Жалпы білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының ерекшеліктері



бет119/185
Дата06.02.2022
өлшемі3,12 Mb.
#76541
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   185
Оқу жоспарлары

Оқу бағдарламаларындағы пәндер бойынша оқу жоспарлары ұсыныс сипатында берілген. Оқу мақсаттарының жүйесі мен оқыту тәсілдеріне негізделген ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарларда мұғалімдер үшін тақырыптар мен бөлімдер бойынша сабақтарды өткізу, білім алушыларды сабақтарда ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілген, сондай-ақ оқыту ресурстары (интернет, мәтіндер, жаттығулар, бейне- және аудиоматериалдары және т.б.) көрсетілген.


Әрбір оқу пәні бойынша мазмұнын жобалаудың принципі өзгерген: сызықтық принципі «шиыршық» принципіне ауысты, яғни білім мен біліктің бірте-бірте тігінен де, көлденеңінен де ұлғайюы (дағдылардың тақырыптар және сыныптар бойынша күрделенуі).
Осыған байланысты оқу бағдарламасының мазмұнын құрудың негізі болып табылатын оқу материалдарын шиыршық тәріздес орналастыру принципін, сондай-ақ, сыныптар мен тоқсандар бойынша ұсынылған пәнаралық ортақ тақырыптарды оқу арқылы материал мазмұнын құрылымдауды ескеру керек. Мысалы, 1-сыныпта, түрлі дереккөздерді зерттей отырып, оқушы «отбасы» түсінігінің мәнін түсінуі және түсіндіре алуы тиіс, туыстық байланыстар жүйесіндегі басқа да отбасы мүшелеріне қатысты өз орнын анықтай алуы тиіс. 2-сыныпта ол отбасылық мұрағат материалдарының негізінде отбасы мүшелерінің сөздік портретін құрайды.
Ұзақ мерзімді жоспарларда: білім беруді дамытудың жалпы принциптері (оны дамыту тұжырымдамасы); дамытудың басты бағыты және бағдарламалары; көзделген оқу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды шаралардың мазмұны мен жүзеге асыру бірізділігі көрсетіледі. Ұзақ мерзімді жоспар бір оқу жылына арналған оқу мақсаттарын қамтиды.
Әдетте орта мерзімді жоспарлауды мұғалімдер тобы немесе бір мұғалім жүзеге асырады, олар оқу бағдарламасын сабақтардың топтамасы түрінде құрылымдайды. Орта мерзімді жоспарлау ұзақ мерзімді жоспарда анықталған бағдарларды нақтылайды. Орта мерзімді жоспарларда белгіленген мерзімнің негізгі міндеттері тұжырымдалады. Мұнда әр тоқсанның немесе бөлімнің тақырыптары көрсетіледі. Бөлімдер ішінде сағаттарды бөлуді мұғалімнің қалауына қарай өзгертуге болады.
Қысқа мерзімді жоспарды немесе сабақ жоспарын, орта мерзімді жоспарының соңында ұсынылған үлгі бойынша мұғалімнің өзі әзірлейді. Қысқа мерзімді жоспарды әзірлегенде мұғалімге саралап оқыту тәсіліне және оқушылардың жеке ерекшеліктеріне назар аудару ұсынылады. Сабақты жоспарлау мұғалімнің оқу мақсаттарына тиімді қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ол үшін мұғалім оқу материалы мен сабақтағы әрекет түрлерін мұқият іріктеп алуы керек. Мұғалім әр сабақтан кейін білім алушылар меңгере алмаған немесе түсінбеген жерлерін анықтау мақсатында сабаққа талдау (рефлексия) жасап отыруы керек.
Қысқа мерзімді жоспар құрған кезде мұғалімге төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алуына болады:

  • сабақты ұйымдастыру кезінде оқу бағдарламасында және оқу жоспарында көрсетілген мақсаттарды басшылыққа алу қажет;

  • орта мерзімді жоспарда ұсынылған барлық іс-әрекеттерді ұйымдастыру ұсынылады;

  • мұғалімнің қалауы бойынша іс-әрекет түрі қажеттілігіне қарай толықтырылып отырады.

Жаңа форматты сабақ балаларды оқыту процесіне белсенді тартуды, олардың талқылауларға қатысуын, өткен материалды талдау және қорытуын, зерттеу жүргізуін, бағалау пікірлерін айту, өзін-өзі бағалау және т. б. көздейді.
Сабақтың міндетті элементі ретінде оқушыны қолдауға бағытталған мұғалімнің әрекеттерін түзетуге мүмкіндік беретін кері байланыс болуы тиіс.
Қысқа мерзімді жоспарлау кезінде мұғалім міндетті түрде мыналарды анықтап, әзірлеуі қажет:
– тілдік оқу мақсаттары – терминдермен жұмыс және т.б.;
– саралау: білім алушыларға қолдау көрсету қалай жоспарланады? Қабілетті білім алушылардың алдына қандай міндеттер қою жоспарлануда? Білім алушылардың материалды меңгеру деңгейін қалай тексеруге болады?
– метапәндік байланыстар;

  • денсаулығы мен қауіпсіздігін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарымен және АКТ-мен байланысын қамтамасыз ету.

Мұғалім тек білім көзі ретінде ғана емес, білім алушылардың өздерінің оқу-танымдық әрекеттерінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
Осыған байланысты сабақты жоспарлау бойынша барлық жұмысты оқытудың жаңа тәсілдерін ескере отырып, жүзеге асыру ұсынылады. Сондықтан, жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру аясында озық тәжірибелерді, оқыту мен оқудағы, бағалау жүйесіндегі жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізудің тиімді жолдарын күшейту, оқытудағы әртүрлі сандық білім беру ресурстарын, мектепаралық желілік өзара іс-қимылды, мектепаралық оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, «мұғалімдермен алмасуды», мектептегі пәндер бойынша оқытуда жаңа технологияларды қолданудың шеберлік сабақтарын пайдалануды кеңейту қажет.
Пәндерді, бөлімдерді, тақырыптарды кіріктіру, сондай-ақ пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру құралы – ортақ тақырыптар – жаңартылған бағдарламалардың бірден бір ерекшелігі болып табылады. Олар барлық пәндердің мазмұнымен, ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлау жүйесімен байланысқан. Сондықтан мұғалім қысқа мерзімді жоспар әзірлеуде ортақ тақырыптар жүйесін сақтау және тапсырмаларды құрастыру мен оқушылардың сабақтағы қызметін ұйымдастыруда оларды ескеруі тиіс.
Бастауыш мектептің оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының мазмұны шынайы өмірмен тығыз байланысты, практикаға бағытталған және байқампаздық, білуге құмарлық, ақпаратпен жұмыс істей білу, өз көзқарасын білдіру сияқты қасиеттердің дамуына ықпал етеді.
1, 2-сыныптардың білім алушылары үшін «патриотизм», «адамгершілік құндылықтар жүйесі» сияқты ұғымдар әзірге абстрактылы сипатта болады. Ал «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» деген тақырыптар оларға жақын және түсінікті. Оқушылардың өз отбасы, үйі, ата-анасына деген махаббаты, достық туралы әңгімелер және кез келген саяхат туған үйінен басталатынын түсінуі, көп жағдайда оқушының өзін-өзі отбасы мүшесі ретінде айқындауын қамтамасыз етеді және адамгершілік бағдарларды қалыптастырады.
Ортақ тақырыптар әр тоқсанға екі-екіден тең бөлінген. Мұғалім әрбір ортақ тақырыпқа бөлінетін сағат санын білім алушылардың дайындық ерекшеліктеріне байланысты өзі өзгертеді.
55-кесте – 1,2-сыныптардың оқу бағдарламаларындағы ортақ тақырыптар



Тоқсан

Ортақ тақырыптар

1-сынып

2-сынып

I

Өзім туралы

Өзім туралы

Менің мектебім

Менің отбасым және достарым

II

Менің отбасым және достарым

Менің мектебім

Бізді қоршаған әлем

Менің туған өлкем

III

Саяхат

Дені саудыңжаны сау

Салт-дәстүр жәнеауыз әдебиеті

Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті

IV

Тағаммен сусын

Қоршаған орта

Дені саудың жаны сау

Саяхат

Оқу бағдарламаларда күтілетін нәтижелер оқу мақсаттарының жүйесі түрінде тұжырымдалған, олар оқу пәнінің мазмұнын анықтау үшін негіз болып табылады.


Бағалау критерийлері бар оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелері мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға, сондай-ақ оларды оқытудың келесі кезеңдері туралы хабардар етуге мүмкіндік береді.
Күтілетін нәтижелер мәндес бірнеше оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім саласының ерекшелігін ескере отырып, жобаланған.
Оқу мақсаттарының нақты сипаттамасы оқу бағдарламасына енгізілген. Оқу мақсаттары әрбір оқу пәнінде кемінде екі рет қайталануы тиіс. Белгілі бір оқу мақсаттары (базалық дағдыларды қалыптастыратын) оқу жылы ішінде бірнеше рет қайталанады және бекітіледі.
Әр сабақ оқу мақсаттарын және оларға жетудің критерийлерін айтудан/көрсетуден басталатынын есте сақтау маңызды. Әрбір білім алушы қойылған оқу мақсатын түсініп, ұғынуы керек және оған қалай жетуге болатынын білуі керек.
Оқытудың күтілетін нәтижелерінің жүйесі білім алушыларды оқыту және тәрбиелеудің мазмұндық негізін анықтайды.
Қысқа мерзімді жоспарды әзірлеу кезінде әр мұғалім, ең алдымен, оқу мақсатын бағдарлайды. Әдетте, бастауыш сыныптарда оқу пәндері бойынша сабақта 1 немесе 2 оқу мақсаты қойылуы мүмкін.
Әр оқу мақсаты бойынша бағалау критерийлерін мұғалім әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ, мұғалім өзінің білім алушыларының дайындық деңгейіне сәйкес келсе, ЖӘК порталына орналастырылған жиынтық бағалау бойынша жинақтардағы бағалау критерийлерін пайдалануға құқығы бар.
Бастауыш мектептің өзінде оқыту процесі білім алушылардың функционалдық сауаттылықтары мен кең ауқымды дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте оқыту процесі дәстүрлі оқыту процесінен алшақтағанын және күтілетін нәтижелерге негізделетінін есте сақтау қажет. Күтілетін нәтижелер алты білім салалары бойынша анықталады және іс-әрекеттік аспектісін көрсетеді, яғни білім алушылар «біледі», «түсінеді», «қолданады», «талдайды», «жинақтайды», «бағалайды».
Бастауыш сынып мұғалімі жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру аясында ұсынылған оқу процесін, қалыптастырушы және жиынтық бағалауды өткізуді ұйымдастыру бойынша әдістемелік құралдар мен нұсқауларға назар аударғаны жөн. Олардың электрондық нұсқалары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының (www.nao.kz), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының (smk.edu.kz) сайттарында орналастырылған.
Бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Жүйелі-әдістемелік кешен» (бұдан әрі – ЖӘК) порталы (smk.edu.kz) әзірленген.
ЖӘК мұғалімдер үшін ақпараттық-әдістемелік база, педагогикалық тәжірибе алмасу алаңы, желілік өзара әрекеттестікті дамытатын ақпараттық кеңістік, орта білім мазмұнын жаңарту аясында дайындалған онлайн платформа болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   185




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет