Жалаңаш – қойнау. Арал теңізінің солтүстік–шығыс бөлігінде.
Жалғызағым – темір жол бекеті. Арал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде.
Жалжанқазған – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. «Жалжан есімді кісі қазған құдық» мәніндегі атау.
Жалмұрат – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Жалпақсор – жер атауы. Кіші Борсық құмының солтүстігіндегі ойыс. Арал және Ақтөбе облысының Шалқар аудандары жерінде орналасқан. Ұзындығы – 35 км, ені – 20 км-ге жуық, теңіз деңгейінен 67-70 м биіктікте жатыр. Сор және сортаң қоңыр топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, бұзаубас, сораң, сарсазан, сарықаңбақ, ақтікен, кермек, қаражусан сияқты сораң шөптер өседі.
Жаман ақай – төбе. Арал теңізінің солтүстігінде. Абс. биіктігі - 124 км. Беткейінде өсімдік, ағаш өспейтін жалаңаш, не мүлде аласа, жатаған, көзге қораш, Ақай руының атымен аталған төбе атауы.
Жаманшығанақ– жер атауы. Арал теңізінің Тұщыбас қолтығының батыс жағында орналасқан. Арал қаласынан 180 км батыста. Климаты континентті. Қаңтар айының орташа температурасы – 9-13 С, шілде де 25-27 С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері – 115-130 мм. Өсімдік жамылғысы бұталар аралас еркекшөп, жусан, қоянсүзек, жүзгін, эфермерлерден тұрады. Мұнда кезінде Шығанақ атты қой фермасы орналасқан.