Жертөледегі жазу



бет26/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

2

Ой шақпағы жарқ-жұрқ ұшқындап, уытты сөзге толғатқан қалам ұшы қағаз бетiне төне бергенi сол, кенет тым-тырыс тыныштықты дар айырып, қоңырау безiлдей жөнелгенi. Ақын селк етiп есiк жаққа қарады. Аң-таң түсiнiксiз күйде. Үй iшiндегiлердiң бiрi болса, әрқайсысының кiлтi бар, өзi ашып кiруге тиiстi, ал бүйiмтайы барлар алдын ала телефон соғып, рұқсат сұрайтын. Келуге уәделескен ондай ешкiм жоқ едi ғой. Қоңырау үстi-үстiне безiлдеп тоқтамаған соң, сiлкiнiп орнынан тұрды. Тебiтiп есiкке жетiп барғанмен, сақтық ой шаужайына жармасып, iркiлiп қалды. Қалай деп бола ма, үйде ешкiм жоғын бiлiп, әдейi жендеттерiн жiберiп отырған шығар. Байқамасаң, қараңғы подьезде аузыңды бақадай аштыра салу не көшеде машинамен қақтыра салу түк емес. Бұлардан бәрiн күтуге болады. Талай сойқанды сайыста бет шыдатпай талқандап өтетiн кәрi жыны қайта оянып, тұла бойы дүр сiлкiндi. Ыза-кегiн қос жұдырығына түйiп, қатер төнгендей болса, найзағайша орып түсуге оңтайланып, сақтықпен есiк ашқан. Сырықтай серейiп, сұлу өңдi жас қазақ тұр. Баса киген құндыз құлақшынының жиегi көмiрдей қою қасымен астасып, сәл қиықша бiткен шүңiт көздерi тiк қадалып өжет ұшқын шашады. Орақ тұмсық, шақпақ иек – қайсар жанның бiтiмi.

– Ассалаумағалейкүм, аға! – дедi иiле қолын созып. Бұл жауап қайтарған жоқ. Қолын селқос алды да:

– Иә, не бұйымтай бар? – дедi.

Жiгiт қалтасынан жарқ еткiзiп, куәлiгiн көрсеттi – КГБ қызметкерiнiң қызыл мұқабалы куәлiгi! Ақынның жүрегi мұздап қоя бердi. Шынымен тықыр таянғаны ма? Отыз жетiнiң қара суық, қараңғы түнi есiнде қалмаса да, әке тағдырына байланысты қиялымен жасап алған сұрапыл сурет көз алдынан елестеп өттi. Астан-кестен күймен есеңгiреп тұрып, ерiнi жалп-жалп сөйлеген жiгiттiң сөзiн емiс-емiс құлағы шалды:

– Ешқандай жамандық ойламаңыз, аға. Сiз үшiн де, мен үшiн де өте бiр маңызды шаруа боп тұр...

Көңiлi сәл жайланған Ақын кейiн шегiнiп, есiкке қарай иек қақты: – Үйге кiр.

Жiгiт ашық тұрған есiк пен төбенiң төрт бұрышын сұқ саусағымен айналдыра нұсқап, ернiн басты:

– Аға, бес минут уақытыңызды бөлiңiзшi, – дедi сыбырға көшiп. – Сыртқа шығып сөйлесейiк.

Жiгiттiң тықыршыған түрiнен тегiн келiс емес екенiн түсiндi. Бөгелместен тез киiнiп, сыртқа шыққан.

Жалаңдап тұрған суық болмаса да жiгiт пальтосының жағасын тiк көтерiп, құлақшынын қабағына түсiрiп, бет-аузын көрсетпей тұмшаланып алыпты, таныс-маныстың көзiне түспейiн деген сақтығы ма, кiм бiлсiн.

Екеуi құлдилап, 28 панфиловшылар паркiне қарай аяңдады. Таңертеңнен берi тырсиып, сыздаған сұрғылт аспан кенет қабағындағы қырауды қағып-қағып қалғандай, жер мен көктiң арасы тұтасып, аппақ қылау ұйтқып-ұйтқып өттi. Жол жиегiн көмкерген жасыл шыршалар сақал-шашы ағарып, лезде қартайып шыға келдi.

– Бұлай мазаңызды алғаныма кешiрiңiз, аға! – дедi жiгiт әңгiменi неден бастарын бiлмей сәл iркiлiп барып. – Сiздiң үйге тыңдайтын аппарат қойылған, сыртта сөйлесейiк дегенiмнiң себебi сол. Мен сiзге картамды бiрден ашайын, аға. Мен КГБ-ның офицерiмiн, аға лейтенант. Аты-жөнiм – Тимур Қасболатов. Ана ең дөкейдi күзететiн бөлiмде iстеймiн. Қасында жүремiз, бiзбен қол алысып амандасады. Мен, аға... оны өлтiргiм келедi! Бұл – менiң нақты шешiмiм.

Ақын селк ете түстi: «Нақұрыс шығар!» Жалт бұрылып, жiгiттiң бетiне үрейлене қарады.

– Шатасқан бiреу ме деп тұрған шығарсыз. Олай емес, ақыл-есiм дұп-дұрыс, аға.

– Ендеше не себеп?

– Бүгiн сотқа бардым. Желтоқсан қозғалысына қатысқандардың соты болды. Осы уақытқа дейiн көзiмнiң алды көк тұман болып келiптi. Қандай қорлаудағы қорғансыз елмiз. «Апартеид» деп Африкадағы нәсiлшiлдiк режимдi айыптаймыз, содан бiздiң
қай жерiмiз артық. Ленинiн көтерiп, КПСС-iн мақтап, бейбiт шеруге шыққан жастарға өздерi соқтықты, түртпектеп, ашындырып алып, қанға бөктiрдi. Итке талатып, сапер күрегiмен төпелеген жендеттен жанұшырып, қолына түскен тас-таяқпен қорғанса – қылмыс па? Сотқа тартылған сегiз жiгiтке тағылған басты айып – таяқ ұстап тұрған суреттерi. Тәртiп сақшыларына неге қарсыласасыңдар, неге қол жұмсайсыңдар – жағатын бар күйесi осы. Пәленше милиционер мен солдат жарақат алып, госпитальға түстi деген дақпырттың да түбi шикi. Дүрбелең кезiнде жағдаймен танысу үшiн госпитальға келсе, көптеген милиционерлердiң ешқандай жарақатсыз жатқанын көрiп, бұл не сұмдық деп дабыл көтергенi үшiн генерал Алматаевтың жоғары жақтың қаhарына ұшырағанын да бiлемiз. Ондай «зәбiр шегушiлердiң» не үшiн керек болғаны ендi белгiлi болды. Алты жiгiттi әртүрлi мерзiмге соттады. Екеуiне ату жазасын бердi. Айыптары – көпе-кернеу жала, еш қисынға келмейтiн сандырақ. Әзиз-Сұлтан деген жiгiтке КГБ өзi өлтiрген бiреудiң жаласын жауып отыр. Нағыз ер екен, үкiм оқылғанда селт етпедi ғой, екi көзi шырақтай жанып төбеге қадалған күйi тұра бердi. Ал ана ату жазасына кесiлген екiншi жiгiт үкiмдi естiгенде, етпетiнен жерге құлап түстi. Серейiп талып қалды ма, екi конвой қолтығынан сүйреп алып кеттi. Соңғы сөз бергенде Әзиз-Сұлтан ұйқыдан оянғандай айналасына тұнжырай қарап, сәл iркiлiп қалды. Оңай дейсiз бе. Есеңгiреп тұр ма деп ойлағам. Жоқ! Келесi сәтте дүр сiлкiнiп, ұшқын атқан өжет жанарымен залдың iшiн бiр шарпып өттi де, кеудесiн кере шалқайып, баяғының жырауындай сөзiн ұйқастыра жұптап, төкпелете жөнелдi:

Жиырма бiрде жасым бар;

Күнәдан азат басым бар.

Менен де бұрын қан жұтып,

Қапыда кеткен асылдар.

Солардан жаным артық па,

Атам десең – атыңдар!

Асам десең – асыңдар!

Бұлдыр да бұлдыр белестен,

Екпiндеп бұла жел ескен.

Көжектей жауын бұқтырған

Баhадүр қазақ емес пе ем,

Төбесi көкпен теңескен.

Жонда жортқан арғымақтың

Iзiне қазiр шөп өскен.

Бағлан басың кiм болды?

Тас үгiлiп – құм болды.

Әулие ағаш басына

Қарға саңғып, жын қонды.

Тектiсiн теуiп кеудеден,

Ептiсiн мақтап ер деген,

Азуы шығып есеймей

Етекбасты құл болды!

Жалындап жүрек жанғанда,

От пен судан тайған ба!

Солдатқа да қарамай

Бес қаруын сайлаған;

Семсерiн сiлтеп намыстың,

Кiрiп бiр кеттiм майданға!..

Армансыз адам болмайды,

Кiмдердiң гүлi солмайды?

Көк тiреген таулардың

Басын да тұман торлайды.

Еңкейiп қалдың, жан әкем!

Аңырап қалдың, жан анам –

Бәрiнен де сол қайғы.

Өксiкке толып көмейiм,

Қыршын кеттiм демейiн.

Ерте ме, кеш пе – бiр өлiм,

Алла iсiне көнейiн.

Боқ арқалап жүргенше,

Көш артынан үргенше,

Кенекемше өлейiн!!!

– Бiз құл емеспiз деп құлшынып шыққан азат ойлы қазақтың қайсар рухы емес пе бұл, аға. Жайнап тұрған шырақты қалай көзiң қиып сөндiресiң. Лап етiп шапшып қаным басыма тептi. Көзiм қарауытып көрер емеспiн. Көпе-көрнеу қиянатқа қалай төзерсiң, не iстеу керек? Шарасыздық есiмнен айырғандай, қалтыраған қолымның қалай кобураға барып қалғанын бiлгем жоқ. Тапаншаның мұп-мұздай тұтқасы алақанымды қарыды. Мантия киiп, әдiлеттiң атынан шiмiрiкпей үкiм оқып тұрған жәдiгөй судияны қара қанын бұрқ еткiзiп, қақ маңдайдан басып салғым келдi. Жүгiрiп келе жатып ондық нысанаға көздемей тигiзетiн маған ол түк емес. Жауыз! Дүниедегi қиянат атаулы осындай азғындардың қолымен жасалады. Құран болмаса да құрандай сенген кiтабын жүрегiне басып, тек әдiлет атынан сөйлеймiн деп ант-су iшкенi қайда бұл малғұнның! Әдейi құмырсқаны басуға да аяйсың. Шырылдатып жазықсыз адамды өлiмге қалай қиып тұр. Неге жүрегi селт етпейдi. Әдiл үкiмiн шығарса, басы кетпес, көп болса, шенiн төмендетер, шекпенiн шешiп алар. Есесiне ары таза, ұйқысы тыныш... Әй, бұларда ондай сезiм қайдан болсын. Иесi кiмге айтақтаса, көзi қызарып, ойланбастан тарпа бассалатын қаратөбет емес пе!.. Тоқта, сабыр, сабыр!.. Тапаншаға жармасып қораптан шығаруға әрекеттенген оң қолымды сол қолыммен басып, жуасыта алмай әлекпiн. Арзымастың арам қанына асыл оқты былғағым келмедi. Менiң өмiрiм соншалық бағасыз нәрсе емес қой. Бас тiккен соң өкiнбестей боп жастығыңды ала жатқан жөн. Ендеше, дөкейдiң өзiн неге қанжығама бөктере кетпеймiн. Пәленiң басы – сол. Жылтырап күлгенмен көкiрегi жiбiмес тоң. Басқаларға сабақ болсын, қолға түскендердi қатаң жазалаңдар деп аюдай ақырып отыр. Күнде болмаса да күнара ұшырасып тұрам, оңтайлы бiр сәтте жайрата салам. Тек не үшiн атқанымды бiр ауыз сөзбен болса да айтып үлгiретiндей көптiң көзiнше атуым керек. Осы шешiмге нық бекiндiм, аға! Ақыл таппай сасқалақтағанда медет тұтар жалғыз тiрек өзiңiзсiз. Сiзбен ой бөлiсейiн деп келдiм, не ақыл қосасыз?

Бойы өзiне жетеқабыл сидам жiгiттi екi иығынан шеңгелдей ұстап, Ақын сiлкiп-сiлкiп қалды:

– Очнись, дурачок! Есiңдi жи, ақымақ! – Өзiмсiнген дауыспен елжiреп айтты. Көптен берi қабағының жiбiгенi осы шығар. – Батыр iнiм бiреу ме десем, екеу екен. Өзiн құрбан ете бiлу – ең ұлы ғазиз сезiм, адам жанының қаhармандығы. Миллионда бiреудiң ғана қолынан келетiн ерлiк iс бұл. Бiрақ сен басыңды бәйгеге орнымен тiгiп тұрған жоқсың. Дөкейдi атам дейсiң. Онымен не өзгередi, қара су керi аға ма? Ол өлсе, орнына сол секiлдi тағы бiреу келедi. Мәселе, бiз жасап отырған қоғамның табиғатында, соны өзгерту керек. Демек, сенiң шешiмiңдi қолдамаймын, түбiрiмен қате. Арандамай тұрғанда, бұл әңгiме осы арада қалсын. Бақыт жолында күресу үшiн адам әуелi өзiнiң бақытсыз екенiн сезiну керек. Осы сезiну құдiретi, яғни қуатты ұшқын Желтоқсанда мыңдаған жүректе жанды. Ендi ол алауды ешкiмнiң өшiруi мүмкiн емес. Шам тамызған шырпы пiлтеге алауын берiп, өзi күйiп кетпей ме, мына боздақтар сол iспеттi.

– Мына нақты жағдайда не iстеуiмiз керек, аға? Ана жазықсыз жапа шеккендер көздерi жаутаңдаған күйi кете бермек пе?

– Бұл iске араласқанмен жағдайды өзгерту қиын-ау! – Ақынның ұшқын атқан өжет жанары мұң кiреукелеп тұңғиық тартты. – Әйтсе де қарап отыруға тағы болмас. Менiңше, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған


жөн. Одан басқа амал қалған жоқ. Мен үндеу хат жазайын, өз атымнан бола ма, әлде интеллигенция өкiлдерiнiң атынан болар, мүмкiн ешқандай қол қойылмас – ол жағын кейiн көре жатармыз. Мен бiрнеше адрес берем, ың-шыңсыз табыс етсең болды. Одан да зорғыға бас тiгiп тұрсың ғой, қауiптен қорықпассың.

– Ештеңеден тайынбаймын, аға. Тәуекел!

Ақын қайсар жiгiттiң көзiне көзiн қадап аз-кем кiдiрдi де, оң қолымен иығынан орай құшақтап, бауырына қысып-қысып қойды.

Қар үдей түстi. Тұтаса саулаған қылаудың ақ шiлтерi желсiз, тымық ауада дамылсыз дiрiл қағады. Қапталдағы проспект бойымен ағылған машиналардың жүрiсi саябырламаса да гүрiлi бәсең-бәсең, басына тон жамылып айғайлаған адамдай, құмығып жырақтан естiледi. Жер де әппақ, көк те әппақ. Кiшкентай ақ қиыршықтар ауадағы күйе-қоқысты сiңiрiп, денесiмен сүртiп толассыз тазартып жатыр. Бәлкiм, осы ақ қардай тазартқыш күш болмаса, табиғат та кiр-қоқыстан тұншығып өлер едi ғой баяғыда. Тазартшы менi де, ақ қылау! Ақын құлақшынын шешiп, басын шалқайтып, саулаған қарға бетiн тосты. Құлақ ұшын, мұрын жотасын сұп-суық қиыршық қытықтады, күлдей ұсақ ақ көбелек қанаттары дiрiлдеп үстi-үстiне қонақтап жатыр. Аздан соң өзi де, қос қолын қалтасына терең сүңгiтiп қимылсыз қалшиған серiгi де осынау әппақ тазалықтың ажырамас бөлшегiне айналды.



ОТЫЗ БІРІНШІ ТАРАУ

ЖЫРТЫҚ ҮЙДIҢ ҚҰДАЙЫ

1

Қараңғы түн. Тоң құрсап шыт-шыт қақыраған жердi тырналап, қара боран ұлиды. Аспан асты азынап өксiп тұр. Сонау Қушоқының ұшар басынан шалқалап туған айдың қияғы да, шашыраған жұлдыз да жоқ – тұтасқан түнек. Тулаған теңiз ортасында күйреп, батып бара жатқан кеменiң желкенiндей, үңiрейген түннiң көбесiн сөгiп, әлсiз жарық қалтырайды.

Жар басында жарбиған жалғыз үйдiң сырты қырау, iшi жылау. Түн ортасы әлдеқашан ауған шақ. Алакөлеңке бөлменiң бұрышындағы белi кеткен шоңқима кереуеттiң үстiнде арқалығына басын сүйеген күйi Әзиз-Сұлтанның анасы – Нұрғайша орамалмен бетiн басып, сыңсып отыр. Әл үстiндегi науқас пен ұйықтап жатқан балаларды ойлап, аузын қалай басса да дауысы шығып кетедi өксiп-өксiп қалғанда. Екi күннен берi аққан жасы бiр тиылған емес. Күндiз оңашаға барып, көкiрегiн өртеген қасыреттен ышқына дауыс салып, зарлап-зарлап алады. Қазiр түн болған соң амалсыз тұншыға өксiп кемсеңдеп отыр.

Алдыңғы күнi сәскеге қарай станция басында телеграфта iстейтiн, Әзиз-Сұлтанның кластасы Роза дейтiн домалақ сары қыз жылап-еңiреп келiп жаманат хабарды жеткiзген. Әзиз-Сұлтанды атуға бұйырғанын Алматыдағы таныстары хабарлапты. Бұл оны-мұны түртiншектеп есiк алдында жүр едi, ит үргенде назарын тiктеп, жаяулатып жүрген бұл кiм деп қапелiмде ажырата алмай аңтарылып қалған. Ендi шырамытам дегенше сары қыз анандайдан аңырап кеп бас салсын, онсыз да көп ойға күптi сорлы жүрек бiр сұмдықты сезiп атқақтай жөнелдi. Бiрақ қиялына қоңсы қонып көрмеген сұрапыл үкiмдi естiгенде, табан асты күрт ойылып, түпсiз шыңырауға құлдырап бара жатты.

Есiн жиғанда төрдегi төрт қабаттап салынған төсегiнiң үстiнде шалқасынан серейiп жатқан отағасы – Мұхаммед-Шәрiптi көрдi. Жұдырықтай екi ұл мен сары қыз жансыз өлiктей сұлап-сұлап түскен екеуiнiң айналасында шөре-шөре шырылдап жүр. Шалының өлi-тiрiсi белгiсiз мына түрiн көргенде, бойын басқан зiл-батпан дерт темiр сауыттай сыпырылып, орнынан қалай ұшып тұрғанын бiлген жоқ. Екi көзi тарс жұмық, иек ұшындағы шала бурыл шоқша сақалы көкке шаншылып, бiр талы да қимылдамайды – демi бiтiп қалған ба? Аузына сөз түспей, жылайын десе, жас шықпай, шошыған күйi тiзерлей кетiп маңдайынан ұстап едi, өрт боп жанып тұр екен. Еппен көтерiп, жастық сап басын биiктеттi.

Есi шығып кеткен сары қыз тыпырлап не iстерiн бiлмей қасында үрпиiп тұр.

– Уф, Алла, мұндай қорықпаспын! – дедi қолындағы суы орталанған қалайы шөмiштi жерге қойып. – Сiздi үшеуiмiз үш жақтап көтерiп, үйге кiргiзiп едiк, мына кiсi осы орында отыр екен. «Не, болды?» дедi дауысы қатты шығып. Аузымнан қалай шығып кеткенiн бiлмеймiн, жаңағы жайсыз хабарды айтып едiм, тұратын адамдай қолдарын екi-үш рет жоғары қарай серпiп қалды да, көздерi алайып, жерге гүрс ете түстi. Не iстерiмдi бiлмей сасқалақтап, кезек-кезек беттерiңiзге су бүрiктiм. Сiз, әйтеуiр, бiр уақытта ес жидыңыз ғой. Мын кiсi...

Дереу буаз биенi ерттеп, артына бiр баласын мiнгестiрiп Розаны станциядағы дәрiгерге жiберген. Сүт пiсiрiмде зыр етiп, «жедел жәрдем» жетiп келдi. Дәрiгер бала асай-мүсейiн сайлап арлы-берлi тексерген соң, уколын соғып, «қан тасығаннан паралич қайталап ұрған, қозғауға болмайды» деп, ем-домын айтып, iшетiн дәрiсiн берiп, жөнiне кеттi.

Сол құлағаннан мол құлап, мiне, екi күннен берi әлi есi кiрген жоқ. Қасықтап аузына су тамызып отыр. Тұла бойы лыпылдап күйiп қол тигiзбейдi. Дәрiгердiң iшкiз деп берген дәрiсiнiң де, өзi бiлiп жасаған ем-домының да пайдасы тиер емес. Әй, бетi берi қарауы қиын-ау деген күмәнi таң асқан сайын ұлғайып келедi.

Бiр емес, екi бiрдей қайғы жүрегiн жұлып жеп жатыр. Жер бауырлап жатып алуға бiр үйдiң бар тiршiлiгi өз мойнында, жұдырықтай екi балаға ес боп бiрдеңенi шұқылаған сияқты боп жүргенiмен, не iстеп, не қойғанын өзi де бiлмейдi. Үстi-үстiне жамалған қайғы мүлдем есеңгiретiп тастаған. Шалына қарап – бiр жылайды, баласын ойлап одан әрi шырқырайды. Бiресе үнсiз егiлiп, бiресе ышқына өксiп, көзiнен аққан жаста тоқтау жоқ. Бойдағы қуат-жiгер, үмiт-арман, тәндегi бүкiл нәр-сөл ерiп, сор татыған ыстық жаспен бiрге сорғалап ағып жатқандай. Ажары тозып, етжеңдi тығыншақтай денесi сылынып, көйлегiнiң етегi жерге сүйретiлiп, әкесiнiң шапанын киген баладай, үстiндегi киiмi қолқылдап, екi-ақ күннiң iшiнде қу қаңқа боп салдырап қалды.

Зарлы ананың өксiгiне үн қосып, сыртта дауыл ұлиды. Қара жердiң өзегiн суыра ышқынып, бораған құм-қиыршық шыныны тасыр-тұсыр ұрады. Терезенiң саңлауынан сыздықтаған желден бiр жақ мұрты жалындап шишаның бүйiрiн қарайта бастаған сықсима шам шалқып-шалқып кетедi. Мылқау түнек өршелене шапшып, жалпақ кеңiстiктегi қалтыраған жалғыз әлсiз жарықты сөндiре алмай әлек. Дiрдек қағып үй ығындағы ит қыңсылайды; қорадағы ыңыршағы айналып аш тұрған жалғыз сиыр мен төрт саулық үздiк-создық мөңiреп, маңырап, жақтарында тыным жоқ. Жалғыз үйлi жапан дала үңiрейген қараңғы түнде күңiренiп өксiп жатыр.

Ауада сағым ойнап, шалқар дала бусанып, сай табаны, жыраның қалқасындағы қар болмаса, жер сауыры жалаңаштанып, қыр астынан көктемнiң құлағы қылтиып көрiне бастап едi, қара суық қайыра ұрып, жiпсiген топырақ бетiн көк берiш шемен ғып тастады. Нағыз жұттың нышаны, жалпақ жұртқа болмаса да айдалада шоқайған жалғыз үйге сондай бiр кесепаттың төнiп келе жатқаны анық. Пiшен қораның түбi тақырланғаны қашан. Жiлiк майы жiңiшкерiп, төлдегелi тұрған малдың аузы ендi көкке тие ме дегенде сүйек қарыған қара суық күндiз-түнi азынап тұрып алды. Қысқа қам жасай алған жоқ. Аяқ астынан мұндай халге ұшырайтынын қайдан бiлсiн. Бұрын совхоздың қойын бағып жүргенде жем-шөп деп бас қатырмайтын. Азын-аулақ малы совхоздың қойымен бiрге сүрлем мен пiшенге мелдектеп шығатын. Шаруа күйттеуге шама қайда. Үй тiрегi – отағасы дерттi боп, ес-ақылдары шығып ендi қайттiк деп отырғанда, Әзиз-Сұлтан анандай күйге ұшырап, жығылған үстiне жұдырық боп тидi. Қыс бойы алаөкпе боп Алматыға шапқылаумен болды. Бұл жоқта үйдiң күйбiң тiршiлiгi тұтастай екi баланың мойнында. Станция басындағы мектепке бiр күн барса, екi күн бармайды. От жағып, су әкелетiн де, сиыр сауатын да – солар.

Көз көрiмдегi атыз шетiнде совхоз алмай, тастап кеткен бiр мая арпаның сабаны бар болатын. Қыстай содан тышқаншылап тасып, екi бала шөпке үнем ғып келген. Қай қаскүнемнiң iсi екенiн кiм бiлсiн, анада соны әлдекiм өртеп жiберiптi. Шымшып беретiн шөп те бiтiп, мал, мiне, тiлiн тiстеп аш тұр. Мал дейтiн мал да жоқ: бiр сиыр, бiр бие, төрт саулық. Қалғанын жүрiп-тұруға қаражат керек болған соң, сойғанын – сойып, сатқанын сатып бiтiрген. Ендi осының өзiн аман-сау көкке iлiктiру мұң боп отыр. Бейшара екi бала көзiн тырнап ашып, тұрғаннан тыныштық көрмейдi. Ши түбiндегi қияқты орып, қамыс-қурай терiп сай-салаға тентiреп кетедi.

Бүгiн екеуi екi арқа шiлiк кесiп әкелiптi. Таң атқанша жiбiп тұрсын деп жатарда буда-буда ғып ескi-құсқы киiм-кешекке орап, үстiне қайнатқан су құйып, шылап қойған. Мiне, пештегi оттың табы қайтып суи бастаған үй iшiнде талдың қышқылтым иiсi аңқиды. Күнi бойғы тыртаңнан сiлесi қатып мұрттай ұшып жығылған екi бала ескi қара тонның астынан бастары ғана қылтиып, тырп етпей жатыр. Бiрiнiң қызуына бiрi жылынып, бүйiрлерiн тақасып, тығылыса түскен. Бiрiнiң бауырына бiрi тұмсығын тыққан ұялас күшiктер сияқты. Күндiз сәл нәрсеге iлiнiсiп, бiр таудың бауырайына сыйыспайтын тетелес екi тентек аға-iнi боп табысып, сондай бiр татулықпен тәттi ұйқы құшағына енген. Ауыр жұмыстан бұрлыққан үлкен кiсiдей қосыла қорылдайды екеуi. Сәби жүзiндегi кексе көлеңке мен күс басып, жарылып, тозған кiшкентай қолдарды көргенде, жоқ-жiтiк қайыршы өмiрдiң ауыртпалығы жанына одан ары батып, жүрегi қан жылады. Ышқынып келген өксiктен балалар оянып кете ме деп қорқып, аузына басқан орамалдың шетiн тiстеп, тұншыға үнсiз егiлдi. «Бұларды қойшы, көк етi сөгiлiп жүрiп ер жетер. Бәрiнен бұрын үмiтсiздiң күнiн айтсайшы, Әзиз-Сұлтаным нендей күйде екен! Жаратқан-ай, мұнша зарлатып не жазып едiм, саған!» Ащы өксiк өзегiн тiлгiлегенде тынысы бiтiп, талықсып кетедi.

Жылаған жүрекке үн қосып, сыртта дауыл өксидi. Ықтасыннан пана таба алмай бүрсең қаққан кәрi төбет шарасыздығына шағынғандай, бiресе қыңсылап, бiресе көкке қарап ұзақ-ұзақ ұлиды. Қорадағы аш мал мөңiреп-маңырап азан-қазан... Көкiрегiн қасырет кернеген қара түн сан дауыспен зарлап күңiренiп жатыр.

2

Ақ қар-көк мұзда ұшып-жығылып бiр қыста итарқасы қияндағы Алматыға неше дүркiн барды. Қоржынның екi басын нығарлап апарады, баламмен жолығармын деген дәмемен. Бiрақ Әзиз-Сұлтанға түйiр дән де бұйырған жоқ, келгенде қара тұтып ат тұмсығын тiрейтiн жиен ағасының бала-шағасы мен түрменiң есiк-тесiгiн күзететiн милиционерлер көрдi бар қызығын. Тергеушiсi Аллахвердиев деген жас жiгiт екен, шашын тарап, мұртын сылап жылмиған. Әй, Алла бермейдi ондайды, шайтаннан жаратылған шығар. Бiр көрейiншi баламды деп аяғына жығылып жалынғанда мiз бақпады ғой кәпiрiң! Iсiн жеңiлдетуге септiгi тиер, оң көзiмен қарасын деген ниетпен қойнынан түйiншек алып ұсынған. Пысқырған да жоқ, бөлмесiнен айдап шықты. Алғашқысы төрт жүз сом едi. Азырқанды ма деп төрт мың ғып апарған. Оған да қарамады. Бұның атасының атасына бiтпеген пұл. Қолдағы малдың iлiкке жарарын сатып, қарызданып-қауғаланып жинаған. Совет юрисiнiң пара алғанын қайдан көрiп едiң деп ежiрейедi. Атаңның басы! Совет юрисiнiң пара алмағанын қашан көрiп едiң десеңшi. Әйтпесе, кiсi өлтiрген райком хатшысының баласы өтiрiк жынды деген қағаз алып, бостандықта жүре ме? Қыз зорлаған совхоз директоры «жаза» тартқан боп, автобазаның директорлығына ауыса ма? Соның орнында қатардағы кедей болсыншы, баяғыда-ақ атылғаны – атылып, айдалғаны айдалып кетер едi. Әлде бұлар тер сiңген ақшадан қорқа ма? Әйтеуiр, бұған келгенде, түйелi көш өтетiн өңештерi тас бiтелiп қалды. Арада тоқпақтай галстук таққан бiреу жүрсе, жағдай басқаша болар ма едi, бәлкiм? Аққа күйе жұқпайды деп, көңiлiн жұбатып келгенi далбаса екен, неге жұқпайды күйелеушi қол-аяғыңды байлап қойып баттастырып жақса.

Қырсыққанда, жөнi түзу адвокат та бұйырмапты. Әдiрам қалғыр, соты түскiрдiң алдын бұрын кiм көрген, тазқарынның қатпарындай қырық бүкпесi бар бiр пәле екен, алай барсаң да қағаз, былай барсаң да қағаз. Арыз-түсiнiктеме жазатындай қай оқуы тасып тұр бұның. Кiмге жалынарын бiлмей аңтарылып тұрғанда, қозы қарыны томпиған бiр қара жiгiт келдi қасына. «Мен – балаңыздың адвокатымын. Заңға байланысты қандай мәселе болса да айтыңыз – көмектесемiн!» дедi сұйық қастарының ұшын сырбаздана серпiп. Ләббай, тақсыр деген. Өнерiн жүре келе көрсеттi – қия басқанына ақы сұрайтын жұтыр екен. Пәленше деген дөкейдiң атына арыз жаздым сiздiң атыңыздан; түген мекемеге хат жазу керек. Ана жерден келдiм, ендi мына жерге барам. Таксимен жүру керек... деп қабағы шытынап, иегiн көтередi. Таусылмастай боп көрiнген төрт мың сомның төбесiне су құйды тышқаншылап жүрiп.

Алғаны ас болғырдың еңбегi шығар, өлiп-талып ақыры бiр рет көрдi ғой баласын, тергеу бiтiп, iсi сотқа кеткен кезде. Үстi-басын тiнткiлеп, әкелген тамағының жартысын өткiзбей, оның өзiн пышақпен тiлгiлеп қарап, есiк-терезесi темiрмен торланған абажадай бөлмеге кiргiзген. Әне келедi, мiне келедiмен көп күттi, әлде тықыршыған тағатсыз жүрекке солай көрiндi ме? Жасаураған жанарына айналаның бәрi бұлыңғыр. Үңiрейген ұзын дәлiздiң қараңғы түкпiрiнен елбең-елбең көлеңкелер суырылып берi беттегенде, жүрегi кеудесiне сыймай тулап қоя бердi. Тынысы бiтiп, буынынан әл кетiп, тұрған жерiнде сылқ етiп отыра кеткен. Қабырғаны қармалап жандәрмен қайта тұрды. Баласы ма, басқа бiреу ме – көзi құрғыр бұлдырап тұр ма, жеңiмен сүртiп қайта қарады: жақындап келген ұсқынсыз аруақты жатырқай сәл аңтарылып барып бас салған. Көкiрегi қарс айырыла өксiп, құшақтай алды. Егiлген, еңiреген дауысы қатты шығып кетсе керек, айдауыл шекесi шытынап, зiлдене зекiдi:

– Азаматша, доғарыңыз бақырып-шақырғанды. Тәртiп сақтамасаңыз, тұтқынды жолықтырмай алып кетемiн!

Неге көндiкпеген бас, қайғыдан қан жұтып тұрса да дыбыс шығаруға болмайды екен, амал не, түбiт шәлiсiнiң ұшымен аузын басып, өксiгiне тұншыға дегенiне құлдық ұрды.

Мең-зең, айдауылдың нұсқауымен тәлтiректеп келiп, бөлме ортасындағы төрт табаны еденге шегенделген темiр столдың екi жағына екеуi қарама-қарсы отырды. Айналдырған жиырма минутты жылап-сықтап өткiзбек пе, өз аузынан хал-жағдайын бiлмекке келген жоқ па. Бойын бекiтiп, өксiгiн тиюға қалай тырысса да көз жасы тоқтар емес. Жартастың сызатынан шып-шып шыққан тамшыдай үнсiз сорғалап аға бердi.

Баласының қолын алақанына салып, сыртынан құшырлана иiскеп, қайта-қайта сүйiп, бетiне басты. Сұп-суық. Тарамыстары сай-сай ырсиып, буындары шодырайып, қу сүйегi қалған. Шермендi ана шыдай алмай тағы да кемсеңдеп, өксiкке тұншықты.

Әзиз-Сұлтан екiншi қолымен анасының жасын сүртiп, желкесiне қарай сырғыған шәлi астынан қобыраған қалың шашын сипады. Екi айдың iшiнде әппақ болыпты. Iшiн боркемiк сезiмге алдырмай, қанша жерден қасарып қайсарлық танытып отырса да саусақ ұшын ерiксiз дiрiл теуiп өттi. Өне бойын осалдық кемiрiп барады, елжiреп, егiлгелi тұр. Анасын тас құшақтап, кеудесiне басын тығып өксiп-өксiп жылағысы келдi. Көрген қорлығы қорқынышты түстей ұмытылып, бiр минутқа, жоқ, тiптi қас қағым сәтке сонау бiр қайғы-мұңсыз балалық қалпына түссе ғой...

Кiшкентай сәби кезiнде әлдекiм жәбiрлесе не қорқып, қиналса, еңiреп кеп апасының құшағынан сая табатын. Елжiреген ана құшағы ыстықта саядай, суықта ұядай, ешбiр пәле-хала, қауiп-қатерге бермейтiн берiк қорғандай сезiлетiн. Қазiр де сол құшаққа көмiлiп, екi айдан бергi бастан кешкен тозағын айтып, шағынғысы келдi. Жеңiн түрiп, күретамырдағы танадай-танадай боп көгерген иненiң iзiн көрсетсе ме екен?

Әбден амалы құрып жүйкесi тозған Аллахвердиев соңғы кезде сұрақ алғанда үстiңгi ернi дүрдиiп, астыңғы ернi жымқырылып, сәл ашу қысса, өзiне-өзi ие бола алмай, селкiлдеп кететiн. Жоқтан-бардан құрастырған айыпты мойындату үшiн не iстемедi! Бұның қолдарын артына қайырып кiсендейдi де, противогаз кигiзiп, шлангасын қысып тұра қалады. Тұншығып, жаны шыбын боп шырқырағанда алды-артынан бiрдей дәрет кетiп, талып түседi. Сiлейiп жатқанда не iстейтiндерiн кiм бiлсiн. Бiлегiндегi иненiң iзi өлiп қалмасын деп жәрдем ретiнде соғылған укол ма, әлде... Екi-үш күн бойы қол-аяғынан бас сүйегiне дейiн қысып қақсап, мас адамдай мең-зең жүргенi. Не iстеп, не қойып жатқанын бiлмейдi, бұлыңғыр сағым iшiнде малтып жүргендей бiр хал... Әлде сынған қабырғаларын, денесiндегi көкала қойдай талаурап iскен тепкiнiң iздерiн көрсетсе ме екен? Жоқ, құдайым-ау, не сандырақтап отыр! Мұны сезсе, сорлы ананың не жаны қалады? Осы жылатқаны, осы көрсеткен қасыретi аз ба!..

Iшi жидiп жатса да жүзiне жiгер жиып, екi қолымен аялай сипап, анасының бетiндегi жасты сүрттi.

– Жыламашы, апа, мықты едiң ғой, не болды бордай үгiлiп. Уақыт өтiп барады, ел-жұрттың амандығын айтсаңшы одан да. Көкемнiң науқасы қалай, тәуiр болды ма?..

– Бiздi қойшы, жарығым, өлмес күнiмiздi көрiп жатырмыз ғой тырбанып. Сенен басқа уайымымыз жоқ. Бұл кепке қалай ұшырадың, құлыным-ау? Неден ұшындың? Желiгетiндей алды-артың тiрелiп тұр ма едi, неге бiздi ойламадың? «Отымның алды, суымның тұнығы» ержетiп, қызығын көрсете ме дегенде қаусап қалдық қой. Қатты жүдедiк, құлыным!

– Кешiре гөр, апа, көп қасырет әкелдiм сiздерге, бастарыңды сарсаңға салдым. Бәрiнен бұрын сiздердiң қиналғандарыңыз қатты батады жаныма!.. Көкем де бетiн терiске салып, кiнәлап отырған шығар?!.

– Ой-бай, көкең бар болсын! – дедi апасы қолын сiлтеп. – Параличтен басына зақым келген шығар бейшараның, кейде дөй даланы сөйлейдi. «Әзиз-Сұлтаным ер екен айналайын! Шегiр бабама тартыпты!» дейдi. «Болды, сықсыңдама жамандық шақырып. Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр деген, аз күндiк бейнетi шығар. Басқалар құсап арақ iшiп, ұрлық қып ақымақ боп боқ басында ұсталып жатса, қайтер едiң, қайта мақтанбайсың ба, осындай ұл тапқаныңа! Ер болмаса, алды тұйық ел шырқ иiрiлген сәтте ай мүйiздi серкедей суырылып топ бастай ма! Алаш үшiн отқа түссе – күймейдi!» деп кеудесiн күмпитедi. Келген-кеткен ниеттес ағайынның көңiл үшiн айтқан көтермесiн малданады да байқұс. Не боп, не қойып жатқанын тәптiштеп айтпаймын аяғаннан. Iстiң былай насырға шауып тұрғанын қайдан бiлсiн. Құлыным-ай, ерлiгiң маған не керек. Жаман болсаң да аман болғаның жетер едi ғой, құлыным!.. Неге тек жүрмедiң елге ұқсап...

«Бұлқынатын жерде бұлқынбай, бұғып қалсақ, анадан ұл боп туғанымыз қайсы, апа! Тек жүрген жақсы, әрине, бiрақ орынды тұсында орда бұзар «тентектiктi» де бiреу iстеу керек қой. Қойда да серке болмай ма бастайтын!»

«Жатқан арыстанды басқа тепкеннен не таптың?»

«Ол – жай жатқан арыстан емес, астына басып, қан-сөлiмiздi қорқырата сорған жалмауыз. Жан бермек оңай ма, ышқына тыпырлап тұмсықтан тептiк... Не таптың дедiң бе, апа? Өзiмдi таптым. Дүниенi атының тұяғымен дүбiрлеткен бабаларымның қаны бойымда ойнап, аруақты үнi құлағыма жеттi. Дүр сiлкiнiп жүз жылдық ұйқыдан ояндым! Совет үкiметi бiзден әлеуметтiк организм жасауға тырысты, яғни бiз белгiлi бiр ұлттың өкiлi емес, жай ғана қойшы, тракторшы, сауыншы, мұғалiм, кеншi т.б. едiк. Мен сол күнi Алаңнан қазақ болып оралдым, апа!»

– ...Тергеушiңмен де, адвокатыңмен де сөйлестiм, сөз ауандары жаман ғой, жарығым. Кiсi өлтiрген дей ме?.. Ол не сұмдық? Жала ма, әлде... – Анасы көз жасын тиып, тiктеле қарады. Сұраулы жүзi сұсты. Әзиз-Сұлтан iркiлiп қалды. Сорлы анаға не десе екен? Қасыретiн қайтсе жеңiлдетпек? Мына жендеттер дегенiне жетпей тынар емес. Алдағанын алдап, қорқытқанын қорқытып, жалған куәмен аяқ-қолын буып тастады. Шыңырау түбiнде шырылдаған дауысы кiмге жетпек ендi. Зұлымдық күш алған жерде әдiлет шарасыз. Бетiне лағынет таңбасының сол басылғаны басылған. Бүлiк басы, кiсi өлтiрген қарақшы деп ертең үкiм оқығанда не күйге ұшырар екен байқұс ана! Құлыным нахақ күйiп барады деп шыбыны шырылдайды ғой! Не амал, не қайран? «Иә, апа, сондай бiр оқыс iске ұрынғаным рас, кiнәлiмiн» десе ше? Онда өйтiп өзегi өртенiп қиналмас едi. Күрт суынады. Өзiне де, өзгеге де осынша қасырет шеккiзгенi үшiн жек көредi, осы уақытқа дейiн көз жасын төгiп босқа егiлгенiне өкiнедi. Неғұрлым бұны кiнәлi санап жек көргенi жақсы, сонда шiрiген жұмыртқа деп жүрегiнен жұлып тастауына оңай. Ертең қандай ауыр жазаға кесiлсе де, барымтаға қарымта ретiнде, көп үгiтiлмей төзiммен қабылдайды. Жылар, өкiнiш бiлдiрер, бiрақ бұлай таусылып, жер тiстелеп шөгiп қалмасы анық... Жо-жоқ! Анасының жүрегiнде өлгiсi келмейдi! Ең болмаса, артында жақсы аты, жарқын бейнесi қалсын...

Жауап күтiп қаңтарылған анасына толқулы жүзбен жаутаңдай қарап, аз-кем кiдiрiп барып тiл қатты:

– Әлдекiмнiң жаласын маған жауып отыр, апа. Менiң оған түк қатысым жоқ.

– Уh, жүрегiм ендi орнына түстi ғой! – Пыс етiп желi шыққан доптай денесi мыжырайып, столдың шетiн шынтақтай кеттi. – Ашу үстiнде оқыс болды ма деп шошып едiм. Әйтеуiр, қолың таза болса болды да, жарығым. Аққа құдай жақ, бiр бұйыртқаны болар...

Алдындағы неғайбыл тайғақ тағдырынан гөрi дәл қазiр анасының тарығып, қасыретпен қиналған жүзiн көру қабырғасына қаттырақ батып тұрған. Анасы қашан да жақсылыққа ұмтылатын қайран көңiлмен әлсiз үмiттi қармалап, өз бойынан қайрат тапқанына қуанып кеттi. Шылбыр ұшынан iлiп алып, көңiл аңсаған көкжиекке қарай жетелей жөнелдi:

– Мен туғанда ұл таптым деп қалжа жедiң емес пе, апа. Бұлардың жапсырып отырған жалған жаласын өлсем мойындамаймын. Адвокатым арқылы жоғарыға арызданып жатырмын. Советтiң әдiл соты бар, нахақ шырылдатпас. Түбi бiр ақихаттың жарып шығатынына сенем. Көп ойлап жүдей бермеңдер...

Айдауыл уақыт бiттi, бол-бол деп дiгiрлегенде де, ұлының бетiнен қайта-қайта сүйгенi болмаса, жақсы үмiтке сенгеннен көзiне жас алмай қоштасып едi. Мiне, ендi үмiт-тiлегi оталып, төбесiнен жай түскендей жайрап қалды...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет