1) «Қазақ хрестоматиясының» дүниеге келуі
Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығынан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге амалсыздан татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен араб, парсы сөздеріне лық толған; сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бұл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар осы жағынан алып қарағанда да дүниеяуи мақсаттарды көздейтін орыс-қазақ мектептерінде пайдалану үшін, мысалы, орыс тіліне аудартып жаттықтыру үшін қолайсыз. Осылармен қабат бір ескертетін нәрсе — қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ. Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық, сондықтан бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық.
Жоғарыда айтылған қолайсыздықтарды оқу ведомствосының көптеген білімді қайраткерлері бұрын да көрсетіп келген болатын, сондықтан мен сол білімді адамдардың ақылын алып, екінші жағынан, өзім де осылай етуді қажет деп тауып, осы хрестоматияны құрастыруға кірістім. Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім, екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім, сондықтан бұл кітапқа енгізген әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды.
Бұл хрестоматияны мен екі кітап етіп шығаруды ойладым. Бұл басылып отырған бірінші кітаптағы мақалалар мынадай төрт тарауға бөлінді:
1)Балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларын, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды, мысалдар мен халық әдебиеті, балалардың туғандарына жазған хаттары.
2) Әр түрлі жастағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер.
3) Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді.
4) Қазақтың мақал-мәтелдері.
Екінші кітапта қазақтың төл әңгіме,аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндірістехникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз.
Тұңғыш рет шыққалы отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияныңкейбір кемшіліктері де болуы мүмкін,бірақ сонда да болса бұл кітап ізсіз қалмас, тұңғыш оқу кітабы ретінде көздеген мақсатына жетер деген үмітпен өзімді жұбатып отырмын. Оның бер жағында осы күні халқымыз өз тіліндегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына, надан жатқан; бірақ әліазғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымыздың шамасының келгенінше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз екеніне, бәлкім, басқа да менен білімдірек елдестеріміздің де санасы жетіп қалар.
2) «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы»— — орыс графикасына негізделіп жасалған ең алғашқы оқулық. 1879 жылы Орынбор қаласында шыққан. Бұл орыс тілі грамматикасы қысқаша курсын қамтитын оқу құралы. Оқулықта жеті бөлім бар: 1) Нәрселердің аттары (зат есім). Имя существительное; 2) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім); 3) Есеп аттары (сан есім). Имя числительное; 4) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік); 5) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу). Наречие и союз; 6) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау); 7) Глагол деген сөздің бөлігі (етістік). Қазақшадан орысшаға кешіруге арналған сөздер. Оқулықтың алғы сөзінде оқу құралын қалай оқыту жөнінде әдістемелік нұсқау берілген (оқыту әдісі белімдерден кейін де көрсетіліп отырады). Әрбір бөлім сөздіктен тұрады. Әрқайсысынан кейін орыс грамматикасының негізгі, басты ережелері ұсынып отырады (мысалы, септік жалғаулары, көпше, жекеше түр, род, реңк мәнді жұрнақтар, зат есімнен жасалатын сын есімдер, шырай түрлері, етістіктің шақтары, райлары т. б.). Ережелер қабылдауға оңай нұсқауда келтірілген. Сөздердің тізбесін, грамматикалық ережелерді беруде арнайы әдістемелік мақсат көзделінген: оқушы әдебиеттік оқуды меңгермес бұрын, жекелеген сөздердің тобымен, бастапқы, негізгі ереже түрлерімен таныс болады, жүйелі дайындық курсынан өтеді. Оқулық бірде-бір орыс сөзін білмейтін қазақ баласына тіл үйрену неден қалай басталуы керек деген мәселені қояды. Бұл — сол кезеңдегі орыс грамматистері мен әдістемешілері де қолға ала қоймаған күрделі жұмыс. Тіл үйрену үстінде бала екі бірдей дағдыны қатар игереді.
Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.
Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Ол мәдениет пен білімнен артта қалған ел-жұртын көрші елдің өнер-білімін, техникасын игеруге шақырып қана қоймай, сол игі істі тікелей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады.
Ыбырай Алтынсариннің жұмысы жастарды үш тілді игеруге, сауатты және жоғары білікті маман болуға шақыратын елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың үндеуімен үлеседі.
Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. – Алматы: № 11, 2004. 109 – 112 б.
2. Сарбаева А.М. «Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері. IX-XIX ғасырлар. Ғұлама тағылымы»: Оқу – әдістемелік құрал. Көкшетау: «Келешек 2030», 2011ж. 144-161бет.
3. Ы.Алтынсарин. Қазақ энциклопедиясы.-Т.1-121 –б7
4. www. egemen.kz
Достарыңызбен бөлісу: |