Жаратылыстану ғылымдары факультеті



бет2/5
Дата04.06.2024
өлшемі47,51 Kb.
#203157
1   2   3   4   5
Байланысты:
Бөж2 Мәдениеттану

Негізгі бөлім
2.1.Түркілер және Ұлы Жібек жолы
Еуразияның жекелеген халықтары мен мәдениеттерінің байланысын тарихта ең ұзақ, әрі ұдайы түрде қамтамасыз еткен Ұлы Жібек жолы шамамен 12 800 шақырымға созылған негізгі бағыты Қытайдан Испанияға дейін созылып жатқан байтақ жол.
Ұлы Жібек жолы сан алуан халықтар мемлекеттер және мәдениеттер арасындағы тарихи байланыстардың көп бағдарлы желісін тудырғаны соншалық үнемі осы негізде оны қайта қалпына келтіру, одан да тамаша
коммуникациялық қызмет деңгейіне жеткізу қажеттілігі әрдайым туындап отырған. Қазіргі таңда мұның түркі әлемі үшін үлкен маңыз тудырып отырған жағы мынада: Ұлы Жібек жолының қажеттілігі мен пайдалану шарттары қаншалықты өзгеріп отырса да, оның қызметін қайта қалпына келтіріп, ұдайы қолданыста болуын қамтамасыз еткендер - ең алдымен түркі халықтары, олар құрған мемлекеттер мен империялар болатын. Қысқартып айтқанда, әлем тарихы мен өркениеті үшін Ұлы Жібек жолының маңызы қаншалықты үлкен болса, түркі халықтары да оның осы күнге дейін келіп жетуінде, жұмысын жалғастыруында соншалықты үлкен рөл атқарған.
«Жібек жолы» ұғымын алғаш рет ғылыми айналымға 1877 жылы неміс географы Фердинанд Рихтгофен ендірген болатын. Атынан да көрініп тұрғандай, Шығыс Азиядан, нақты айтқанда, Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне негізінен жібек саудасының жолы ретінде қызмет атқарса да, уақыт өте келе ежелгі дүниенің одан да кең мәдени-сауда байланыстарын қамтамасыз еткен аса қажетті коммуникация кұралына айналған. Алайда Ұлы Жібек жолының әртүрлі қауіп-қатерге толы болғанын, сондай-ақ тағдырының да әр түрлі кезеңдерде белгілі бір әскери-саяси күштердің, мәдени-экономикалық орталықтардың орын алмастыруына, геосаяси жағдайларға тікелей тәуелді болғанын да ескеру керек. Әр түрлі деңгейде өзгеріп отырса да, негізгі бағыттарын сақтап қалған Ұлы Жібек жолы негізінен түркі мемлекеттері мен мәдениеттері орналасқан аймақтардан өткендіктен, түркі әлемі түрлендіруші саяси өркениет жүйесі ретінде Еуразиядағы барлық геосаяси өзгеріс жағдайларында аталмыш сауда жолының үнемі қолданыста болуын қамтамасыз еткен басты фактор ретінде қызмет атқарған. Осы күнге дейін даму процесі жалғасып жатқан Транс-
Еуразия коммуникация жүйесінің іргетасы Ұлы Жібек жолы өз қызметін бастамастан көп бұрын біздің заманымызға дейінгі IV-III мың жылдықтарда қаланған еді. Сол кезде Месопотамия мен Эламнан Үнді ойпаты мен Памир тауларының етектеріне дейін созылып жатқан жолдар жақсы мәлім болатын. Осы жолдар арқылы Таяу Шығыс елдерінің саудагерлері Бадахшан лазуритін тасымалдайтын. Адамзаттың ең ежелгі өркениет мекені болып саналатын Хараппа мен Мохенджо-Дароны екі өзен арасы - Месопотамиямен жалғайтын оңтүстік керуен жолдары болған. Месопотамия мен Үнді ойпатының мәдени орталықтары арасындағы сауданы өз қолдарында
ұстап тұрған эламдықтар біздің заманымызға дейінгі IV-III мыңжылдықтарда Орта Шығыста қалаға дейінгі және сондай-ақ алғашқы қала орталықтарын бір-бірімен байланыстырған көп салалы коммуникация желісін құрған. Жалпы алғанда, Еуразия кеңістігінде көшпелі халықтардың мәдениетін, алғашқы өркениет қоныстарын екі жакты байланыстар деңгейіне көтеріп, олардың сауда-саттығына және тәжірибе алмасуларына жағдай туғызған көне керуен жолдары мүмкіншіліктерінің артуы нәтижесінде бұрынғыдан да көбірек тармақталып, ал халықтар бір-бірін жақыннан танып, сауда және мәдени байланыстарында бір-біріне көбірек сенім артатын болған. Еуразия континентінде түрлі бағыттарда тармақталған бұл жолдар кейде жетекші сипатта болған. Осы жолдардың ұдайы қолданылғандары, ұзақ уақыт мәдени қоныстарды бір-бірімен байланыстырғандары «үйреншікті бағыттар» ретінде көбірек беделді болып, сенімді жол ретінде танылған. Осылайша, бұл жолдардың арасында ең басты ірі жолдардың желілері айқындалған. Ұлы Жібек жолы маңызы жағынан дәл осындай тарихи қажеттілік нәтижесінде пайда болып, ғасырлар бойы кеңейіп, жаңа саяси-географиялық шекараларды басып өтіп, Еуразияның тарихи, әрі геосаяси тұрғыда ең маңызды жолына айналған болатын.
Ұлы Жібек жолының «Солтүстік жібек жолы» деп аталған алғашқы бөлігі пайда болғаны біздің заманымызға дейінгі 138-126 жылдарға тұстас келеді. Қытай императоры У-ди сол кезеңдерде Орталық Азияның ең қуатты этносаяси күші болған ғұн түркілеріне қарсы олардың дұшпандары - юечжилерді пайдалануды көздеп, олармен одақ (коалиция) құруды ойлайды. Осы мақсатта өзінің ақсүйек дипломаты Чжен Цаны сол аймақтың батыс бөлігінде көшпелі тұрмыс кешетін юечжилерге жібереді. Қытай елшісі Ферғана аңғарында қытай аттарынан әлдеқайда сұлу, биік жылқыларды көріп таңғалады. Ол жақтан оралғанда өз императорына осы туралы мағлұмат беріп, жібек құртын өсіруді білмейтін бұл аймаққа жібек апарып, оның орнына сол жерден аталмыш сұлу аттарды, сонымен қатар, тәтті жемістер, шарап және басқа да өнімдерді әкелуге болатынын білдірді. Осылайша бес жылдан кейін біздің заманымызға дейінгі 121 жылы Қытай мемлекетінің жібек маталар мен күміс қапсырмалы айналар артылған алғашқы сауда керуені Орталық Азияның сүрлеуі жаңа салынған қиын жолдарынан өтіп, Ферғана аңғарына келіп жетеді. Бұл елдер арасында бейбіт келісімдерге қол жеткізілгеннен кейін сауданың алғашқы айналымы осы жерден және сонымен қатар, қолданыстағы жолға параллель бағдармен - Оңтүстік Жібек жолымен басталды. Ал кейінгі ғасырларда Ұлы Жібек жолының қосымша балама бағыттары Үнді-Рим сауда байланыстарын қамтамасыз еткен (Үнді мұхиты арқылы өтетін) Теңіз Жібек жолы пайда болды.
Біздің дәуіріміздің I ғасырынан бастап, негізінен, Жібек жолы арқылы Еуразия өркениеттері арасында жүйелі сауда байланыстары құрылды. Бұл байланыстар дамыған инфрақұрылымы бар көп салалы қарым-қатынас формаларын тудырды. Ғасырлар бойы егіншілік өнімдерін қажет еткен Еуразия даласының көшпенділері сауда-айырбас жұмыстарының белсенді қатысушылары болды. Олар Еуразияның қолайлы аймақтарына орналасып, Қытайдан Орталық Еуропаға дейінгі барлық өркениет ошақтарымен байланыс құрды. Жібек жолының солтүстік пен оңтүстік (құрлық пен теңіз) бағыттары, сәйкесінше, Орталық Азия Жерорта теңізі бассейні мен Қытай - Шығыс Түркістан Жерорта теңізі бассейні бағыттары жұмыс істеп тұрды.
Мұндай тармақталудың себебін Еуразия континентіндегі саяси жағдайдың үнемі маңызды, түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыруымен түсіндіруге болады. Ежелгі дүние мен оның айырбасқа негізделген мәдениеті көштен қалмай, сауда-саттықты жалғастыру үшін үнемі өзіне балама жолдар іздеп отырды. Ұлы Жібек жолы осындай саяси-экономикалық амал-әрекет жасай алу қабілеті арқылы өз жұмысын ұдайы жалғастырып отырған.
Ұлы Жібек жолына тарихи тұрғыдан қарар болсақ, бұл жолдың негізгі бағыттары арқылы адамзат өркениетінің даму барысында қол жеткізген табыстарының озық үлгілері, материалдық және рухани құндылықтары (жібек, бағалы тастар, дәмдеуіштер, тері, жүн және басқа да тоқыма
өнімдері, қағаз, фарфор ыдыстар, әйнек, шай, шарап, күріш, өсімдік және жеміс тұқымдары, киім, маталар мен әшекей бұйымдары, косметика, қару-жарақ, кітап, қолжазбалар мен діни рәміздер, ою-өрнектер, шаруашылыққа қажетті барлық құралдар, жабдықтар мен үй жиһаздары, аңшы иттер, аңшы құстар (бүркіттер), тоты құстар, барыс, арыстан, тіпті адамдар мен құлдар) тасымалданғанын көруге болады. Бұл жолдың бойындағы керуен сарайлар, сауда жүргізілген қалалар, алынып-сатылған тауарлар, қолданыстағы ақшалар, қарым-қатынас тілдері, сауда жолдарын бақылауында ұстаған мемлекеттер мен империялар өзгеріп, жаңаларымен алмасып отырған. Бірақ сауда-айырбас мәдениетінің «алтын қағидасы» өзгеріссіз қалды. Адамдар мен мемлекеттер тарихтың барлық кезеңінде екі жақты байланыстардың кең көлемдегі жоғары деңгейіне көтерілуге, бір-бірін тереңірек тануға, озық материалдық және рухани игіліктерін бір-бірімен бөлісуге, нәтижесінде, өндіруші және тұтынушы мәдениеттің тиімді технологияларын иемденуге тырысып отырды. Бұлардың барлығы жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырған басты қозғаушы күш болды. Осылайша, қазіргі әлемде жаһандық өркениет қол жеткізген ең басты әмбебап жетістіктердің түп-тамырында Ұлы Жібек жолының мәдениеті жатыр.
Түркі әлемінің Ұлы Жібек жолымен табиғи байланысы негізінен, табиғи-географиялық, саяси-экономикалық және мәдени-интерактивтік факторларға сүйенеді. Түркілер ұзақ уақыт Ұлы Жібек жолы бойында жүргізілген сауда мен мәдени байланыстардың басты қолдаушысы, қатысушысы, әрі ұйымдастырушы ортағы (түркі тіліндегі «ортақ» деген сөзді сол дәуірлердегі барлық халықтар қолданған), яғни серіктесі болған. Түркі мемлекеттері мен империялары Ұлы Жібек жолының Транс-Еуразия коммуникация жүйесі ретінде қызмет атқаруында өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып, бұл жолдың 2200 тарихында белгілі бір аймақтық шекараларда оны өз бақылауында ұстаған. Жібек жолы саясаты - түркі өркениеті мен саяси мәдениетінің іргелі құндылықтары арасында ерекше орын алады. Жібек жолы түркі дүниетанымының әмбебаптануына; ал түркілердің әскери-саяси дарыны Жібек жолының кеңейіп, гүлденуіне жол ашқан. Мыңжылдықтардың өркениет жады мен құндылықтарын өзінде сақтап қалған Ұлы Жібек жолы расында да, адамзаттың дамуында маңызды рөл атқарды. Аталмыш жол алыс-жақын елдер арасындағы тек тауар айырбасын ғана емес, сонымен қатар, жаңашыл технология, дін, ғылым және өнер саласында қол жеткізген жетістіктермен өзара алмасуды да қамтамасыз еткен. Әлемнің тарихы терең осынау транс- өркениет желісі тек Шығыс - Батыс бағытында ғана емес, сондай-ақ кері бағытта да сауда-саттықты жүзеге асырып, Еуропаның көптеген жаңалықтарын Шығыс елдеріне алып келген. Жалпы алғанда, Ұлы Жібек жолы жаңа дәуірге дейін әлем халықтары мен мемлекеттерінің экономикалық және мәдени интеграциясын жүзеге асырып, олардың өзара байланыстарындағы бай тәжірибесі арқылы бүгінгі жаһандану үдерісіне қатысуын негіздейтін тарихи-мәдени процестерді басынан өткерген. Ұлы Жібек жолы Шығысты Батысқа, ал Батысты Шығысқа ішкі мазмұны мен кұрылыс ерекшеліктеріне қарай жан-жақты танытқан. Осыған байланысты, екінші және үшінші мыңжылдықтарды тоғыстырған бүгінгі тарихи кезеңде жаһандану процестерінің аса қажетті амал-әрекеті ретінде Ұлы Жібек жолы идеясын заманауи технологиялық жетістіктер базасында қайта жаңғырту мүмкіншілігі туып отыр. Қазіргі таңда тарихи «Ұлы Жібек жолын» қайта қалпына келтірудің бір үлгісі ретінде «Жаң жібек жолы» ТРАСЕКА( Еуропа-Кавказ-Азия халықаралық тасымал дәлізі) жобасы жүзеге асырылуда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет