5. ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ
5.1. Жер асты сулары жөніндегі түсінік және халық шаруашылығындағы маңызы Жер асты сулары деп жер қыртысында кезігетін барлық физикалық күйдегі суларды айтамыз (қатты (мұз), бу (газ) және сұйықтық). Қоректену көздері белгілі болған жағдайда жер қыртысындағы су көздері негізінен алқаптың геологиялық құрылысымен (тау жыныстарының литологиялық құрамы) анықталады. Жер кыртысында су өткізетін және су өткізбейтін қабаттардың кезектесіп келіп отыруы әдетте, су өткізбейтін қабаттың үстіне орналасқан су өткізетін топырақ қабаттрында бос сұйық сулардың жиналуына жағдай жасайды.
Жер қыртысындағы барлық қуыстары су толып жиналатын топырақ-жер қабатын сулы қабат, ал оның астына орналасқан су өткізбейтін, қабатын — сутірегіш деп атайды.
Егер сулы қабатты бұрғылау жолымен немесе құдық қазу арқылы ашқанда, ондағы судың деңгейі өзгеріссіз қалса, онда жер асты суларын тегеурінсіз, ал деңгейді жер асты суларының деңгейі дейді.
Жер қыртысындағы асты-үстін бірдей су өткізбейтін қабат алып жатқан сулы қабатты ашқанда, скважинадағы судың деңгейі үстіңгі су өткізбейтін қабаттан биік орнығуы мүмкін. Бұл жағдайда сулы қабаттағы сулар гидростатикалық тегеуріннің әсерінде болады, ал сулы қабат тегеурінді сулы қабат деп аталады. Орналасу сипатына, режиміне, қалыптасу жағдайына, қозғалуына және жер үсті суларымен өзара байланысының сипатына қарай жер асты сулары тегеурінді және тегеурінсіз деп бөлінеді.
Тегеурінсіз жер асты суларына топырақ, топырақ-жер және жер қыртысындағы сулар жатады.
Топырақ суларының өзінен төмен орналасқан жер қыртысындағы сулармен гидравликалық байланысы болмайды.
Топырақ-жер сулары деп су өткізбейтін қабаты жер қыртысында орналасқан, ал деңгейі тұрақты немесе тұрақсыз түрде трпырақ қабатында болатын жер асты суларын айтамыз.
Жер қыртысындағы суларға барлық тайыз орналасқан тегеурінсіз жер асты, сулары немесе жергілікті (локальды) тегеурінді жерасты сулары жатады. Олар жергілікті гидрографиялық желіні қоректендіріп отырады.
Жер бетіне жақын орналасқан сулар өзендердің жазғы және қысқы су тартылған кездегі негізгі қоректену көзі болып табылады. Олар ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету барысында және жерді құрғату мен суғару үшін маңызы бар. Батпақтар мен батнақты жерлерді құрғату кезінде жер асты суларының деңгейін төмендету негізгі міндеті болса, ал суландыру барысында жер асты суларының деңгейінің көтерілуінің әсерінен топырақ қабатының тұздану процесімен және батпақтанумен күресу басты міндетке айналады. Бұл үшін суғару жүйелерінде арнайы дренаж жұмыстары жүргізіледі.
Тегеурінді жер асты сулары шөгінді тау жыныстарына сыбайлас артезиан су көздері және тау жыныстарының қуыстарын толтыратын тамырлы деп екіге бөлінеді.
Артезиан суларын скважиналармен ашқан кезде жер асты суларының деңгейі тегеуіріннің күшімен қоректену көзі орналасқан аймақтың деңгейімен теңесіп орнығады. Егер скважина қоректену аймағының деңгейінен төмен орналасқан аңғардың табанынан салынған болса, онда бұл скважинадан су шапшыма (фонтан) түрінде атқылайды. Мұндай скважиналарды шапшыма ал суларын — өзақпа деп атайды.
Температурасы әдеттегі табити сулардың температурасынан жоғары суларды термальды сулар деп аталады.
Кішігірім және орташа қалаларды, ауылдық жердегі елді мекендерді шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ету айтарлықтай мөлшерде тұщы жер асты су қорларының есебінен жүргізіледі. Ал, аса ірі қалалар (халқының саны 1 млн-нан асқан) негізінен жер үсті суларымен қамтамасыз етіледі.
ТМД елдерінде негізгі су көзі болып жер асты табылатын айтарлықтай ірі аудандардың саны едәуір (Өзбекстанның, Орталық Қазақстанның шөл және шөлейт аудандары).
Термальды жер асты сулары халық шаруашылығында негізінен парниктерді жылумен қамтамасыз ету үшін, ғимараттарды жылыту және бальнеологиялық мақсаттар үшін пайдаланылады.
Жоғары температуралы (60 -100°С) және қайнаған (>І00°С) жер асты сулары электр энергиясын шығаруға қолданылады. Қамчаткада , ТМД-да бірінші рет Паужет тәжірибе-өнеркәсіптік геотермальды электр станциясы пайдалануға берілді..
Тау-кен өнеркәсібінде шахталардағы жер асты суларымен күресу ісі күрделі мәселеге айналып отыр. Кейбір жағдайларда шахталардағы жер асты сулары химня өнеркәсібінің бағалы элементтерді алудағы (йод, бром, литий, стронций, рубидий ж. т. б.) әжептәуір мйнералдық базасына есептелінеді.