Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда



бет1/3
Дата05.11.2016
өлшемі2,45 Mb.
#441
түріАнықтамалық
  1   2   3
Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы

Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда

(Библиографиялық көрсеткіші)


И - Н

Алматы, 2012ж.


Құрастырушыдан

Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Қазақстан ақын -жазушылары ХХ ғасырда»» атты биобиблиографиялық көрсеткішті шығаруға кірісті. Жиналған материалдың ауқымдылығына байланысты, үшінші шығарылым Қазақстан ақын - жазушыларының аты- жөнінің алфавиті бойынша И әрпінен Н әрпіне дейінгі аралықты қамтиды.

Анықтамалық оқушыларға, арнаулы орта және жоғары оқу орындары-

ның студенттеріне, мұғалімдерге, сонымен қатар жалпы оқырман қауымға арналады. Әдебиет қайраткерлерінің шығармашылығы туралы нақты әрі қысқа берілген ақпарат, жазушының әдеби бағыты және шығармаларының қысқаша мазмұнымен танысуға мүмкіндік береді. Ақын – жазушылардың шығармашылығымен толықтай танысу үшін, көрсеткіште автордың шығар-

маларының тізімдері мен ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген сыни материалдар беріліп отыр.

Ақын- жазушылар туралы материалдар аты- жөндерінің алфавиті бойынша топтастырылып, шығармаларының библиографиясы берілген.

Көрсеткіште кітаптар мен соңғы 5 жылда ( 2007- 2012) жарық көрген газет және журнал мақалалары қамтылған.

Әдебиеттерді жинақтау 2012 жылдың 30 маусымда аяқталды.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы ұсынылған материалдары үшін С.Бегалин атындағы балалар кітапханасына алғысын білдіреді.


Иманасов Сәкен

(1938)
Сәкен Иманасов 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер аулында туған. Мектепті бітіргеннен кейін қатардағы жұмысшы, ұжымшар қызметкері, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып істеп, 1959 жылдан бастап бірыңғай журналистика қызметіне ойысады. «Лениншіл жас», «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет атқарған. Кейінгі жылдары Алматы облыстық әкімшілігінде жауапты қызметте болды.

Алғашқы өлеңі 1956 жылы жарық көрді. Содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел- белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдық таңдамалысы, 2001 жылы «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдаулар, арнау өлеңдер кітабы шыққан. 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы оншақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өнердің жүзі» деген атпен, естеліктері «Қалам мен заман» деген атпен жарық көрді.

Жаны жомарт, мінезі жайсаң ақын Сәкен Иманасовтың өлеңдері де өзіне тартқан: сұлу, сүйкімді, сұңғыла. Лирик ақынның жан- жүрегі адалдыққа, тазалыққа, нәзіктікке, сұлулыққа іңкәр.Оның арман- аңсары сөз өнерінің құдірет-күші арқылы адамдардың жан-жүрегін сезім сәулесіне, мейірім шуағына бөлеп, қиялына қанат бітіріп, бақытты ғұмыр кешуіне тілектестігін білдіру.

Сәкен Иманасовтың көптеген өлеңдерінде өмірден өз бақытын іздеп, шарқ ұрған адамның бейнесі де келістіре кестеленген. Өлеңде өзіндік мәнері қалыптасқан ақынның сөз қолданысы тіл байлығының белгісі.

Ақынның өлеңдерінде толғану мен торығу, наным мен налу, қуану мен қайғыру, күлу мен сүю сынды адами мінез-қылықтар қатарласа өріліп, алапат сезімдер арпалысы жан-дүниеңді дүр сілкіндіреді. Ол өлеңдердің ажары мен айшығы оның мазмұны мен тақырыбына үндесе, үйлесе кетіп көңіліңді көкке өрлететін сиқырлы күшке ие.

Ақынның азаматтық әуенде жазылған жырлары - шындық іздеп шарқ ұрған әр қазақтың жүрек сөзі. Сәкен ақынның жан-жүректі шымырлата ойыңды шымырқанта жазған жырларында замандастарының қиналыстары мен күйзелістерін өз жүрегінен өткізіп, мұңы мен сырын бүкпесіз бейнелеген. Нағыз ақынның өлеңдерінде өмірдің өзекжарды – имандай иландыратын шындығы тасада қалмаған. Жалған сөйлеуден іргесін аулақ салған саңлақ ақын өлеңдері өмірді боямалап, әсірелеп, асқақтата жырлауға жаны қас. Оның көкейіне көбінесе ойлы өлеңдердің орала беретіндігі де ақынның бір бүгінгінің сәттік қызығына берілмей, келер күндердің жақсылығын тағатсыз тосқандығы деп білеміз.

Сәкен ақынның көп қалам тартқан тақырыптарының ішінде табиғат пен махаббат туралы толғамды да тартымды өлеңдері оның ақындық қарымын асқақтата түскен жампоз жырлар. Ақын өлеңдерінде өрнектелген табиғат пейзаждарының небір үздік үлгілері бар. Ал көркем ой мен кестелі тіл Сәкен сынды нағыз ақынға ғана бұйырған бақыт, табиғат сыйы. Сәкен поэзиясы – тұңғиық ойдың тереңіне батырып, сезіміне сілкініс, жан дүниеге жарылыс жасайтындай әсерлі де нөсерлі жыр жолдары салған жерден еріксіз тебірентіп, толқытып, мазасыздық бесігінде тербете жөнеледі. Ақынның жаратылысында жақсылыққа ғашық жүрек, сұлулыққа іңкәр мөлдір сезім бар. Оның өлеңдерін оқырман қауымның сүйсіне оқуының тағы бір сыры осында. Ақынның өлеңдері жеке бастың жыры мен мұңы емес. Ол барша қазақ баласының ортақ көңіл күйі, арман- аңсары. Ол өз басынан кешкен тағдыр сабақтарынан тәлім алып, ой түйген, жалпы адамдарға тән өмір қағидаларының құпия сырын ашып, сол арқылы жалпақ елдің жүрегіне жол тапқан тамаша талантты ақын. Лирикалық кейіпкердің бейнесінен әркім өзін танып жатса ғана оның ұлт ақыны болғаны. Сәкен ақынның осы санатта екендігі шүбәсіз шындық. (Қуанышбай Құрманғали)




Шығармалары:
Иманасов С. Екі томдық таңдамалы шығармалары.- Алматы: Жазушы,

1993.


Иманасов С. Екі томдық таңдамалы шығармалары.- Алматы: Жазушы, 2006.

Иманасов С.Ақ айдын: Өлеңдер жинағы.- Алматы: Жазушы,1969.

Иманасов С. Ғашық дүние: Өлеңдер.-Алматы: Жалын,1977.

Иманасов С.Жыр дәурен: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1978.

Иманасов С. Ғашықпын саған: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жазушы,1981.

Иманасов С. Бел- белес: Жыр кітабы.- Алматы: Жалын,1985.

Иманасов С. Адырна: Жыр кітабы.- Алматы: Жазушы,1988.

Иманасов С. Қалам мен заман: Естеліктер, эсселер.- Алматы: Жазушы,

2001.

Иманасов С. Қаламдастарым мен замандастарым: (Эсселер,пайымдамалар, арнау өлеңдер).- Алматы: Қазақстан,2001.



Иманасов С. Өткірдің жүзі: Өлеңдер.- Алматы: Елорда,2003.
Өмірі мен шығармашылығы:
Дүйсенбайұлы Е. Сәкені бар қазақ: (Ақын С.Иманасов туралы) //Қазақ әдебиеті.- 2008.-25 сәуір.

Қайырбеков Ә. Үндестік : (С.Иманасов турлы) // Қайырбеков Ә. Саға.-Астана,2003.

Құрманғали Қ. Сәкен ақынның сырлары: (Ақын С.Иманасов) // Айқын.-2008.-15 мамыр.

Мұқай Ө. Жетпістің төріндегі жарасты тұлға: (Ақын С.Иманасов- 70 жаста) // Алматы ақшамы.-2008.-22 мамыр.



Иманбаева Шолпан

(1903-1926)

Шолпан Иманбаева 1903 жылы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Майбалық деген жерде кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Жоқтық пен аштықтың азабын көп тартқан Иманбайдың отбасы 1918 жылы Шолпанды өзінен көп жас үлкен кісіге тұрмысқа береді. Күңдік өмірдің азабына шыдай алмаған Шолпан 1921 жылы азаттық алып, Ақмола қаласына келеді. Қазақтың жетім балалар үйінде тәрбиеші болып, бір жағынан сауатын ашты. Комсомол қатарына өтіп, уездік әйелдер бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. Ауыл сахнасында өз өлеңдерін оқып, өлең өріне ұмтылуға көп мүмкіндік туады. Шолпан өлеңдері ауыздан- ауызға тарап, Ақмола жұртшылығына ақын қыз әбден белгілі болады.

Шолпанның тұңғыш өлеңі 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басылады. Сол уақыттан бастап талантты қыздың тартымды өлеңдеріне кең жол ашылады. Шолпан өлеңмен айналысқан үш жыл ішінде 50-60 өлең жазады. Бірақ оның көбі жарық көрмеді. 1926 жылы Шолпан қайтыс болғаннан кейін өлеңдерінің көбін жинастыратын жанашыр адамның дер кезінде шықпағандығынан жоғалып кетті. Шолпанның бізге белгілі 21 өлеңі ғана сақталған. Ол 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан «Шолпанның таңдамалы өлеңдері» атты жинақта басылып шықты.

Шолпанды өнер өріне тартып, өз қамқорлығына алып, сүйеніш болған Нәзипа Құлжанова еді. Өлеңдерін «Еңбекші қазақ» газетіне жолдауға кеңес береді. Шолпанның тұңғыш өлеңі осылай жарық көреді. Ол «Жолаушы мен жұмыскер» деген өлеңі еді. Шолпанның кеше алақандай ауылдан аспай жүрген өлеңі енді бүкіл қазақ даласына тарайды. Күн шығыс әйелдерінің бас бостандығы, азаттық туралы «Қазақ әйелдеріне», «Жалшы әйелдер аузынан» дегендей бірнеше өлең жазады. Сонымен қатар бірнеше өлеңі «Қызыл Қазақстан» журналында басылып шығады.

1924 жылы Орынборда өлкелік әйелдер курсы ашылады. Ақмоланың губерниялық әйелдер бөлімінің ұйғаруымен Шолпан осы курста оқып, оны 1925 жылы бітіреді. Ақмола қаласында жүрген кезіндегідей, Шолпан курста ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, шәкірттердің шаруашылық комиссия-

сының мүшесі және қабырға газетінің редакторы болады.

Шолпанның ақындық дарыны бірге оқып жүрген құрбыларына таны-

лып қана қоймайды, курс ауласынан шығып, өлкелік газет - журналдар арқылы кең таралып, еңбекші елдің жаршысына айналады.

Үлгі сөз,

Бола ма кез

Оқып, білім жазбаса?

Алтын мен жез

Алынбас кез

Еңбектеніп қазбаса, - деген өлең өзімен бірге оқыған шәкірттерді білім шыңына шығарып, шабыт бергендігі сонша, ел аузынан түспес жырға айналды.

Орынбордағы бір жарым жыл оқу Шолпанға үлкен жол ашып, оң мен солын түсініп, әлеуметтік- қоғамдық өмірге етене араласа бастады. Оның үстіне әдебиетші деген сенімін орнықтырып, үмітін ұзаққа жетеледі. Көкірегі ояу, көңілі зерек Шолпан оқуды тиянақты оқыды. Ол сол кездегі «Әйел теңдігі» журналына үзбей қатысып, журналдың шығуына араласып тұрды. Шолпанның «Әйел теңдігі» журналы бетіндегі өлеңдері қазақ әйелдеріне серпіліс туғызды. Қараңғылық пердесіне сәуле түсіргендей әсер етті. Шолпан өлеңдерінің көпшілігі сол Қазан революциясы жеңісі мен жаңа заман жемісіне арналды. Қалың малдың құруына арналған әртүрлі саяси тақырыптарға арнап жазған өлеңдері «Әйел теңдігі» журналына үздіксіз жарияланып отырады. «Жамал жолдасқа» деген өлеңі :

Замандас көп қажыма қиял ойлап,

Ой түбі, бір терең сай кетсең бойлап.

«Сары алтын сабыр түбі» деген сөз бар,

Сабырлылық ақырында бәрін жоймақ» - деп, Жамалды өмірге, өнер өріне ұмтылуға дем береді. Өзі ауруханада жатса да қатары мол сабырлы, өмір үшін күрескен Шолпан бейнесінен қазақ қыздарының, алдыңғы сапындағы қарылғаштарының бірі екендігін айқын көреміз.

Ақындық тұғырға көтеріліп, қаламы төселіп, қадамы қарыштаған шақта Шолпан ауыр дертке душар болды. Оқуын бітірісімен еліне жүріп кетеді. Алайда алған білімі мен жазған рухани жемісін апа-сіңлілеріне, құрбы-құрдастарына жеткізе алмай, төсек тартыпжатып қалады. Ауыр дерт өршіл Шолпанды жасыта алмады.

Өмір деген жазғы тұрғы жаңа бұлт,

Бүгін тұман, ертең болмақ ол жарық.

Үмітті боп, тез құтылып кетуге,

Шыдамды бол, салқын қанмен қарсы алып, - деп, өзіне өзі дем беріп, көңілін жасытпады.

Ақын Иманбаева Шолпан 1926 жылы 18 қыркүйекте дүние салды. Оның «Октябрь мейрамына» деген соңғы өлеңі «Әйел теңдігі» журналына шықты. Қыршынынан қиылған Шолпанның қажырлы өлеңдері келешек жолына арналды. Шолпанның көзі тірісінде кітабы жарық көрмеген.

1927 жылы» Шолпанның таңдамалы өлеңдері» жарық көрді.

1950 жылы ақын М.Хакімжанованың құрастыруымен ол қайта басылып шықты. Алғы сөзін Қ.Жармағамбетов жазған жинаққа 1927 жылы жарияланған 27 өлеңі мен 1925 жылы «Еңбекші Қазақ» газетінде басылып шыққан «Ленин жолы мен қазақ әйелдері» атты мақаласы енгізілген.


Шығармалары:
Иманбаева Ш. Қоңыр қаз; Жеттік, міне: Өлеңдер //Қазақ әдебиеті

(ХХ ғ.) Хрестоматия.- Алматы,2007.


Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Кәкішев Т. Шолпан //Кәкішев Т. Дәуір дидары.- Алматы,1985.

Мұратбекоа Л. Шолпан Иманбаева //Алғашқы қарлығаштар.- Алматы,

1993.

Иманжанов Мұқан

(1916-1958)
М.Иманжанов қазіргі Жезқазған облысының Ұлытау ауданында 1916 жылы желтоқсанда туған. 1935-38 жылдары Алматыдағы есеп-санақ техникумын оқып бітірген. Әдебиет- қалам тербеу ісіне қабілет- бейімін сезіп, 1938 жылы Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты бітіреді де, радио хабарларын тарату жөніндегі республикалық комитетінде редактор болып істейді. Ал 1942-49 жылдары қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде әуелі әдеби қызметкер, сосын, жүре келе бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ денсаулық жағдайына байланысты «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысады.

М.Иманжановтың әдеби-шығармашылық қызметі 1938 жылдан бастал-

ғанымен, оның республика жұртшылығына анық таныла бастағаны Ұлы Отан соғысы жылдары. Қаламгердің романтикалық сарында жазылған көркем әңгімелері мен очерктері баспасөз бетіне жиі басылады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Жастық» деген атпен - авторы Тауұлы -1948 жылы басылып, оқырман қолына тиеді.

Мұқанның қазақ оқырман қауымы арасында кеңінен танылып, жазушы есімін әйгілі еткен «Алғашқы айлар» хикаяты мектептегі оқу- тәрбие тақыры-

бына арналған. Оның басты кейіпкері білімді де жігерлі жас мұғалім Жақып-

бек бүкіл оқу - тәрбие мәселесін толайым өмірмен, өндіріспен байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді және сол мақсат-мұратын жүзеге асыру жолында бар күш- жігерін салып, аянбай күреседі. Хикаят авторынан қалың оқырман арасында абырой-беделін арттыруға 1950 жылы « Алғашқы айларға» Жамбыл атындағы республикалық бәйге берілуі де кәдімгідей әсер етеді.

Шығармашылық жолын қысқа әңгімелер жазудан бастаған М.Иманжа-

нов «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінде істеген жылдары емін - еркін көсіліп, көптеген көркем очерктер мен көсем-

сөздерді, хикаят, пьесалар мен әдебиет туралы толғаныстарын, аяқталмай қалған «Көк белес» атты романын жазады. Жазушының «Таныс қыз» әңгімелер жинағы 1954 жылы, ал «Көк белес» романы 1960 жылы жарыққа шықты.

М.Иманжанов шығармаларының екі томдығын оның сүйген жары, әдебиетші - ғалым Рәзия Рүстембекова құрастырып, «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарыққа шығарды. Қаламгердің ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, естеліктер жинағы 1980 жылы «Жалын» баспасында «Өркен» деген атпен жеке кітап болып басылды.

М.Иманжанов көзі тірісінде «Егемен Қазақстандай» орталық газеттің әдебиет бөлімін басқарғандықтан ба, әйтеуір, талантты жастарға мейлінше көп көмектескен, оларға білген ақылын айтып, хат жазысып тұрған. Бұны қадірменді қарт жазушылардың естелігінен білуге болады. Отан соғысында қаза тапқан атақты көсемсөзші қаламгер Баубек Бұлқышевтың жан досы болғанын, ол «өлгесін қызық та сөнгенін» шын жүректен тебірене отырып жазады.

М.Иманжанов ғұмырының соңғы жылдарында ұзақ уақыт туберкулез-

дің ашық түрімен ауырады. Ол емделу үшін Балтық жағалауы мен Қырым курорттарына да барады. Бірақ бұлардың да пайдасы мәрдымсыз болып шығады.

Ол жеке басы іштей қасіретті ғұмыр кешкенімен, шығармалары негізінен күн шуағындай жарқын, өйткені олар сол дәуірдегі жастар өміріне, олардың арман- тілегіне, адамгершілік қасиетіне, парасат мәселелеріне арналады. Олар өмір бойы орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийді көп оқып, зерттеп, оның «Адам деген ардақты ат» деген сөздерін қаламгерлік мұратына айналдырып, қадірлеп өткені тегіннен - тегін болмаса керек.

Ол 1958 жылы қырық екі жасында бақилық сапарға аттанды...
Шығармалары:
Иманжанов М. Таңдамалы шығармалары: Екі томдық.- Алматы: Жазушы,1977.

Иманжанов М. Таныс қыз: Әңгімелер және роман.- Алматы: Жазушы.

Иманжанов М. Өркен: Мақалалар, хаттар, естеліктер.- Алматы: Жалын, 1980.

Иманжанов М. Алғашқы айлар: Повесть.- Алматы: Атамұра.

Иманжанов М. Ақмоншақ: Әңгімелер.-Алматы: Ана тілі,2006.

Өмірі мен шығармашылығы туралы:

Шаймерденов С. Жастық- келешегімен бақытты: (М.Иманжанов) //Шаймерденов С.Әдеби толқындар:-Алматы, 1986.


***
Батырбеков О. Жақын жүргеннің бәріне қамқоршы еді..: (Жазушы Мұқан Иманжанов) //Жұлдыз.-2007.-№10.

Жұмабаев Ә. Жастық шақтың жыршысы: (Мұқан Иманжанов) //Егемен Қазақстан.-2009.-17 қараша.

Сәрсенбаев Д. М.Иманжановтың «Тыңдағылар» очеркі жайлы //Ақи-

қат.-2004.- №10.



Исабай Қалмұқан

(1925)
Қалмұқан Исабаев1925 жылы 25 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. 1943 жылдың қаңтарында 10 класс партасынан Совет Армиясы қатарына шақырылады да, одан 1954 жылдың күзінде запасқа шығады. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1954 жылға дейін КСРО Қарулы күштерінің Германиядағы батыс тобында қала коменданты болып қызмет атқарған. 1954-55 жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде

10 класты бітірісімен, қазақ мемлекеттік университетінің филология факульте-

тіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады және осы уақытта «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры болды.

 Қ.Исабаевтың әңгіме, очерктері баспасөзде 1954 жылдан жариялана бастады. Алғашқы «Баян» әңгімелер жинағы 1959 жылы жарық көрді. Кейін «Ажал құрсауында» (1961), «Жұмбақ үй» (1962), «Бетпе-бет» (1963), «Соңғы тәулік» (1966) повесть, әңгіме, очерктер жинақтады. «Сұңқар самғауы» (1966), «Айқыз» (1967), «Жолдас комендант» (1975), «Көгілдір қазына» (1978), «Серт» (1982), «Арна» (1984) т.б. романдары басылды.

 Жазушы Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлерменен 500 километр жаяу сапар шегіп, «Арман арнасымен» атты күнделік кітабын жазды. Он екі жыл бойы құрылыстың басы- қасында болып, «По руслу мечты», «Подвиг степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.

Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ ССР Мәде-

ниет министрлігінің 1984 жылғы конкурсында жүлдеге ие болған. 1979-1980 жылдары Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін мәрмәр тасқа қаша-

тып, Гетенің ГДР- дегі Габелбах музейіне қойған және осы сөзге жазылған Абай әнінің магнитофон таспасын тапсырған. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді.

Кітаптары орыс, неміс және басқа тілдерде жазылған. «Қызыл Жұлдыз» (1945), «Еңбек Қызыл Ту» (1975), «Құрмет» ордендерімен, 1-дәре-

желі Отан соғысы ордендері және медальдарымен марапатталған. 2003 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет