120 сөз, Газеттен.
№79 Берел қорымының кереметтері
Алтай тауының асқар шындары түбіндегі мәңгі мұздықтар етегінен табылған бұл ескерткішті 1998 жылы белгілі ғалым Зейнолла Самашев ашты.
Берел қорымынан апалы-інілі 35-40 жастар шамасындағы ер адам мен 50 жастағы әйел мүрделері табылған. Олардың аса бай салтанатпен безендірілген киімдері көгілдір ашық моншақтармен, жұқа алтын әшекейлермен сәнделген. Маңына небір тұрмыстық заттар койылып, 13 мініс сәйгүліктері жерленген. Ең ғажабы, ұзақ сақталатын арнайы өндеуден өткізіліп, мәңгілік мұздық астына қойылғандықтан, жылқылардың сүйегі мен жүні ғана емес, етіне дейін сақталған. Жылқылардың алдыңғы төртеуіне тау текенің мүйізі салынып, тері маска кигізілген. Масканың біреуі теріден жасалған ирек мүйізі бар, имек құс тұмсықты болып келген. Оған ағаштан ойылған мифологиялық грифон мүсіні қондырылған. Ондағы ер- тұрман мен ат әбзелдері де өзінің көнелігімен көз тартады. Бұйымдарға салынған ою-өрнектер, әшекейлер сол дәуірде өмір кешкен бабалардың жоғары дәрежедегі шеберлікке жеткен өнер болмысын танытады. Қазір Алтай тауынан табылған бұл ескерткіштер зерттелу үстінде.
137 сөз, Газеттен.
№80 Есік жазуы
1969-1970 жылдары Есік обасынан ежелгі замандағы ғылымға “Скиф” деген атпен белгілі Жетісу сақтарының өмірі мен өнерін, мәдениетін бейнелейтін мол мұра табылған. Бұл қабірде басын батысқа беріп шалқасынан жатқан 17-18 жастағы сақ жауынгері жерленген. Ол басына екі жүзден астам әшекеймен безендірілген шошақ төбелі тұмақ киген. Бас киімінің маңдай жағы теке мүйізді қос аттың, яғни қазіргі Қазақстан Республикасының Елтаңбасында бейнеленген мүсінмен және ұзын қос жапырақпен, басқа да бедерлі шеттікпен безендірілген. Оның сыртына киген қызыл былғары бешпеті үш мыңға жуық алтын әшекеймен өрнектелген. Бұл қабірден отыздай ыдыс шыққан. Олардың ішіндегі күміс зереннің сыртында жиырма алты әріптен құралған екі жол жазу бар. Бұл жазу “Есік жазуы” деп аталған. Зерттеген ғалымдардың айтуынша, “Есік жазуы” осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз таңбалармен жазылған. Есік жазуы ерте замандағы қазақ жері тұрғындарының бұдан 2300-2500 жыл бұрын жазу таңбаларын жасағанын көрсетеді.
127 сөз, Газеттен.
№81 Киіз үй
Киіз үй төбесінің конус сияқты күмбезденіп дөңгеленген формасына қарағанда, өте ертеде пайда болған, шығыс халықтарының барлығына ортақ, ең алғашқы көшпелі жылжымалы үй түрінің бірі. Көшпенді халық өмірінде, жорықтар мен аң аулаушылықта киіз үй құрылысының тез тігілуі мен тез жиналуының маңызы зор болған. Киіз үйді жинау және тігуді негізінен әйелдер атқарған.
Киіз үй жайында бізге жазып қалдырған Марко Поло (1230 ж), Плано Карпини (1246 ж), Клавихо (1403 ж), Барбаро (1436 ж) т.б. орта ғасыр саяхатшыларының материалдарын зейін салып зерттей отырып, киіз үй құрылысы, оны құрастыру тәсілдері мен ішкі жасау, жиһаз нұсқаларының осы уақытқа дейін сол күйінде сақталғанына көзіміз жетті. Қазіргі біздің көріп жүрген киіз үйлеріміз ол кездегімен салыстырғанда құрылысы, құрастырылуы бірдей болғанымен, тым қораштанып, кішірейіп кеткендігі байқалады. Киіз үйдің көшіп-қонуға ыңғайлы, жеңіл болуы, дауылға, борап мен шаң құмға төзетіндей берік болуы керектігі ескерілген. Тез жығып, тез тігуге қолайлы жеңіл болуы -архитектуралық жағынан мыңдаған жылдардың тәжірибесі.
141сөз, Газеттен.
№82 Қаракерей Қабанбай
Қабанбай жастайынан жаудың жауыздығын көзімен көреді. Жеті жасқа толғанда әкесі Қожағұл батыр жау қолынан қаза табады. Он бес жасқа келгенде ағасы Есенбайды да қалмақтар далада өлтіріп кетеді. Осы екі қатыгездік есті баланың жүрегіне кек болып қатты. Соған шыдай алмай жауға аттанбақ болғанда, қасына ешкім ермейді. Еліне өкпелеп, ызаланған жас батыр жалғыз жортып барып, тұтқында түйе бағып жүрген қырғыз баласының көмегімен қалмақтың ел шапқыш батырлары Олже Жырғыл мен Арсалаңды ебін тауып өлтіріп, кегін қайтарады. Одан керей еліндегі жездесіне кетеді де, онда жылқыға тиген шапқыншыларға қарсы айқаста көзге түседі.
Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері “Нар бала” атаса, жездесі қайрат-күші, батылдығына сүйсініп, “Қабан” атап кетеді. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырға Қабанбай есімі беріледі.
Сол заманның асқан ақылгөйі Бұқар жыраудың жырларына Абылаймен қатар көбіне арқау болған батыр Қабанбай.
Достарыңызбен бөлісу: |