«Сөреге шық» Сөре сызығының алдындағы табанды тірейтін ойықтардың жанына келіп тұрып, ойықтарға алдымен бір аяқты, сонан соң екінші аяқты қойып отыру керек.
Екі қолды иық кеңдігінен гөрі кеңдеу ашып, сөре сызығының алдында тіреп қою керек.
Қол шынтақ толық жазылған қалыпта болуға тиіс.
Дененің салмағын қолдың саусақтары мен екі тізеге тең бөліп түсіру қажет.
Белді аздап ию керек.
Басты еңкейтіп, көзді сөре сызығына бағыттау қажет.
Осындай қалыпқа келіп, бар назарды «Дайындал!» командасын күтуге аудару керек.
«Дайындал!»
Кейін қойылған тізені жерден аздап көтеру керек. Бөксені тез немесе тым баяу емес, орташа мөлшерде көтеру керек.
Егер бөксе екі иықтан сәл биіктеу көтерілсе, бұл дұрыс қалып болып есептеледі, себебі бел ақырындап көтерілуге тиіс.
Дененің салмағы төрт тірек нүктесіне тең бөлініп түсуі қаже. Басты еңкейтіп, көзді бұрынғысынша сөре сызығына бағыттау керек.
Жүгіруді бастағанда найзағайдай атылу үшін бар назарды командасын күтуге аудару керек.
«Жүгір!»
Алдыға құлап, еңкейіп 3-4-5 қадамға дейін жүгіріп барып түзелеміз.
Денені тез түзеп ала қою керек, алғашқы жүгіру қадамы басылып отырған қалыптан жасалады.
Саусақтар жерден серпіле көтеріледі. Жартылай бүгілген екі қолды тез әрі қысқа-қысқа сілтеу керек.
Көзді бірден жүгіру жолына бағыттау қажет. Адамның бір аяғы екінші аяғынан гөрі серіппелі екені өздеріңе де белгілі. Осыны ескеріп, Жүгірген кезде адымды неғұрлым кең ашып жүгіру үшін жақсы сілтенетін аяқтың тізесін барынша толық жазу керек. Олай етпесе, адым өте қысқа болып қалады.