3.3 Инвестициялар тарту
Әртараптандыру жөніндегі біздің жоспарларымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз болатыны анық. Оның негізгі көзі тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс.
Менің халықаралық сапарларым барысындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болды. Көптеген мемлекеттер біздің экономикаға ресурстар салудың мәні бар деп біледі.
Бүгінде Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, сондай-ақ француз, итальян, ресейлік компаниялардан 20 миллиард доллар көлемінде инвестициялар тарту туралы мәселелер шешілді.
Бұл қаражат шикізаттық емес секторға жұмсалып, индустриялық бағдарламаның, инфрақұрылым мен бірлескен кәсіпорындардың ондаған нысандарын іске қосуды қамтамасыз етеді.
“Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автомагистраліне 3 миллиард долларға жуық көлемінде және елдің батысынан оңтүстігіне қарай тартылатын газ құбырына 2 миллиард доллар инвестициялар тарту мәселелері шешілді.
Мұның бәрі – шикізаттық сектордың инвестицияларынан басқасы, ал ол 10 миллиард доллардан астамды құрайды. Көріп отырсыздар, бұл Бағдарламаны қаржылай және материалдық ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде орасан зор жұмыс жүргізілді.
Біз Қазақстанда өңірімізде жұмыс істеуге дайын инвесторлар үшін барынша тартымды жағдай жасауға тиіспіз.
Индустриялық даму басымдықтарын ескергенде арнаулы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің қызмет етуіне жаңа көзқарас қажет. Үкіметке арнаулы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырамын.
Жеке меншік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр.
Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді.
Үкіметке бірінші жартыжылдықта концессиялар туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын ендіру мақсатында біздің заңнамада ерекше құқықтық мәртебесі бар арнаулы жобалық ұйымдар құру мүмкіндігін көздеу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |