Жарасқан Әбдіраш поэзиясындағы туған дала образы



Дата18.01.2023
өлшемі19,33 Kb.
#165845
Байланысты:
Дала образы


Жарасқан Әбдіраш поэзиясындағы туған дала образы
Автор: 
Жансая Ошақбаева (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Әдебиетке ХХ ғасырдың 70 жылдардың басында келген Жарасқан Әбдіраш өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен көрінген ақын. Оның «Найзағайлы жаз», «Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туғандар», «Перзент парызы» атты өлеңдер жинағы оқырманды жігерлі үнімен, ашық та таза сезімімен елең еткізді. Ақынның шығармашылық келбетін даралай түсетін басты тақырып – туған дала. Дала қай ақынды болмасын толғантқан арналы тақырып. Кезінде Ілияс Жансүгіровтің далаға арнаған эпикалық кең тынысты туындысы өзге ақын шығармаларынан да дәстүр жалғастығын тауып жатты. 1975 жылы «Дала, сенің ұлыңмын» деген атпен жарияланған кітабына ақын дала туралы перзенттік сүйіспеншілікке толы өлеңдер топтамасын енгізген, «Туған дала» деп басталатын бұл туындыларында ақын қазақ даласының поэтикалық портретін жасайды. Ақын туған өлкесінің тарихын зерделеп, оның алдындағы перзенттік парызын, жауапкершілігін терең сезінеді. Ақындық жолының басты шығармашылық нысанасына айналатынын ашық айтады сезіндіреді. Дала – поэтикалық образ. Ақын дала дегенде, ең алдымен, туған халқын, оның жомарт мінезі мен батырлығын, әр алуан психологиясын ұғынады.
Туған дала,
Талайлардың от қанын,
Лапылдатты тентек күйің,
текті әнің. Сөз сөйлесем –
Сенсің биік тұғырым!...
Сенсің менің абыройым,
Мақтаным!....
деп келетін өлең жолдарында, немесе
Туған дала,
Көп үніңнің бірі едім,
Өмірімнің,
Көңілімнің нұры едің...
Өзің жайлы өлеңімді бірақ та
Әлі күнге оқи алмай жүр елім.
дейтін тармақтарында ақын даланы мақтан тұта отырып, өзін оның бір бөлшегі, ажырамас үні екенін білдіреді.
Сондықтан да Ж.Әбдіраш мың қайғырған, мың қуанған сәттерінде де туған даласымен ашық, емен жарқын сыр бөлісуге ұмтылады.
Келем әлі,
әлі саған көп келем,
әнім қанша,
күйім қанша шертпеген.
Өзің жаққа өлең болып ұшамын
шын қуанған,
шын қайғырған сәтте мен... –
дейді ол ішкі сезімін бүкпесіз толғап.
Ақын туған даласын құр тамсанумен әсіресе қызыл сөзге айналдырып жырламайды. Оның ойы нақты да деректі. Сол себепті де Ж.Әбдіраш туған даласының өткені мен бүгінін қатар алып ой толғайды. Даланың өткенін, батырлар мен өнерпаздарының асқақ тұлғаларын, азаматтары мен мәрт мінезді адамдарын жырлауды өзінің басты ақындық парызы санайды. «Шындық үшін жынданар Біржанымын», «Арыңмын мен ақынмын, Ақанымын!», – деп толғанатын ол туған елінің бірегей перзенттері ұлы Абайды, отты Махамбетті, терең Мұхтарды, биік Шоқанды шабыттана жыр арқауына айналдырады. Осындай даланың жарқын тұлғаларын жырға қосқан Жарасқан бір сәт өзіне де, сын көзімен қарауды ұмытпайды. Жиырма жеті жасқа келгенде жазған өлеңін Ж.Әбдіраш былай бастапты:
Туған дала,
Тілеулес дос та көп-тін!
Қас та көп-тін!...
Танытпай асқақ екпін
Жуас тірлік жабысып жайдақ мініп,
Жиырма жеті дейтұғын жасқа кеппін!
«Жуас тірлік жабысып жайдақ мініп» деп өзінің бұл жасқа келгенше атқарған істеріне көңілі толмаған ақын Абай рухымен тілдеседі. Өлеңнің бұл шумақтарында ақынның тапқырлығы, ой өрісінің кеңдігі көрінген. Бір кездері жасындай жарқылдап, жыр елінің мен де бір тірегі боламын деп алдына асқақ мақсат қойған Жарасқан Абаймен ашық сырласа отырып, орыстың тағы бір дара ақыны М.Ю.Лермонтовты еске алады.
Дейтін едім:
«Таң болып талай атам !
Сонда маған сүйсінбес қалай Отан?!»
Анамсың ғой,
Сен мені кешерсің-ау,
Кешер ме екен бірақ та Абай атам ?!
Дейтін едім және де:
«Нөсерлетем!..
Бас айналар биікке өсем, жетем!..»
Абай атам кешер-ау, жассың ғой деп,
Лермонтов құрдасым кешер ме екен?..
Ақын ойы кең өрісті. Оның Абай, Лермонтовқа қарап бой түзеуінің өзі мақсат-мұратының биіктігін, туған даласының алдындағы жауапкершілігінің зор екенін білдіреді. Жалпы, тау суындай екпінді, еркін өлең жолдарынан Ж.Әбдіраштың ақындық даралығы, қуаты көрінеді.
Ақынның дала туралы өлеңдері сырт қарағанда бірін-бірі қайталап жататын секілді көрінгенмен, әр туындысы дала образын жаңа қырымен, тосын сипатымен толықтыра түседі. Оның туған дала дегенде шабыты, екінші тынысы ашылғандай ала бөтен.
Туған дала,
Тыным алмас жастамын,
Тер төгуден,
өртенуден қашпадым!...
Шаршағанда шалғыныңды жастанып,
Шалқаласам,
Шаңырағым – Аспаным!
Анау алыс,
Мынау жақын демеген,
Ақынмын ғой,
Көкірегімді өр өлең
Кернегенде кең дүниеге дүбірлі
Көз жіберсем,
Көкжиегің – Керегем!
деп келетін өлең жолдарынан да ақынның тапқырлығын, образ қуатын сезінеміз. «Шаңырағым – Аспаным!», «Көкжиегім – Керегем!» образдары шынайлығымен, еркіндігімен оқырманын сүйсінтеді. «Шын сүюдің не екенін – бір өлеңге ғашық болып ұқтым мен», «Елжіреген жүрегімнің жылуы, өсірердей тасқа гүл!» - деп келетін максимализм де ақын жан-жүрегінің шындығымен ұласып жатқандықтан да айрықша әсерлі болып келеді.
Беріле сүйген ақын кейде туған дала алдындағы өзінің атқарып жатқан істеріне көңілі толмай кешірім өтінеді. Оның далаға деген шексіз сүйіспеншілігі халқына деген махаббатымен ұласып жатыр. Сондықтан да ол туған даласына тағзым етіп, басын иеді.
Маған теңеп,
Мұнша неге жыр етті –
Демегейсің...
Махаббаттың нұры өпті!
Мендік жүрек сүйер болса,
Жаңылмай
Сүйеді, тек сен деп соққан жүректі!
Бұл да ақынның риясыз шындығы. Туған еліне, даласына деген шексіз махаббатқа толы жүрексіз өмірді ақын елестете алмайды. Онда жартылай деген ұғым мүлде жоқ. Туған даласына бар жүрегімен беріле сүю, құрметтеу тән. Мұның өзі ақынның туған дала алдындағы перзенттік борышын арттыра түседі.
Ақын өлеңдерінде сондай-ақ сырбаз Сәкеннің, жалынды Қасымның, арынды Ілиястың, сан қырлы Әбілданың, жаңбырлы Сырбайдың есімдерін атай отырып, солардың қатарында дала тақырыбын мәңгілікке айналдырар өзінің атын да именбей айтады. Дала дегенде ақын халқының тарихын, адамдарының мінезін де еске cалады. Кей ұлдарының тағдырын замана өктемдігі көкпар қылып тартыпты десе, енді біреулерінің көңілдерін күндестік бұлтының басқанын аңғарады.
Сөйтіп тарих толқынында талай рет көлденең көк аттының тақымында кетіпсің дейді. Ақын Азынабайлардың заманы өткенімен, Поштабайлар әлі де бар екен дей келіп, Жанбота тәрізді Біржанның жан сырын ұқпаған дүмбілез, топас бола көрме деп замандастарына тілек білдіреді. Батыраштар қолынан таланттар мерт болмағай деп жар салады.
Қазақ даласының тарихына терең бойлаған ақын оның бүгінгі сипатын, ауыр қайғы, зардап шеккен өзге халықтарды бауырына басып, жақсы мекеніне айналған даласының кең пейілділігін, жомарт қасиетін жырға қосады.
Өршелендің,
өгейсіп өмірге ендің!
көңілдендің,
Күлді де көгіңнен күн!
Қаһарыңмен жауынды қаймықтырып,
өзің сосын өзгеге донор болдың!
Донор болдың,
жібердің жалғап күшін
жатқан кезде тістелеп бармақты шын,
Сондықтан да,
сыйлысың сен бүгінде,
достарыңа туыстай ардақтысың!..
Тарихтың қысталаң уақытында талай халыққа пана болған даланың дархан мінезін сақтағанын, бірақ ешкімге намысын таптатпағанын, ақ жарқын қонақжай болса да, дастарханын ешкімге билетпегенін мақтан етеді. Қазақ даласының поэтикалық портретін жасауда ақын синекдоханы, яғни жалқы арқылы жалпыны айтуды шебер пайдаланады.
Күйшілікке келгенде – Құрманғазы,
әншілікке келгенде – Әміресің!
ақындыққа келгенде – Махамбетсің!
батылдыққа келгенде –Тоқтарысың!
балуандыққа келгенде – Қажымұқан!
батырлыққа келгенде – Бауыржансың!
болашаққа келгенде – мына бізсің! –
деп толғанады ақын.
«Туған дала» өлеңдер циклы – бір-бірімен жалғасқан ақынның шалқар сезімі, дарын қуаты, көрінісі:
Туған дала,
достар түгіл,
қастар сын,
айта алмайтын,
құдіретті дастансың,
Бақытын бер, бір-ақ келер ақынның,
бір тарауың мына менен басталған,
биік санап өз аспанын,
өз айын,
басынғанның тартқызайын сазайын!
Жабырқасаң-
Жаның болып күйзеліп,
ашулансаң-
Жүйкең болып тозайын!
Тұтастай алғанда, дала туралы өлеңдер топтамасы ақын сезімінің шалқарлығын, тіл байлығын, образ қуатын танытатын туындылар болып келеді. Бұл өлеңдердегі басты лирикалық кейіпкер-туған даласын шексіз сүйген Жарасқан Әбдіраш. Өлеңдерінен Қадыр Мырзалиевке тән философиялық тереңдік, тапқырлық байқалады. Бірақ, ол ақын Қадыр Мырзалиевті қайталамайды. Тың образбен, көркем де қуатты ақындық сезіммен байыта түседі. Сондықтан да шырқау биікке көтерілген мына перзенттік сезімді ақынның туған жерге деген ыстық ықыласы, сарқылмас сағынышы, арман мұрат биігі деп ұғыну әділ болар дейміз.
Туған дала,
әлдилеп ерен екпін,
бастан кештім ғажап жыл,
керемет күн..
Кеттің деме көбірек төңіректен,
сен-жарықсың,
мен-көзсіз көбелекпін!..
Бар арманым:
еңсесі биік өлең,
сапар шегер ұрпаққа сыйыменен.
Мен өлмеймін!
Өлсем де
саған деген
Махаббаттан осынау күйіп өлем!
Қорыта айтқанда, ақын Жарасқан Әбдіраштың туған дала туралы өлеңдер циклі қазақ поэзиясындағы өзіндік орны бар, тың көркем дүниелер. Бұл өлеңдер ақынның туған жерге деген ғаламат сүйіспеншілігін, сағынышын білдіреді. Туған дала – қазақ халқының поэтикалық бейнесі. Ақын туған даласын ерекше ақындық шабытпен жырлай отырып, өзінің де биік болмысын, парасат пайымын, ақындық деңгейін білдіреді. Туған дала – поэзиядағы мәңгілік тақырып. Ендеше дарынды ақын Жарасқан Әбдіраштың жыр маржаны да өз маңызын жоймайтын, ғажайып сырға толы туындылар болып қала бермек.
Әдебиеттер:
1.Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Мектеп, 1976.
2.Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973.
3.Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы: Мектеп, 1968.
4.Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы. Алматы: Жазушы, 1985.
5.Әбдірахманова Т. Қасым Аманжолов поэтикасы. Алматы: Ғылым, 1976.
6.Әбдірашев Ж. Дала, сенің ұлыңмын. Алматы: Жазушы, 1976.
7.Әбдірашев Ж. Көңіл шуағы. Алматы: Жазушы, 2000.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет