Есту, көру, сөйлеу тілі, тірек-қозғалыс аппаратының бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау Білім берудің жаңартылған мазмұнына өткен сыныптарда оқу нәтижесін бағалау барысында оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі қолданылады. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылардың нәтижелерін бағалауда арнайы оқу бағдарламаларында белгіленген оқу мақсаттарына бағдарлану қажет.
Формативті бағалау процесінде мұғалім білім алушылардың оқу материалын меңгерудегі қиындықтарын анықтап, оларды түзету жолдарын қарастырады. Егер кейбір білім алушыға белгілі бір дағдыны дамыту үшін ұзағырақ уақыт қажет болса, бұл оқу мақсатын басқаша бағалау жөнінде шешім қабылдап, оқушының жетістіктерін бағалау критерийлерін әзірлеуде түзетулер енгізу керек.
Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға және жеке оқу бағдарламасымен оқытылатын білім алушыларға қорытынды аттестаттау қажеттілігі жөніндегі мәселені білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңеспен шешіледі.
Арнайы білім беру ұйымдарында және жалпы білім беретін мектептің арнайы сыныптарында оқитын ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды қорытынды аттестаттау емтиханының материалдары аудандық, қалалық білім бөлімдерімен немесе білім басқармаларымен әзірленеді.
7. Арнайы мектепте интеллекті бұзылған балаларды оқытудың ерекшеліктері (жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі) Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту мақсаты – танымдық және эмоционалдық-тұлғалық аясындағы даму ауытқуларын түзету, білім беру құралдарымен және еңбекке дайындау арқылы дамыту, келешекте бітірушілерді ары қарай қоғамға кіріктіру үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту.
Дайындық сыныбына, сондай-ақ білім беру процесінде және тәрбиелеу жұмысында баланың диагнозын анықтау мен оны оқыту және тәрбиелеуді ұйымдастыру формасының адекваттылығын айқындау мақсатында білім алуға дайындық деңгейі жеткіліксіз балалар қабылданады. Бірінші сыныпқа 7-9 жастағы балалар қабылданады.
Оқыту 2 сатыда ұйымдастырылады:
− бірінші саты – дайындық деңгейі (0), 1-4-сыныптар;
− екінші саты – 5-9-сыныптар.
Материалдық-техникалық, бағдарламалық-әдістемелік және кадрлар болған жағдайда, білім беру ұйымдарында терең кәсіби-еңбекке баулитын 10-өндірістік сынып ұйымдастырылады.
Бірінші сатыда ақыл-ойы кем оқушыны жан-жақты психологиялық- медициналық-педагогикалық жағынан зерделейді, оның мүмкіндіктері мен білім беру процесін ұйымдастыру формасы мен әдістерін қалыптастыру және жеке ерекшеліктерін анықтау мақсатында іске асырылады.
Екінші сатыда балалар практикалық бағыты, еңбектің әртүрлі профилі бойынша дағдылары бар, жалпы білім беретін пәндер бойынша білім алады. Әлеуметтік бейімделу мен кәсіби-еңбекке баулуға назар аударылады.
5-9 сыныптарда математика сабақтарынан 1 сағат геометрия элементтерін үйренуге бөлінеді.
Түзету технологиясы циклінің сабақтары: «Түзету ырғағы», «Тіл дамуының кемшіліктерін түзету» (логопедтік сабақтар), «Танымдық әрекетін түзету», «Емдік дене тәрбиесі» күннің бірінші және екінші жартысында да жүргізіледі. Жеке және шағын топпен жүргізілетін түзету сабақтардың ұзақтығы – 20-25 минут. Шағын топтар сөйлеу тілі мен психофизикалық ақауларының біртектілігіне байланысты жинақталады. Емдік дене тәрбиесі сабағына арналған топтар дәрігердің нұсқауымен жинақталады. Түзету ырғағы бойынша сабақтар топқа бөлінбей, фронтальды түрде жүргізіледі.
4 пен 6-сынып аралығында «Жалпы еңбекке даярлау» пәні оқытылады.
7 және 9-сынып аралығында кәсіби бағыттағы еңбекке баулу пәні оқытылады. Еңбекке оқытудың бейіндері өңірлік ерекшеліктерге және түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктеріне байланысты мектеп әкімшілігімен анықталады. Мектепке педагогикалық кеңеспен бекітілетін жеке еңбек түрлері бойынша бағдарламалар әзірлеу құқығы беріледі.
Мектепте еңбекке оқыту бойынша білім алу емтиханмен аяқталады. Білім алушылар емтихандардан белгіленген тәртіп бойынша босатылады. Факультативтік сабақтары мен электив курсына бөлінген сағаттар еңбекке оқыту сабақтарына, түзету бағыттарына және т.б. пайдаланыла алады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылар саны жеткілікті болған жағдайда, мектепте осындай оқушыларға арналған арнайы сыныптары бар екінші бөлім ашылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту аталмыш катеориядағы оқушыларға арналған Үлгілік оқу жоспары және оқу бағдарламалары бойынша іске асырылады. Оқу бағдарламалары ұсынымдық сипатта болады. Оқыту жеке оқу бағдарламалар бойынша іске асырылады. Ол баланы жарты жылдан аспайтын мерзім аралығында сынып педагогінің және мектеп консилиумы мамандарының баланы психологиялық-педагогикалық кешенді зерделеуі негізінде құрылады. Оқытудың жеке бағдарламасын жүзеге асыру уақытының аяқталуы бойынша әрбір оқушының жетістігіне талдау жүргізіледі және келесі жартыжылдыққа жоспар құрылады.
Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндігін және білім алудағы тұлғалық жетістіктері мен білім алу және тұлғалық жетістіктерін мониторингілеу нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдістерін, формасын, дидактикалық құраларын өз бетінше таңдайды.
Екінші бөлім сыныптарын оқытудың мазмұны: өзі туралы түсінігін, өзіне-өзі қызмет етуін және қамтамасыздандыру дағдысын, қоршаған орта және ортада бағдарлау туралы қолжетімді түсініктерін, қарым-қатынас жасай алуын, пәндік-тәжірибелік және қолжетімді еңбек қызметін, тәжірибелік бағыттылығына ие және тәрбиеленушілердің психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес жалпы білім беретін пәндер туралы білімін қалыптастыруға бағытталған.
Бірінші сатыда орташа ақыл-ой кемістігі бар балалардың оқу процесі пәнсіз оқыту негізінде ұйымдастырылады: барлық сабақтар кіріктірілген сипатқа ие және білім алушылардың жалпы (қарым-қатынас, қимыл, сөйлеу, сенсорлы) дамуына бағытталған. Оқушылардың жеке дамуын алға бастыру шаралары пәндік оқытумен іске асырылады. Екінші бөлімде оқыту мектеп ресурстары мен оқушылардың психофизикалық даму ерекшелігін ескере отырып, еңбектің қарапайым түрлеріне үйрету ұйымдастырылады. Еңбекке оқыту профилі баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынысымен және мектеп мүмкіндіктерін ескере отырып жеке анықталады. Қажет болған жағдайда, еңбекке оқыту профилі өзгеруі мүмкін. Еңбекке дайындық пәндері бойынша орташа ақыл-ой кемістігі бар балалар бітіру емтиханын тапсырмайды.
Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау Оқу процесі оқушыларға сараланған және жеке амалдарды қолдану арқылы іске асырылады. Сараланған амал негізіне ақыл-ойы кем оқушылардың (В.В.Воронкова бойынша) педагогикалық топтастыруы жатады. Жетістіктерін бағалауда білім беру процесін дараландыруға негіз болатын критериалдық бағалау жүйесі қолданылады. Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жетістіктерін бес балл бойынша бағалайды. Дайындық және 1-сыныптарда балл бойынша бағалау болмайды. Оқушылардың білім алудағы ілгерілеу нәтижелері олардың өнімді қызметі, сөйлеу тілінің даму деңгейі, жазба жұмыстарының, сурет салуының, қолдан жасалған бұйымдарына талдау жасау және сабақтағы әрекетін бақылау негізінде анықталады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың жетістіктерін бағалауда жеке оқу бағдарламасының мазмұны негізінде сипаттамалық критериалды бағалау жүйесі қолданылады (ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың критериалды бағалауы бойынша әдістемелік ұсынымдарды Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА сайтынан (www.nao.kz) алуға болады).
Түзету циклінің пәндері бойынша жетістіктерді бағалау балл бойынша емес, сипаттамалық түрде болады.
Интеллекті бұзылған балаларға арналған арнайы мектептің (сыныптың) оқушылары екінші жылға қалдырылмайды.