"жазушы" баспасы



бет11/17
Дата08.06.2018
өлшемі1,77 Mb.
#41631
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

САПАР АҒА ТУР АЛЫ


«Он бесте өлең айтқан Доскей едім, Арқаның адыры емес, төскейі едім, Салғанда алқа-қотан шаршы топқа, Шалқыған шалқар кұлаш кештей едім».

(Доскей ақын).
Сонау Семей губерниясындағы Дегелең тауында 1895 жылы күзді күні шырылдап жерге түскен нәресте бүгін дәл жетпісте отыр.

Сапарғалидың әкесі Ысқақ, шешесі Зағипа. Ысқақтың шешесі Нәлтәй ақын Абайдың анасы –Ұлжанмен шөбере туыс. Анасы Зағипаның тас емшегін жібіткен тұңғышы осы Сапарғали, көш-жөнекей сапарда туып, Сапар атанған болатын. Сақал-шашын қырау баспай,

жетпіске жеткенде де пионермен құрдас, комсомолмен тұстас, бәрімізбен де замандас Сапекеңнің мерекесі еліміздің зор табысы. Бұл өскелең замана сомдап соққан сұлу мүсін, ұлғайса да, құлын мүшесін қадірлеп сақтаған совет дәуірінің жемісі. Ұзақ өмір сүрсе де, талай тар кезеңді кешірсе де, бетіне бедер, сақал-мұртына қылау түспеген Сапар аға:

Ата қазақ айқайлап, Көне өңінен нұр жайнап, Шежіресін өмірдің Шебер сөзбен тұр сайрап.

Міне, бұған кім қуанбайды? Кигіз туырлықты елімізде құлыншақтай ойнақтап, аяғын бозбалаша кербез басып, жетпіске жеткен, халқын қуанышқа бөлеп тойлатқан жазба әдебиетінің мұндай тың еңбекқор уәкілі болған жоқ еді. Бәйгіден сурыла шығып, жеке-дара озып келген Дегелеңнің дүлдүлі деп атауымыз дұрыс болар.

Көне заманда әрбір жастың өзіне лайықты сыбағасын үлестіретін толғау болушы еді. Сонда:

Бес жаста бала болып тұрақтайсың, Он жаста жарға ойнаған лақтайсың, Келгенде жиырмаға жігіт болып, Көрінсе қыз-келіншек ыржақтайсың. Отызда көзі ашылған бұлақтайсың, Қырықта қия шапқан қылыштайсың. Елуде ерлер мінген пырақтайсың, Алпыста ат жемейтін құрақтайсың. Жетпісте сүйген жардан жырақтайсың, Сексенде селкілдеген бір дерт келіп, Тоқсанда балапанша бұлғақтайсың.

Келгенше сонау жүзге кім бар, кім жоқ, Шыбынжан қайда барып тұрақтайсың?—



деп тебіренуші еді. Бұл толғаныста елуге жеткенше жедел өседі де, алпыстан әрі кейін қарай құлдилай жөнеледі. Сапар аға ескі өмірдің осы қағидасын да түбімен күйретіп шықты.

«Көзі ашылған бұлақтай» Сапекең әлі отызда, озса елуге -ақ жетті, ерлер мінген пырақтай ол, «ат жемейтін құрақтай» алпыста да емес, ал «сүйген жардан жырақтайтын» жетпісіңіз

«барса келмеске» кеткен сияқты.



Сапекеңнің жас екеніне тап былтыр біткен «Баян жүрек» поэмасы айғақ. Онда ақын көз жеткісіз көне заманды, жоңғар мен қазақ елінің арасында орын тепкен жауласуды сөз еткен. Соңынан жоңғар қызы Баян мен қазақ жігіті Сайым екеуінің арасындағы адал махаббат, сертіне берік адамгершілік дәнекер болады, қидаласқан екі елді табыстырып тынады. Ұнамсыз кейіпкер Дүркейдің алаңғасар есерлігі өз түбіне жетеді. Сонда:

Ашылған жалғыз сөз жоқ жан сырынан, Алғандай ай бәһрә күн нұрынан, Сайымға көзі түссе, елтитін қыз, Лебізін естіп қалса жан жылынған.

Баян осылай ғашық болады да, сиқырлы сайда, сылдырап аққан бұлақтың басында Сайымға сертін береді:

Ант болсын айырылмасқа мынау аспан, Мынау құм маржан шашу бізге шашқан. Сыр болсын сылдыраған мынау бұлақ, Бұлғақтап ақ үкісі құрақ басқан,—

дейді. Осы сертін кейін әкесі хан Шажаның алдында да пысықтайды.

Біраз уакыт өткеннен соң Баянның Сайымды сүйгенін сезіп, жоңғар жігіті Дүркей хан аулына ат ойнатады, қызды жекпе- жекке шақырады. «Кірме құл қазаққа бергенше, сені өз қолымнан өлтіргенім мақұл» – деген байламға келеді ол. Сонда Баян сүйген жары Сайым үшін өлімге басын байлайды, жекпе - жекке шығуға әкесінен ұлықсат сұрайды:

Тағы да аз кідіріп Баян үнсіз. Сырым бар жатқа күнгірт, сізге тілсіз. Айтысқан өз алдыңда сертім қайда?

Өтермін, оны бұзсам, айсыз, күнсіз. .

Сайымды күл деп тұр ғой Дүркей қорлап,

200
Өзіне бас идірмек мені зорлап, Жанымнан ұстамасам арымды артық, Ері есер, қызы опасыз ел не болмақ?—

деп ыза қысқан Баянның күңіренген үні естіледі.

Сапар аға ескіні айтқан боп отырып, қазіргі жас ұрпаққа ой салады. Қамшыны қатты басты. Тәніңді кірлетсең де, жаныңа, арыңа кір жуытпа деп үндейді. Міне, осы поэма тап өткен жылы бітті. Жастар махаббатының орасан күшті екенін сонда шертті Сапар аға.

«Асыл төл» атты повесть жақында аяқталды. Ақ қағаздың бетіне маржандай тізіліп, неше-алуан әуенді ырғақтың дыбыс белгілері қатарын түзеп әлі саптасуда. «Бір ауыз мың құлақтың хабаршысы»,– деп, Сапекең өзі айтқандай, еңбекті қайратты жас Сапар істейді де, біз тек қана сіздерге жеткізушіміз, хабаршымыз.



Сапарғалидың арты жалаңаш емес, құйысқан тістесіп келе жатқан өкшелес інілері бар. Алпыстан асса да, әлі қылшылдаған жастардай, ат үстінен түспеген ағаларымыз да жетпіске мойымай жететініне иманымыз кәміл, сол келешектегі игілі тойларымызды да айта қалғандай өткізу адал тілегіміз болсын, той тойға ұлассын, мерекелерің құтты болсын, достар!

Біз бұл жерде жетпіс жыл дәурен сүрген, елу жылдай үдере еңбек еткен Сапекеңнің өмірбаянын тізбектеп тұрып алғымыз келмейді. Өйткені Сапар ағаның елу жылдық еңбегі Октябрь революциясымен түйдей құрдас. Қазақ даласына Октябрьдің таңы атқанда, елімен бірге мерекеше қарсы алған азамат өзінің еншісіне тиген заманның әр кезеңіне өр үнін де қосты. Бүгіп қалмай, барып ақтара айтқан ақын бұл бәріңізге де белгілі. Совет дәуірінің бел баласы, ендеше, оның өмірбаянына жаңғырған жаңа заманның өзі айғақ.

Сапарғали кім дегенде, ең әуелі айтарымыз – ол ақ пейіл азамат, қара қылды қақ жарған әділ аға, арналы ойы бар өрелі ақын, өзі жазушы прозаик, драматургияға да үлесін қосқан өскелең тәрбиеші,

201


ұзақ ізденген, көп талпынған қалам қайраткері деп жауап береміз.

Көлемді шығармаларымен Сапекең, өзінің туған елін тәрбиелеп өсірсе, өз үйінде бала-шағаларына да сондай үлгі, ал жазушылар ортасында әділ төреші. Ақ пейіл азаматымыз деудің сарыны осында жатыр.

Сапекең өмірі асып-таспайды, толып төгілмейді, қойдан қоңыр жүреді, үлкен орнын шағын ұстайды:

Жанды еңбегім талпынған, Орнымды таптым бойға шақ. Ырзалық алдым халқымнан, Халқым да шат, мен де шат!—

дейді ол. Осылай өлшеп айтқанына дән ризамыз.



Ол ақын, бірақ өлеңді ермек үшін жазбаған, үнемі өзіне тән ойын айтқан. Мысалы, 1914 жылы «Айқап журналының 9 - санында «Қазақ бозбалалары» атты өлеңі басылып шықты:

Талапсыз, ойсыз, бос кеуде, Ермегің елден ет жеуде, Көп барған үйің мезі ғой, Ұялар бірақ кет деуге,–

деп толғайды.

Сол күнде-ақ балапан ақын өз тұстарының теріс қылықтарын көре алды, жеріне жеткізе әжуалайды. Әбілетше басқан тоғышар заманның сиықсыз салт-санасын шенеді, еңбекке шақырады.

1916 жылы Сапар дәл жиырма бір жасында ақ патшаның июнь жарлығы бойынша қара жұмысқа алынады. Ит арқасы қиянда сонау Колпин станциясында жүріп, жерін, елін аңсаған ақын:

Сағым басып сарылған Қай күйде екен сары бел?—

деп сағына-сарғая жырлаған.

Сахарада киікше босып, мәдениеттен мешеу қалған елінің мұң-

мұқтажына ортақ екенін білдіреді, қабырғасы қайысады.

Ақынның бұл аңсауы өте заңды. Бір кезде Александр Сергеевич

202

Грибоедов та қиыр шетте – Иранда жүріп, Россияны сағынғанда:



– Жолықтырса ұзақ сапар, жат мекен, Туған елдің түтіні де тәтті екен, –

депті.


Жоғарыда айтылған Сапарғали өлеңінің енді бір жерінде:

Түнеріп түндей томсарған, Көшер ме тұман серпіліп? —



деп өз отанының көсегесі көгергенін көргісі келеді. Сапекең сондағы көксеген арманына Октябрь таңы атқанда жетті, көркейген Советтік Қазақстаны гүлстанын көрді. Іздеген табады екен.

Сапар ағаның тақырыбы әр кезеңге арналған, совет дәуірінің алуан белестерін жырлаған ол. Елу жыл ішінде толастамай жазған ірілі-уақты өлеңдерін тізіп шығу да оңай емес. Поэмалары мен балладаларында да талай терең сырлар ағытылған. Соның ішінде «Абақ арманы», «Қарқаралы», «Қыран кегі», «Айдос», «Орыс қызы», «Машинист», «Ажар», «Черкес кегі», «Айдар», «Алтай аңызы», «Баян жүрек», тағы басқалары бар. Бәрінде де тамылжыған тәтті күйлер шертіледі.

Қай еңбегінде болса да Сапар аға адамгершіліктің ұрығын егеді. Советтік Отанын сүюді үйретеді. Уақиғаны көріп отырып жазады, сондықтан кейде қабырғанды қайыстыра, кейде жүрегіңді лүпілдете аласұртады. Мысалы, «Қарқаралы» поэмасында Сапарғали 1921 жылғы аласапыранды суреттейді. Ақтардың қашып, қызылдардың түре қуған кезеңін, сол мезгілдегі қашқындардың нешетүрлі қулық-сұмдығын қаз- қалпында көрсетеді.

Қарқаралыны аңдаусызда бандалар басып алады, сол қанды түннің үрейлі кескінін ақын былай береді:

Тартқандай демін ішке қала тынып, Торғындай көкшіл аспан бұлтсыз тұнық. Шашылып бриллианттай жұлдыз жайнап, Мылқау түн табиғатқа хандық құрып,

Кенеттен бұза-жара тыныштықты,

Ат қойған қалаға аңдап, дүсір шықты, Винтовка, пулеметтер гүрсіл қағып, Зулатты, қала үстінен оқ ыршытты. Үрпитті қала халқын қаһарлы екпін, Келтірген үстін асқа аспан-көктің.

Боп кетті жер тулақтай, тау қаңбақтай, Ілезде-ақ ұшты үрейі тұрған көптің,—


деп, көзімен көрген кісі ғана, ішінде бірге жүрген ақын ғана осылай айта алады. Біздің байқауымызша, сан-қилы ірі сөздерді орынды-орынсыз қолданып, сырт ұйқасты қуалап, көтеріңкі көпіріңкі айту оңай, бірақ қарапайым халық тілімен уақиғаның дәл суретін жасай білу қиын. Мөлшерден тыстың бәрі сиықсыз. Ойсыз ұйқас, нәрсіз дыбыс оқырман әлеуметке құр ызың. Мысалы:

Зимою в стуже Мне не хуже,—

деген орысша өлең бар; осының ұйқасында кінәрат жоқ, біра қ ой бар ма, өмір бар ма? Ал, Пушкиннің «Полтавасында» Қочубейдің қызы Мария өзінің сүйген жары Мазепаны княгина Дульскаядан қызғанады, сонда А. С. Пушкин былай толғайды:

Удивлена, оскорблена, Едва дыша встает она

И говорит с негодованием...

дейді. Осы өлең ұйқасымен күшті емес, ақынның ойын берген тілі күшті. Марияның сол ышқына шыққан жүрек сыры, демігіп ашу қысқан бейнесі мәңгі қалады. Біз бұл жерде әрине, Бегалинді Пушкинмен салыстырып тұрғанымыз жоқ, өлең туралы өзіміздің көз қарасымызды жеткізгіміз келеді. Әрбір сөздің жаны бар, орнында тұрса құлпырады, өткір тіл терең ойды сыртқа суырып шығарады, ойсыз, жалаң ұйқастыру өлеңнің негізгі тиянағы емес тәрізді.

Сапекеңнің қыруар еңбектерінен әр-алуан дыбыс естиміз, тақырыбына қарай ырғатылып, құбылып отырады. Қазақ еліні ң жаңарған өмірінің көркем шежіресі, революцияның елу жылдық сапары сайрап тұрады. Сапекең ауылға, колхозға барса, қой маңырап, қозы жамырап, түйе боздап, жылқы кісінеп жатады. Бағып жүрген малшылардың да «шек-шек, шәйт-шәйт, көс-көс, құрау-кұрау, өк-өк» деген ежелгі таныс үндері құлағыңа жылы естіледі. Ол қалаға, өндіріске келсе, трактор, комбайн, паровоздардың, балға соққан ұсталардың «тақ-тұқ, шарт-шұрт, тратта-тат, трата-тат» сияқты қуатты дыбыстары құлақты тұндырады. Ол Отан соғысының долы дауылын жы рласа, жауынгер ерлерін мадақтаса, зеңбірек, пулемет, винтовка, аэропланның екі иығынан дем алып үздіксіз дүрсілдеуі жер бетін жаңғырықтырады, қысқасы, революциядан кейінгі өсу белестерінің бәрі де айшықталып айтылады, өйткені Сапекең уақиғаны түгел көзімен көргенде ғана күй шерткен ақын.

Сапар ағаны ешкіммен салыстырғымыз келмейді, өйткені ол өзіне-өзі ұқсайды.



Біздің байқауымызша, әр елдің әр түрлі адамдары болатын сияқты. Кейбіреуі өз халқының материалдық, рухани байлығын да, Батыс пен Шығыс мәдениетін де сарқа біледі. Екінші біреулері өз елінің ойы-қырын түгі-түгел меңгереді, бөгде елдерді де шетпұшпақтап қамтиды. Үшінші біреуі туған ұлтының мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне өле-өлгенше түбегейлі қызмет етеді, соны қастерлеп үгіттейді. Міне, жалпы алғанда, әр елдің әдеби, мәдени, саяси өрбуінде осындай сан -алуан қалам қайраткерлері болатын тәрізді. Жан иелерінің біріне -бірі ұқсамауы, заты, сол елдің елдігін көрсетсе керек. Бір қалыпқа тартқандай болу жалықтыратын да тәрізді.

Сапарғалидың шығармаларын оқып отырғанда, біздің есімізге ескі «Қыз Жібек» қысасы түседі. Өздеріңізге белгілі, Қаршыға мен Төлеген көштен-көшті куа сүзіп, Жібекті іздеп келе жатыр. Көш басы сайын кезіккен қыздардың сұлулығын белгісіз автор

емешесі құрып суреттейді, бірінен-бірі өтеді, бәрі әдемі екен, бірақ Жібек емес. Оқырман жұрт енді Қыз Жібекке өзі ғашық болады, бірге іздеседі. Дымы кұрып, аласұрып Төлеген алдыңғы көшке жетеді, Жібектің шешесін көреді. Кейін қалған әлгі әдемі қыздар мұның қасында жіп есер емес, тұп-тура Шолпан дерсің. Төлегеннің Жібекті көрген сәтін ақын суреттемейді, оған ойы да, тілі де, ақындық күші де жете алмайтын тәрізді. Оқырман да мейлінше ырза. Шешесі анадай әдемі болғанда, қызының қандай екені бәрімізге де түсінікті. Артық сөз ойды сұйылтады ғой. Ақын мөлшерді жақсы білген.

Осының бәрі сиқырлы тілдің қуаты, қысадағы өлеңнің ұйқасында да емес, гәп, барлық күш автордың ойын паш еткен тілінде, суреттеу шеберлігінде жатқандай.

Қазақ елінің байырғы сол тілін Сапар аға бойына сіңіріп, бәрін бір өзі арқалап жүргендей. Ол жылмиған жүйрік, жылжыған жорға тілдің тірі қазынасы.

Осы күнгі жасөспірім тіл мамандарына, жас әдебиетшілерге қазақ тілін білгілерің келсе, осы ағадан окыңдар дер едік. Ақша төлеп те үйренеді ғой, тегін берсе, бағасы кемімес! Бір кезде Қажым Жұмалиевпен осы Сапар ағаның кейінгі поэмасы «Баян жүрек» туралы сөйлесіп келе жаттық. Сондағы Қажекеңнің орынды ескерткен бір сөзі есімізде: «Сапекең қазақ тілінің қорындай; бірақ бар білгені еңбегіне сыймай, түгел айтылмай кетсе, өкініш осы ғой!» деп еді. Бұл ойлы сөз, орынды уайым. Сондықтан да тіл мамандары Сапар ағаның қолда барында бар қорын, бойында сақталған асылын алып қалуға тырысу жөн. Баяғыда Владимир Маяковский: «Где были пишущие, когда живой Хлебников живым ходил по России?» деп өкінген-ді. Әрине, ең игілі ісіміз жасы ұлғайған ағаларымыздың бойында барын осы тірі күнінде, аяғын тік басып жүргенде зерттеуміз керек. Артынан өкіну қажет болмас. Бұған әлі онша кеш емес.

Сапекең әлі жас, бұған кеше ғана жазған өлеңдері



куә бола алады. Сапар ағамыз адал махаббаттың да пернесін басады, ішегін толғана шертеді:

Дүниеде көп жар сүйсем де, Теңгермен бірін өзіңе.

Лебіңмен жанып, күйсем де Шыдармын, сенші сөзіме! Осымен сырды тоқтаттым, Көп айтсам кетер шашылып. Бір сен деп арнап тіл қаттым,

Айтпаушы ем, көптен ашылып,—

дейді.

Адамға тән, ақынға жарасымды сезімдердің ешқайсысы да Сапекеңе жат емес. «Махаббат алдында жас та, кәрі де бас иеді»,– деген ғой Александр Сергеевич Пушкин. Дүние жүзіне белгілі ұлы ақын Вольфганг Гете де 73 жасында Беттинаға ғашық болған.

Сапекең кірмеген қалтарыс жоқ, тақырыбы сан-алуан, арнасы кең, Сапарғали өз ұлтының асыл қазынасына өте көп үңілген, бар өмірін соған сарп еткен қаламгер. Сөзді өзіне берелік:

Көз жіберіп кезер болсам өткенін, Көрем талай асқарлы тау өткелін. Тайғақ кешу, тар жолында елімнің

Білем, меруерт, маржан төгіп кеткенін,—

дейді.


Туған халқының ұшан теңіз ауыз әдебиетін, тіл қорын емірене сүйген патриот ақын үңіле зерттей келіп, ойын әділ қорытады. Мұнысы рухани байлықпен қоса, Қарағанды, Жезқазған, Қаражал, тағы да басқа өндіріс орындарында жер қойынын ақтарғанда тапқан асыл бұйымдарды да меңзеп тұрады.

Ақын аға кейде «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегендей, еңбексіз жүрген, сөз куған жандарды да кіналап түйреп өтеді.

Ертеңгің де бүгінгің ғой, Несі медеу несиең?

Өрісі жоқ кұр қайыршы ой


207


деп шенеп, зекиді.


Қымбат болмақ несімен? Ертең берер асылыңды Бүгін неге сүрлейсің?

Өз бойыңнан көрмей мінді Жатты неге кірлейсің? —



Аздан кейін мейірімді аға жанашырлық тілеуқорлық айтады: Іштен ер боп кім туады?

дейді.


Ер болам деп кім өсер? Жұмбақ адам болашағы, Күрессіз оны кім шешер?

Сол күресте ер ететін Ақыл, қайрат, заманың. Өрің қия сен жететін, Таймасыншы табаның?—



Ойын әр салада өзінше жеткізген, өзіндік дербес орны бар ақын аға, тілі бай, жаны жақсылыққа жақын аға Сапекең.

«Арманым орыс халқының өрелі ойларын ертерек біле алмадым. Батыс мәдениетіне, әдебиетіне кешеуілдеп келдім», дейді Сапарғали. Таласқымыз келмейді, аға сыйлап өскен елдің баласымыз ғой, алайда ескерте кетелікші, ол Фридрих Шиллерді де, А. С. Пушкинді де, М. Ю. Лермонтовты да, Тарас Шевченконы да қазақ тіліне аударып, еліне сыбаға тартқан адам. Сапар аға тек көргенін ғана жырлап қоймайды, ол қиял пырағына да мініп, көмескі, күңгірт сүрлеудің өзін топшылай

алады:


деп тебіренеді.

Апасы ақ Баянның ару Таңсық, Туған қыз тұрған кезде өмір қаңсып, Шынардың шыбығындай ширатылып, Қос өрім өстің өксіп суда шалшық.

Оқ тиген ақ бөкеннің лағындай, Еңсеңді езіп еді заман жаншып. Ардақты бүгін атың арманың жоқ, Батпақтан батыр заман алған аршып,—




«Әлі келген алып та жығады, шалып та жығады». Ойдың өзі қайқайдағы қиыр дүниені де сүйреп алып кеп, көркейген жаңа өмірмен астастырады. Қалауын тапса қар жанады, еріксіз сенесің. Шебер тілдің тегеуріні осылай болуы заңды.

Талабы таудай, ақырын жүріп, анық басатын алдымыздағы үлгілі, зерделі ағамыз – Сапекең.



Енді бір күрделі сала бар. Жастың қартаюы заңды; ал қарттың жасаруы өте ауыр. Сапар аға осы ережені де бұзып, жасара білген жүйрік. Бұл кісінің жасөспірімдерді тәрбиелеуде еңбегі зор, өзінің аталық орнын, тәрбиеші екенін біліп, елімізде кенжелеп туған балалар әдебиетін жасауда зор еңбек еткен қаламгеріміз осы Сапарғали. Әр адам өз жасына сай сөз сөйлей алады. Бірақ өзін ұмытып, қажеттікті түсініп, жасөспірім балаша сөйлеу, соларша толғану, олардың ой-санасын кеңейту үлкен еңбекті, жалықпайтын ұстаздықты талап етеді.

«Құмырсқаның да сауыры болады» дейді қазақ елі. Сондай-ақ бүгінгі күні балалар әдебиетінің, балдырған жастардың тәлім- тәрбиесін мойнына арқалаған ағамыз, қазіргі балалар әдебиетінде бетке ұстарымыз, ақсақалымыз Сапар аға. Белгілі мағанада Сапарғали қазақ елінің Маршагы дер едік. Әдебиеті кемеліне келген орыс халқында сан-алуан суреткер бар. Біреулері адамзаттың ішіне кіріп, соның жан құбылысын ақтаруға шебер. Кейбіреуі халықтың байырғы тіліне жүйрік. Енді біреулері құстың тілін біледі, табиғатқа жан бітіретіндері де болады. Мысалы, Л. Н. Толстой, А. М. Горький тәрізді алып- тар Купринге, Пришвинге осы жағынан келіп табынады. Бұлар өз бөлтегінде орасан жүйрік, ешкімге жеткізбейді. А. П. Чеховтың қысқа әңгімелерін Л.Н. Толстойдың романдарымен тірі жан салыстырмайды. Әрбіреуі өзінше жойдасыз биік шыңдар.

Сапарғали Бегалин роман жазбаған адам. Бірақ

сол қысқа-қысқа әңгімелерін оқып отырғанда, халық тілінің кең арнасын көреміз, айшықты ерекшелігі осында. Сапар аға ескі ауыл өмірінің уызын көп емген, ойы-қырын жетік біледі. Қазіргі күнде ескі синтексис, халықтың байырғы тұнық, мөлдір тілі таңсық болып барады. Ескі жорға тілге жаңаша пішін беретін ақсақалымыз Сапарғали деп білеміз.

«Жеткіншек» жинағын (1960), «Мектеп түлектерін» (1961),

«Бала Шоқан» атты еңбектерін оқып шыққанда, осы ойға еріксіз тиянақтадық. Балалар үшін жазылған ірілі-уақты талай кітаптарын шолып шыққандағы қорытындымыз осы болды.

«Жеткіншек» жинағына беташарды ақын-жазушымыз, белді азаматымыз Әбу Сәрсенбаев жазған екен. Сонда: «Бұл кітап сенің өмірің! Құрметті жас оқырмандар, сендердің алдарыңа сұлу миықты, әкелеріңдей байсалды, ағаларыңдай жалынды, өздеріңдей қызыл галстукті....Сендерге әрі ата, әрі құрдас құрметті пионер, қадірмен жазушы Сапарғалидың әңгімелер жинағы ұсынылып отыр», деп басталады. Әрі қарай өз жүрегіндегі жылы лебіздерін аянбай ақтарады.

Бұл кітаптар туралы талай-талай рецензиялар шығып, халқымызға таныстырылған болатын. Әсіресе бала Шоқанның бейнесі, оның кедей баласымен жанқияр достығы қатты ұнайды. Шоқан демократ еді деп тамсанудан көрі, осындай «уақ көріністер» арқылы бейнелеу қызықтырады, сондықтан да өзіне тән ерекше дыбысы, кең тынысы бар, өзінше толғануы, айрықша талғамы бар дара жазушы Сапарғали қазақ совет балалары әдебиетінің атасы, көш басшысы.

Сапар ағаның біраз еңбектері орыс тіліне, тағы басқа тілдерге аударылып, тарап кеткені мәлім.

Айтар сөз көп, уақыт аз. Сапекең адал, Сапекең адамгершіліктің сом тұлғасы.

«Ұзын ойын қысқа қайыру дарынның туған сіңлісі», – деп Чехов айтқандай, Сапар аға үнемі тұжырып, келте



қайыратын жазушы. Ол казақ еліндегі балалар, жас- өспірімдер әдебиетінің өнегелі де өрнекті ақсақалы. Сапеке, еңбегіңіз жемісті болсын! Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол, шежіре ағ а, шешен ақын! Кейінгі үрім-бұтаққа берер сыбағаңыз таусылмасын!

Алтынмын деп жарқылдаған Жалған жезден жаман жоқ. Асылмын деп барқылдаған

Айғайға орын қалған жоқ,—

деп, өзіңіз де айтқан екенсіз!



Құр айғайдың заманы өтті, еңбектің, істің дәуірі туып отыр. Еңбек иесіне ажалдың да әлі келмейді. Дегелеңнің дүлдүлі барлығып қалмай, ескі шабыстан талмай жүйтки беріңіз!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет