде жарық материалдар («Орал өңірі», «Қаратөбе өңірі /Еңбек туы/ »)
Қ.Хасанов «Ақындар» кітабы Орал қаласы "Полиграфсервис" баспаханасы 2008 жыл
«Алаш айнасы» сайтының материалдары
«Тоныкөк kz» сайтының материалдары
Достарыңызбен бөлісу: |