Жертөледегі жазу



бет18/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29

2

Көл жағасына ақырғы рет Алматыға аттанардың алдында барған. «Арман қуып жан-жаққа кетiп барамыз, ендi қашан кездесерiмiздi кiм бiлсiн» деп бiр топ кластас бас қосып едi. Ұл-қызы бар оншақты бала, толық ай шаршап аhылап-уhiлеп әзер шыққандай бетi қып-қызыл боп талаурап қара жотаның иығына жаңа көтерiлгенде, көлге қарай беттеп келе жатты. Араларындағы Риганың авиация институтына бармақ боп жүрген кең иықты, қызыл шырайлы Талғат алты шектi гитарын термелеп iлiп-тартып қоңырлата күмбiрлетедi. Жүрек шабақтаған мұңлы аккорд.

... Менiң де жаным жабықты-ай,

Ойлардан небiр айықпай.

Отыр ма екен сағынып

Осынау бiр жалғыз, осынау бiр жалғыз қайықта-ай?– деп бәрi айлы түндi тербетiп қосыла шырқайды.

Әндетiп жағаға жеткенде:

– О-о, жақсы келдiңдер! – деп алдарынан бес-алты қыз-жiгiт шыға келдi. – «Ақ сүйек» ойнауға кiсi аз боп тұр едi...

Араларында солдаттан жақында оралған Омар мен Әлиакпар бар. Екеуi де қызулау. Әлиакпар алкеуде, ұрыншақтығымен аты шыққан сүйкiмсiздеу неме едi, пәле iздеп айбат танытқаны ма, әлде мақтанған түрi ме, солдат белбеуiн бiлегiне орап, айылбасын жарқ-жұрқ еткiзiп алақанын ұрып қояды. Қаңғалақтап қайдан жүргенi белгiсiз, оныншыны параллель класта бiтiрген күлегеш Хадиша да осында, аузына бiрдеңе тиген бе, сықылықтап тiптен езуi жиылар емес:

– Қысылмаңдар, қыздар. Мектеп бiтiрдiк, бойжеттiк, ендi бiзде кiмнiң шатағы бар!..

Бұлар құлықсыз болса да келiстi. Ә дегенде, Әлиакпар бұны жағаттап, әлдененi мiңгiрлеп қасынан шықпай қойған. Бiлегiне жабысқан қолын қатты сiлкiп, бетiне көзiнiң уын бүркiп жиiркенiшпен бiр жалт қарап едi, бұл тiрлiгi жартасты шекесiмен ұрғандай әурешiлiк екенiн түсiнiп, ләм-мимсiз жайына кеткен.

Екi-үш ойыннан кейiн Әлиакпар мен Хадиша жоқ боп шықты. Ойынның қызығына түсiп елiрген жұрттың көбi әуелгiде олардың бар-жоғына мән бермеген. Сәлден кейiн лақтырылған «ақ сүйектi» iздеп бұлар қопалы жылғаға таяй бергенде, қасқыр тамақтаған лақтың бақ еткенiндей, қыздың шар етiп ышқынған дауысы шықты да тез басылды. Ары қарай аттауға дәттерi жетпей қалт тоқтаған. Бұның жүрегi дiр етiп дүлей қорқыныш өне бойын мұздатып жiберген. Ошарыла тоқтаған ұл-қыздар бiр-бiрiне қарай алмай көздерiн алып қашады. Басқа бiрдеңенi ойлап көңiлiн қанша алдарқатпақ болса да осы бiр жексұрын жәдiгөй айғай құлағынан кетсе қане.

Одан ары «ақ сүйекте» мән болған жоқ. Аптығы бәсеңдеп қожырай бастаған топтан бұлар сырылып шығып, жағалауды өрлеп барып, бiр астау жон құмдауыт иiнге жайғасқан. Желке тұстағы қарауытқан қоғалы өзектi қуалап үлбiрей өпкен майда самал тыныс ашады. Ай сәулесi көл бетiнде желбiреп тұр. Нұрға бөгiп ұшқын атқан түнгi дүние: «шырқа, шарықта, жас жүрек!» деп сиқырлана қабақ қаққандай. Төңкерiлген ескi қайықтың үстiне қатарласа отырып бұлар салған бiрде ерке назды, бiрде көкiрек шымшыған мұңлы әнге дала күрсiндi, көл дөңбекшiп тебiрендi. Сиқырлы үнмен сыңғырлаған жас түн.

Ұлдардың сөмкесiнде ұрланып жатқан екi шөлмек «Мускат» бар екен. Ешкiм де қымсынған жоқ, жағалай жүгiрген жалғыз стаканды кезегi келгенде тартып-тартып жiберiскен. Бәрi де «есейдiк, ендi боқмұрын мектеп оқушысы емеспiз, үлкен болдық» деп ойлады. Үлкендiктiң бұрын татып көрмеген қышқылтым тәттi дәмi таңдай үйiрдi. Әсiресе елден ерек, тез «есейген» Бiләл болды. Түймедей дөңгеленген шегiр көздерi ерекше нұрмен маздап, көптен ұрлана бұған жалтақ-жалтақ қарай бередi. Талай күннен жүрегiнiң түбiне жасырған құпиясы балалықтың бұғалығынан сытылып шығып, ендi тайсалмай бой көрсетiп тұр. Көздiң «тiлiн» қызға тән сұңғылалықпен түсiне қойған бұл жәбiрленiп қалды.

Бiләл – түсте көрсең кеште есiңде қалмайтын тым өшкiн, елеусiз бала болатын. Шартық қарын, төртбақ, өңсiз. Бойында жылт еткен бiр өнерi жоқ. Мектептi iлдебаймен әзер бiтiрген. Ұзаса әскерге не СПТУ-ға барармын деп жүрген мешел ойлы талапсыз. Осындай көзге қораш қортықтың дәмесiне қорланбай қайтесiң! Ол кiм, бұл кiм? Бұны өзiне тең санауға қалай дәтi барады десеңшi. Iштей булығып күйiп-пiскенмен көңiл шiркiннiң көк дөненнен жүйрiк екенiн топшылап, iле сабасына түскен. Армандауға хақысы бар ғой, қиялдай берсiн дедi. Кейде бұнысы мәңгiлiк орындалмайтын арман, құр далбаса екенiн ойлап мөлдiрей қараған көздердi аяп та кетедi.

Бiраздан соң бәрi суға түстi. Ай нұрына шағылысқан әппақ денелер жарқабақтан доғаша иiлiп жарыса сорғалаған. Балық қабықтанып дiрiлдеген тынық айдын жайын ойнағандай күмп-күмп жарылып-айрылып ақ көбiгi аспанға атылды. Судың бойласаң бақай жетер тұсы сүйек қабар суық та, бет жағы жып-жылы, қайықтай қалықтап шөп-шөп сүйген толқынмен алысып жүзе бергiң келедi.

Қыздар жағалаудан жырақтаған жоқ. Бiр-бiрiне су шашып, шыңғырып, күлiп өз базарлары өзiнде. Салған бетте ұлдар құлаштай сiлтеп оңашалана берген. Бiр-бiрiмен iштей бәсекеге түскендей, серпiле секiрген жауырындары жалт-жұлт ойнап, айдын бетiн бұрқырата сызып барады. Әсiресе Бiләлдiң екпiнi қатты. Бойына ерекше бiр қуат бiтiп құдыреттенiп алған. Әп-сәтте-ақ сытылып алға шықты. Ара қашықтықты қарыстап ұтып, ешкiмдi маңайлатар емес. «Мынау қайтедi-ей!» деп қызынғандардың кейбiрi бiраздан соң әпiгi басылып керi қайта бастады. Ал, Бiләл болса, ай сәулесiн басына кие, су үстiнде дiрiлдеген «алтын бағанды» өрмелеп, көз ұшында «айға» шығып бара жатты.

Өкпесi өшiп орта жолда қалғандар Бiләлдiң бұл ерлiгiн кешiрген жоқ, қалай да қыздардың алдында оны жоққа шығаруға тырысқан. Егесе-егесе тереңде зәкiр сап тұрған балық кемесiнiң үстiне шықты. Әркiм әр биiктен қарғып өнер көрсетiп жатыр. Тағы да Бiләлдiң мерейi үстем болды. Үшбұрышты жалауша желбiреген мәтшаның ұшар басына ешкiмнiң жүрегi дауаламай тұрғанда елден бұрын шықты да, құлашын басынан асыра үшкiлдеп, төмен қарай серпiле атылған, жебеше сорғалаған сүйрiк дене суға кiрш қадалып сүңгiп жоғалды. Өткен жылы ауылдағы бiр жiгiт катердiң осындай төбесiнен секiрем деп су астындағы темiрге басымен соғылып мойыны үзiлiп мерт болып едi. Көп кешiккенге сол сияқты қорқынышты ойлап тықыршып тұрғанда, Бiләл көз ұшынан сопаң етiп шыға келдi. «Мына шартыққа бүгiн не желiк бiткен-ей?!» деп бәрi iшегiн тартып таңырқаған. Ненiң желiгi екенiн бұл ғана бiлiп, қарадай қысылып қылпыл қақты...

Иә, бұның бәрi қайта оралмас әдемi елес қой. Жан-дүниесi сыңғырлап, күле ала ма ендi дәл сондағыдай. Көл де орнында, жел де үлбiреп өбедi бұрынғыдай... тек өзгерген бұның өзi ғана. Жалындап кетiп, жарқылы сөнiп жасып, жабығып келiп тұр, мiне. Жылжыған күнмен айналып тағы да жаз келер жарқырап, үйрек-қаз қонар қаңқылдап айдынына, бiрақ бұның өлген көңiлi қайтып тiрiле ме? Қар жамылып қаңыраған мына даладай мұның да көкiрегiнен қыстың демi еседi. Айналаның бәрi жат, сен сондайсың деп табалап көзге шұқитындай, кеше ғана сайран салған өз көшесiмен жүруге қорынып, көз байланғанын күтiп, ұрлық қылатын адамдай ескi тамның ығында бүрсең қағып тұрысы мынау.

3

Жүрек шiркiн бiрдеңенi сезедi ғой, Сәбираның бұлай секемденуi тегiн емес едi. Қанша жерден жасырып-жаптым дегенмен жаманат хабар екi санын шапалақтап сол күнi-ақ ауылға жеткен болатын. Алдау мен арбау жүрген жерде мораль, принцип болсын ба. Мақсатқа жету үшiн олар ешқандай айла-шарғыдан тартынбайды. «Жабулы қазан жабулы күйi қалады» деп ант-су iшiп қол қойғызып алған әнеукүнгi КГБ-ның жендетi обал-сауапты қайтсiн: «iс бiттi – қу кеттi». Қаhарлы мекеме жергiлiктi бөлiмiне «тексерiңдер!» деп жедел бұйрық түсiрген. Ертеңiнде-ақ аядай ауыл астаң-кестең дүрлiктi. Әуелi аудандық КГБ-ның дөкейi мектептi тiмiскiледi, «қауiптi элементтiң» оқып жүрген кездегi тәртiбiн, саяси көзқарасын тәптiштеп сұрады. Жақын араласқан құрбы-құрдастарының тамырын басты, үкiмет пен партия, көсемдер туралы не деушi едi, туыс-туғандарының оғаш пiкiрлерiн құлақтарың шалған жоқ па деп ұзақ шұқшиды. Содан кейiн Сәбираның әке-шешесiн парторгтың кабинетiне шақыртып алған.

Әкесi Нәби – ордендi балықшы, облыстық советке екi мәрте депутат болған, өзiндiк кеудесi бар күпиген кiсi. Қыт-қыттаған тауықтай шыр-пыры шыққан парторг байқұс машинасын есiк алдына көлденеңдетiп жүр-жүрдiң астына алғанмен қыңа қойған жоқ, «дөкей болса қайтейiк, қойғаны суый қоймас» деп асықпай сақал-мұртын басып, бiр киер жылтырағын кидi.

Пальтосының өңiрiн ашып соқырдың сыңар көзiндей жылтыраған жалғыз орденiн көрсете, бiз осындаймыз, деген сұспен талтаңдай аттаған. Бiрақ орден мен депутаттықтың буы тез басылды. Төрткөз дөкейдiң алдында күдiктi элемент қана отырды, сiңiрген еңбегi, алған марапаты... – бәрi-бәрi керексiз киiмдей сыпырылып есiк алдында қалған. Бұл тек кiсiнiң қаралығы ғана кiретiн есiк едi.

Әлгiнде парторг бала «бiр жауапты қызметкер сiзбен сөйлескiсi келедi» дегенде, «райкомыңнан бастап облыстың небiр жайсаңдарына дейiн дастарқанымнан дәм татпай кетпейтiн менi бала құсап сүмеңдетiп алдына шақыртатын бұл қайдан шыққан мықты екен өзi» деп сұсын сала кiрген ақсақалдың сазарған салқын қабақпен жолыққанда-ақ тауы шағылып қалған.

Бәйбiшесi екеуiн алдындағы былқылдақ орындыққа қарама-қарсы отырғызып қойып, ананы-мынаны түртiп сұрап, бiраз қоянбұлтаққа салды. Әуелi дәп бiр баяғыда партияға алғандағыдай қайда тудың, қайда өстiң деп өмiр тарихын сұрады. Ес бiлгеннен бергi өмiрiн баяндап, әкесiнiң отыз жетiншi жылы ұсталып кеткенiн, шешесiнiң қырық төртiншi жылы қыста колхоздың шөбiн тасып жүргенде шана ауып мерт болғанын айтты. Ұлы әкесi Рахымбайдың Меккеге екi рет барып қажы болғанын, Тораңғыдағы әлi күнге дейiн қабырғасы тұрған көк мешiттiң соныкi екенiн айтқанда, тiзесiне кигiзiп отырған құндыз құлақшынын уқалап, дауысына мақтан кiрiп лепiрiңкiреп кетсе керек, төрткөздiң «е, осы жағын айта түс» дегендей қабағы жазылып қадала қалғанын көргенде барып аяғын тартып ала қойған.

Ары итерiп, берi жығып, бiраз ырғап көрген соң дөкей:

– Елiмiздегi болып жатқан өзгерiстерге қалай қарайсыз? – дедi екiншi жамбасына жалт бере аунап түсiп.

– Қалай қараушы ем, оң қараймын, – дедi Нәби де бұлаң құйрыққа салып. – Өзгеруi керек болған соң өзгерiп жатқан шығар.

– Қонаевтың орнына республикамызға орыс басшының келуi дұрыс па?

– Бiз, шырағым, шаруа баққан қараңғы қазақпыз, дұрыс пен бұрыстың арасын көп ажырата бермеймiз. Тақ та, бақ та мәңгiлiк емес қой. Әйткенмен Димекеңнiң алдын көрiп, қолынан нәграт алып ем, содан ба, әйтеуiр, маған ыстық. Сыйлы адамды, бүйтiп тарлық етпей, лайықты құрметпен шығарып салу керек едi. Егер үлкен қателiгi, қылмысы болса, «өз өтiнiшi бойынша...» деп мәймөңкелемей шындықты тура айтпай ма!

– Осыны пайдаланып Алматыда кейбiр ұлтшыл элементтер жастар арасында толқу туғызды. Наша шегiп, арақ iшiп елiрiп алған бұзақылар Алаңға шықты. Ол туралы құлақдар шығарсыз?

– Онда барғандардың бәрi бiрдей нашақор, арақкеш бұзық дегенге сенбеймiн. Жастардың да өз бiлгенi бар шығар.

– Солардың iшiнде сiздiң де балаңыз бар болса қайтер едiңiз?

– Мен балаларымды бұзық етiп тәрбиелегем жоқ, жөнсiз жерге аяқ баспайды.

– Сiз Алматыдағы қызыңыздың не күйге душар болғанын бiлесiз бе?

– Не?.. Не боп қапты?!! – Нәби жамбасына бiз сұғып алғандай апалақтап атып тұрды.

– Сiз шынымен ештеңе естiген жоқсыз ба?

– Жоқ. Өлгеннен аман ба өзi?!

Бағанадан берi жаңа түскен келiндей қысылып, екi аяғын кейiн жiбере орындықтың шетiн кертiп қана шошайып үн-түнсiз отырған Ғайнидың өңi боп-боз боп, басындағы ақ түбiт шәлiден айырғысыз боп кеттi. Үрей жаулаған момақан қой көздерi шарасынан шығып алайған күйi отырған орнында тырп ете алмай қатып қалған.

Тоқ етер сөзiнiң дөп тигенiне айызы қанған дөкей жауапқа асығар емес. Жандары шырқырай түссiн деген ниетпен әдейi созып, саусақтарын санамалай сытырлатып, ыңыранып барып:

– Кейде тiрi жүргеннен өлгеннiң өзi артық болады... – дедi одан сайын үрейдiң бұлтын қоюлатып.

– Ойбай-ау, немененi көрбiлтелеп тұрсың, шырағым! – дедi Нәби қос уыстап кеудесiне қысқан құлақшынын умаждап. – Турасын айтшы өлтiрейiн демесең!

Төрткөз алдындағы қара былғары папканы баппен ашып, қос парақ қағазды ұсынды:

– Мынаны оқыңыз.

Нәбидiң қолындағы қағаз жел қаққандай сытыр-сытыр дiрiлдеп кеттi. Ары қарап, берi шұқшиып ештеңе ұға қоймаған соң:

– Бұл не? Көзiм жететiн емес, – дедi.

– Сәбира деген қызыңыз бар ма едi?

– Е, бар емегенде. Жалғыз қарашығым ғой!

– Бұл – соның тергеуде берген түсiнiктемесi. Аяқ жағында қолы тұр.

Сәл iркiлдi де, «ары қарай не болдыны» үрейленген көзiмен ұқтырып, аузына қараған екеуге «қап, бұны өздерiңiз оқыған дұрыс едi, менi қинадыңыздар-ау» дегендей қипыжықтаған боп барып қайта тамақ кенедi:

– Бұл, ақсақал, былай... Нетiп... ыңғайсыздау жағдай. Айтуға ауыз бармайды. Қыздарыңыз он жетiсi күнi желiккен жастармен iлесiп Алаңға шыққан. Бiр топ бұзақымен бiрiгiп арақ iшедi. Мастардың сыры белгiлi ғой. Әлгiлер iңiр қараңғысында ойларына келгенiн iстеп, өлiмшi ғып қар үстiнде тастап кеткен...

Сол-ақ екен, Нәби «А-а» деп жаман дауысы шыға басын бiр кекжең еткiздi де, кескен теректей шарқ етiп еденге шалқасынан түстi. Үрпиiп ұшып тұрған Ғайни столды айналып сүрiне-қабына жүгiрiп барып күйеуiн бас салды. Жансыз дененi жұлқылаған күйi көкке қарап ауа талмап қара ноль боп үңiрейген аузынан ащы шыңғырық бiр демнен кейiн барып әзер шықты:

– Ойбай-ай, ойбай, ендi қайттым! Тумай шөккір жаман қар-ай, екi ортада шалымды өлтiрдi-ау! Кiм барсың ойбай, келсеңдершi!.. – деп өз басын өзi тоқпақтай бастады. У-шуға жүгiрiп кiрген жұрт басына бiр шелек мұздай су құйып Нәбидi әзер дегенде тiрiлтiп алған. Содан берi ата-анасының Сәбираға деген көңiлi суық тартып, қара тастай қатып қалған болатын.



4

Iңiр қараңғысын жамылып жеткен Сәбира өз үйiнiң дарбазасын жасқана ашты. Ұшы түйiлiп салбырап тұрған қайыс таспаны тартып темiр тиектi ағытты да, сықырлауық есiктi еппен итерiп аулаға енген. Қақпаға жетер-жетпес қып байланған сүмбiл қара Ақтөс шынжырын салдыр еткiзiп бiр арс еттi де, «ойбай-ау, сен бе едiң» дегендей, ырылы лезде қыңсылауға айналып, қуанғаннан не iстерiн бiлмей есi шығып, бiресе қарғып, бiресе жерге аунап әбiгерге түскен күйi жақындай берген бұны арсалаңдап бас салды. Алдыңғы екi аяғымен иығына асылып, басын кеудесiне төсеп iшiн тарта қыңсылады. «Жатырқамайтын сен бар екенсiң ғой, Ақтөс! Күшiгiм менiң!» Қапсыра құшақтап Сәбира жонынан еркелете сипаған. Көзiне ерiксiз жас үйiрiлдi. Көкiрегiнде шөккен қара бұлттың жабығынан жылт етiп бiр сәуле көрiнгендей. Алаңсыз балалықтың қызық-шыжығына куә болған туған үйiнiң бұрыш-бұрышы көзiне оттай басылып, ыстық тартып барады. Мiне, дарбазаның оң жақ босағасына қадаған жуан бөрененiң орта тұсы жып-жылтыр, малта тастың бетiндей қолың таяды. Сырласаң сыр жұқпайды, жұққан күнде де көпке бармайды. Өрiстен қайтқан қоңыр сиыр азан-қазан мөңiреп есiктен бас сұққан бетте босағаға бiр сүйкенбей өтпейдi. Ал ана қораның түпкi жағындағы қатар өсiп тұрған үш бәйтеректiң шеткiсiнiң дiңiнде «Сәбира, 1980 ж. 10.IX.» деген жазу бар. Бесiншi класс оқып жүргенде жазған, пышақпен ойып тұрып әдемiлеп. Ол кезде балапан терек едi, ол да жыл өткен сайын бұнымен жарысып бiрге өсiп келедi. Дiңiндегi әрiптердiң бiрi төмен, бiрi жоғары жайылып, айбақ-сайбақ қотырдың орны сияқты қазiр...

Алты ай көрмеген ата-ана, аға-бауырға деген сағыныш пен жанын жегiдей жеген қорыну сезiмi итжығыс түсiп, қара дермантинмен қапталған есiктiң сұп-суық тұтқасын толқи ұстап тартып қалғанда, бүлк-бүлк қайнаған қара қазанның берекелi иiсi бұрқ етiп танауына ұрды. Өз үйiнiң иiсi! Чемоданын босағаға қоя сап, жүрегi атқақтаған күйi ата-ана, аға-бауырының қай бұрын қарсы ұшырасқанына құшағын жая ұмтылмақ едi, ас бөлмеде ыдыс сүртiп күйбеңдеп жүрген шешесi бұл «Апа!» дегенше жалт қарады да, қолындағы шынысын тастай берiп, бетiн басып отыра кеттi. Құдды бiр жоқтау айтқандай сұңқылдап қоя бердi:

– О, сорлаған бейшара! Қартайғанда көрейiк деген қорлығымыз осы ма едi. Не жазып ек құдайға, бетiмiз күйiп жерге қарап қалдық қой! Қара басын алып жүре алмаған жаман қар, бүйткенше неге қара жерге кiрмедiң, ойбай!..

Төбесiнен төмен қарай тастай су құйып жiбергендей тұла бойы мұздап кеткен Сәбира өңi сазарып, босағаның түбiнде қалшиып қатты да қалды. Үйде басқа ешкiм жоқ екен. Кешкi ала көлеңкеде үңiрейген бөлмелер шешесiнiң дауысымен жаңғырығып өксiп тұр. Аузынан «жаным, күнiмнен» басқа сөз шығып көрмеген адамның бұлай түңiлiп күңiренуi Сәбираны есеңгiретiп тастады. Түсiнбедiң деп өкпелеуге бетi қайсы, мүсiркеу күткенмен, дәл бүйтiп қиналғаны қатты тидi. Барар жер, басар тауы болмаса да, қарасын батырмақ боп чемоданын қайта алып, қолын тұтқаға соза берiп едi, сұңқылдап отырған шешесi өксiгiн тиып:

– Тоқта! – дедi, әмiрлi дауыспен. – Жетi түнде қайда бармақсың?!

– Кетейiн, апа. Қайда болса да кетемiн. Сiздердiң қиналғандарыңызды көргiм келмейдi.

– Сандалма! Қыларыңды қылып алып, ендi кiмге қыңыраясың. Осы өлтiргенiң де жетедi. Бар, шешiн. Былжырап кетем дейдi ғой. Баратын жерiң болса, неменеге келдiң! – Бар қаhарын бетiне жиып, сұрланып, тебiтiп келдi де, сiлейiп тұрған Сәбираның бiлегiнен шап берiп сiлкiп қалды. – Неменеге мелшиiп тұрсың, жүр берi!

Бiрақ апасының бар қаhары осы жерге ғана жеттi. Келесi сәтте сұстанып кекжиген басы сылқ түсiп, екi иығы селкiлдеп Сәбираны бас салды:

– Қор болған, қарашығым-ай, қайтейiн ендi!– деп тұншыға сыбырлап өксiп-өксiп жiбергенде, Сәбира да шыдай алған жоқ, ананың ыстық құшағы көкiрегiндегi көк сiреу мұзды ерiтiп жiбергендей көз жасына ие бола алмай қалды.

– Менiң еш кiнәм жоқ қой, апа-ау! Зәбiрленгенiм үшiн өстiп тағы жапа шегуiм керек пе! – дедi солқылдап.

Бейуақта босаға түбiнде аналы-балалы екеуi өксiктерiн баса алмай құшақтары айқасып ұзақ тұрды.

Бала үлкейген сайын ата-ананың уайымы да ұлғаймақ. Соңғы уақытта ауылда маскүнемдiк етек алып, жастардың төбелесуi, байбастақ әрекет жасауы әдетке айналып бара жатқан. «Бетiм-ай, пәленшенiң қызы сөйтiп қапты!», «түгеншенiң қызы аяғы ауыр болған соң қашып кетiптi!..» деген сияқты пыш-пыш қаңқу құлағына тиген сайын суқаны ұшып қара суды қалтырап iшiп отырған ана өз қызының мынандай масқараға ұшырағанын естiгенде төбесiнен жай ұрғандай жайрап қалған бiржолата. «Кiммен қарайсаң, сонымен ағар» дейтiндей, өзгелердiкi той екен мұның жанында. Бәрiн бiттiге санап күйреп, күңiренсе де жамандыққа қиғысы келмеген ана байқұс қызының «кiнәм жоқ» деген сөзiн малданып иненiң жасуындай бiр жарық сәуле iздеген. Неде болса Сәбираның өз аузынан естуге ынтық. Құпияны бiреу естiп қоярдай есiктiң iлгегiн салып, терезелердiң пердесiн қайтадан мұқияттап жапты.

Сәбира жуынып-шайынып, дастархан басына тiзе бүккен соң апасы суыртпақтап сыр тартуға көшкен. Иен үйде екеуiнен басқа тағы бiреулер бардай сыбырлап сөйлейдi. Қыз бала анасынан не сыр жасырсын. Болған жайды бүкпей түгел айтып берген. Жәбiрлеушi орыс солдаттары екенiн естiгенде апасы одан сайын қорланып бүктүсiп отырып қалды. Бетiн басып, қыстығып ұзақ жылады. Өзi танитын мұсылман баласы болса, бiр иттiгiн кешiрiп, араларын жарастырып жiберермiз бе деген әлсiз үмiтi бiржолата үзiлген.

Ең қиыны әкесiмен ұшырасу болды. Сырттағы қараңғылық қоюланып, iштегi шамның шекесi жарқырай түсiп әбден көз байланған сәтте сықырлай ашылған есiктен өзiмен бiрге қаңтардың бiр қора аязын ертiп әлдекiм қорбаңдап кiрiп келе жатты. Тықыр шықса жүрегi суылдап, қылпылдап отырған Сәбира лып етiп ас үйдiң босағасынан мойын созып едi, келген әкесi екен. Жер бауырлап сумаң қаққан аяз лап берiп құшақтай алғанда жiпси бастаған денесi қалтырап кеттi.

Әкесi аяқ-қолы серейген сүйектi адам едi. Шолақ тонның үстiне қаудырлаған ұзын брезент сулық киiп алған соң қорбиып босағаға сыймай тұр. Бауы иек астынан шарт байланған суыр малақайдың қос жиегi әппақ қырау. Қолындағы жарты қап әлдененi сатыр еткiзiп аяқ астына тастай салып едi, «е, бiз ғой» дегендей үй iшiн лезде балық иiсi кернеп кеттi. Малақайын шешiп, тiзесiне бiр соқты да, киiм iлгiштiң үстiне тастады. Екi жағына кезек еңкейiп мұртының шалғысындағы бұршақ-бұршақ мұзды қаққан. Сонан соң қоқиған сулықтың түймесiн ағытпақ боп бiраз әуреленiп едi, баржиған саусақтары икемге келмедi ме:

– Бұл үйдiң қатыны өлiп қалғаннан сау ма! – дедi кейiстiкпен дауысын көтере.

Қолындағы шынысын столға қоя сала сүрiнiп-қабынып жүгiрген шешесiне iлесiп, Сәбира да ұмтылған. «Көке!» деп ышқынған дауысы көмейiнде тұншығып, екпiндеп жетiп келген бойда бас салуға бата алмай екi қолы жайылған күйi қалт тұрып қалған. Әкесi төңкерiле бұрылып, кең ашылған көздерiнiң қарашығы дөңгеленiп сәл тұрды да жек көретiн не жиiркенiштi бiрдеңенi көргендей жанарын тез тайдырып әкеттi. «Таз өшiн тырнадан аладының» керiмен, «селтиiп неғып тұрсың, шешпейсiң бе мынаны!» дедi екеуiне кезек жаутаңдап дегбiрсiзденiп тұрған апасына ақырып.

Бұған қайтып назар салған жоқ, қарсы алдында орындық, қабырға... сияқты жансыз бiрдеңе тұрғандай. Бұның бар-жоғы, өлi-тiрiсi бiрдей екен. Жоққа санап жүрегiнен сылып тастапты. Осынау дел-сал бейтарап күй жанына қатты батты. Бұдан гөрi жер-жебiрiне жетiп ұрысқаны не көк желкеден бiр түйiп үйден қуып шыққаны әлдеқайда артық едi-ау!..

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ

ЖАРАЛЫ ЖАС АЛМАТЫ

Қансырап, жарасы жанға батқан Алматы ыңырсып жатыр. Талай тағдырдың шырқыраған дауысы тас түрменiң iшiнде тұншықты.

Кiсi деген кейде қысқа күнде қырық қаржасып жүрген бiреулердiң небiр иттiгiне үйреншiктi нәрседей жайбарақат қарайды да, ал ылғи да көңiлiнен шығып құлдыраңдап тұратын екiншi бiреу сәл жорғасынан жаңылып кетсе, апшысы қуырылып, мың күндiк жақсылығын бiр күндiк қателiгi тәрк етiп, тас-талқаны шықпай ма. Орталық та Қазақстанға сондай қырғи қабақ танытты. Әкелеп-көкелеп арқасынан сыйпап, басқаның несiбесiнен ойып алып жылы-жұмсақты аузына тосса да тауға қарап ұлыған Кавказ бен Балтық жағалауындағылар бұның көкесiндей қылық көрсетсе де бұлай талағы тарс айрылмас едi-ау. Басқанiкi басқа, құйрығына тепсең, бетiн төсейтiн көнбiс, мыңға тарта мектебiн жауып тiлiн кескенде де, жалпақ даласын тiлгiлеп, ата-бабасының сүйегiн трактормен таптап, өздерiн сай-сала, құм-шөлейтке қуып тастап «арпа iшiнде бiр бидай» ғып жаутаңдатқанда да жәбiр көрдiм деп мыңқ етпеген салбөксе, «орыс болу үшiн әуелi қазақ болу» керек дейтiн бiр бармағын iшiне бүккендердiң мазағын мақтан көретiн, екi жүз елу жылдық құлдығын прогреске, бақытқа жеттiк деп ұланасыр той ғып өткiзетiн, атомның оқпанына көгендеп қойып, дүрс-дүрс бомба жарып көтенiнен көк түтiн шығарса да «Ойбай, отанды етпен қамтамасыз етемiз, Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткiземiз!» деп ұл-қызы жаппай ақ таяқ ұстаған әсiре ұраншыл, даңғой, осынша иiс алмас «калбиттердiң» аяқ астынан бұлай мойнын iшiне алып мөңкiгенiне Империя қатты кектенген, аямасқа бекiген.

Алаңды танкiмен тазартқанша құйрығы қопаңдап үкi көзденген Қазақстанның жаңа көкесi екi тiзгiн, бiр шылбыр қолына толық тиген соң-ақ қасын қайшылап шыға келдi. Ереуiлге дем берушi кiм? Ұлтшылдық пиғылға қалайша жол берiлдi? Ақ Ордадағылардың екi аяғын бiр етiкке тығып, бүйiдей бүрсiн. Бiрақ көп өтпей айналасындағылардың Бейсенбай, Сейсенбайлардан туғанмен, нағыз партияның бел баласы екендерiне көзi жеткен. Қонаевқа iшi мұз боп қатса да, бiр риза болғаны – төңiрегiне партия iсiне адал нағыз коммунистердi жинапты. Егер ана Алаңды кернеген қызылкөз қаhарлы толқынға жөн бiлетiн беделдi бiреу мына жақтан қаны қызып ұрандап қосылғанда ғой, мәселен, елу алтыншы жылы Венгриядағы көтерiлiстi басқарған Надь сияқты, ...Құдай сақтасын! Абыройға орай, бұларда ондай пиғылдың ұшқыны да жоқ. Жорғалап, қандай iстi де ойыңдағыдан асырып орындайды. Бiрiне бiрi жау, бәрi тек жаңа қожайынды сүйедi. Сол махаббатын бiлдiру үшiн бiрiнен бiрi асып түсуге жанын салады. Осыны сезген көсем терiсi кеңiп, алтын таққа нығызданып орныға түстi.

Буырқанып Алаңды кернеген жас толқын шын мәнiнде жетiм ұрпақ едi, жалғыз өзi шырылдады. Солдафондық Империя етпетiнен сұлатып салып керзi етiкпен тепкiлеп, қасқыр итке талатқанда ышқынып кеп ара түскен әкелер де, ағалар да болмады. Аштық пен репрессияның тас диiрменiне түсiп үгiтiлiп, iрiлiктен айрылған әкелер тыныш өткен әр күнiне шүкiршiлiк ететiн тәубашыл, мешел де, сол көрбала ұрпақтың бауырынан өрбiп, қоңторғай тұрмыстың қара көжесiмен оқып жетiлген ағалар тырбынып шыққан биiгiн ештеңеге айырбастағысы келмейтiн аяншақ, жалтақ.

Бауырлары үшiн жаны шырқырағандар бiрен-саран. Атақты генерал Марат Алматаев Алаңдағы сұмдықты көргенде алтындаған шен-шекпенiнiң бетiне де қараған жоқ. Тiзгiндi қолына алып, әскери iс-қимылға бағыт-бағдар берiп отырған КГБ-ның шефiне тебiтiп кiрiп барып:

– Тоқтат, мына масқараны! – деп столын салып-салып қалған.

– Онда сенiң жұмысың болмасын! – дедi анау безерiп. – Бәрiн бiз шешемiз!

– Бәрiн сен шешсең, бiз несiне генерал боп жүрмiз?

– Бүгiннен бастап генерал емессiң. Погоныңды жұлып тастаса да болады! – деп сап-сарыала неме, сары жыландай ысылдап қолын соза бергенде иектiң астынан жұдырықпен жалғыз-ақ перiп, серең еткiзiп шалқасынан түсiрген.

Ұлтшыл, «бұзық» генералды бүлiкшiл қалада бiр күн де тоқтатқан жоқ, үй-iшiне қоштастырмастан Москваға арнайы самолетпен жөнелтiп, ары қарай Ауғанстанға, өлмесең – өмiрем қап деп от пен оқтың астына айдады да жiбердi.

Қардың бетiн құйрығымен сипап, қанды iзiн жасырған айлакер түлкi секiлдi, қаралы уақиғадан кейiн Ақ Орданың қожасы зиялы қауымның ауанын байқап,


аузын алу үшiн жазушылармен кездесуге келгенде
ақиық Жұбан ақын мен аяулы жазушы Сафуан атып тұрып, ел жүрегiндегi қыжылды тайсалмай айтып салған. Бiрiмен бiрi таласа-тармаса мiнбеге шығып, «Қонаев кәкәй, сен әйбәтсiң. Сiз секiлдi басшыны баяғыда-ақ аңсап күтiп-ек, ендi көсегемiз көгеретiн болды» деген сияқты өңкей бұралқы, жалпақайлардың қошаметiне бойы балқып албырап отырғанда қос ардагердiң сөзi бетiне мұздай су шашып жiбергендей болды. «Мен ұл-қыздарымыздың Алаңда итке таланып шыңғырған дауысын естiгенде Отан соғысының от-жалынынан аман келгенiме өкiндiм. Ұрпағымызды өстiп қорлату үшiн соғысып па едiк!..» дедi Жұбан ақын өзегiн өксiк кернеп.

Бұл сияқты ерлер аз едi, тым аз. Жайшылықта елдiң еркесiмiн, серкесiмiн деп жүретiндер үнi шықпай бұғып қалды. Кейбiрiнiң тiптi, үндемей қалса да бiр сәрi ғой, жығылып жатқанда жаумен бiрге жарысып тепкiлегенiн қайтерсiң. Омырауында сөлкебейлерi сыңғырлаған ығай мен сығайдың бiразы қалқып iшкен қаймағына адалдығын танытып, «бұлар социалистiк қоғамымызға жат пиғылдағы бұзық элемент, ұлтшылдар. Аяусыз жазалау керек» деп Орталық комитетке «Ашық хат» жазып, алпауыттың астына бiржолата салып берген жоқ па!..

Алаңнан қансырап шыққан жас Алматы тас түрмелерде ыңырсып жатты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет