Дене шынықтыру Дене шынықтыруоқу пәні ретінде жалпы білім беретін мектепте маңызды рөл атқарады, жалпыадамзаттық мәдениет саласында белсенді шығармашылық түрде өзін-өзі жүзеге асыруға дайын тұлға қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқыту мақсаты: – білім алушылардың өз денсаулығына ықтиярлықпен қарауына қатысты тұрақты уәждемелері мен қажеттіліктерді қалыптастыру;
– физикалық және психикалық қасиеттерін толық дамыту;
– салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылықпен қолдану.
Оқыту міндеттері: – денсаулықты нығайту, ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру және негізгі физикалық (дене) қасиеттерін дамыту;
– базалық спорт түрлерінің техникалық-тактикалық іс-қимыл әдістерін жетілдіру;
– денсаулығын ұзақ мерзім сақтау және нығайту қажеттілігіне, өз денсаулығына ықтиярлықпен қарауға тәрбиелеу;
– дене шынықтыру және спорт туралы, олардың тарихы, қазіргі дамуы мен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі туралы білімдерін шыңдау;
– тұлғаны оң қасиеттерге тәрбиелеу, оқу және жарыс әрекеттерінде ұжымдық іс-қимыл мен ынтымақтастық межелерін сақтау.
Оқу бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім» (ақпараттық компонент), «Дене бітімін жетілдіру және шеберлік» (әрекеттік компонент).
Вариативті компонент дене шынықтыру мұғалімді оқу процесінің сан алуан түрлерін қолдануға және оқытудың заманауи әдістері мен педагогикалық технологияларын енгізуге бағдарлайды. Вариативті компонент мектептің тұрған орны, материалдық базасы мен аймақтың орналасу ерекшеліктерін, мұғалімнің мүмкіндіктері мен білім алушының қызығушылықтарын ескеру қажеттілігіне негізделгендіктен, оқу материалдарын жергілікті білім беру мекемелері ұсынады және оны дене шынықтыру мұғалімі әзірлейді.
Бағдарламалық талаптарды ескеріп, әрбір білім алушының жеке мүмкіндіктері мен жыныстық даму ерекшеліктерін бағамдай отырып, мұғалім өздігінен жеке талаптар қойып (қорытынды тапсырмалар), талаптардың өзіндік шкаласын құруына және сол бойынша білім алушылардың жылдық үлгерімін бағалауына болады.Осындай тәсілдерді қолдану дене шынықтыру пәні мұғаліміне оқытудың барлық кезеңдерінде білім алушылардың даму деңгейлерін, жеке жас ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ үлгерімдерін шынайы бағалауға мүмкіндік береді.
Сабақтарда тұлғаның жеке қасиеттерін және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған мақсаттар жүзеге асырылады, бұл мақсаттар адам денсаулығының дене шынықтыруды жетілдірумен байланысы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында орындалады.
Бағдарламаның ұйымдастыру-әдістемелік талаптары:
– мұғалім өз тәжірибесіне сүйеніп, балалармен нақты жағдайдағы жұмыс дағдысына байланысты ұсынылып отырылған бағдарламаның кез келген бөлімін өзінің материалдарымен толықтыруға немесе түзетулер енгізуге құқылы. (білім алушыларға қойылатын негізгі талаптар жүзеге асыру барысында);
– мұғалім апта кестесіндегі сабақ санына сәйкес білім алушылардың даярлығы мен сабақтың нақты жағдайына қарай өз жұмысын ұйымдастырады;
– білім алушылардың қозғалыс ойындарын игеруін тексеру мақсатында бақылау-сынақ алу сабақтары өткізілуі тиіс;
– дене тәрбиесі сабақтарының тиімділігі екі параметр бойынша бағаланады: а) жекелеген бақылау нормативтерінің нәтижелері; б)Президент сынамалары нормативтерін орындау нәтижелері (мұғалімнің таңдауы бойынша).
«Шаңғы дайындығы» және «Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ республиканың аймақтарында оларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен (кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық, кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.
Оқу бағдарламасында мектепте дененің шынығуы мен адамгершілікке тәрбиелеудің кешенді жүйесін құрайтын дене шынықтырудың барлық негізгі нысандарының мазмұны қамтылған және бұл міндеттерді барлық оқу жылында біртіндеп шешуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның үшінші сағаты білім алушылардың белсенділігін арттыруға (спорт және қозғалмалы ойындар санын кеңейту арқылы) және сауықтыру процесіне бағытталған.
«Дене шынықтыру» пәнін оқыту барысында білім алушыларды топқа бөлу барлық қажетті медициналық құжаттарды ұсынуымен, медициналық тексерістің нәтижесі көрсетілген анықтаманың негізінде іске асырылады.
Сабақтың, сабақтан тыс және сыныптан тыс іс-шаралардың тәрбиелік мақсатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштастырып жүзеге асыру ұсынылады.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2018-2019 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады.
«Дене шынықтыру» пәні сабақтарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әдістемелік құралдар әзірлеп,орталықтың сайтына (www.nnpcfk.kz) және академия сайтына орналастырылған (nao.kz).
Дене шынықтыру пәнінің оқу жүктемесі: 10-сыныпта – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
11-сыныпта – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты құрайды.