Жас маман – болашаққа бас қадам Жастар — елдің даму қарқынын көрсететін белсенді көрсеткіш. Кез-келген қоғамда елдің өркениет көшіне ілесіп не артта қалғанын жастардың белсенділігінен байқауға болады. Жастық — ол ізденістің бастауы. Осы кезеңде адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарып тастайтындай көрініп, барлық істе — спортта, саясатта, бизнесте болсын көшбасшылық танытады. Сонымен қатар, жастар тәрбиесімен жұмысты жақсарту, егемен еліміздің салауатты ұрпақтарын қалыптастыру — Президентіміздің әр Жолдауында атап көрсетіледі. Демек, болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары — асқақ рухты жастар десек қателеспейміз.
Бүгінгі таңда, мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына жолдама алған әрбір азамат пен азаматша оқуын аяқтаған соң, мамандық бойынша оңтайлы жұмыс таба аламын ба деп уайым жейтіні сөзсіз. Алайда, бүгінгі күні жұмысқа тұрған жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” жобасы. Жоба жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, оларды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Одан бөлек, жастарды мамандығына бейімдейтін, бағыт – бағдар сілтейтін, жұмыссыз жастарға арналған “Жастар практикасы” тізе берсек көп-ақ... Бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміз әрбір жастың қолтығынан демеп, барынша қолдау көрсетуде.
Осы тұрғыда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл дегеніміз, жастар мамандық таңдағанда қателеспеуі шарт деген ұғымды білдіреді.
Мұғалім болу – менің бала күнгі арманым. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетін математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы №135 жалпы орта білім беретін мектепке жұмысқа орналасқанымда сол арманға қол жеткізгенімді түсіндім. Заманымызға сай үш қабатты ғимарат 2021- оқу жылында өз есігін айқара ашты.
Жас маман ретінде жұмыс жасап, еңбекке араласуым мен үшін үлкен сәттілік пен мүмкіндік болып отыр. Аталмыш нысанда небәрі 1 жыл ғана жұмыс атқарсамда, осы қысқа мерзім ішінде қоғамның маңызды бөлігін құрайтын бүлдіршіндерге кең мүмкіндіктер берілгенін сезініп отырмын.
Жалпы, өзім «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деген көзқарасты ұстанамын. Басты мақсатым - Ұлы Абай айтқан ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстайтын, патриот, елжанды, адами қасиеттерді бойына сіңірген, абыройын сақтаған, арын сатпаған болашақ жастарды тәрбиелеп шығару. Гаухар тастың қанша қыры болса, сонша сәуле шашатыны анық қой. Осы ретте, сол бір сәуленің жарқырап түсуіне өз септігімді тигізсем деймін. Және осы жолда, осы бағытта еңбек етіп келемін.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының: «Сендер адаспаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген сөзін әрдайым жадымда ұстаймын. Себебі, дамыған қай мемлекетті алып қарасаңыз да, барлығы да бала оқыту, ұрпақ тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, бір жүйеге келтірген. Ендеше, біздің де мақсат - өз шәкіртерімізді еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болашағы ретінде тәрбиелеу.
Әрине, педагог болу, балалармен жұмыс жасау, қарым-қатынас орнату қиын-ақ. Бірақ, мыңдаған шәкіртті өзіне қаратып, бағындыратын ол әрине- ұстаздың “тактикасы”. Өз ісіне берілген маман үшін бүлдіршіндермен жұмыс жасау аса қиындық тудырмасы да сөзсіз.
«Болашақ жастардың қолында» деген сөз бұл күндері жастар арасында кеңінен айтылады. Әсіресе біздер, мемлекеттік қызметшілер осы сөзді көбіне-көп мысалға алып жатамыз. Себебі, бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Ол әрине, бірінші кезекте сапалы білім қалыптастыра отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Қорыта келсем, еліміздің бүгіні мен ертеңі – мына бізге тікелей байланысты. Себебі, ел ертеңі — жастардың қолында. Тәуелсіз елімізді көркейтетін де, шаңырағын биіктетіп байытатын да, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын да, білім мен білік жолында жұмыла еңбек ететін де жастар. Сондықтан да, мемлекетіміз әрқашан жастарды қолдап, олардың әрбір әрекетіне көңіл бөлуді бірінші орынға қойған. «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол — білім! Ол — еңбек! Осы жолда аянбайық жас маман!
Бауыржан М.Б.