Орымбек– құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Өгізмүйіз – төбе. Қаратау жотасының батысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Абс. биіктігі - 449 м. Төбенің сыртқы көрінісі өгіздің мүйізін ұқсағандықтан қойылған атау.
Өзгент – көл. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзеннің бойында. Байырғы «оғыздардың кенті» деген атаудың өзгерген тұлғасы болу керек.
Өзгент – ауылдық округ, Өзгент, Ақсуат елді мекендерін қамтиды. Өзгент ауылдық округі 1993 жылы құрылды. Өзгент атауы «Оғыз» және «Кент» деген атаулардан алынған. Өзгент шаһары-сол кездердегі Сыр бойындағы тарихи оқиғаларға толы қалалардың бірі болған. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 20 км жерде, Өзгент көлінің жағасында.
Өзгент – қалашық орны. Қазіргі Өзгент ауылының солтүстік батысында 15 шақырым жерде. Қала шамамен 10-12 ғасырларға тән құрылыс, Ұлы Жібек жолының бойында жатыр. Көлемі шамамен бір шаршы шақырым. Қала ортағасырлық үлгіде. Топырақ үйіліп, оның үстіне биік қорған тұрғызылған. Қорған ішінде терең зындандардың орны бар, қақпаның орны сақталған. Қаланың сыртында егіншілікпен айналысқан арықтардың сілемі жатыр.
Қаланың Өзгент аталуының себебі, кезінде оғыз тайпаларының қаласы (астанасы) болды ма деген болжам бар.
Палапан төбе – жер атауы. Байырғы кездегі дария бойын жағалайтын Жібек жолында жол бағдарын анықтайтын төбе болса керек. Өйткені төбенің үстінде үш ағаш, от жағар астауы бар.