Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының


(Төлебай Құрманалинның «Өмір өткелдері» кітабынан, Ақтөбе қаласы 2004 жыл.)



бет13/36
Дата22.12.2021
өлшемі1,41 Mb.
#828
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   36
(Төлебай Құрманалинның «Өмір өткелдері» кітабынан, Ақтөбе қаласы 2004 жыл.)

Сматолла Молдашұлы БЕРКІМБАЕВ,

Қазақстан Республикасына айрықша

еңбек сіңірген дербес зейнеткер
СӘТТІ ЖАЛҒАСҚАН ЖОЛ
Ақтөбе қаласында тұратын кәсіпкер ініміз Жалғас үйге арнайы келіп сәлемдесті. Әңгіме үстінде әкесі Қонақбай Назаровтың туғанына жүз жыл толуы қарсаңында естеліктер жинағын шығарғысы келетінін айтып, менің де пікір білдіруімді өтінді. Игі ниетті қуана қабылдадым. Бір жағынан Қонекеңмен ағайындығымыз бар, екінші ретте кезінде партия органдарында лауазымды қызметтер атқарып, облысқа танылған азамат.

Мен марқұмды алғаш 1954 жылы көрген едім. Ақтөбеде жиналыстардың бірінде қадірлі ағаларымыздың бірі Бақи Шанов таныстырған болатын. Сом денелі, орта бойлы, қара торы жігітағасы, үстінде сол кезеңнің киімдері – сұр китель, галифе шалбар, басы мен мойыны тұтаса біткен, шынымды айтсам баласы Жалғастың қазіргі тұрпатынан ағамызды көргендей боламын. Әңгімені шегелеп айтады екен, сауалдарынан ағайын-туыспен араласуға ықыласы аңғарылып тұрды.

Арада көп уақыт өткен жоқ, облыстық партия комитеті ұйымдастырған семинар-кеңестердің бірінде тағы ұшырастық. Мінбеге Қонекең шығып сөйлегенде қатысушылар ұйып тыңдады. Әңгімесі жинақы, ой-пікірлері түйінді, ортақ істі қайткенде алға бастыру турасындағы ұсыныстары көпшілікке ұнағандықтан шығар, сөзін аяқтағанда бәрі де қол шапалақтап жатты.

Жалпы Қонақбай Назаров – партиялық қызметтің облыстық, аудандық буындарында, кеңшар партия комитетінде жұмыс істеп, бай тәжірибе жинақтаған адам. Әкеден жастай қалып, еңбекке ерте араласқан, Ұлы Отан соғысының от-жалынын өткерген. Ғұмырының соңғы жылдарында бұрынғы Октябрь ауданының «Пролетарий» кеңшарында партия комитетіне жетекшілік етті. Кеңшарда егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамытылып, облыста іргелі шаруашылықтар санатында аталды. Директоры Қуандық Әлішевтің қызметі лайықты бағаланып, көрші Мұғалжар ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Қонекең болса жасының толуына байланысты республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер мәртебесімен демалысқа жіберілді. Ер балаларының үлкені Жалғас осы кеңшарда бас есепші болып жұмыс істеді.

Өкініштісі – ағамызға небәрі 65 жыл ғұмыр бұйырды. Ол қайтыс болғаннан кейін тұрған үйін Жалғас иемденді. Қуанышты жай – балалары, яғни інілеріміз бен қарындастарымыз әке-шеше жолын сәтті жалғастырып келеді. Жалғас Ақтөбе қаласында кәсіпкер, үйлі-баранды. Болаты – егемен елімізде мұнай-газ өнеркәсібін дамытуға сүбелі үлес қосып жүр, қазір Астана қаласында «КазРосгаз» акционерлік қоғамының басшысы, екі қызы тұрмысқа шыққан, ұлы – шет елдердің бірінде жоғары оқу орнының студенті. Талғаты Алматы қаласында тұрады, нарықтық экономиканы жетік меңгерген кәсіпкер. Қарындастарымыз да жоғары білім алған, бақытты шаңырақ иелері: төртеуі өзіміздің Ақтөбеде, біреуі Талдықорған қаласында тұрып жатыр.

Ел-халықтың ағамызға берген батасы кейінгі ұрпағына дарыды деп ойлаймыз. Қаршадай кезінен тұрмыс тауқыметін тартқан, өз дәуірінің небір зобалаңын көзімен көріп, соған ерік-жігерін қарсы қоя білген. Бұл кісі қайда жүрсе де жетім-жесірге, кемтар жандарға қарасып, қолдан келген көмегін берді. Мұны талай адамдардың егіле отырып айтқан әңгімесінен түйсіндік.

Жеңгеміз Шолпан Қонекеңнен кейін алаңсыз, мағыналы тірлік кешті, балаларының және үлкен немерелерінің үй болғанын көрді, шөберенің ернінен сүйді. Жылына бір-екі рет ағамыздың үйінен ағайын-туыстар болып дәм татып, шырайлы көріністерге куә болатынбыз. Жеңгеміздің құда-жегжаттарының, ниеттес замандастарының, балаларының ортасында 2008 жылы 85 жасында бақилық болуы да – Алланың берген несібесі.

Құдіреті күшті Тәңірі әркімге әрқилы тағдыр бұйыртады. Біз Назаровтар әулетінің саясы мол бәйтерекке айналғанын көріп, шүкіршілік етеміз. Айтар тілек – тіл-көзден аман етіп, көркейе берсін!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет