11-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК
38-бап. Медициналық көмектің түрлері
Медициналық көмектің негізгі түрлері:
1) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;
2) білікті медициналық көмек;
3) мамандандырылған медициналық көмек;
4) жоғары мамандандырылған медициналық көмек;
5) медициналық-әлеуметтік көмек болып табылады.
39-бап. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек
1. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек - аурулардың профилактикасы мақсатында, сондай-ақ диагностика, емдеу мен медициналық оңалту әдістерін дәрігердің қатысуымен пайдалануды талап етпейтін аурулар кезінде орта медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.
2. Шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі медициналық көмекті медициналық білімі жоқ, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті даярлықтан өткен адамдар (парамедиктер), сондай-ақ зардап шегушілердің өмірін құтқару мақсатында өзге де адамдар көрсетуі мүмкін.
3. Дәрігерге дейінгі медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган белгілейді.
40-бап. Білікті медициналық көмек
1. Білікті медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.
2. Білікті медициналық көмектің түрлері мен көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
41-бап. Мамандандырылған медициналық көмек
1. Мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың арнаулы әдістерін талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Мамандандырылған медициналық көмекті денсаулық сақтаудың көпбейінді ұйымдары консультациялық-диагностикалық немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетеді.
3. Мамандандырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары белгілейді.
42-бап. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек
1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
43-бап. Медициналық-әлеуметтік көмек
1. Медициналық-әлеуметтік көмек – тізбесін уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен науқастанған азаматтарға бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға ұсынылатын медициналық-әлеуметтік көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
44-бап. Медициналық көмекті ұсыну нысандары
Медициналық көмек:
1) амбулаториялық-емханалық көмек:
алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
консультациялық-диагностикалық көмек;
2) стационарлық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек;
4) жедел медициналық көмек;
5) санитариялық авиация;
6) төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек;
7) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
8) паллиативтік көмек және мейірбике күтімі;
9) дәстүрлі медицина, халық медицинасы (емшілік) нысандарында ұсынылуы мүмкін.
45-бап. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек
1. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек - адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін:
1) неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді;
2) инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды;
3) халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды;
4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.
2. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер және мейірбикелер көрсетеді.
3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың қызметі азаматтарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, тұрғылықты және (немесе) бекітілген жері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша құрылады.
4. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің түрлерін, көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4-1. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, сондай-ақ азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыруды жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
Ескерту. 45-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
46-бап. Консультациялық-диагностикалық көмек
1. Консультациялық-диагностикалық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек.
2. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 46-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
47-бап. Стационарлық көмек
1. Стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары азаматтарға тиісті күтім жасалуын және олардың тамақтануын қамтамасыз етеді.
3. Стационарлық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 47-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
48-бап. Стационарды алмастыратын көмек
1. Стационарды алмастыратын көмек - бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалатын, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 48-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
49-бап. Жедел медициналық көмек
1. Жедел медициналық көмек - денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күй туындаған кездегі медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгілеген тәртіппен жедел медициналық көмектің мамандандырылған ұйымдары мен қызметтері құрылады.
3. Жедел медициналық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
50-бап. Санитариялық авиация
1. Санитариялық авиация - пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әртүрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
51-бап. Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек
1.Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек - әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде апаттар медицинасы қызметінің медициналық көмек көрсету нысаны.
2. Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну тәртібін, оның түрлері мен көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
52-бап. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту
1. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.
2. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ санаториялық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
3. Азаматтарға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен санаториялық-курорттық емделуге жолдамалар беріледі.
4. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
53-бап. Паллиативтік көмек және мейірбике күтімі
1. Паллиативтік көмек аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы дауасыз науқастарға мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі.
2. Мейірбике күтімі дәрігер бақылауы талап етілмейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ауруханаларында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
3. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 53-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
54-бап. Дәстүрлі медицина, халық медицинасы (емшілік)
1. Дәстүрлі медицина әдістеріне гомеопатия, гирудотерапия, мануальдық терапия, рефлекс-терапия, фитотерапия және табиғаттан алынатын құралдармен емдеу жатады.
2. Медициналық білімі бар, тиісті лицензия алған адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар.
3. Халық медицинасы (емшілік) - халық жинақтаған емшілік құралдар туралы, сондай-ақ емдеу және гигиена тәсілдері мен дағдылары және оларды денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу мен оларды емдеу үшін практикада қолдану туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы.
4. Алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Жаппай емшілік сеанстарын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып өткізуге тыйым салынады.
Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
55-бап. Зертханалық диагностика
1. Зертханалық диагностика - ауырудың (жай-күйдің) болу немесе болмау фактісін пациенттен алынған биоматериалдарды зертханалық зерттеу жолымен анықтауға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені.
2. Зертханалық диагностиканы жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының және (немесе) осы ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы ережені, сондай-ақ олар жүргізетін зерттеулердің түрлерін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
56-бап. Патологиялық-анатомиялық диагностика
1. Патологиялық-анатомиялық диагностика патологиялық-анатомиялық ашып қарау барысында мәйіттің тіндері мен ағзаларындағы, сондай-ақ науқастың хирургиялық операция және (немесе) биопсия жолымен алынған ағзаларындағы (ағзаларының фрагменттеріндегі) және тіндеріндегі өзгерістердің жиынтығын талдау арқылы диагноз қою мақсатында жүргізіледі және ол тікелей тексеріп-қараудың (макроскопиялық зерттеулердің), үлкейткіш аспаптарды (микроскопиялық зерттеулер), өзге де технологияларды пайдалану арқылы зерттеулердің нәтижелеріне, сондай-ақ клиникалық-анатомиялық салыстыруларға негізделеді.
2. Патологиялық-анатомиялық ашып қарау өлімнің себептерін белгілеу және ауырудың диагнозын нақтылау мақсатында жүргізіледі.
Ана және сәби өлімі, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болу жағдайларын қоспағанда, өлімнің күш қолданудан болғанына күдік болмаған және жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша өтініші не осы адамның тірі кезінде берген жазбаша ырық білдіруі болған кезде, мәйітті патологиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілместен, өлімнің болу фактісін куәландыратын уәкілетті орган бекіткен нысандағы құжатты бере отырып, беруге рұқсат етіледі.
Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып қарауды тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізуі мүмкін.
3. Патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының және (немесе) осы ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы ережені, сондай-ақ патологиялық-анатомиялық ашып қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 56-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |