Кітәнұшқан – Қаратау жотасындағы шың. Кітән деген кісі бүркіттің ұясын аламын деп сол шыңнан құлап кеткен деген аңыз бар.
Қадырбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Қайнарбұлақ – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 35 км жерде.
Қалғансыр – ауыл. Қандөз ауылдық округіндегі Қандөз ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл атау Қалған және сыр деген атаулардың бірігуінен жасалған. Қалғансыр ауылы аумағында ерте кезде Сыр бойында әр жерлерде 3-4 отбасыдан орналасқан тұрғындар болған. Сол елді мекенде қалған елді Сыр бойында қалған ел деп атап кеткендіктен Қалғансыр деген атау шықты деген аңыз бар.
Қандөз – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 88 км жерде, бұйырғын, тасбұйырғын, күйреуік, т.б. сораң шөптер өскен Сыр бойының қуаң жазығында орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Түркістан деп аталып келген. 1964-1997 жылдары қаракөл қойын өсіретін Түркістан кеңшарының орталығы болған. Қандөз ауылдық округі Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл елді мекендерін қамтиды. Ауылдық округ облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен шешімімен 2002 жылы ашылған. Округке қарасты жалпы жер көлемі 6642 га шаршы шақырым қашықтықты алып жатыр. Елді мекен негізінен егін және мал шаруашылығына бейімделген.
Қандыарал – Жаңақорған ауданының оңтүстік-шығысында орналасқан жайылма көл. Көлдің айналасы тораңғылды-жиделі тоғай, су жиегі қопалы-қамысты, батпақты. Суы тұщы, биологиялық алуан түрлілігі мол. Көктемде көл айдыны маусымдық құстарға толады. Құстардан аққұтан, сарықұтан, бірқазан, қасқалдақ, үйрек, т.б. ұшырасады. Көлден балық аулау, өсіру қолға алынған.
Қандықұдық – жер атауы. Бұлай аталуының топонимдік мағынасы: «суы мол құдық» дегенге толық сай келетіндей.