Байланысты: . Жаңа заман философиясының ерекшелігі
Рационалистік – дедуктивті әдісті қолданумен қатар Декарт мынадай зерттеу тәсілдерін ұсынады: 1.Зерттеу барысында бастапқы қағидалар ретінде тек ақиқат, шын, ақылмен және логикамен дәлелденген, ешбір күдік туғызбайтын білімдерді ғана пайдалану; 2.Күрделі мәселені қарапайым бөлшектерге, бөліп қарастыру; 3.Белгілі және дәлелденген сұрақтардан белгісіз, дәлелденбеген сұрақтарға жүйелі түрде өту; 4.Зерттеудің жүйелілігін, логикалық тізбегін қатаң сақтап, сол тізбектегі бірде-бір зерттеу бөлшегін тысқары қалдырмау. Декарт туа біткен идеялар теориясын ұсынады: таным және дедукция арқылы алынатын білімдермен қатар, ешбір дәлелді қажет етпейтін ерекше, туа біткен идеялар болады. Ол ақиқаттар (аксиомалар) о бастан айқын және шын, олар Құдай ақылы мен адам ақылында әрдайым болған және болатын, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын білімдер. Ол білімдер екі түрде: 1.Ұғымдар; 2.Пікірлер түрінде беріледі. Туа біткен ұғымдарға жататындар: «Құдай» (бар); «сан» (бар); «ерік»; «тән»; «жан»; «құрылым», т.б. Туа біткен пікірлер: «бүтін өз бөлшектерінен үлкен»; «жоқтан ештеңе пайда болмайды»; «бір мезгілде болу және болмау мүмкін емес», т.б. Декарт практикалық танымды жақтады: Декарт бойынша таным мақсаттары мынадай болуы тиіс: 1.адамның қоршаған дүние туралы білімдерін кеңейту және тереңдету; 2.ол білімдерді адам мүддесі үшін табиғатты барынша пайдалануға қолдану; 3.адамды жетілдіруге және 4.түпкі мақсат - адамның табиғатқа үстемдігіне пайдалану.