1. Мазм±ндамалар жинаќтарына талдау жасау
«IV-XI сыныптарда көркем әдебиет шығармаларын оқып үйренуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі – оқушылардың тілін байыту, дамыту, ойларын ауызша және жазбаша түрде дұрыс, келісті баяндай білуге үйрету» - деп көрсетілген әдебиет бағдарламасының түсінік хатында. [8, 3]
Міне, осы аталған міндетті әдебиет пен тіл пәндерінің ұстаздары жүзеге асыру үшін, оларға көмекші құрал ретінде «Мазмұндама текстерінің жинағы» ұсынылады.
Әр жылда шыққан мазмұндамалар жинақтарын салыстырып, талдайтын болсақ, олардың құрамындағы мәтіндердің заман талабына сай өзгергендігін байқауға болады. Мысалы, 1981 жылы жарық көрген «Мазмұндама текстерінің жинағы» 1973 жылғы басылымға негізделіп жазылғанымен, оған едәуір өзгерістер, қосымшалар еңгізілген. Бірсыпыра аударма материалдар жинақтан алынып тасталып, олардың орнына төл әдебиетіміздің үлгілері берілген.
Жаңа бағдарламаның талаптарына сәйкес тіл дамыту жұмыстарының ең негізгі түрі болып табылатын мазмұндама мен шығарма жаздыруда оның қай түрі, қалай жаздыру керектігі мәтін соңындағы сұрақтар мен тапсырмаларда көрсетіліп отырылған. Мұндай тапсырмалар мәтіндерге үлгі ретінде ғана берілген. Бұдан тіл дамыту жұмысын тіл сабақтарының тақырыбымен ұштастыра, байланыстыра жүргізілуі керек деген міндет туып отырғаны байқалады. Сондықтан да мұғалімдер жинақты пайдаланғанда, тіл тапсырмаларының берілген үлгісін басшылыққа алып, басқа мәтіндердің материалдарын да пайдаланғаны жөн.
1981 жылғы «Мазмұндама текстерінің жинағының» авторлары С.Омаров пен Н. Бәйділдаев мұғалімдердің пайдалануына қолайлы жағын ескеріп, мәтіндерді мөлшермен әр сыныпқа жеке-жеке бөліп берген. Жинаққа қосымша ретінде IV-XI сыныптарда жүргізілетін шығарма жұмыстарының үлгі тақырыптары берілген. Бірақ та авторлар әр мектептің, әр сыныптың өзіне лайық ерекшелігін күні бұрын дәлме-дәл болжау қиындығын айтады. [9, 3]. Сондықтан мәтіндердің әр сыныпқа бөлініп берілуі мұғалімдердің өз сыныбының ерекшелігі мен жүргізейін деп отырған жұмыстың мақсатына қарай еркін таңдап алу, мәтіндерді бір сыныптан екінші сыныпқа ауыстырып пайдалану мүмкіншілігін жоққа шығармайды.
Жинақтағы материал IV-XI сыныптарда жүргізілетін тіл дамыту жұмысының төмендегідей түрлерін қамтиды:
а) ауызша әңгіме өткізу;
ә) берілген сұраққа ауызша, жазбаша жауаптар қайтару;
б) жай және күрделі жоспар жасау;
в) мәтіннің көркемдік ерекшелігін және шығарманың тіл, стиль ерекшелігін сақтай отырып, мәтінге жақындата ауызша және жазбаша мазмұндау;
г) мәтіннің формасын өзгерте мазмұндау, яғни I жақ, осы шақ формасындағы мәтінді III жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау;
д) қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді негізгі мәселелерін ғана мазмұндау;
е) мәтіннен цитат және эпиграф келтіре отырып мазмұндау;
ж) берілген мәтінге оқушы өз ой қорытындысын қоса мазмұндау;
з) шығарма жұмыстары;
и) сөздік жұмыстары.
Әр сыныпқа арналған жеке бөлімдерде хабарлау-баяндау, суреттеу және байымдау-мінездеу түріндегі шығармалардан тиісті үзінді беріледі.
Шығармалардың бұл түр-түрлері мазмұндама, шығарма жұмыстарында сыныптың жалпы дайындығына, оқушылардың басым көпшілігін көбірек қызықтыратын тақырыптарға, мұғалімнің алдына қойып отырған мақсатына қарай IV-XI сыныптардың қай-қайсысында болсын белгілі бір дәрежеде қамтылып отыруы керек. Негізінде, IV- V сыныптар үшін хабарлау - баяндау, VI сыныпта суреттеу, VII-VIII сыныптарда байымдау-мінездеу түріндегі мазмұндамалармен жұмыс жүргізу негізгі орын алуға тиіс дейді авторлар. [9, 4].
Мемлекеттік бағдарлама IV сынып оқушыларына көлемі шағын шығармалар мен жеке үзінділерге жай және күрделі жоспар жасай білу керектігін және жоспардың әрбір тармағын сөйлемнің бір түрімен ғана емес, атаулы, хабарлы, сұраулы сөйлем түрлерімен де, цитаталар арқылы да жаза білу керектігін міндеттейді. [9, 4] VI-XI сыныптарда бұл жұмыс тереңдей түседі, бұл сыныптарда мазмұндаманың күрделі жоспарын жасауға көбірек көңіл бөлінеді.
Жинақтағы мәтіндердің басым көпшілігіне мазмұндау жоспары берілді. Бұл берілген жоспарлар мұғалімдердің міндетті қолданылуы үшін емес, оқушыларға жоспар жасату жұмысын шығарманың әр түріне қарай қалай жасау керектігіне үлгі ретінде көрсету, жоспардың әрбір тармағын түрліше сөйлем түрлерімен құрастырудың үлгілерімен таныстыру мақсатымен берілді.
Кµркем шығарманың жоспарын түрліше сөйлем түрлерімен жасауға оқушыларды үйретіп дағдыландыруда, көрнекті жазушылардың шығармаларындағы жеке тарауларға қойылған тақырыптармен және қысқа әңгіме т.б. шығармаларға қойылған атаулармен оқушыларды таныстыру, сол кµркем шығарманың неліктен солай деп аталғандығына оқушыларға жете түсіндіру мәселелерінен туындап отыр. Осы мақсатпен авторлар жинақтағы жеке мәтіндерді мүмкіндігінше әр түрлі атаулармен атауға тырысты.
Осы мәтіндер бүгінгі күнге шейін өз мәнін жоймаған. Мысалы, «Орман санитары» (Ә. Жұмаділовтың «Қазақстан қорықтары» шығармасынан алынған үзінді), «Шын достық», «Қазыналы Қаратау», «Табиғатты сүй», «Бозторғай мен абжылан», «Тірілген түлкі», «Батыр қыз», «Күй құдіреті» сияқты көрнекті жазушылардың еңбектерінен алынған үзінділер мен ертегілер оқушыларды Отанды, табиғатты сүюге, қорғауға, еңбекқорлыққа, ерлікке, батылдыққа, адал дос болуға үйретеді.
Бірақ та осы жинақты бүгінгі күнде пайдалану мүмкін емес. Себебі ондағы мәтіндерді сараптайтын болсақ, олардың қазіргі заман талабына сай еместігін көреміз. Мәселен, мұнда мынандай мәтіндер кездеседі: «Ленин», «Октябрь шұғыласы», «Қазақ сахарасындағы Октябрь», «Ильичтің балалық шағы және мектептегі кезі», «В.И. Ленин Кашино шаруалары арасында», «Ленин мен балалар», «Жас революционерлердің тапқырлығы», «Ол – комсомол мүшесі», «Владимир Ильич қалай киноға түсірілді», «Сенбілік», «Шаштаразда».
Аталған мәтіндер көбінесе Кеңес үкіметінің өмірімен байланысты болса, ал 2000 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған «Диктанттар мен мазмұндамалар жинағында» қазақтың төл жазушыларының шығармаларынан үзінділері келтірілген. [7, 11]. Бұл үзінділер қазақтың әдет-ғұрпынан, мәдениетінен, тарихынан хабар береді. Мысалы: «Қасиетті домбыра», «Халық перзенті», «Бұқардың соңғы өсиеті», «Батырдың сауыт сайманы», «Туған жер төсінде», «Дарабоз», «Наурыз-тазару күні».
Осы жинақ ешбір өзгеріссіз 2001-жылы қайта басылып шықты. Жинаққа енген мазмұндамалардың мәтіндерін оқу жылы бойында оқушылардың зейін-қабілеттерін жетілдіріп, сауаттылықтарын бекіте түсу мақсатында жинақтау немесе білім сапасын анықтау сабақтарында пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |