Музыка Бастауыш мектептегі «Музыка» пәні білім алушылардың рухани және өнегелік-адамгершілік әлемін қалыптастыратын негізгі пәндердің бірі болып саналады.
«Музыка» оқу пәнін оқытудың мақсаты білім алушылардың музыкалық мәдениетінің негізін қалыптастыру, музыка құралдары арқылы алған білімдері мен дағдыларын білім беру қызметінде және әртүрлі өмірлік жағдайларда қолдана білетін рухани-адамгершілікті шығармашылық тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі аптасына 1 сағаттан, оқу жылында барлығы 34 сағатты құрайды.
Музыка пәні бойынша зерделеу, бақылау және бағалау нысандары оқу музыкалық әрекеттің 4 түрі болып табылады:
1) музыканы тыңдау: музыкалық сабақтарда білім алушылар музыкалық туындыларды тыңдауға және музыкалық бейнеге, мазмұнға және музыкалық бейнелілік құралдарына ауызша сипаттама беруді үйренеді, музыкалық әдебиетті біледі, салыстырады, тұжырымдай алады. Білім алушыларда есту қабілетінің көлемі шектеулі. Оны музыкалық шығарманы тыңдау кезінде ескеру қажет. 4-сынып оқушыларының тыңдау арқылы назар аудару көлемі 3-тен 5 минутқа дейінгі аралықты қамтиды;
2) музыкалық сауаттылықты зерделеу: музыка сабақтарында 4-сыныптың білім алушылары дыбыс/дауыс және оның қасиеттері, дыбыс/дауыс биіктігі, дауыс/дыбыс ұзақтығы, дыбыс/дауыстың қаттылығы, музыкалық өрнектеудің/-бейнеліліктің құралы, композитор-орындаушы-тыңдаушы, халық композиторы, халықтық және кәсіби (композиторлық) музыка, орындаушылар, музыканың негізгі түрлері, халық билері, кәсіби музыканың жанрлары, оркестрлер, музыкалық аспаптар туралы оқып біледі.
3) ән айту: ән айту кезінде екпіндету тазалығына, вокалдық және хорда ән айту дағдыларын меңгеруіне, орындаудың мәнерлілігіне, әр білім алушының жетістіктеріне назар аудару керек. Мұғалім 10-11 жастағы білім алушылардың дауыс ерекшеліктерін ескеруі қажет.
4) музыкалық аспапта ойнау/сүйемелдеу: білім алушылар шулы/-даңғырлатып ойнайтын музыкалық аспаптарда, білім алушыларға арналған ұрмалы құралдарда (таяқшалар, ағаш қасықтар, дабыл-даңғаралар, сылдырмақты қоңыраулар, тұяқ тас, асатаяқ және т.б.)ойнауға үйренеді.
Музыка сабағында шығармашылық тапсырмалардың төмендегідей жұмыс түрлерін пайдалануға болады:
1) ырғақтық ойындар мен ырғақтық сүйемел;
2) музыкаға сәйкес қимылдар жасау;
3) музыканың мазмұнына сай сурет салу;
4) әндерді, ертегілерді, аңыз-күйлерді сахналау.