Есірткі мен психотропты заттарды қолдану мотивтерінің классификацисы
Есірткі қолдануға итермелейтін себептер
Есірткі мен психотропты заттарды қолдану мотивтерінің модельдері
Қорытынды
Мінез құлықтың девиантты формасы
Есірткі мен психотропты заттарды қолдануды тәуелділік емес, мінез-құлықтың девиантты формасы ретінде қарастырған жөн. Девиантты мінез-құлық формаларын қорытындылауда жеткіншектердің психологиялық ерекшеліктерін есепке алу маңызды. В.С. Мухинаның пікірінше, жеткіншектік жаста тұлғалық сферада көптеген өзгерістер жүреді және жеткіншек интелектуалды дами бастайды. Е.П. Ильин жеткіншектердің эмоционалды сферасын зерттеумен айналысқан барлық ғалымдардың жұмыстарын қорытындылай келе, келесі тұжырымдар жасады: жеткіншектік кезең аса эмоционалды қозушаңдылықпен ерекшеленеді. Олардың көңіл-күйлері жиі ауысады, мінезқұлықтың жоғары аффективтілігі байқалады. Эмоционалды өзгерістердің кейбіреуі горномальді және физиологиялық өзгерістерге байланысты болып келеді. Жеткіншектік сезімі қарама-қайшы болып келеді. Жыныстық жетілуі салдарынан қажеттілік-мотивациялық сфера өзгереді. Жетекші мотивке – қарым-қатынас айналады. И.С. Кон мен А.В. Мудриктің пікірінше, жеткіншек тұлғасының ерекшеліктеріне жаңаны тануға деген ұмтылыс, алға жылжу, әрқашан алда болу жатады.
Есірткі мен психотропты заттарды қолдану мотивтерінің классификациясы
А.Е. Личко мен В.С. Битенский есірткі мен психотропты заттарды қолдану мотивтерінің классификацисын жасап ұсынған болатын:
Әлеуметтік-психологиялық мотивтер: мәдениет пен дәстүрге негізделген мотивтер; басқа адамдардың немесе референтті топтың қысымынан бағынуды сипаттайтын субмиссивті мотивтер; жеткіншектік топтың «есірткілік құндылықтарына» еліктегісі келетіндігін көрсететін псевдомәдени мотивтер.
Өз санасының өзгеруін қажет ету: гедонистикалық мотивтер; атарактикалық мотивтер; мінез-құлықты гипербелсендіру мотивтері.
Есірткіге патологиялық елігу мен абстинентті синдромның салдарымен байланысты патологиялық мотивация.
Есірткі қолдануға итермелейтін себептер
Алынған деректерге сүйене отырып, психикалық тәуелділіктің мәнін ашуда және оны түсіндіруде «қажеттілік» және «мен істей аламын» категорияларына тоқталуымыз шарт. Н.Ю. Максимованың пікірінше, жеткіншектерді есірткі мен басқа да психтропты заттарды қолдануға итермелейтін себептер төмендегідей:
өмірлік маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыруда кездесетін қиыншылықтардан жеткіншектің продуктивті жол таба алмауы;
эмоционалды қозуды аз уақытқа жоюға мүмкіндік беретін психологиялық қорғаныш әдістерінің эффективтілігінің төмендігі мен толық қалыптаспауы;
жеткіншек жол таба алмайдын психотравмалық жағдаяттардың болуы.
Осылайша, өзін толық бойлаған теріс негативті жағдайлардан арылу мақсатында жеткіншек химиялық жолмен шешуге бел буады. Есірткіге тәуелділіктің қалыптасуы барысында адам өзгере бастайды, ішкі конфликтілер өрши түседі, ал оның әлсіз психикалық бейімделуі мүлде әлсірейді. М.А. Алемаскиннің зерттеулерінде жеткіншектердің ауытқушы мінез-құлыққа бет бұруы олардан үлкен жасөспірімдердің әсеріне байланысты делінген. Сондай-ақ баланың ассоциалды топтарға ілігуіне мектеп ортасы да қатты әсер етеді, атап айтқанда, сынып оқушыларының топ-топқа бөлінуі, әлсіз және мықты топтарға бөлінуі бұған себеп бола алады.
Есірткі мен психотропты заттарды қолдану мотивтерінің модельдері
Тыныштандырушы модель – жаңа ортаға бейімделе алмайтын, әрдайым қорқатын, жаңаға ұмтылмайтын жеткіншектер жандық дәрежеде тынышталу мақсатында психоактивті заттарды қолдануының жиі кездесетін формасы.
Коммуникативті модель – қарым-қатынаста қанағаттанбаушылық және басқа адамдармен дұрыс байланыс орната алмау кездерінде психоактивті заттарды қолдануы.
Белсендіруші модель – өмірлік күшті жоғарылату, көңіл-күйді көтеру мақсатында химиялық заттарды қолдану.
Гедонистикалық модель – эйфория жағдайын, психикалық және дене жайлылығын сезіну, қанағаттану мақсатында психобелсенді заттарды қолдану.
Конформды модель – өзінің әлеуметтік дәрежесін көтеру, бірінші болуға ұмтылу, өз жолдастарының артында қалмау, топта өз орнын табу мақсатында қолдану.
Манипулятивті модель – басқа адамдар- ды басқару мақсатында психоактивті заттар- ды қолдану. Истериялық реакциялы адамдар, әдетте осы модельді таңдайды.
Қорытынды
Есірткі мен психотропты заттарды қолдану көбінесе баланың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне және оның есею кезеңіндегі болатын дағдарыстарға байланысты. Осы жағдайды ескере отырып, алдын алу жұмыстарының мақсаты – арнайы әлеуметтік-психологиялық дағдыларды қалыптастыру болуы маңызды деп есетеймін. Яғни қазіргі күні жастар арасындағы қауіпті еліктеуді болдырмау мен оның алдын алу үшін позитивті алдын-алу жұмысын, яғни жастарды өмірлік дағдыларға үйрету, баулу жұмысын ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр. Позитивті алдын алу жұмысы жеткіншектерге тек қана психобелсенді заттардың адам организміне әсері жайлы түсіндірмей, сондай-ақ келесі дағдыларды қалыптастырады: қарым-қатынас; шешім қабылдай алу; проблемаларды шеше білу; сын тұрғысынан ойлау; тұлғааралық қарым-қатынас; өзін қорғай алу және басқамен келісе білу; жолдастарының негативті әсеріне қарсы тұру; эмоциясын басқара алу; үрей мен стресті басқара алу; әлеуметтік бейімделу; жағымды сана-сезімді дамытуға қажетті дағдылар. Есірткі мен психоактивті заттар туралы ой алдыңғы қатарға шықпауы керек, ол позитивті өмірлік жағдайларға бағынышты болуы маңызды.