Жанр: (драма)



бет1/2
Дата01.07.2022
өлшемі23,78 Kb.
#147229
  1   2
Байланысты:
Шыңырауқталмаған


Жанр: (драма)
Автор: Ә.Кекілбаев
/драма/ 
«Шыңырау» повесінің желісі бойынша
Рольдер мен орындаушылар:
Еңсеп –
Байсал бай –
Қалпақ,
Бөкен бай,
Жас жігіт –
Фон музыка . саханда осы фон.музыкаға би билейді.
Бінеше су қазушы жұмыскерлер тұрады. Кезек –кезек сөз сөйлейді.
Дауыс:
Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтып түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да ыстық қайта, құдықтың басына келді. Серіктері шайланып болғанша айналада шашырап жатқан шеген тастарды көрді. Ернек шың бұл арадан үш қонып төртінші түнемелікке әзер жететін жерде. Одан беріде тас баласы табылмайды. Жылмиған қара сұр жазық. Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады
Байсалбай :
Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салғам.
Еңсеп
Шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болдым. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қалай көріп еді, оған өзі м ыңғай бергем жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. Бірақ оны әзір жан баласына тісімнен шығармақшы емеспін. Шет жағасын ертең Байсал байға шыңырау біткен той үстінде айтпақпын.

Той. Қатысушылар атқа мініп,бәйгеде жарысып келе жатқандай қимылдайды.Ат үстінде шауып келе жатқан жігіттер әңгімесі: (Күмбірлеп күй ойналып тұрады) Балбырауын күйі)


Жігіт:

Еңсеп шай ішіп бусанып шыққан жігіттер қасына кеп насыбай атысты. Соңыра салқын түсе, ел қыстауға қайтып келе жатқанда, Байсал бай құдық байғазы тойын қай жерде өткізетінін айтып таласты. Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті.


2-жігіт
Әййй –шап!
Үстірттің үстіндегі ең терең, ең өрісі мол шыңырау осы болмақ. Шығыр тартқанда қара атан қазірдің өзінде екі жүз қадамнан асып қайтып жүр. Кешеден бері құдықтан шыққан топырақтың қиыршығы азайып, жентек-жентек саз ұшыраса бастады. Суының тұщы болуы да ғажап емес. Енді Еңсеп сол туырлық сазды түгел ойып біткенде, ар жағынан балдай тәтті тұщы су тесіп шықса, Байсал бай ханға сәлем берер ме. Аман болса, бүкіл ала қырдың үстіндегі жалпақ ел бұл шыңырауға көзін сүзіп өтеді. Байсал бай дәулетін осы жолы төкпегенде қайда төгеді. Айдыны асқан жерде аямай сілтеп қалатын шығар!

Еңсеп:
Осындай көші-қонды күйкі тірлікте жүретін құдықшы ауылда не сән, не салтанат болсын. Ала қырдан су іздеп, құдық қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас!..» Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демеген-деріне де шүкірлік.

1-жігіт
Еңсеп беліне қыл арқан байлап құдыққа беттеді. Төрт-бес жігіт қатарласып, қыл арқаннан ұстады. Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады - саңылауы жоқ қара түнек. Еңсеп ыссыдан өңін жоғалтып алған күлгін аспанға қарады; сосын құдықтың ішіне аяғын салбыратып сыз қабырғадан тесіп жасаған теппеге башпайын тіреді. Манадан бері күн қыздырып тастаған бақайы мұздап қоя берді. Кеңірдегін созып қарап еді, құдықтан шыққан сұрғылт төмпешіктердің ар жағында екі құрым күрке қарауытты. Арқаннан ұстап, құдыққа төніп-төніп тұрған жігіттердің әбден күнге шыжғырылған қап-қара сирақтарын көрді. Жаңа ғана айнала сағым шалып жатқан көл-көсір көкжиек енді қара сирақтардың ара-арасынан қылт-қылт жылтырайды.
2- жігіт
Қыл арқаннан шірене тартып тағы бір теппе төмен түсті. Жігіттердің қайыс қара жүзінде моншақтап тер шығыпты. Бәрі де түу сонау зымыранға түсіп бара жатқан бұған телміре қарайды. Шалқар дария кең аспан шара табақтай боп құдықтың аузына төңкеріле қалды. Сыз құдықтың салқын лебі енді шындап сезілді. Тершіп тұрған жауырыны оқыс мұздап, тұла бойы түршігіп кеткендей болды.
3-жігіт
Құдықтың ішіне кесе-көлденең түскен күн сәулесі түу сонау төбеде. Маңайының бәрі бозғыл, бұлыңғыр тартты. Жарықтың бәрі жоғарыға серпіліп, дәл құдықтың аузына мұнардай ұйысып тұрып алыпты. Сыз лебі манағыдай емес, күшейе түсті. Төмендеген сайын бақайы қарылып, қатырып барады. Әдетте, жоғары шыққанда бір теппе биіктеген сайын көңілің өсіп сала береді.
Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе көрінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тірелгенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай боп, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып тырбаң-тырбаң етеді. Топырақ таусылып көк тасқа жетті. Төңірегіндегі жаңағы бір қара көлеңке бұлыңғыр жарық та сарқылды. Қара да емес, қоңыр да емес, жым-жылас тас түнек. Бұл сырттан түскендіктен, әлі көз үйренбегендіктен. Әйтпесе қазір-ақ айналасын айқын көре алмағанмен түксиген тас қабырғаларды еміс-еміс ажыратуға болады. Құдықтың ауыз жағы қылдырықтанып жіңішкере түсті. Ауыздағы адамдардың жобасы жоғалып, әлдеқандай қара ноқаттар қылауытады. Екі жүз қадам жердің асты...
Күнде-күнде шығып-түсіп, теппелер әбден жатталып қалған. Осы түс-ау деп аяғын тіреген жері теппе боп шығады. Ишекке-ай... Табанынан өткен суық шекесін тесіп барады. Қыс болса, сыртта қара өкпек соғып, қар суырып тұрғанда мына шұңқырдың ішінде буы бұрқырап, денесі жайылып отырар еді. Қазір сыртта шыжыған шілде тамыз. Мынау көрдің іші үскіріп тұрған ақ боран. Шиыршық атқан қыл арқан емшек тұсына, екі бұғанасына қыз-қыз батып күйдіріп барады. ..

Еңсеп:
.Міне, жеттім-ау ақыры!( Еңсеп көзін тарс жұмып ұзақ тұрып қалды.) Біраздан соң қайта ашты. )


Жан-жағым түксиген қара сұр қабырғалар қарауытады. ( Жалма-жан беліндегі арқанды шешті. Де,Сосын арқанды қағып жоғарыдағыларға белгі берді. Қыл арқан қайтадан көкке көтерілді.) (Шелтеңдеген ұшы көкірек тұсынан сипап өтіп еді, тікендей тиді. Әлгінде ғана екі жүз құлаштан астам түксиген сүр қара тас, мелшиген меңіреу қара жердің астындағы оны еріктерімен, жер үстіндегі жарқыраған тірлікпен, мұп-мұздай сұп-сұр қабырғаларды шыжыған шаңқай түстегі күннің оттай ыстық нұрымен байланыстырып тұрған қыл арқан енді жеті қабат жердің астына жаңғыз тастап, өзі сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады.
Кенет көз ұшында сығырая жылтыраған жаңғыз саңылау да бітеліп қалды. Алыстан болса да атой беріп, емексітіп тұрған жарық дүние жым-жылас ғайып болды. Еңсеп жан-жағынан анталап тұрған сыз қабырғаларды бәрібір көріп отыр. Қатпар-қатпарға тығылған үрейлі көлеңкелер қазір тұтаса ұйысып, меңіреу қараңғыға айналыпты. Табанын қарыған суық шекесінен өтіп барады. Башпайларының да быртиып-быртиып ісіп кеткен түрі бар.)




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет