БОТА ДАУЫ
Айдабол бидің бір баласының көп түйесіне бір кедей жігіттің жалғыз буаз іңгені қосылып жүріпті. Бір күні жігіт көруге келсе, түйесі боталаған екен, бірақ соңында ботасы жоқ. Айдаболдың баласының бір інгені мен жігіттің інгенін бір бота еміп тұрыпты. Өлген бота кімдікі екені мәлімсіз.
Ақыры Айдаболдың баласы мен әлгі жігіт екеуі ботаға дауласып, жүгініске Айдаболдың өзіне барыпты. Сонда Айдабол жігіттен: «Шырағым, түйеңе бұрын бота еріп жүр ме еді?» деп сұрапты. «Ермей жүр еді, ботасы өле беруші еді» деп жігіт расын айтыпты. Сонда Айдабол: «Е, шырағым онда өлген бота сенікі, тірі бота менің баламдікі екен, дауды қойып жөніңе бар»,— депті. Жігіт орнынан тұра бергенде, он үш жасар Тайкелтір әкесіне былай депті:
Қара шашың ағыңда,
Өлеріңнің шағында,
Әділ төре етсеңіз,
Халқың сіздің жағыңда.
Әділдіктен кетсеңіз,
Басқа билер қағынды.
Би қағынса көпшілік,
Қағады бастан бағыңды.
Бастан кетсе бақытың,
Қуарсың елес сағымды.
Сағымды қуып жүргенде,
Қуартарсың жағыңды.
Дәулет құсы ұшқанда,
Соғарсың сонда саныңды.
Өлмей тұрып ертерек,
Ойлашы әке, қамыңды-
Көріне бұлай бұрылсаң,
Төгер біреу арыңды.
Ар төгіп те құр тұрмас,
Кетірер қалған сәніңді.
Жау санасып ұрыспас
Алар бір күн жаныңды.
Көтерілсе көпшілік,
Отқа жағар тағыңды.
Құмырысқаға жем қылып,
Илеуге тастар тәніңді.
Ол дүниеге барғанда
Сонда халің мәлім-ді.
Тыңдап тұрып бір адам
Айтса жұртқа жайыңды.
Қисық берген төреңе
Шыдамай дәтім тарылды.
Төрелік бердің балаңа,
Жігіт саған не қылды? - деп әкесін сөгіпті.
Сонда Айдабол ашуланып елін, елдің билерін жинап алып баласы Тайкелтірге шарт қойып: «Мен қисық төрелік етсем, сен түзеу бер, егер түзеу бере алмасаң, ат құйрығына салып өлтіремін»,— деп ант етіпті.
Сонда Тайкелтір «жарайды» деп, ойланбастан екі інгенді, жалғыз ботаны алдыртып, ботаның санына қыл бұрау салыпты. Бота шыңғырып боздағанда, жігіттің түйесі көзінен жасын ағызып, боздап келіп ботаның үстіне түсіп жатып алыпты. Ал бидің баласының түйесі күйсеген күйінде тұрған жерінен қозғалмапты.
Сонда Тайкелтір тұрып: «Міне, әке, көрдіңіз бе, бота кімдікі болды? Тағдыр ылғи ажалды ботаны жігітке жазбаған шығар»,— депті. Би сөзден тосылып, өзінің билігінен ұялып, халықтан именіп, амалсыздан ботаны жігітке беріпті.
ТҰЯҚҚА ТҰЯҚ
Орта жүз бен Кіші жүздің арасында бір мал дауы болып, Орта жүз адамдары неше рет келіп, малын ала алмайды. Соңғы рет келе жатқанда, Сырымға жолығып, жөн сұрапты.
— Уа, азаматтар! Жол болсын! Билеріңде тыным жоқ, биелеріңде құлын жоқ, неткен жолаушысыңдар? — дейді Сырым. Жолаушылар жай-мәнісін айтады. Сырым қосыла жүреді. Кіші жүздің ханына келіп ел дауын айтады, бірақ, екі елдің арасы бітімге келе алмайды. Сонда Сырым екі ел арасының бітімін көздеп, ханға:
— Бір дауды шеше алмасаң сен не ғып хан болып отырсың, құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ емес пе? — дейді. Хан сөзден тосылып, малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, Орта жүзді разы ғып қайырыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |