Жоспар
Ж.Аймауытұлы шығармашылығындағы Абайдың философиялық, педагогикалық ойлары
Жүсіпбектің педагогикалық көзқарастары
Дәуір ақындары шығармашылығы
«Абай» журналының шығарушысы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Көрнекті алаш білімпазы, қаламгер Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1931) шығармашылығында Абайдың философиялық, педагогикалық ойларын үнемі пайдаланған. Ағартушы-ғалымның адам жанының психологиясын зерттеген, гуманистік-дидактикалық мәселелерді қозғаған «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау», «Комплекспен оқыту жолдары» сынды еңбектері бар. Бұл құнды зерттеулер – қазақ топырағында педагогика, психология салалары бойынша алғашқы жазылған еңбектер санатында есептеледі. «Психология» кітабының кіріспе сөзінде ғалым психология ғылым саласының дерексіздігін, оның философиялық сипатының тереңдігін ескерткен. Психологияны түсіну үшін адамның материалистік, немесе идеалистік көзқарасы маңызды әсер ететінін айтқан. «Психология нені сөйлейді?» деген алғашқы тараудың «Жан деген ұғым қалай туған?» атты бірінші тақырыбында пәннің тарихы, зерттелуі, дін сөзі мен ғылым сөзінің жан ұғымын түсіндіруі жайында баяндаған. Жан мен тән философиялық категориялардың сырын түсіндіруге Абай сөзін мысалға алған:
«Ақыл мен жан – «мен өлім», «тән» - менікі,
«Менікі» мен «менікінің» мағынасы екі,
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе – өлсін, оған бекі, -
дейтін Абайдың фәлсәфәсі осыдан келеді.
Ж.Аймауытұлы Абайдың «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты философиялық мағынасы терең, тәрбиелік сипаты күшті өлеңіндегі даналықойды мысалға алып, жан мен тән жайындағы ғылыми пікірін түсіндірмекке пайдаланған. Ұлы ақынның «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңіндегі:
«Мені» мен «менікінің» айырылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», -
атты концепциялық даналығын ұғындырған «Көк тұман – алдындағы келер заман» өлеңінің екі тармағы қазақ оқырманына жан мен тән айырмашылығын айшықты түсінуге көмектеседі. «Бұл – Абай тапқан пікір емес, Еуропа данышпандарының пікірі», - деп көрсеткенде, Ж.Аймауытұлы философия саласында терең білімін байқатады.
Ж.Аймауытұлының «Жан жүйесі мен өнер таңдау» ғылыми еңбегі Абайдың:
«Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!», -
атты сөзімен басталған. Абайдың Крыловтан аударған «Қарға мен бүркіт» мысалындағы қорытынды екі тармақты алаш білімпазы зерттеуіне эпиграф етіп қойған. Абай сөзі ғылыми кітаптың мазмұнына табылдырық іспеттес.
Өнер таңдау, мамандық игеру, адам өз бойындағы қабілетін ашу, асыл қасиетін жаңылмай білу, соған сай ерте қамдану, оқып даярлану, әлеуметке пайда әкелу, халық игілігіне қызмет істеу сынды аса өзекті мәселелерді қозғаған еңбекте Абайдың даналық ойлары бірнеше рет ұшырасады.
Адам жанының құпиясын, терең сырын ашуға ұмтылған алтыншы бөлімде зерттеуші Абайдың жоғарыда мысалға алынған философиялық тұжырымн тағы да келтіреді: «Өз қасиетін тауып алу жанның тереңдігін тілейді, басқаша айтқанда, асқан ақылды, дана кісілер өзің сынай алады. «Мен» менен «менікінің» мағынасы екі деп Абай айтқандайын, «мен» деген мағына әр түрлі», - деп түйін жасайды. Абайдың философиялық ойын Ж.Аймауытұлы зерттеуінде тарқата түседі. Алаш білімпазының пайымдауынша, «менікі» деп меншіктеп жүрген «дене», «тән» меншік менмен бітпейді. Үй іші, әке-шеше, олардың қызығы, қуанышы мен қайғысы, киір киім, тұратын үй, оқитын кітап, пайдаланатын құрал, сайман, қажетті мүліктің бәрі «меншік менге» жатады. Осыдан кейін зерттеуші «әлеуметтік мен» ұғымын түсіндіріп, оның бөлек сипатын айқындайды. «Әлеуметтік меннен» «мендік мен» жоғары, себебі ол – ішкі өмір, жан дүние, рух деп пікір айтып, өз менінен адасқан, көптің айтқанына сеніп, пікірін жоғалтып алған адамдарды сынайды. Осы тұста зерттеуші тағы да Абай сөзіне жүгінеді:
«Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,
Өзіңді-өзің күзет, кел, шырағым!», -
дейді Абай.өзгелердің «мен» туралы пікірі ұшқары болса, өзімді қалай тануым керек?», - деп сауал қояды. Алаш ағартушысы Абайдың «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» деп басталатын өлеңінен мысал алған. Ұлы ақын үш шумақтан тұратын бұл туындысында өткінші өмірінің кезеңдеріне шолу жасап, көптің пікіріне тоқтала берудің жақсы мес екенін жеткізген. Ж.аймауытұлы болса, Абайдың ғұмырбаяндық-дидактикалық мазмұндағы өлеңін мысалға алып, өз менін жоғалтқан жандарға көптің пікіріне артық құлақ артудың залалын көрсеткен.
Жүсіпбектің педагогикалык көзқарастары адамға, оны тәрбиелеу мумкіндігіне деген сенімнен басталады. 1918 жылы «Абай» журналында (№ 1) жарияланған мақаласынан бастап, ол тәрбие жұмысын бірінші орынға қояды. «Тәрбие» деп аталатын осы мақалада Жүсiпбек қалың оқырманға адамның хайуандардан айырмашылығы жайында әңгіме қозғай отырып, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтардың барлығы тәрбиенің кемдiгiнен деп қорытынды жасайды. Оның ойынша, адам табиғаттың емес, тәрбиенің кұлы болуы керек. Қиянат, зорлық, бірін-бірі өлтіру тәрбие болмағандықтан, адамның тек табиғаттың құлы болып өмір сүргендігінен. Адам өміріндегі тәрбиенің рөлің зор бағалаған ол тарихтағы ірі құбылыстардың бәрін тәрбиемен байланыстырады.
«Алғашқы екі ғасырдай афиняндар құлықты, ғылымды күшті жұрт болған, неге? Данышпан Солонның жасаған ережесімен жақсы тәрбиеленгендіктен. Рум халқың атақты, күштi қылған кiм? Тәрбие, Ескендiрдi данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылган кiм? Философ Сенеканың қате тәрбиесі».
«Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие» дей отырып, сөзден сөз туғыза, Жүсіпбек бұзықтық, түзулік, мiңезді түзеу деген ұғымдардың мән-мазмұнын талдап ашады. Бақыт деген ұғымға кең талдау жасайды. Мұның барлығы жай сөзуарлык емес, адам дамуының өзіндік ерекшеліктерін ашу, тәрбие арқылы соған әсер етудің қажеттігінен туады. Ол белгілі ағылшын философы, әрі педагогы Дж. Локктің «баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтайдай болып туады. Таза тақтайға қандай жазу жазса да жазушының еркінде» - деген сөзiн келтіре отырып, оған дау айтады. «Адамда жаратылысынан әртүрлі мінездің ұшығы болып туады» деген пікірді келтіріп, ол соның қай жағын дамыту тәрбиеден екенін, яғни тәрбие әр адамның жеке басына тән ерекшелікті ескертуге тиiс деген қорытынды жасайды.
Жөспірімдердің ой-санасын жетілдіруге, тілін дамытуға халықтың ертегі-аңыздарын пайдаланған. Жүсіпбек - өз заманынын белгілі сыншысы болған, әдебиет мәселелеріне қатысты көптеген ой-пікір қалдырған жазушы. Оның мақалаларынан, хаттарынан, тіпті көркем шығармаларының ішінен де автордың жазу өнерi жайлы, оның ерекшеліктері туралы, суреткердің психологиялык, творчестволык сыйпатын түсінудің принциптерi жайлы қызықты ойлар кездеседі. Әдебиеттің жаңа дәуірдегі міндеттерін түсіне білген жаңа көзқарасты қаламгер ретінде ол сөз өнеріне, оның өкілдеріне тың міндеттер артты. Олардың ішінде белгілі бір дәуір әдебиеті дамуына арналған шолу да, жеке ақынның шығармашылық бетін анықтауға құрылған портрет те, рецензиялар да кездеседі. Бірсыпыра қызықты ойлар жазушы хаттарында да орын алған.
Жүсіпбектің алғашқы сын еңбектерінің бірі - оның М. Әуезовпен бiрiгiп жазған («Екеу» деп қол қойған) «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласы. Ол «Абай» журналының бірінші санында (1918) басылған. Мұнда қазақтың болашак екі ұлы жазушысы өздері сусындаған, ұлттық әдебиеттің бүгінгі күйі мен болашағы жөнінде сыр бөліседі. Онда ұлттық сана-сезімнің оянуы, оның әдебиетке әсері, қазіргі ақындар шығармашылығының бет алысы сияқты маңызды мәселелер каралады. Әдебиеттің өркендеп ақын-жазушылардың қатары өсуін олар ұлттық оянумен байланыстырады. «Бұл оянуға бірінші - Абай, екінші - «Қазақ» газеті, үшiншi - жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды»,- деп жазады олар. Абайдың қай лені болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын бір әсер берді. Кейiнгiлердi бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетiн түзеп жолға салып, iлгерiлеуiне қамшы болған «Қазақ газеті». Бұл газет халықтың саяси көзі ашылуына, «Жұрттық» деген ойдың кiруiне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп өркендеуiне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетіне борышы үлкен» Абайдан кейінгі дәуірдің әдебиетін қарастыра отырып, мақала авторлары оның негізгі бағытын, «тірелетiн қазығын» ұлтшылдықпен байланыстырады. Оны «Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып, таршылық та келіп, өнер-бiлiм жүзінде өзгеден кейiн калғандығынан, ендi сол қысымшылықтан босанып, тез iлгерi бассам деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе»- деп түсіндіреді.
Аталған дәуір ақындары шығармашылығы мақалада үш топка бөлініп талданады. Онын бiрi - сыршыл (лирик) ақындар, екiншiсi «сезiм мен қиялға тәрбие, әсерi аз, ақылға азығы бар, халықшыл (народник) ақындар», үшіншісі - ескі елең, жыр, тақпақтарға еліктеушілер. Осы қатарда сыншылар Мағжан, Ахмет, Сұлтанмахмұт, Ахмет Мәметов, Міржақып, Сәбит Дөнентаев сияқты сол дәуірдің көрнекті тұлғаларының шығармашылық өнерін салыстырады. Олардың ерекшеліктеріне тоқталады. Мағжан мен Сұлтанмахмұттың кейбір сыршыл жырлары мен Ахметтің «ойды оятуға, миды сергiтуге мұңды, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарған» өлеңдерін зор бағалайды. Сонымен бірге мақалада сол дәуір әдебиетінің елеулі олқылықтары сөз болады. Өлең өнеріне авторлар биiк талап тұрғысынан қарайды. «Өлең бiр мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек, — дейді олар, - өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған, терең қиял, нәзік, өткір сезім, қойылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ».
Мақала авторлары өлең жазған адамның бәрін ақын санай бермейді. «Ақын», «өлеңші» деген ұғымдарды айыра қарайды. «Біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз»- дейді. Шын поэзия, мақала авторларының айтуынша, лирикалык сыршыл жырларда. Мұндай жырлардан олар оқығанда «көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат» іздейді, «адам журегiнiң сырын табиғатпен жалғастыруды» мұрат тұтады. Бұл тұрғыда олар Абай лирикасын жоғары бағалайды. «Сыршыл еместікті» қазіргі поэзияның міні есебiнде қарай отырып, сонымен бiрге «тiлдiң шебер, кестелi еместігін» де атап көрсетеді.
Мақала қазақ әдебиетінде әдебиеттік ой-пiкiрдiң, сынның туа бастаған шағында жазылып, өлең өнеріне жоғары талап қоя білген проблемалығымен бағалы. Өздері де шығармашылықты жаңа бастаған жас авторлардың орыстың, Европаның, ұлттық әдебиеттің озық ойлы үлгілерімен сусындап, дәуір әдебиетіне жаңа міндет артуы, оны кәсіпқойлықты дәрежеге көтерілуге үндеуі қызықтырады. Жазуды алғаш бастағаннан-ақ маман әдебиетшілік өнерін танытқан Жүсіпбек пен Мұқтардың басқалардан да соны талап етуі әбден орынды және тарихи дәлелді.
Жалпы баспасөздің елдің рухани әлеуметтік тіршілігiнде алатын орнына Жүсіпбек аса зор мән берген. Оның Керекуде газет шығармақ боп әуреленуі де осыдан болса керек. Семейде оқып жүрiп ол М. Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысты. Сол журналдың бірінші санында (1918) басылған «Журнал туралы» мақаласында ол журналды «Абай» атымен атаудың қажеттігін, ұлы ақынның халкының рухани өміріндегі орнын байсалдылықпен әңгіме етеді. «Ақылды, дара, рақымды, әділ, шынға су саған, қыңырды женге, қисықты тезге салмақ болған, өмірін бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетiне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, шыншылдык бiрдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харакет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен Абайды. Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, бiлiм, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай қазақтан шыққан философ (данышпан). Автор Абай арманын iске асыру үшін журнал шығарып, ұлы ақын есімін туқып көтереді. Оны құрметтейді. «Басқа жұрттың атақты білімдісінен Абай кем емес. Білімдіні құрмет ете алмасак, тоғышарлығымыз» дейді. Оның көрсетуінше, «журналды Абайға арнау - Абайды қай жөнінен болсын, ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптану». Журналдың негізгі мақсаты ретінде Жүсіпбек ел iшiне өнер-білім таратуды, сол аркылы «жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге» жол ашуды атайды. «Ғылымды адамның бiлiмi де күштi, бiлегi де күшті, надан кiсi - осал, құр қол кiсi сиякты. Алыса кетсе, айлалы, азулы кiсi нашар кісіні алып соғатыны ап-анык. Бұлай болған сон басқанын аузында кетпей, тiршiлiк кылайын деген жұрт мәденилыққа жармаспасқа шарасы жоқ», дейді. Жүсіпбек сонымен қатар өнер-білім үшін қаражат табу керектігін, білімді орнына жұмсауда тәрбиенің зор рөл атқаратынын әңгіме етеді. Мұның өзі Жүсіпбектің алғашқы шығармашылық беті демократтық-ағартушылық идеядан бастау алғанын, оның Абай дәстүріне беріктігін дәлелдейді.
Жүсіпбек мұндай мақалаларды көп жазған. Әсіресе революциядан кейінгі дәуірде ауылдағы кеңес өкіметінің шараларын мақұлдап, қазақ ауылын әлеуметтік өзгерістердің құшағына тартуға, халықтың тұрмысы мен мәдениетін көтеруге белсенді үн қосты. Ол мәдениетті елдер тұрмысындағы жаңалықтармен таныстырып отырды. Мысалы ол «Қос моншаға түсіп қараңыздар» («Әйел теңдігі», 1928, № 6) атты мақаласында қазақ тұрмысын жүдетіп, ауруды қоздырып жүрген жағдайларды санап айтып, тазалық сақтаудың жолдарын түсіндіреді. Қазір мәнсіз көрінгенмен, сол дәуірде мұндай мақалалардың ауыл қазақтары үшін танымдық, үлгілік мәні зор болатын.
Осы тұста Ж.Аймауытұлы мен М. Әуезов негiзiн калаган – «Абай» журналы жарық көрді. Алаш қаласындағы (қазіргі Жаңа Семей) қалың көпке кеңінен тараған «Абай» журналы (әдеби ғылыми Һәм шығармашылык) 1918 жылдың ақпан-қазан айларында осы тұста шығып тұрды. Журналдың басылым ретінде көпке жетуіне «Жанар» ұйымы («Уақ қарыз серіктестігі») демеушілік етті. Қазақстандағы алғашқы ұлттык баспахана «Жәрдем» көптеген қаламгерлердiң кітаптарын басып шығарды. «Жәрдем (Ярдам)» деген атпен 1912 жылы Семейде ұйымдастырылған. 1917-19 ж. «Ж» Алаш зиялыларының ықпалында болып, «Сары Арқа» газетi мен «Абай» журналын шығарып тұрған» (Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. бет). Алматы: Аруна, 2005. - 216
Еске түсірсек, бұдан баска ХХ ғ.б. қайраткер-қаламгер Халел Ғаббасұлы басқарған Мемлекеттік Банктің Семейдегі бөлімшесі: «1918 жылы «Абай» атты әдеби, әлеуметтiк журналдың шығуына қаржылай көмек көрсетіп, несие беруі болды» (Садыкова Р.Алаш бекзаты. - Қарағанды: Арко ЖШС,2017. - 99 бет).
Бұдан басқа, Ж.Аймауытұлы: «Семей семинариясында оқып жүрген кезінен шығармашылықпен айналысқан. 1918 жылдан бастап негiзiнен Семейдегі семинарияда оқитын қазақ жастарының «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының ұсақ қарыз серіктестігінің қаржысына басылған «Абай» журналының шығарушысы болды. Бұған Тұрғанбаев жетекшілік етті. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығару ұйғарылса да, кейін ұсақ қарыз серіктестігінің мәдени, оқу-ағарту ісіне арналған қаржысы пайдаланылды. Журнал өзінің 12 саны шыққаннан кейiн қаржы тапшылығынан жабылып калды. Оның үстіне «Сарыарка» газеті журналға қырын қарады. «Сарыарқа» газетінің екінші санында «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақаласы жарияланды. 19 жылы семинарияны жақсы бітірді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялык комитетте істеді әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болды. Осы кезде БК (б) П мүшелігіне өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту орынбасары болып сайланған» (Жұртбай Т. «Ұраным - Алаш!..». 2 том. - Алматы: Ел-шежіре, 2011. - 322 бет).
Басылымның алғашқы санында Ж.Аймауытұлының «Журнал туралы» атты мақаласы орын алады. Қазақ тарихының арғы-бергі кезеңінде жасаған атақты адамдардың ақыл-парасаты, ой-сөз жүйесі тілге тиек етіледі. Абайға да тиісінше орын беріледі. Онда: «Ақылды, дара, рахымды, әділ, шынға сусаған қыңырды жеңге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздiң сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, шыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харекет қыл, тәрбие ал, ынсафты бол деп қақсап өткен, халықтың қамын же, адал баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын. Өмір жолында адал Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан)»,- деп ақын әлеміне еркін енеді. Журнал атын -Абай қойдық, әдеби-ғылыми Һәм шығармашылық бағытын ұстандык дегендi де назарға салады. «Абай атына алғашқы ашылған ескерткіш осы журнал» екенін де алға тартады. Қысқасы, Абай ұлт мерейі, елдік мүдде жаршысы, руханият айнасы,-деп біледі. Ұлт мақтанышы, белесті биігі деп те таниды.
«Абай» журналы ұлттық бағыт ұстанды. Алаш мұраты, Абай әлемi кең орын алды. Елдік мүдде кеңінен қозғалды. Білім-ғылымға кең өріс ашты. Жастар өмірі мен қоғамдық белсенділігін арттыру мақсат етiлдi.
Ақын-жазушылар шығармашылығы кеңінен көрініс тапты. Алайда, Ж.Аймауытұлы «Сарыарқа» газетіндегі «Абай» калай жабылды?» атты мақаласында: «Өткен 1918 жылдың февралінен бастап «Абай» журналы дүниеге шығып, он екі нөмірі басылып, он ай өмір сүрiп тоқтады» деп жазғанды. Соңғы саны туралы әр қилы көзкарас та орын алды. Журналдың №12 санын - Қаз ҰУ-нің PhD докторанты Алтын Ақынбекова тауып, «Қазақ университеті» баспасына ұсынғанын көпке жеткізді (1918 жылы шыққан «Абай» журналынын №12 саны табылды. - «Түркістан», 2017, 30 наурыз, №13 ( 1183). Бұдан басқа, «Абай» журналының 12- нөмірі қалай табылды?», - деген сұхбатта PhD басылым бағытын, ерекшелігі мен көлемін т.т. қалың көпке кең докторанты А.Ақынбекова түрде сөз етті («Егемен Қазақстан», 2018, 5 сәуір). Ұлы Абайдың әлемдік деңгейде өткен - 150 жылдық мерейтойы қарсаныңда «Абай» журналы қайтадан шықты (1992). Абай әлемі, мұраты мен мирасы кең орын алды. Журналдың бас редакторы Ы.Мұсаұлы. әдебиеттерде, зерттеу «Абай» журналы жөнінде арнаулы еңбектерінде кеңінен сөз етіледі. Сондай-ак,«Абай» (1995), «Шәкәрім» ( 2008), « Мұхтар Әуезов» (2011) энциклопедияларында кең орын алды. Бұдан кейінгі кезеңде, әсіресе Ж.Аймауытұлы 1917-1919 жылдары «Алаш» партиясына кірсе, 1919 желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнап, жылы бірінші Губерниялық революциялық комитет (Губревком) құрылған мезгілде көптеген қазақ жастарымен бірге мүше болады (Семей облыстык мемлекет. архив. ф.72, арх. 19. оп-1, сву-3).
Қорытындылай келе, Жүсіпбек Аймауытұлы үнемі өз шығармашылығында Абайдың философиялық, педагогикалық ойларын пайдаланып отырған. Оны жоғарыда көрсетілген мысалдар арқылы байқауға болады. Жалпылама айтқанда, Абайдың өлеңдерінің философиялық мағынасы терең, тәрбиелік сипаты күшті. Абайдың шығармашылығына қызығып оқыған әр адам, әлбетте өзіне қандай да бір құнды ақпарат алатынына сенімдімін. Абайдың философиялық шығармашылығы дегенде, біз оның адам қақында өзіндік ой-толғам қалыптастырғандығын айта аламыз. Абайдың пікірінше, нағыз адам - оқыған, білімге ынтық, білімге құлаш ұрған жан. Нағыз адам еңбекке ғана сүйенеді, оған ессіздік, жатып ішерлік, алаяқтық, т.б. жат деп ұғынады. Нағыз адамның сезімталдығы, жүректілігі айрықша, сұлулық пен сүйіспеншілікті, т.б. түсінеді. Ұлы гуманист адам туралы өз түсінігін ғана қалыптастырып қоймайды, ол нағыз адамның идеалын, мұратын жасап, сонымен бірге ақиқат адам мен тұлғаның қалыптасуына себепші жол һәм құралды талдап береді.
Абайдың сезімі өз өлеңдерінен анық көрінеді. Ол өзін жиі жалғыз сезінді, қамықты, әлділердің әділетсіздігіне күйінді. Абай заманында қоғамды өзгерту мүмкін емес еді. Ол ағартушылықтың өмірдегі орнын дәл бағамдап, оны қоғамды дамытушы күш деп білді. Абай дүмше молданы сынады, бірақ дінді жоққа шығармады. Ол діндегі рухани құндылықтарды қастерлеп, әлсіздердің жақтаушысына айналды.
Жүсіпбек Аймауытұлы Семейде оқып жүрген уақытында М. Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысты. Сол журналдың бірінші санында (1918) басылған «Журнал туралы» мақаласында ол журналды «Абай» атымен атаудың қажеттігін, ұлы ақынның халкының рухани өміріндегі орнын байсалдылықпен әңгіме етеді. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, бiлiм, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай қазақтан шыққан философ (данышпан). Автор Абай арманын iске асыру үшін журнал шығарып, ұлы ақын есімін туқып көтереді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
С.Қирабаев «Жүсіпбек Аймауытов»
Р.Тұрысбек «Жүсіпбектану» ІІ том
Достарыңызбен бөлісу: |