3 Негізгі құралдардың тозуы және оларды жөндеу есебі 3.1 Негізгі құралдардың тозуы және оларға амортизациялық аударым мөлшерін есептеу
Негізгі құралдар өндіріс үдерісінде бірте-бірте тоза бастайды, яғни өзінің бастапқы сапасын жоғалтады. Олар белгілі бір уақыт еткеннен кейін пайдалануға жарамай қалады да, бұл құралдардың орнына жаңа негізгі құралдар сатып алуға тура келеді.
Негізгі құралдардың тозуын "табиғи" және "сапалық" тозу деп екіге бәледі. Негізгі құралдардың табиғи тозуы олардың материалдық жағынан тозуы болып табылады, яғни жұмыс істеу үдерісіңде машиналар мен құралдардың жеке бөлшектерінің қажалып мүжілуі, үйлер мен ғимараттардың тозығы жетіп құлайтындай дәрежеге жетуі. Негізгі құралдардың табиғи тозуы олардың көп уақыт бойы пайдаланылғандығына ғана байланысты емес, оған сонымен қатар басқа да табиғи жағдайлар әсер еткендігіне байланысты. Яғни негізгі құралдардың табиғи тозуы (физикалық тозуы) олардың ұзақ уақыт пайдаланылуы және оларға басқа да факторлардың әсер етуі нәтижесінен болып табылады.
Негізгі құралдардың сапалық тозуы олардың толық табиғи тозуы жетпей-ақ құнсызданып, өндірістің даму үдерісінен кейін қалуы, яғни активтердің ғылым мен техниканың дамуының бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда болуынан пайда болады (туындайды).
Осы жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, негізгі құралдың тозуы дегеніміз, олардың табиғи және сапалық сипаттарын жоғалтуы деп те айтуға болады.
Негізгі құралдардың сапалық тозуының бірінші себебі — өндіріс салаларында ғылыми-техникалық прогреске байланысты еңбек өнімділігінің өсуі болып табылады. Еңбек өнімділігі өскен сайын белгілі бір дайын бұйымды, құрал-жабдықты, тағы да басқаларды өндіруге кететін қажетті уақыт азаяды да, оның құны соғұрылым төмендейді (арзандайды). Осыған сәйкес еңбек өнімділігінің өсуіне байланысты жаңа құрал-жабдықтардың машиналардың, яғни негізгі құралдардың бағасы бұрын сатып алынған осындай негізгі құралдардың бағасына қарағанда арзан болады. Мұндай жағдай ұйымдарға қымбат және тозыңқыраған (пайдаланған) машиналар мен көліктерінің, құрал-саймандарының тағы да басқа негізгі құралдардың орнына жаңа әрі сапасы жоғары негізгі құралдарды сатып алуды тиімді етеді.
Негізгі құралдардың сапалық тозуының екінші себебі ғылыми-техниканың өркендеуіне байланысты жаңадан толық жетілген, өнімділігі жоғары әрі тиімді негізгі құралдардың пайда болуына байланысты. Кәсіпорындарда өнімділігі төмен негізгі құралдардың орнына, техникалық жағынан жетілдірілген тиімділігі жоғары негізгі құралдарды пайдалану әр уақытта тиімді болып табылады. Сондықтан да өнімділігі жоғары машиналар мен құралдардың пайда болуы және олардың бағасының арзандауы бұрынғы пайдаланылып келген негізгі құралдардың сапалық (моральдық) тозуына әкеліп соқтырады. Барлық ұйымдар қандай меншікте болса да (мемлекеттік, жеке меншік, акционерлік, тағы басқалары) өздерінің негізгі құралдарының тозу дәрежесін анықтап және оны есептеп отырады. Ескертетін жағдай негізгі құралдардың ішінде мына төменде аталған активтерге тозу дәрежесі анықталмайды және де оларға амортизация есептелмейді:
жерге;
кітапхана қорларына;
фильм қорларына;
архитектуралық және өнер ескерткіштеріне;
өнімді малдарға;
мұражайлық құндылықтарға (заттарға).
Сонымен қатар амортазациялық аударым мынадай жағдайларда есептелмейді:
Қайта құру, жаңарту (реконструкция) және техникалық қайта қорландыру (перевооружения) жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта;
- негізгі құралды уақытша тоқтатып қойған мерзімде.
Негізгі құралдар (үйлер мен ғимараттар, машиналар, көліктер, тағы басқалары) өндіріс үдерісінде пайдаланылған кезде өздерінің бірте-бірте тозуына байланысты құндарын өздерінің көмегімен өндіріліп шығарылатын, жаңадан жасалған өнімдерге біртіндеп ауыстырып отырады. Бұл үдеріс "амортизация" деп аталады. Амортизация сөзі латын тілінен аударғанда "өтеу" деген мағынаны білдіреді. Амортизация белгіленген бір мөлшерде өнімнің өзіндік құнына қосылып отырады. Ал мұны амортизациялық аударым деп атайды. Амортизациялық аударым әрбір өнімнің өзіндік құнына кіріп, ал өнім сатылған кезде қайтарып отырады, яғни негізгі құралдардың тозуына байланысты құнының кемуі амортизациялық аударым жасау арқылы қайтарылады.
Амортизациялық аударым мөлшері дегеніміз негізгі құралдардың бастапқы құнынан белгіленген пайызбен (процентпен) есептеліп шығарылған бір жылдық амортизациялық аударым сомасы.
Ұйымдарда негізгі құралдағы ай бойы есептелген амортизациялық аударым сомасы ай сайын өндірілген өнімнің, атқарылған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің өзіндік құнына қосылып отырады.
Кәсіпорындарға жаңадан келіп түскен, кіріске алынған негізгі құралдарға амортизациялық аударым келесі айдың басынан (бірінен) бастап есептеледі. Ал ұйымның балансынан есептен шығарылған негізгі құралдарға келесі айдың басынан (бірінен) бастап амортизациялық аударым есептеу тоқтатылады.
Негізгі құралдарға амортизациялық аударым есептеу мына әдістер бойынша жүргізіледі:
Құнды бірқалыпты (тура жолды) есептен шығару әдісі.
Құнды орындалған жұмыстың, өндірілген өнімнің көлеміне тепе-тең мөлшерде есептен шығару әдісі (өндірістік әдіс).
Жылдамдатып есептен шығару әдістері:
а) қалдық құнының кему (қалдықты азайту) әдісі;
ә) сандардың жиынтығы бойынша құнын есептен шығару (коммулятивтік әдіс) әдісі.
Амортизациялық аударым есептеудің тандап алынған әдісі кәсіпорынның есеп саясатында көрсетіліп, бір есеп беру кезеңінен екінші есеп беру кезеңіне дейін дәйектілі түрде қолданады. Егер негізгі құралдарға амортизациялық аударым есептеудің әдісі өзгертілген жағдайда осы өзгерістің қандай себептерден болғаны айтылып көрсетілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |