Жел — ауаның жер бетіне қатысты көбінесе горизонталь бағытта қозғалуы; метеорология ның негізгі ұғымдарының бірі.
Жел атмосфера қабаттарында қысымның біркелкі таралмауынан пайда болады әрі жоғары қысымнан төменгі қысымға қарай бағытталады. Ауа қысымы уақыт пен кеңістікте тұрақты болмайтындықтан желдің жылдамдығы мен бағыты үнемі өзгеріп отырады.
Желдің бағытын көкжиектің қай тұсынан соғуына байланысты анықтайды және оны градуспен немесе румбымен (16 румбылық жүйемен), ал жылдамдығын – м/с, км/сағ, узелмен немесе балмен (Бофорт шкаласы бойынша) өрнектейді. Биіктікке көтерілген сайын үйкеліс күшінің азаюына байланысты жел қуаты өзгереді, сонымен қатар ол градиенттердің өзгеруіне де тәуелді болады. Жел үлкен аумақты қамти отырып, көлемді ауа ағындарын (муссондар, пассаттар, т.б.) туғызады, осыдан жергілікті және жалпы атмосфералық айналым пайда болады. Қазақстанның барлық өңірінде (әсіресе, жазық жерлерде) күшті желдер жиі болып тұрады, оның максимумы қыс айларына (40 – 45 м/с) және көктем мен күзге (20 – 35 м/с) келеді. Өте күшті желдер Каспий жағалауы және биік тау асулары мен аңғарларында байқалады. Дүниежүзілік желдер жіктеліміне Қазақстан аумағында тұрақты соғатын 23 жел тіркелген. Оларды Қазақстан бойынша мынадай аймақтарға бөледі: ашық далада (Жосалы, Сілеті, т.б.); шөл және шөлейт, үлкен ашық су қоймалары төңірегінде (Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл көлдері, т.б.); тау аңғарларында және тау аралық өңірлерде («Жетісу қақпасы», «Шілік аңғары», «Жаңғызтөбе», «Қордай», т.б.); орташа биіктіктегі таулар мен қырқаларда («Ерейментау», «Ұлытау», «Қарқаралы», «Мұғалжар», т.б.) соғатын желдер. Жел арзан электр энергиясын өндіру, құдықтан су тарту, диірмен айналдыру, егін суару, т.б. үшін пайдаланылады.[2]Жел Жел-ауаның горизонталь бағытта қозғалуы.