Аяқкөл – көл. Қызылорда қаласынан солтүстік–шығысқа қарай 11 км жерде. «Төменгі жақтағы көл» мәніндегі атау.
Байқадам – канал. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстігінде. Кісі атынан қойылған атау.
Байқадам – елді мекен атауы. Қызылорда қаласының орталығынан 6 шақырым қашықтықта, Қызылорда каналының бірнеше арналарға бөлінетін тұсында орналасқан. Бұл атау ҰОС-нан кейінгі жылдардан, Байқадам есімді адамның егін егу егу үшін сағасын каналдан алатын аяқ су арығын қазуынан бастау алады. 1950-60 жылдар тұсында «Байқадам» арығын бойлап Абай, Досан ауылдарында егін шаруашылығын дамыту мақсатында канал қазылып, сол аймаққа Байқадам атауы беріледі. Бұрынғы атауы – Первомайское ауылы.
Белкөл – Қызылорда қалалық әкімшілігіне қарасты кент (1987 жылдан), теміржол стансасы. Қызылорда қаласынан шығысқа қарай 2-3 км жерде, Ташкент - Орынбор темір жолы бойында орналасқан. Іргесі 1904-1905 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына байланысты қаланған. Белкөлде Қызылорда қаласы кәсіпорындарының бөлімшелері және темір жолға қызмет көрсететін кәсіпорындар мен мекемелер орналасқан.
Атаудың бірінші сыңарындағы бел – «асу, кезең», «аласа асу» мәніндегі географиялық термин. Бұл жайтты ескерер болсақ, Белкөл атауы «бел, асу» астындағы, «белді асқан жердегі көл» деген мағынаны білдіреді. Егер де бел сөзінің «басты, негізгі, үлкен» деген ауыспалы, қосымша мағынаға да ие екенін еске алсақ, Белкөл – «басты, негізгі, ең үлкен көл» деген мағынаға да ие.