Қызылжар орта мектебі
әлеуметтік педагог: Койшибаева Балкенже Тюлегеновна.
Тақырыбы: Әлеуметтік педагогтың ата-анамен жүргізілетін жұмыстары
Әлеуметтік педагогтың қызметі балалардың дамуы мен оны қорғауды қамтамасыз ету заңына негізделген. Әлеуметтік педагог сонымен қатар өз қызметінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңын, басқа да нормативтік актілермен құжаттарды, басшылыққа алады. Қоғам мен отбасы, бала тұлғасы жүйесіндегі аралық келістіруші бола отырып, тәрбиеленушінің қалыптасуына, балалар мен ересектер арасындағы гуманистік, рухани-адамгершілік қарым-қатынастарға ықпал етеді.
Бұлардың бірлескен қызметі төмендегідей:
Отбасына әлеуметтік –психологиялық көмек көрсету;
Отбасы мен балаларға дәрігерлік, психологиялық, педагогикалық кеңес беру;
Балаларды күйзелтетін даулы мәселелерді шешуге көмектеседі;
Мінезінде ауытқушылығы бар адамдарға психологиялық және диагностикалық коррекция жасау;
Профилактикалық шаралар ұйымдастыру
Әлеуметтік педагогтың жұмыс жоспары:
Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жұмысына тоқталар болсам, отбасы – жасөспірімдерді әлеуметтендірудегі өте маңызды институт. Бұл баланың дамуы мен жеке өмір сүру ортасы. Ол мынадай өлшемдермен анықталады: әлеуметтік –мәдени, әлеуметтік –экономикалық. Осыған орай әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жүргізілетін жұмысы аса маңызды болып саналады. Ол отбасындағы жағдайлар туралы толық мәлімет ала отырып, бала тәрбиесіне байланысты ата-аналармен ынтымақтаса, оларға кәсіби педагогикалық көмек көрсетеді. Педагог пен ата-ананың үнемі ынтымақтаса отырып, әр кезеңде атқаратын міндетінің бірі қалыптастыру болып табылады.
Әлеуметтік педагог отбасы тәрбиесінің үлгісі, ондағы тәжірибесіне сүйенеді; оны жан-жақты зерттеп, жинақтап таратады; оңды ой-пікірлерді күшейтеді, Сондықтан:
1)тәрбиешілер мен ата-аналардың өзара сенімділік қарым-қатынастары оңды бағытталған, бірігіп ықпал етудің шешуші және алғашқы шарты болып табылады. Ата-аналардың тәрбиеге көзқарасын жандандырып, табысқа жетуге қажеттілік және өз күшіне сенімділік тудыру үшін дұрыс байланыс орнатудың маңызы зор.
2) Әлеуметтік педагогтың неғұрлым маңызды міндетінің бірі ата-аналарды педагогикалық білім дағдыға, оның теориялық және практикалық ықылымдарын меңгеруіне, әсіресе тәрбиені ұйымдастыру шеберлігіне жетілдіру болып табылады. Жұмыла педагогикалық әрекет етудің мұндай нәтижесі ата-аналардың өз баласына ғана емес, сонымен қатар біртұтас сынып оқушыларын тәрбиелеу белсенділігіне әкеледі. Әлеуметтік педагог пен ата-ана әріптестер ретінде бірін-бірі толықтырады.
Әлеуметтік педагогтың отбасымен бірлесе әрекет етуін ұйымдастыруы мына мүмкіндіктерді тудырады:
Өз балалары мен сынып оқушыларын тәрбиелеуде этнопедагогикалық потенциалын анықтау мақсатында отбасы мен туысқандарын зерттеу;
Өз балалары мен сынып оқушыларын тәрбиелеуге қажетті ата-аналардың адамгершілік, әлеуеттік мүмкіндіктері принципіне қарай отбасыларын топтарға бөлу;
Халықтық педагогика дәстүрлері негізінде әлеуметтік педагог пен ата-аналардың бірлесе әрекет ету бағдарламасын жасау;
Өзара тәрбие қызметіндегі ағымдағы және ақырғы нәтижелерді зерттеу;
Отбасыларды 5 топқа бөлуге болады:
Жоғары адамгершілік этномәдени қарым-қатынастағы отбасылар. Салауатты өмір салты, моральдық, атмосфера қалыптасқан, балалар өз қабілеттерін дамытуға толық мүмкіндік алатын отбасылар.
Ата-аналардың қалыптасқан ережеге сәйкес қарым-қатынаста болуымен сипатталатын отбасылар. Бірақ олар тәрбиенің оңды бағытын қамтамасыз ете алмағандықтан педагогтың көңіл аударуына мәжбүр.
Дау жанжалмен өз қарым-қатынастарын реттей алмайтын, балаларына көңіл аудармайтын отбасылар. Мұндай отбасының дау-жанжалы көп уақытқа созылып, баланың азғындығына, мінез ауытқушылығына апарып, отбасын тастап шығуға мәжбүр етеді. Оқу үлгерімі нашар болып, сабақтан қашады.
Сырттай сау көрінетін отбасы. Бірақ іштей рухани азғындық жайлаған шынайы адамгершілік құндылықтары жоқ, ұрпақтың сезімталдық қасиеті бұзылған. Бұл отбасыларынан шыққан кейбір жасөспірімдер өз отбасының сыртқы « бейнесін» жақсы көрсете білетіндіктен, мұндай балалармен тәрбие жұмысын жүргізу аса қиындыққа түседі.
Қалыптаспаған (жағдайы нашар) отбасылар, дау-жанжалды, бейморальді мінез-құлықта, сотқарлық, қатыгездік орын алған. Баланы қорғау үшін әлеуметтік педагогтың мұндай отбасына үнемі көңіл аударып отыруы, қоғамдық ықпал көрсетуді немесе белсенді араласуы қажет.
Әлеуметтік педагог ретінде жыл бойы ата-аналармен мынадай шаралар ұйымдастырдым. Мектептің жалпы ата-аналар конференциясында «Тұлға қалыптастырудағы құқықтық тәрбиеге байланысты отбасының ролі мен қызметі» атты баяндама оқылды.
Республикалық «Сенің құқығың – менің құқығым» атты онкүндікте ата-аналар арасында құқықтық ағарту және ақпараттандыру іс-шаралары, соның ішінде конвенцияның қағидаларын, еліміздегі балалар жағдайын жақсарту үшін жасалып жатырған іс-шаралар жөнінде түсініктерін молайту мақсатында «Сенің құқықтарың мен міндеттерің», «Отбасы қарым-қатынастар үндестігін қалай құруға болады? атты сұхбат сағаты жоғары сынып оқушыларының ата-аналарының қатысуымен өткізілсе, «Үйдегі бақытқа бөленген бала – бақытты бала» атты дөңгелек үстел бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен өтілді. Еліміздің тәуелсіздік мерекесінің тойлануына орай «Тәуелсіздік – ел дәулеті» атты ауылдағы мекемелер арасында кездесу сағаты өтті. Онда әр мекемеден қатысушы топтар салт-дәстүрден көрініс, тәуелсіздікті бейнелейтін композиция құру, сұрақ-жауап тапсырмаларын орындауда сайысты.
Әр сыныптың оқу жылы басында сайланған ата-аналар комитеті мүшелерімен де жұмыстар жасалады. Олармен бірге «Өрлей бер өркенитке, өсер елім!» атты кездесу сағатының мақсаты ата-аналардың мектеппен байланысын жақсарту, ата-аналар комитетінің жұмыс жүйесін жетілдіру болған. Әрбір шара барысында ата-аналарға балаға тәрбие берудегі жауапкершіліктерін жетілдіру мақсатында көмек ұйымдастырылады, яғни түрлі тапсырмалар беріліп отырды.
Баяндама: Отбасы және мектеп
Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаулысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың, азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі - бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
• Отбасы - сапасы бірқатар параметрлермен анықталатын, бала өмірі мен дамуының ортасы. Отбасының әлеуметтік-мәдени параметрі ата-аналарының білімдік деңгейімен және олардың қоғам өміріне қатысуымен анықталады. Отбасының әлеуметтік-экономикалық параметрі дүние-мүліктік сипаттамасымен және ата-аналарының жұмыспен қамтылуымен анықталады. Техникалық-гигиеналық параметрі өмір сүру жағдайымен, баспананың жабдықталуымен, өмір салтының ерекшелігімен анықталады. Демографиялық параметрі отбасы құрылымымен анықталады. Баланың дамуының қандай қырын алмайық қай жас кезеңінде болмасын оның тиімді болуында отбасының рөлі ерекше.
Қазіргі отбасының басты қызметтері мен міндеттеріне тоқталайық.
Басты қызметтері:
тәрбиелік;
сауықтыру;
рухани-адамгершілік;
танымдық-білімдік;
тұрмыстық;
еңбек;
мәдени-ағартушылық;
демалыс-шығармашылық;
тұлғаның өзіндік тәжірибені ынталандырушы;
қорғау.
Басты міндеттері:
баланы үйлесімді дамыту;
бала денсаулығына қамқорлық жасау;
оқуына көмек көрсету;
еңбек тәрбиесін жүзеге асыру және мамандық таңдауға көмектесу;
тұлғаның әлеуметтенуіне көмектесу;
ізгі, эмоционалды-адамгершіліктік қатынас тәжірибесін қалыптастыру;
жалпы мәдени және интеллектуалдық дамуына қамқорлық жасау;
қызығушылығы, қабілеті, бейімділігі мен шығармашылығын дамыту;
өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі дамытуға дайындау;
жыныстық тәрбие, болашақ отбасылық өмірге даярлау.
Сонымен қатар отбасы тәрбиесінің мәңгілік басты құрауыштары бар. Олар:
отбасы тәрбиесінің ахуалы (дәстүрі, қатынасы, жайлылығы);
отбасы өмірінің күн тәртібі;
әрекеттер мазмұны (әкенің, шешенің, әженің, атаның, балалардың).
Баланың отбасындағы өмірін және іс-әрекетін ұйымдастыруда күн тәртібін жасау және талап қоя білудің мәні ерекше. Күн тәртібі баланың еңбегі мен демалысъның, парасаттылықпен, жас және дербес ерекшелігіне сәйкес өтуін қамтамасыз етуі тиіс. Отбасы мүшелері бала бойында жақсы әдеттерді қалыптастыруды және оның дүниетанымы мен өмірлік бағыт-бағдары мен көзқарастарын дұрыс қалыптастыруды мақсат тұтады.
Отбасы бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезден-ақ оны жинақылыққа, тілалғьштыққа, еңбекке, мұқияттылыққа, жауапкершілікке, әдептілікке үйретеді. Отбасы баланың күн тәртібін құруда өз отбасының үй жағдайын, баланың денсаулығын, дәрігер, тәрбиеші не мұғалімдер кеңесін, мектеп пен отбасы талаптарының бірлігін есепке алғаны дұрыс. Өйткені бала өмірінде еңбек, демалыс, ойын, үй тапсырмасын орындау ұйқы және т.б. дүрыс кезектесіп отыруы тиіс. Педагог-психолог ғалымдар пікірлері бойынша белгілі-бір реттелген күн тәртібін сақтау нәтижесінде бала миының үлкен жарты шарының қабында динамикалық стереотип пайда болады. Мысалы, баланың нақты бір мезгілде тамақтануы, ұйқыға кетуі берік қалыптасса, ағзасы сол уақытта оған даяр болып, денсаулығы нығая түспек. Белгілі дағды әдетке айналады.
Баланың күн тәртібін ұйымдастырудағы отбасының іс-әрекеті:
– сабақ үлгерімін бақылау. Сабақты себепсіз қалдырмауына атсалысу;
– оқуда үлгеруіне, достарымен қарым-қатынасының дұрыс болуына көмектесу, жағдай туғызу;
– сынып жетекшісімен, мектеппен тығыз байланыс орнату;
– қызығушылығын дамыту, танымдық өрелерін кеңейту үшін үлгірмелер, факультативтерді таңдауына көмектесу;
– ақыл-ой еңбетін ғылыми ұйымдастыруға үйрету, ұсыныстар беру, психологпен бірге әңгімелесу;
– араласа білуге, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстай білуге баулу;
– қоғамдық пайдалы және өнімді еңбекке, имандылыққа, салауаттылыққа тәрбиелеу;
– санитарлы-гигеналық дағдыларды сіңірту;
– адамгершілік-жыныстық, эстетикалық мәдениетін қалыптастыру.
Бала толыққанды отбасы мүшесі, сондықтан оның отбасындағы өзінің міндеттері мен борышын адал атқаруы оған да, отбасы мүшелеріне де қуаньш сезімін сыйлайды. Ол үшін отбасы мүшелері бала еңбегіне артық салмақ түсірмей не жеңіл-желпі қарамай, парасатты және әділетті болғандары абзал. Яғни, оқудан келген соң демалуын, оқуын пайдалы еңбекпен ұштастырып отыруын бақылап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырулары керек. Отбасы мүшелері баланы түрлі іс-әрекеттерге және өз бетімен еңбек етуге үйретулері қажет.
Отбасында ата-аналар балалар іс-әрекетін ұйымдастыруда төмендегідей шарттарды есепке алуы тиіс:
– баланың қызығушылығын, ішкі сезімдері мен көңіл-күйлерін түрақтандыру мақсатында міндеттерін бөлуді жоспарлау мен жүзеге асыруда онымен санасу жағын қарастыру;
– балаға сенім білдіру және жас және дербес ерекішелігіне сәйкес болуын қадағалау;
– әр баланың міндеттерін дәл, нақты анықтау;
– әр істің балалардың өзара қатынасының дамуы мен нығаюына және рухының өсуіне қажетті тәрбиелік мәнінің болуы;
– жалпы отбасы тәрбиесінің тұлға дамуының факторы болуын қамтамасыз ету;
– баланың дербестігі мен ынтасын есепке алу;
– балалардың өзара сыйласымдылық пен мейірімділікке, сенімге негізделетін іс-әрекеттерді тапсыру;
– тапсырманы орындау барысында қолдау көрсету, түрткі қалыптастыру.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог-ғалымдар С.Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, Е.Ұзақбаева, К.Қожахметова Р.М.Қоянбаев, Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жакты сөз болған. Ж.Б.Қоянбаев "Семья және балалар мен жеткіншіктер тәрбиесі" атты еңбегінде отбасының өзіне тән ерекше қызметтері деп: халықтың өсуін, адамзат ұрпағын әрі қарай жалғастыруын қажеттік-шаруашылық функциясын, отбасьның тәрбиелік функциясын, отбасы мүшелерінің өзара және туған-туысқандармен қарым-қатынас жасау функциясын есептейді.
Аталған еңбекте отбасы тәрбиесінің бірқалыпты жағдайда іске асырылмайтындығы және отбасы тәрбиесінің сәтсіз болуьның басты себебі - ересек адамдардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығынан дей келе, отбасындағы бала тәрбиесіне игі ықпал етуде мәні бар төмендегі белгілерді атап көрсетеді.
1. Отбасының этикалық құрамы және құрылымы толық емес отбасы: бірбалалы, көпбалалы отбасы, бірұлттық, көпұлттық отбасы;
2. Тіршілік әрекетінің және ортаның жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, еңбектену, кәсіптік құрамы, бюджеті, жалпы материалдық әл-ауқаты, ауылдық және қалалық отбасы;
3. Отбасының мәдени потенциалы: күнделікті тұрмыстың жалпы мәдениеті, күн тәртібі, демалыс, оның формалары, кітапхананы, теледидарды, музыка аспаптарын пайдалана білуі, спортпен айналысу, үйелмендік дәстүрлік мерекелер.
4. Ішкі отбасылық қатынастар, отбасы микроклиматының сипаттамасы, отбасында көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттерінің көзқарасы;
5. Қоғамға көзқарасы: еңбек және қоғамдық міндеттерге, қоғамдық тәрбие институттарына қатысы;
6. Отбасының тәрбиелік потенциалы: отбасылық тәрбие, қолданылатын әдістер, ата-аналарының және мүшелердің педагогикалық мәдени дәрежесі.
Бұл белгілерді отбасы тәрбиесінде есепке алудың маңызы зор.
Бүгінгі қоғам алдындағы мақсат - өмірдің барлық саласында белсенді шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы балабақша, мектеп, қоғам және жүртшылықтың тәрбие кіріктіріліп жүзеге асуы тиіс. Өйткені, отбасына мектен тарапынан білікті көмек қажет. Педагогтар мен ата-аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуте болады.
Отбасы мен мектептің өзара әрекетінің басты қызметтері:
ақпараттық;
тәрбиелік-дамытушылық;
қалыптастырушылық;
қорғау-сауықтырушылық;
бақылаушылық;
тұрмыстық.
Аталған өзара әрекеттің міндеттері
ата-аналардың белсенді педагогикалық ұстанымын қалыптастыру;
ата-аналарды педагогикалық-психологиялық білім, біліктермен қаруландыру;
бала тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстыру.
Отбасы мен мектептің өзара әрекетін ұйымдастыру жолдары
отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен күш қуатын айқындау мақсатында зерттеу;
отбасының адамгершілік бағыттылығына қарай оларды топтастыру;
олардың бірлескен әрекеттерінің ағымдық және соңғы нәтижелерін талдау.
Отбасын зерттеу педагогқа не береді?
Оқушы отбасын зерттеу педатотқа отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен оның күш куатының деңгейін анықтауға, соның негізінде бірлескен әрекеттің оңтайлы әдісін, формасын таңдауға, нәтижесінде тәрбие мәселесін табысты шешуге мол мүмкіндік туғызады. Ол үшін мұғалім дәстүрлі педагогикалық- психологиялық диагностика әдістерінің кешенін пайдаланады. Отбасын зерттеу сынып жетекшіден кәсіби шеберлікті талап ететін өте күрделі мәселе.
Сынып жетекшісі отбасын зерттеуде төмендегідей ережелерді сақтағаны дұрысс:
– Ата-аналар мен балалар өздерін зерттеу нысаны ретінде сезінбеуі тиіс.
– Зерттеу мақсатты бағытталған, жоспарлы және жүйелі болуы қажет.
– Зерттеу әдістері тәрбие әдістерімен өзара байланысты болуы шарт.
– Психодогиялық-педагогикалық әдістер түрленген және кешенді түрде қолдануы керек.
– Отбасын зерттеуде педагог төмендегі мәліметтерге басты көңіл аударулары тиіс:
1. Отбасы мүшелері және отбасының әлеуметтік – материалдық, тұрмыстық жағдайлары мен мектеп ісіне деген қызығушылықтары туралы толық мәлімет.
2. Отбасындағы балалардың тәрбиелілік деңгейі.
3. Отбасының тәрбиелік мүмкіндіктері.
ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫС ЖҮЙЕСІ
«Дүниенің ең тамаша туындысы- тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады» деп халық айтқандай. Қоғамдағы әлеуметтік – экономикалық, гуманитарлық және демократиялық өзгерістерге байланысты жеке тұлғаның дербестік дамуы маңыздылық сипатқа ие болуда. Қазіргі таңда біздің елімізде тұлғаны тәрбиелеу мәселесіне ерекше жағдайда көңіл бөлінуде. Яғни, мектеп оқушыларының бойында шығармашылық қабілетін, бағыт бағдарын, өмірлік ұстанымын, өзіндік сенімін, қызығушылығын, танымдық процестері мен психологиялық қасиеттерін дамытатын мүмкіндіктерді жасауды қажет етіп отыр. Қоғамдағы әр түрлі жаңғырулар мен өзгерістердің ықпалы қатты әсер ететің ең бір нәзік тұсы – бала.Сондықтан әлеуметтік педагогика баланы басты обьект ретінде қарап, баланың білім алуына, тәрбиеленіп,әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына отбасы, білім, қоғамдық институттардың тигізетін әсерін зерделейді.Әлеуметтік педагогтің негізгі нысаны да балалар мен жасөспірімдер болып табылады.
Қазіргі кезде қоғамда орын алған кейбір келеңсіз жайттар, шешімін табу қиын болып келетін күрделі әлеуметтік мәселелерді жоққа шығаруға болмайды.
Еліміздің әл- ауқаты артып, басқа салардағы сияқты жүргізіліп, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылудамыз. Қазақстанның ертеңгі болашағы – бүгінгі білімді ұрпақты тәрбиелеу ісінде әлеуметтік педагогтың атқарар рөлі зор. Мектептерде педагог – психолог, қосымша білім беру педагогі, тәлімгер, әлеуметтік педагог мамандары пайда болды.Бұлардың әрқайсысының білім беру үрдісінде өзіне ғана тән қызметтік мазмұны мен өзіндік орны бар. Қоғамға, мектепке керек бұл мамандықтың қыр- сыры, қызмет ерекшелігі жан- жақтылықты талап етеді. Ең алдымен жалпы білім беретін мектептердегі әлеуметтік педагог жұмысына арқау болатын негізгі міндетерінің бірі . Мектептегі әлеуметтік педагогтің негізгі міндеті- әр адамның өмір сүру сапасынын жақсарту мақсатында жеке тұлға мен қоғам арасындағы өзара жағымды қарым – қатынас қалыптастыру. Әлеуметтік педагог қызметінің негізгі ортасы – баланың оқып, білім алу қызметі жүзеге асырылатын мектеп, үйі мен әр түрлі спорттық секциялар, мектептен тыс қоғамдық орындар және бала қарым – қатынаста болатын барлық орта. Әлеуметтік педагог жұмысының осындай кең ауқымдылығына байланысты маман сан қырлы, жан – жақты болуы керек. Кез келген мәселелерді шешу үшін әлеуметтік педагог әр түрлі рөлдерді атқарады:
-Әлеуметтік педагог – оқудан тыс – іс – шаралар ұйымдастырушы;
-Әлеуметтік педагог – жантанушы (психолог )
-Әлеуметтік педагог – бос уақыты тиімді өткізуді ұйымдастырушы;
-Әлеуметтік педагог – әлеуметтанушы;
-Әлеуметтік педагог – әлеуметтік қызметкер;
-Әлеуметтік педагог – әдіскер;
-Әлеуметтік педагог – құқық қорғаушы.
Мектептегі әлеуметтік – педагогикалық жұмысының негізгі бағыты – оқушылардың арасынан бейімделмеген категориясына жататын, әлеуметтік аутқушылықтары бар жеке адамдарды немесе топтарды анықтау және олармен әрекеттестікті ұйымдастыру. Әлеуметтік педагогтің қызметінің нақты мақсаты – баланың өмір сүру ортасындағы туындаған мәселелерді уақытында анықтау; олардың себептерін жою жолдарын қарастыру; баланың өмір сүру ортасында туындауы мүмкін әр түрлі қоғамға жат құбылыстардың алдын алу; ең маңыздысы, әлеуметтік педагог осы айтылғандарды мүмкіндігінше этикалық деңгейді сақтай отырып,баланың құқығы мен еркіндігіне нұқсан келтірмейтіндей жағдайда жүзеге асыруы тиіс.Осыған орай, мектептегі әлеуметтік педагог пен психолог бірлесіп атқаратын істерінің ауқымы мол,рөлі де ерекше.Атап айтқанда, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруда отбасындағы қолайсыз жағдайлар, өмір сүру қабілетінің жоқтығы немесе өз қатарларымен дұрыс қарым – қатынас жасай алмауы, отбасы мен мектептің байланысы, ата – ананың баласының жеке тұлға ретінде қалыптасуына тиімді бағыт – бағдар беруіне ықпал етуге ұйымдасқан жұмыс қажеттілігін дәлелдеп келеді. Әлеуметтік педагог пен психологтың бірлескен іс- әрекет жұмыстарын жоспарлағанда төмендегі бағыттар ескеруі тиіс:
-жасөспірімдермен жұмыс жасауда оның дамуына теріс ықпал ететін жолдардың алдын алу бағыты, яғни оқушылардың бойындағы жағымсыз қылықтарды анықтап, оны болдырмау;
-бала тәрбиелеу сапасының жоғарлауына педагогикалық тұрғыдан ықпал ету;
-психологиялық алдын алу және түзету жұмыстарын жүзеге асыру;
-отбасымен жұмыс, «қиын топтағы» оқушылармен жұмыс жүргізу.
Әлеуметтік педагогтың мектепте іс – әрекетінің мынандай бағыттары болады. Олар :диагностикалық, ұйымдастырушылық, болжамдық, алдын алу, ұйымдық байланыстық, қорғаушы, әлеуметтік – психологиялық.
«Ерекше назардағы» балаларды «қиын топ»ретінде емес, қайта қоғам тарапынан көмек қажет етуші бала ретінде түсіну қажет. Біздің мақсатымыз осындай балалармен жеке жұмыс жасап, олардың себебін дұрыс түсіне отырып, педагогикалық – психологиялық көмек беру. Қорыта келе, өскелең ұрпақты қоғамдық өмірге қатыстыру, жеке тұлғалық қасиетін дамыту және оны қоғамда толық мәнді өмір сүруге дайындау тұлғаны әлеуметтендірудің негізгі шарттары болып табылады деуге болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика .-Алматы,2004
2.Мудрик А. Социальная педагогика . М.,-1999
3.Василькова Ю.В. Методика и опыт работы социального педагога.
4.Хуторской А.В. Определение общепредметного содержания ключевых компетенций как характеристика нового подхода к конструированию образовательных стандартов.
СУИЦИДТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Қазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінде адамның суицидтік көріністерін зерттеу және профилактикалық шараларды жасау мақсатында суицидтік тәуекелдің факторларын анықтау үшін суицидтік жүріс-тұрыстың мотивтерін, жағдайларын және себептеріне терең жан-жақты ғылыми негізде әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық талдау жасап, жинақтау аса өзекті болып отыр. Сондықтан да саяси тұрақсыздық және әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайларында адамдар арасындағы әлеуметтік-психологиялық шиеленістің күннен күнге артып, ушыға түсуі, әлеуметтік қызметкерлерге әлеуметтік-психологиялық атмосфераның ерекшеліктерін ескере отырып, суицидальды адамдармен әлеуметтік профилактикалық және әлеуметтік-терапевтік іс-шараларды ұйымдастыру туралы жауапкершіліктерді арттыруда. Адамдардың осындай психикалық күйіне әлеуметтік әсер етулердің елеулі екендігі туралы өзін-өзі өлтірумен (суицид) аяқталған көрсеткіштер бойынша пікір айтуға болады. Соңғы жылдары өзін-өзі өлтірулердің күн санап таралғандығы, (ал мұндай өзін-өзі өлтірулер күн сайын 1000-нан аса жасалады – барлығы жылына 500 мыңға жуық) – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызды әлеуметтік және қоғамдық мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр.
Өзін-өзі өлтіру халықтың өлім-жітімге ұшырауының ең кең таралған себептерінің бірі болып табылады және қоғамның денсаулығына, әлеуметтік тәртіптің, нормалардың бұзылуына және экономикаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Яғни өзін-өзі өлтіруге тырысқан адам өз-өзіне қастандық жасау арқылы ұзақ ауруға, ал кей кездері өмір бойы әлеуметтенуден кейін қалатын мүгедектікке алып келеді. Суицид өмірмен қош айтысуға әрекет жасап көрген адамның ғана емес, оны қоршаған ортаның психикасын бұзатын, қоғам үшін, әлеуметтік жүйенің қалыпты қызмет атқаруына кедергі болып табылатын жауапсыз іс-әркет. Қоғамдық өмірдегі белсенді өзгерістер күн өткен сайын жылдам өтетін сипатқа ие бола бастауда, осының нәтижесінде алуан түрлі таптар мен әлеуметтік топтар тең емес жағдайларда қалады, бұл өз кезегінде суицидтік жүріс-тұрысқа жол ашатын алғышарт ретінде қарастырылады. Дағдарысты жағдайлар мен суицидтік іс-әрекеттердің даму барысында адамдардың жас кезеңдері маңызды мәнге ие болып келеді. Зерттеушілер бұл жағдайда өздерінің ерекше белгілері бар үш жас аралығын бөліп көрсетеді: балалар мен жасөспірімдер, еңбекке жарамды жас және инволюциялық кезең .
Э.Дюркгейм алға тартқан концепцияға сәйкес, өзін-өзі өлтірулердің пайызы (өзін өзі өлтірулер санының халық санына қатынасы) бірнеше әлеуметтік айналымға ғылыми енген: діни, отбасы, саяси, ұлттық және топтардың барлық түрлерінің (үлкен, орта, шағын, микротапда т.б) арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың функциясы болып табылады. Зерттеуші ғалым бұл өмірде адамдардың әр түрлі әлеуметтік қарым-қатынасқа түсетінін және бұл қатынастың мәні өмірдің саналылығына берілетінін ескере келе, «Өзін-өзі өлтіру негізінен алғанда индивидтің ішкі қасиеттеріне емес, адамдарды басқаратын сыртқы себептерге байланысты» факторлармен түсіндірілетін аса маңызды әлеуметтік себептерді айқындайды. Э.Дюркгейм өзін-өзі өлтіру шарттарының: эгоистік, альтруистік, аномиялық және фаталистік төрт түрін бөліп қарастырса, оның шәкірті М.Хальбваск бұл жіктемені өзін-өзі өлтірулердің пайда болған жаңа түрлерімен – кінәсін өтейтін, қарғыс айтатын, дезиллюзионды түрлерімен толықтырады.
Э.Дюркгейм бойынша эгоистік өзін-өзі өлтіру түрі тұлғаның өзіндік сана құрылымындағы жеке идеалды немесе реалды «Мен» бейнесін әлеуметтік-психологиялық «Мен» бейнесіне қарама-қарсы қойған кезде орын алады. Себебі: әлеуметтік-психологиялық «Мен» тұлғаның мінез - құлқын және іс – әрекетін реттейді. Ал тұлғаның өзін бағалау мен өзін силау – «Менің» ең маңызды регулятивті қызметтері болғандықтан, олар «Мен» бейнесінің дифференсациялануын, субьективті мәнділігінің артуын тұлға ретінде дамып, жетілуін үнемі қадағалап отыратын негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылады. «Мен» бейнесі тұлға өміріндегі негізгі мотив болғандықтан өзіндік жандандыру тенденциясы ретінде, ағзаның барлық қабілеттерін дамытып қоймай, тұлға дамуы мен тұтастығын да қамтамасыз етіп отырады. Өмірден кетудің бұл түрі өзін қоршаған әлеммен аз нәрсе байланыстыратын, жалғыздыққа бейім келетін, жалғыздық пен бөтендікті, түсінбеушілік пен қажеттілікті сезінетін, мінезінің патологиясы, тұлғасының акцентуациялары және бұзылулары бар адамдарда айтарлықтай жиі кездеседі.
Альтруистік өзін-өзі өлтіру жеке бас мүдделері қоғамдық әлеуметтік мүдделермен мүлдем сіңісіп кеткен, жоғары идеяларға бағыт-бағдар алған, қоғамдық мүдделермен өмір сүретін және өз өмірін қоршаған адамдардан және қоғамнан жырақта қарастырмайтын адамдарда кездеседі. Альтруистік суицидтерді психикалық тұрғыдан сау адамдар да, ауру адамдар да жасайды.
Фаталистік өзін-өзі өлтіру әр түрлі топ тарапынан адам төзгісіз күшейтілген бақылаудың, тұрақты шектеулердің көп болуының нәтижесінде туындайды, осының салдарынан адам болашаққа сенбей өзін құрабан етеді.
Тұлғалық мағынасы бойынша өзін-өзі өлтірулерді келесідей жіктеуге болады: 1) наразылық немесе кек алу: адам психологиялық тұрғыда өзін ешкім де жақсы көрмейді, бағаламайды және түсінбейді деп санайды да, өзін ренжіткен адамдардың агрессиялық әрекеттерін өзіне қарай қабылдайды;
2) үндеу: адам өзін ешкімге керексізбін деп санайды да өзінің әрекетімен қоршаған ортаны, топтарды, адамдарды көмек көрсетуге үндейді; мұндай жағдайда суицидтің мақсаты – орын алған мәселені басқа адамдардың көмегімен өзгерту болып табылады; 3) қашқақтау: адам қандай да бір жағдаятта жапа шегеді және одан әрі болашақта одан да қиын жағдайлар туындайды деп есептеп, қиындықтан шығудың жалғыз ғана тәсілі – өлім деп санайды; 4) өзін-өзі жазалау: адам өмірде өзіне кешіре алмайтын іс-әрекет жасағаны үшін, «сотқа» және «сотталушы» ретінде өзін осылайша жазалай отырып, өз кінәсін өтейді; Сонымен қатар А.Е.Личко өзінің зерттеулерінде суицидтік әлеуметтік жүріс-тұрыстың үш түрін: демонстративті, аффективті және шынайы деп көрсетеді .
Осының ішінде қоғамдық ортада көп кезедесетін демонстративті суицид – қоршаған адамдарға әсер ету мақсатына ие болып табылады. Мәселен: жағымсыз нәрселерден арылу, аяушылық, тілектестік тудыру немесе жай ғана өзіне назар аудару. Бұл кезде өмірден кетудің тек қана қауіпсіз тәсілдері (иық маңындағы қан тамырларын кесу, дәрі қабылдау, төменгі қабаттардан секіру және т.б.) таңдап алынады. Адам суицидтің қатаң бұл әрекетін, орыны мен уақытын басқалар дер кезінде байқап қалып, көмек көрсететіндей етіп алдын ала жоспарланған түрде таңдайды.
Қазіргі ғылыми әдебиеттерде өзін-өзі өлтірудің себептері анықталып олардың мазмұны әлеуметтік-психологиялық, биологиялық алғышарттар кешені ретінде қарастырылуда. Мәселен: Ортақ әлеуметтік факторға әлеуметтік жүйенің тұрақтылық дәрежесі (нормалар мен құндылықтардың тұрақтылығы, әлеуметтік шиеленіс деңгейі, әлеуметтік бақылаудың күйі); олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігіндегі айырмашылықтарға себепші болатын, әлеуметтік топтар мен таптардың бірдей емес орны жатады. Спецификалы әлеуметтік факторға аймақтың ерекшелігі, халықтың тұрақтылық дәрежесі, қоныстану тығыздығы, демографиялық құрылымында диспропорциялардың бар-жоқтығы, экологиялық жағдайлары жатады. Оның ішінде суицидтік жүріс-тұрыстың ішкі факторлары болып суицидент тұлғасының жеке ерекшеліктері (мінезі, психофизикалық және эмоциялық күйі және т.б.) жатады. Сыртқы факторларға биологиялық сипаттағы микроәлеуметтік жағдайлар, ең алдымен отбасы тәрбиесі және коммуникативтік байланыстар жатады. Нақтылы суицидтік актілерді бағалаған кезде ішкі, сыртқы факторлар, мотивтер мен жағдаяттарға байланысты болып келеді.
Осындай аса маңызды мотивтердің жіктемесін С.В.Бородин мен А.С.Михлин ұсынған. Олар тұлғалық-отбасылық кикілжіңдерді, ажырасуды, қоршаған ортада адамдар тарапынан балағаттауды, жақындардың ауруын немесе өлімін, жалғыздық, бақытсыз махаббат, сексуалдық қауқарсыздықты; денсаулық жағдайын (психикалық, соматикалық аурулар, кемтарлықтар); суициттің әлеуметке қарсы жүріс-тұрысымен байланысты кикілжіңдерді (қылмыстық жауапкершіліктің қауіптілігі, жазадан қорқу); жұмыспен немесе оқумен байланысты кикілжіңдер; материалдық-тұрмыстық қиындықтар және т.б. түрлерін бөліп қарастырады .
Өзін-өзі өлтірулер санының артуының негізгі ортақ себебі – бұл адам жалғыздығының артуы барысында, оның қоғамнан қол үзуі, өз кезегінде қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақсыздығының нәтижесі болып табылады. Осылайша, өзін-өзі өлтіру себептерін зерттеген кезде, олардың мотивтерін ғана емес, әлеуметтік қоршаған орта мен адамды сипаттайтын жағдайларды да, сонымен қатар адамның қоғамдағы орнын анықтайтын, қалыпты өмір салтынан болып тұратын әлеуметтік ауытқуларды да есте ұстаған жөн.
Әлеуметтік қызметкер адамның суицидтік жүріс-тұрысын анықтауда және өзін-өзі өлтіру әрекетінің жүзеге асырылуын болдырмау барысында маман ретінде құзыреттілік амал-тәсіл, шараларын қолдануға қабілетті болуы керек. Суицидтік жүріс-тұрысқа бейім адамдармен жұмыс әлеуметтік педагог қызметінің ең күрделі, жауапты бағыттарының бірі болып табылатындықтан, оны жүзеге асыруға жүйелі түрде келуі қажет.
Біріншіден, бұл отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың теріс факторларын жою. Екіншіден, бұл тұлғааралық қатынастарды оңтайлы ету, суициденттерге көмек көрсетуге әртүрлі мекемелерді, «мүдделерді қорғау жөніндегі қоғамдарды», т.б. әлеуметтік институттарды қосу. Бірақ әлеуметтік қызметкердің негізгі күш-жігері суицидке алып келуі мүмкін болатын факторларды және кикілжің жағдайды анықтауға және жоюға бағытталуы тиіс. Осы шаралардан өзге, әлеуметтік қызметкер клиенттерге қажетті әлеуметтік көмек түрлерін (материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық) көрсетілуіне жәрдемін береді, суициденттің жақындарына және туған-туысқандарына қолдау көрсетеді. Бұл іс-әрекеттер адам өмірін сақтап қалатын және олардың жақындары мен қоршаған адамдарына қайғы-қасірет әкелмейтіндіктен, аса маңызды бағыттардың бірі ретінде өзін-өзі өлтіру фактілерін алдын алу профилактикасы болып табылады. Өзін-өзі өлтіру алдын алу профилактикасының ерекше жауапты кезеңі суицидентке әлеуметтік қызметкер тарапынан қолдау көрсету болып табылады. Практика көрсетіп отырғандай, әлеуметтік қызметкер тарапынан өзін-өзі өлтіруді ойластырып жүрген адамға көмек берудің үш негізгі тәсілі бар: дер кезінде диагностикалау және суицидентті тиісінше емдеу; депрессия жағдайында тұрған адамға белсенді эмоциялық қолдау көрсету; жағдайды жеңілдету мақсатында оңтайлы оңды бағыттарын ұйымдастыру; Профилактикалық жұмыстарды тек қана әлеуметтік қызметкерлердің күшімен ғана жүзеге асыру мүмкін емес, өзін-өзі өлтірулерді болдырмау жөніндегі жоспарлы іс-шаралар ұйымдастыруға бағытталған бағдарламаның болуы шартты болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін медициналық психологтарды, кеңесші психологтарды, діни орын қызметкерлерін, алуан түрлі қоғамдық және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен әлеуметтік қызметтердің қызметкерлерін, волонтерлерді тарту, өз өзіне көмек беру топтарын құру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет. Олардың қызметтері, іс-әрекеттері келесі бағыттарға бағытталуы керек: тәулік бойғы, телефон арқылы байланыс орнатып көмек беру; халықтың өзінде және жақындарында дағдарысты күйдің және орын алғалы жүрген суицидтің белгілерін танып-білуіне бағытталған, қарапайым халыққа арналған әлеуметтік білім беру бағдарламалары; суицидтің орын алуына себеп болатын қауіпті күйлерді (жасырын депрессиялар, жарақаттан кейін стресске шалдығу, наркологиялық аурулар) болдырмауға бағытталған, медициналық қызметкерлерге арналған әлеуметтік білім беру бағдарламалары; суицидке тәуекел жасау тобындағы адамдарды (әсіресе суицидтік әрекет жасауға тікелей қатысты) белсенді түрде анықтау және оларды бақылау; халыққа әлеуметтік-психологиялық кеңес беру; психотерапиялық-сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыратын дағдарыстық стационарлар; дағдарыстық стационардан шыққан суицидке тәуекел жасау тобындағы адамдардың амбулаториялық емдеуін жалғастыратын, күндізгі және түнгі стационарлар жанындағы жеке меншік (оларға жұмыс істеуге және қалыпты терапия алуға мүмкіндік беретін) госпиталь институтын құру; токсикологиялық орталықтар, дағдарыстық стационарлар мен амбулаториялық қызмет арасындағы мирасқорлықтар ұйымдастыру; өзіне-өзі және өзара көмек көрсету топтарын құру; өлім тақырыбына тыйым салынуын алып тастау. Қазіргі қоғамда өзін-өзі өлтірумен тек қана үрейлілікті азайтатын және көңіл-күйді жақсартатын дәрілер тағайындау арқылы күресу мағынасыз, мәнсіз болғандықтан, суициденттерді емдеудегі медициналық-биологиялық амал-тәсілдің тек қосалқы, көмекші сипатқа ғана ие болып отырғаны белгілі. Бірақ, егер өзін-өзі өлтіру үшін жасалған әрекет невроздар, психопатиялар немесе өзге де психологиялық аурулар болған болып, адам өзінің жүріс-тұрысына бақылау жасауды қалпына келтіре алмаса, медицина қызметкерлеріні араласуы жоққа шығарылмайды. Жалпы медицина ғылымында жүргізілген практикада суицидтік пациенттердің профилактикасындағы, күйін бағалаудағы және оларды бақылаудағы, суицидке тәуелділікті болжау және бағалаудағы дәрігерлердің маман ретінде маңызды кәсіби рөлі дәлелденген. Сондықтан өзін-өзі өлтіру профилактикасының медициналық аспекті, бір жағынан, психиатриялық көмекті жалпы соматикалық емдеу мекемелерінің оған мұқтаж болып отырған пациенттеріне жақындастырудан, ал екінші жағынан – жалпы профиль дәрігерлерінің депрессиялы аурулардағы депрессияның және суицидтік құбылыстардың клиникасы мен терапиясы мәселелеріндегі ақпаратқа ие болу деңгейін арттырудан тұрады. Ал енді дәрігердің бақылауы және диагностикалық әңгімелесуі негізгі көмек болып табылады. Пациенттің бойынан депрессиялық бұзылуға шалдығудың және әсіресе суицидтік көріністердің табылуы дәрігерге айтарлықтай жауапкершілік жүктейді және оны психиатрдың кеңесіне жүгінуге мәжбүр етеді. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде өзін-өзі өлтірудің алдын алу профилактикалық жұмысында акцентті коммуникативтік деңгейге көтеру, күш-жігерді потенциалды суициденттердің өзін-өзі өлтіру деңгейін төмендетуде маңызды рөл ойнауы мүмкін отбасыларымен, туған-туысқандарымен, көршілерімен әлеуметтік байланыстарын сақтауына бағыттау және суицидтің алдын алу жөніндегі дағдыларын жетілдіру ұсынылады .
Қорыта келе, халықтың психикалық мәдениетін арттыру үшін алдымен суицид мәселесі жөнінде кешенді әлеуметтік-профилактикалық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, имандылық тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып отыру керек. Сонымен қатар, суицидтік әрекетке бейім адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін қоғамдық ұйымдардың санын кеңейту, оларды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, біліктілігі жоғары – психолог, әлеуметтік педагог, дәрігер, психиатр мамандарын дайындау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |