Ізденіс жолы 1



бет1/2
Дата05.11.2016
өлшемі1,18 Mb.
#829
  1   2

Мазмұны
Кіріспе............................................................................................ 2

1 Ізденіс жолы

1.1 Сартай Көшкінұлы -жырау .................................................4

1.2 Тар заман......................................................................................5

2 Зертеушілер еңбектерінде

2.1 Қайыржан Хасановтың зерттеу деректерінен..........................9

2.2 Жүсіпқалиұлы Аман жинаған деректерінен...........................11

2.3 Мерғали Жұбандықовтың айтқандары....................................12

2.4 Нұртас Набиоллаұлының («Орал өңірі» тілшісі)

жазбаларынан............................................................................14

3 Ақын ұрпақтары

3.1 Сартайдың ұрпақтары туралы дерек көздері..........................17

3.2 Жауынгер ақын (Құбайыс Қаратаев туралы сыр)..................18

3.3 Сартай немересі Күләш Қаратаеваның өлеңі).........................19

3.4 Сартай ұрпағынан қалған жәдігер

(Соғыстан қайтқан домбыра)..........................................................20



Қорытынды......................................................................................23

Пайдаланған әдебиеттер тізімі....................................................24


Кіріспе

Неге керек жігітке

Айт дегенде бұлданған.

Мінезім емес құлданған

Әр жерде жүйрік бар шығар

Алқаға түсіп жүлде алған

Томағамды ал да, топқа сал

Бәйгемді алмай құр қалман.


Бұл – жай оқығанда-ақ мақам тіленіп тұратын Қаратөбе өңірінде өткен атақты жырау, арқалы ақын Сартайдың термесі. « Сартайдың термесі» мақамы жағынан батыстың өзге ән-жырларынан өзіне ғана тән ерекше екпінімен дараланып, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманға-лиевтің орындауында жұртшылыққа кең тарады. Әйтсе де, әлі күнге дейін сөзі тыңдалғанмен, өзі көпшілікке беймәлім болып келген жыраудың өмір дерегіне үңілу аса қызық.

Сартай ақын заманында өте белгілі болған. Тіпті жыраудың « Тар заман» толғауы Ұлы Отан соғысына дейінгі және кейінгі жылдарда мектептің қазақ әдебиеті оқулығына енгізілген. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Сартай туралы жазылған дерек жоқтың қасы. Тек өлкетанушы, жазушы, журналист Қайыржан Хасановтың және Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, әнші Серік Әбдірахмановтың еңбектерінен кейбір мәліметтерді кездестіруге болады.

Қаратөбе топырағы көптеген өнер адамдарын өмірге әкелген. Мұхит, Ғарифолла, Ескендірлерді ел біледі, өнерлерін қадірлейді. Ал Сартай ақынды білетіндер сирек кездеседі.

Сонымен Сартай ақын деген кім? Осы сауалға өзімнің ізденісім бойынша жауап беріп көрейін.

Сартай осы Қаратөбе өңірінде өмірге келген. "Сартай термесі", "Сартай сазы" деген ән, термелері күні бүгінге дейін сахналарда орындалып жүр.

Сартай Көшкіншіұлы Қаратөбе ауданының Батбақкөл ауылына қарасты Үшана өңірінде дүниеге келген. Ол ақын, термеші және жыршы. Оның 1916 жылғы ұлт - азаттық көтерілісті жырлаған "Тар заман" атты толғауы Қазақстан ҮҒА-ның қолжазбалар қорында сақтаулы. Сондай-ақ "Сартайдың термесі", "Тойбастар",т.б. өлең- термелері ел ішінде кең тараған Үшана ауылының маңындағы "Бәймен" қорымына жерленген.

Сартай бабамыздың еңбектері туралы "Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында"жарияланған.

Ғылыми жұмыстың мақсаты:

Мақамы ел аузында, әйтсе де өмірі көмескі тартқан жерлес ақын- жырау Сартай өмірін басылым беттерінде әр жылдары жарық көрген материалдарды пайдалана отырып және ақын ұрпағы мен кейбір дерек жинаушылармен кездескен кездегі деректерді келтіре көпшілікке жеткізу.

Сартай шығармаларын жыраулар поэзиясының жинағынаенгізуге ықпал ету.


  1. Ізденіс жолында


Сартай Көшкіншіұлы жырау
Ақын-жыршы. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Алпамса денелі, ақсары, мұртты адам болған. Қасына әнші-ақындарды ертіп жүрген. Руы Он екі ата Байұлы, Алаша-Шотқара-Жәрімбет. 1862 жылы туған.1922 жылы қайтыс болған.

Сартай ақын қоңыр үнді домбырасын қағып-қағып жіберіп өзіне тән сазды мақамынына салып, тыңдаушы жұртшылыққа өзін:

Менің атым Сартай,

Сөйлесем сөзім сары май.

Қылпылдатып сөйлейін,

Қысырдың емген тайындай.

Жылпылдатып сөйлейін,

Жіліктің аққан майындай.

Ауабасы Қарасай

Алты Алашқа белгілі,

Кішкенемнен біздің жай. - деп толғап, таныстырады екен.

1916 жылғы халық көтерілісін жырлаған ақын. «Тар заман», «Сартайдың термесі», «Той бастар», т.б. өлең-толғаулары қалған. Сартай Көшкіншіұлы туралы белгілі ақын-жыршы Құбайыс Қаратаев былай деп таныстырады:

Заманында бұл адам,

Белгілі болған халыққа.

Өтірік емес, анық та.

Өзі надан, тіл жүйрік,

Қараңғы болған қалыпта.

Шу дегенде, іркіліп,

Тарықпа, тілім, тарықпа.

Сөйлейтұғын кезінде,

Жалықпа, жайна, жалықпа.

Алтын сөзін ақынның

Жазып бердім халыққа.

Аса артық дерегі,

Болмаса да тарихта.

Жүйткітіп жүйрік қиялды,

Шарықта, көңілім, шарықта.

Талай жыр саған жіберем,

Шығарам десең жарыққа.
ТАР ЗАМАН

Қазақ даласын дүбірлеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Қаратөбе өңірін де дүр сілкіндірген тарихи оқиға болды. Езілген халық өзінің азаматтық ар-намысын қорғау үшін екі жақты қанауға ұшыратқан ұлттық-әлеуметтік езушілікке қарсы бас көтерді. Қаратөбе өңіріндегі Соналы болысының бір топ жігіттері алаша-аталық-байғабыл Сенғали Дауешов ұйымдастырған көтеріліске қосылып, бас көтерді. Мақсаты – патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы «Бұратана елден қара жұмысқа адам алу туралы» жарлығына байланысты Соналы болысы бойынша жасақталған тізімді жойып, жігіттерді майдандағы қара жұмысқа жібермеу. Соналы өңіріндегі тар заман кезінде болған осы оқиға зауалын көзімен көрген ақын Сартайды да ойландырып, толғантса керек.

1916 жылғы көтерілісте – патшаның бұйрығы бойынша қазақ халқынан окоп қазуға жігіт алғаны, патшаның қысымдағы жайлы қазақтың бас асаулығына жазылған өлең.

 


Сұмырай заман, сұм заман,

Жасаң емес, қу заман,

Қу заманның белгісі

Мықтыға осал құл заман.

Патша қылды зорлықты,

Малдан алып салғыртты,

Бастан алып солдатты,

Атаңа нәлет, ит-жауым,

Қазаққа мәнісін білдірмей,

Ор қояндай жымдаған.

Талайыма тап болып,

Таңдап алып падыша,

Көзін жұмған елдегі,

Тұнжыраған мырзадан.

Падышаның қол асты

Губерния, уезд, начальник

Приемға шақырып,

Еріксіз елді жинаған.

Көрмегенін көрсетіп,

Қазақ халқын қинаған.

Қорлыққа асқан көне алмай,

Бір-біріне қисық қараған.

Ұрыспақ болып патшамен,

Топ жиналып шыңдаған.

Халық билерге сене алмай,

Сыртынан ептеп тыңдаған.

Балалардың ата-анасы,

Туысқан іні-ағасы,

Ұйықтаймын десе ұйқы жоқ,

Күлейін десе күлкі жоқ –

Төсекте ұйықтай тынбаған.

Әлпештеген шырақты

Беруге көзі қимаған.

Мәніс жайын қалдырмай

Заманына тап болып,

Ақын Сартай жырлаған.

Біздің қазақ бос қалған,

Өнер менен айладан,

Басына қылар пайдадан.

Ақылымыз алынған,

Азуымыз шалынған.

Кеткенді қалған қия алмай,

Зығырданы қайнаған,

Көзінің жасы парлаған.

Бидің тауып пайдасын,

Басының қылып айласын,

Бір қатары жігіттің,

Отлучка болып бармаған.

Уысынан шашылып,

Ризық қуып айдаған.

Бір парасы бес мың сом,

Кедейлерді жалдаған

Сомасы көп малды адам.

Бай өткен судан өте алмай,

Бала артынан жете алмай,

Тарығып қайтты жарлы адам.

Жарлы байғұс не қылсын,

Баласы қолда тұрғанда,

Киім, тамақ қылуға,

Баласын байға жалдаған.

Жалдайын десе бала жоқ,

Күн көрерлік шара жоқ,

Бала артына кемпір-шал,

Тынымсыз күнде зарлаған.

Түрлі өзгеге түсіндік,

Әуелі білмей ісіндік.

Алып қал деп жанымды,

Аяма деп малымды,

Атқа мінген адамды,

Шақырып үйге түсірдік.

Түсірісіп болған соң,

Бал татыған бағлан мен

Сапырылулы сары қымыз,

Қызыл шәйді ішірдік.

Құрмет етіп болған соң,

Қайта-қайта тапсырып,

Сөздің артын пісірдік.

Пісулі сөзді айтқанмен,

Ойдағымыз бола алмай,

Бірден-бірге кішірдік.

Бір қатары жігіттің,

Ісіріп алды тамағын.

Асын ішіп жайланып,

Жей алмады тамағын.

Елді аяр түрі жоқ,

Старшын менен болыстың

Байқап едік қабағын.

Заманым солай болған соң,

Балаларды алып барып,

Жағасына Жайықтың,

Бір тас үйге қамадым.

Кезек-кезек шақырды,

Үрейі ұшты ішінен,

Ылжыраған баланың.

Кейінде қалған ата-ана,

Көрмей көңілі тынар ма

Шырағым менен қарағын.

Қара үйлі қазақ баласы,

Әуелді баста-ақ алдырған,

Қару менен жарағын.

Санаулы кетті сансыз қол,

Тауға өрлеген талабың.

Сапарланып жол тарттың,

Қайырлы болсын қадамың.

Жаудың түбі ұрыстан,

Біздің патша Алманмен,

Екі жыл жарым ұрысқан.

Екеуі де зор патша,

Қырылғанға қарамай,

Табаны аумай тұрысқан.

Әбіл, Қабыл туғаннан,

Шежіреде жоқ екен

Тынымсыз бүйтіп қырысқан.

Зарқұм менен Салсалда,

Жәнәбіл мен Қайсарда

Пайғамбармен соғысып,

Екі жыл жарым болғансын,

Татуласып ол да жуысқан.

Осы соғыс – зар соғыс,

Падишаның қол асты,

Орыс, қазақ, өзбек, сарт,

Естек, ноғай, түрікпен,

Көмектен бірі қалған жоқ.

Түсіндірді қазаққа

Қызыметің – окоп деп.

Окоп деген сөзіне

Біздің қазақ нанған жоқ.

Өнерсіз өскен ел едік,

Өнерсіз демей не делік –

Артатұғын түйеге,

Туатұғын биеге,

Қойды мыңнан қоздатып,

Інгенді жүзден боздатып,

Сиырлары бұзаулап,

Бозбалалар қыз аулап,

Есепсіз өскен көп малға

Арылмайтын кең едік.

Қазы менен қартаны

Жал-жаясы аралас,

Кіршіксіз кербез әйелге

Ақ малтаны шайдырып,

Ас тәттісін жеп едік.

Уайымнан бос тұрсақ,

Еңсеге келген қонаққа

Тарылмайтын төр едік.

Қолдан келер қайрат жоқ,

Жау айбынар айбат жоқ,

Балалардың артынан

Дұғашы болып бет сипап,

Тілектес болсақ деп едік.

Біздің қазақ баласы,

Қолдан кетті күштері.

Жетер жерде қия алмай

Екі көзі жаудырап,

Елжіреп кетті іштері.

Жүрген шығар шырақтар,

Сары сазандай тізіліп,

Сұңқардай көзі сүзіліп;

Ел іші еске түскенде,

Көңілдері бұзылып.

Үзілмесін күдерің,

Жасымасын жігерің.

Кім біледі үзбесін

Аяқтағы шідерін.

Жақсы мен жаман арасы

Екі көш жарым үдерін.

Балалар еске түскенде,

Дүрсілдейді жүрегім.

Жүрегіміз қуанар

Падишалар тез құрып,

Ұзатпай алыс сүрөгін.

Көргеннің көзі көл болды,

Көздің жасы сел болды.

Достысы түгіл балалардың

Көрмегенсін біреуін,

Қауыстыр деп саламат,

Әр уақытта тіледім.

Қабыл болар тілегім,

Бұрынғы құлдық қалып тұр,

Күннен күнге жүдедім,

Жүдеген ердің бірі едім.

Суға салған сүйріктің

Астында қалған түбі едік.

Суырылып сүйрік, түп қалды,

Қала берді топтасып

О дедік те бұ дедік.

Суырылған сүйрік орыны

Қайтадан келіп орнықса,

Деп күні-түні тіледік.

Приемге барғанда

Біреуді біреу көре алмай,

Сондай болды қалыңдық.

Кетер жерде балдарға,

Бір-біріңе көз бол деп,

Баршасына жалындық.

Бір қатар біздей жиһанкез,

Жолдан алып қалам деп,

Текеге дейін барылдық.

Текеден тесік таба алмай,

Қош айтысып қолдасып,

Сол жерде екі жарылдық.

Қалған мен кеткен қоштасып,

Бір-біріне достасып

Арбаға мініп кете алмай,

Қашқынға қуып жете алмай,

Қала бердік тоқтасып.

Кеткен балдар, қайғырма,

Біріңнен бірің айрылма;

Мындағылар қаңғып жүр,

Сиыр бағып боқтасып.

Арба кетті зырқырап,

Шаңы қалды бұрқырап.

Пәтерге келіп шәй іштім,

Тамағымнан жүрмеді,

Ішкендей болдым керемді,

Балалар аман келгенше,

Елге сәлем бергенше,

Көзіммен анық көргенше ,–

Сөйлесем, көңілім бұзылып,

Жыл тәулікке келгенше,

Айта алмадым өлеңді.

Жаңалыққа сөз айттым,

Шығармадым өнерді.

Әр ауылдағы ерлердің

Көңілі толған шерлердің

Қайғысын сөзбен бөлерге.

Қайта-қайта хат келді,

Енші Алла, түзелді

Бір қатары елге келерде.

Қабыл болар тілегім,

Тез қуанар жүрегім.

Сүйінші, халқым, сүйінші,

Балдарың аман қауысар! –

Газеттерге басылған,

Тұс-тұсына шашылған

Осындай жақсы хабар бар.



 

2 Зертеушілер еңбектерінде
2.1 Қайыржан Хасановтың зерттеу деректерінен
Қаратөбе аудандық « Еңбек туы» газетінде редакторлық қызмет атқарғанымда, Алматы қаласына өз шаруасымен бара жатқан зейнеткер Мәрбан Бекмағанбетов ағамызға ҚР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасына, Әдебиет пен өнер институтына соға келуді

сондағы Сартай Көшкіншіұлының қысқаша өмірбаяны туралы мына деректі өзгертпей сол күйінде келтіріп отырмын:

« Кіші Жүз оның ішінде Байұлы Алаша-Шотқара деген ру болады. Патша заманында езілген, аз-ұсақ ұру болған. Кедей адам, өзінің ақындығы, тілінің жүйріктігімен қатарға ілескен адам.

Негізгі мекені: Күнбағыс Қазақстан, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылы болады. 1923 жылы дүниеден қайтыс болды. Бұл кісінің өмір тарихын толық түрде кейін жазып жіберермін. Қазір жол үстінде кетіп бара жатқасын асығыс жазып отырмын.

Осы Алматы қаласында менен де жақсы білетін ауылдан қызметкер адамдар бар, мүмкін солар арқылы Сартайдың өмір тарихын түгел алуыңызға болады. Қалғанын, басқа да өлең жинақтарын тағы да жіберермін, жүзеге асыру үшін.»

Өкінішке орай, бұл адамнан осы жолдардан басқа мәлімет түспеген және деректі келтірушінің кім екені беймәлім. Сартайдың өмір тарихын толық жазып беруге, өлең жинақтарын толықтырып тағы жіберуге берген уәделері не себептен екені белгісіз, әйтеуір орындалмаған.

Кәріқұлақ шежіреші Аманкелді Нұриденовтің сілтеуімен өлең – жырды, ескі әңгімелерді жақсы білетін қалдығайтылық Мұзайыр Бердіғалиев ағамен 2002 жылдың қараша айының 14-і күні Мұзаханның өз үйінде кездестік. Мұзайыр ағамыз (1930-2003ж.) көп жыл «Қалдығайты» кеңшарындағы шеберханада жұмыс жасапты. Ауыл молдасы болған. Естігендерін жадында жақсы ұстайтын зерек Мұзафар аға бізге Сартайдың Бәйменге жерленгенін, Кенжеғара Ақшолақ болысқа баласы Жәңгірдің өлімін естіртіп айтқан Сартай өлеңінің тарихын әңгімеледі. Мұзайыр айтқан әңгімені, естірту жырдың сазы мен мәтінін диктофонға сол бойда жазып алдым. Естірту жырының тарихы былай болған екен.

Көп жыл Соналы болысын билеген, «Ресей патшасының құрметті мирасқоры» атағын алған Мұқамеджан Сарғожин (1844-1916) ауыл-аймаққа Ақшолақ атымен белгілі болыпты. Осы кісі Орынбор қаласына Соналы болысынан алты баланы өз қаражатынан оқуға жібереді. Бір жылдан соң әлгі алты баланың үшеуі орысша жүрген оқу бағдарламасын меңгере алмай, ауылға қайтып келіпті. Ал оқуда қалған үшеудің біреуі ата-анасы еркелетіп Жәңке деп атайтын Ақшолақтың баласы екен. Оның азан шақырып қойған шын аты Жәңгір екен.

Жазғы демалысқа келе жатқанда Жәңке жолшыбай қатты ауырып, Теке қаласына келгенде қайтыс болып, ыссыда ауылға апаруға жарамай, оны Хан тоғайына жерлепті. Баласының өлімін Ақшолаққа барып естіртуге ешкімнің дәті бармаса керек.

Ақшолақ Сартай ақынды не ауылына шақыртып, не өзі барып, жыр-әнін тыңдап, оның өнерін қатты сыйлайды екен. Байғұтты-Шолаққамыс ауылының тұрғындары шотқара Сартай ақынға шұғыл хабар жеткізіп, Жәңкенің қазасын Ақшолаққа естіртуге өтініш жасапты. Сартай келіп, өлеңмен естірткенде, Ақшолақтың көзінен жас парлап, ізбасар баласының ойда-жоқта сырқаттанып қайтыс болғанына қатты қапаланып, « Өлген артынан өлмек жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Ризамын, Сартай!» - деген.

2000 жылдың маусым айының 11-і күні менің қызметтік кабинетімде шежіреші Мәрбан Бекмағамбетов, өлкетанушы Тілек Сағынов, сазгер Әлеумет Мәмбетов, ақын Күләш Қаратаева апай бәріміз бас қосып, Сартай ақын жөнінде ой тербедік. Жергілікті « Дала дидары» телеарнасы осы кездесуді бейнетаспаға түсіріп, тележурналист Тәтті Өтеғалиева кезекті хабарында ақындар Сартай мен Құбайыс жайлы тың деректермен қаратөбеліктерді таныстырды.

Сартайұлы Райыстың айтуынша, Сартай 1922 жылы 60 жасында жайлауда отырғанда, пішендік кезінде көршиқан деген аурудан қайтыс болыпты. Қаншама қазақы ем жасаса да қонбапты. Ақынды Бәймен атасының қасына (қазір «Бәймен» деп аталатын қауым) арулап жерлепті. Қазір құлпытасы бар.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет