Жертөледегі жазу



бет27/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

3

Қараңғы түн iшiн тартып ұлып тұр. Белi кеткен темiр кереуеттiң шетiнде бүк түсiп өксiкке булыққан ана көкiрегi одан да қараңғы, одан да ызғарлы. Қаралы көңiлмен үндесiп мұңын шаққандай сыртта қара дауыл терезеге бетiн басып, зар илейдi. Дөдегедегi сылағы түсiп саудыраған қамыс жарыса сыбызғы шалып ол ызыңдайды; суыққа шыдай алмай дiрдектеген аш ит анда-санда қаңқ-қаңқ етiп, өз құйрығын өзi тiстеп шыр айналады. Сырт та жылау, iш те жылау. Жанды-жансыздың бәрi зарлап, аспан асты күңiренiп тұр.

Қора жақтан сиыр мөңiредi. Өзегi талып ышқынған хайуанның дауысы бәрiнен ащы, бәрiнен зарлы. Жазғытұрым бұзаулап, аузымызды аққа тигiзер ме деп отырған жалғыз сиыр едi, тiске басар қылтанақ қалмай ағаш кемiрiп аш тұр. Көзi алайып, сүйектерi сыртынан санап алғандай ырсиып, соңғы екi күнде құйрығынан көтермесең, өздiгiнен тұра алмайтын көтерем халге жеткен. Көрген сайын жан-жақтан қысып, жаналқымнан алып жатқан жоқ-жiтiк бақытсыз тiрлiктiң ербиген көлеңкесi көз алдына елестейтiн. Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған ана одан сайын ышқынып, азынаған дауысты естiгiсi келмей екi құлағын алақанымен тас басып алды. Бiрақ жан тырнаған жексұрын үн қыр соңынан қалар емес, миының қатпарында жаңғыра ызыңдап тұрып алды. «Ұлыған қарасан-ай! – дедi қылқына сыбырлап. – Қашан жағың қарысып тыныш табар екенсiң. Басқа қасыретiм аздай, сен де бiр жағынан жанды мүжiп болмадың ғой! Жоқ шөптi қайдан табам, менi жейсiң бе. Же менi, жалмауыз! Жан-жақтан түтiп жеп, қанымды iшiңдер бәрiң!» Өз-өзiнен өшпендiлiгi қозып, булыққаны сонша, жазықсыз хайуанды қорқыратып бауыздап салуға бiр оқталды. «Бәрi бiр мал болып жарытпайды, одан да құлағы ертерек тыныш тапсын!» Шынтуайтында, бұл әрекетi – «таз өшiн тырнадан аладының» кебi, әйтпесе, аш сиырға неге мөңiрейсiң деп ашулана ма! Осы қарасанға бола кiсi емес иттердiң алдында жетi насыры жерге кiрдi ғой. Қыстай тышқаншылап тасып жүрген аңыз шетiндегi сабанды әлдекiмдер өртеп жiберiп, аяқ жетер төңiректен қалған-құтқан басқа ештеңе көзге iлiкпей, қора түкпiрiндегi шөмеле арық тоқтының құйрығындай шөмиiп бара жатқан соң сасқалақтап бiраз күн бұрын совхоз кеңсесiне барған.

О, келдiң бе деп сағынып отырған ешкiм жоқ екенiн бiледi, сонда да үмiтсiз шайтанбысың деген. Кеше «жеңеше», «апай» деп сызылып тұратын совхоздың игi жақсыларына деген өкпесi қара қазандай. Көрпе-жастығы таза, тамағы дәмдi деп, берiсi – аудан, арысы Алматыдан келген сыйлы қонақтарын топ-тобымен әкеп, арақ iшiп, карта ойнап, аң аулап апталап сейiл құратын. Соның бәрiн бiр-ақ күнде ұмытты. Отағасы науқастанып, төсекке құлаған соң бұлардың көк тиынға керегi болмай қалды. Оларға мал соңында салпаңдайтын малай, қойын сойып, қуырдағын қуырып, құрақ ұшып тұратын құл ғана керек екен. Кiсiлiк көңiлiң, сыйластығың, сiңiрген еңбегiң – бәрi пiшту. Алдарындағы малын айдап алды да, ауру шал, жаман қатын- жас баланы күздiң қара суығында айдаладағы қабырғасы қаусап қаңыраған иен қыстауға тастап жүре бердi. Қайта-қайта барып жүрiп, қар бiр жауғанда бiр тiркеме шөптi әзер түсiртiп алған. Содан берi өлiмiсiң-тiрiмiсiң деп ат iзiн салған ешкiм жоқ. Отыз жыл қой соңында ұшарын жел, қонарын сай бiлiп жүре берiптi ғой. Неткен бейқамдық! Ең болмаса, өз үйiм – өлең төсегiм дейтiндей, ауылдың шетiнен бiр дүңгiршек салып алсайшы. Үкiмет өлтiрмейдi дейтiн қолды бiр сiлтеп. Өлтiрмейтiн үкiметi қайда қазiр?

Директорды ұстай алмады күнi бойы есiгiн күзетiп. Кәсiподақ комитетiнiң бастығына барып едi, иiс майы бұрқырап, бетi жылтыраған шартық қарын сөйлескен он минуттың iшiнде жидiген бес тал жирен шашын он рет тарап, айнадай жалтыраған күрең үстелдiң бетiн жиырма рет үрлеп бейпазданғанымен пәтуәлi ештеңе айтпай, арқасына ер батқан жауыр аттай ары-берi қипақтап, ақыры парторгқа жiберген.

Бұл бiр құдай саған iсiмдi түсiрмесiн дейтiн сүйкiмсiздiң өзi. Имиген сырық қара. Қусырылған тәмпiш танауының дәл ұшына мiнбелеген көзiлдiрiгi түсiп кетпесiн дей ме, иегiн кекжитiп кiсiге шалқалап қарайды. Томпақ, қалың шынының арғы жағынан жанары лайланып, жылым судай iшiне не бүккенiн аңғару қиын. Әзиз-Сұлтанның жаманат-қа ұшырағанын естiгенде елден бұрын кеп, көр-жердi сұрап тұқыжыңдап, күнi бойы жүрiп алған. Шымшып-шұқып шалының ұлы әкесi, яғни атасы, кезiнде мына Қайыңдыда мешiт ұстаған ишан болғанын, кейiн ашаршылықта темiр жол бойын қаңғып жүрiп аштан өлгенiн бiлгенде, әлдебiр суық кекесiн езуiнде жыландай ирең ете қалған. Дереу қойын дәптерiн алып, әлдененi сүйкектетiп жаза бастады. «Бәсе, қасқырдың күшiгi қанша асырасаң да, тауға қарап ұлиды» дей ме, не болса да дымы iшiнде. Жар астынан жау тауып, у қосып беретiндей қорықты ма, жаюлы тұрған дастарқаннан дәм татпай қарысып отырып алған.

– А-а, жолдас Ахметжанова, келiңiз! – дедi бұл рұқсат сұрап есiктен сығалай бергенде сiресе ресмиленiп. Берген сәлемiне ықылас-ишара бiлдiрместен бiрден сұрақпен төпеп тарпа бас салды.

– Иә, әлгi бұзық балаңыздан не хабар? Соты болды ма? – Жауап күтпестен, – Бүкiл ауылға, қала бердi бүкiл ауданның бетiне қара таңба болды ғой! – дедi басын үстi-үстiне шайқап. – Бiзге әлек тауып бердi, идеологиялық тәрбие жұмысын босаңсытып жiбергенсiңдер деп жоғарғы жақ екi аяғымызды бiр етiкке тығып жатыр!

Бұл маңдайдан ұрғандай есеңгiреп қалды. Кең ашылған көздерi жыпылықтап, қапелiмде не дерiн бiлмей селтиiп тұр. Кеше ғана қолынан талай дәм татқан кiсi қайғысына ортақтаспағанмен, мың жерден кәпiр боп кетсе де, бұлай көзге шұқыр деп күтпеген. Алқымына кептелген ашудың арынын әзер тежеп, қылғына жұтынды:

– Қалқам-ай, арық атқа қамшы ауыр боп тұрғанда, табалағандай болдың ғой. Не жазып ем саған? Онсыз да жасып, жүдеген жанымды күйреткенiң не еткенiң!


Әзиз-Сұлтаным естi-ақ бала секiлдi едi, неден ұшынғанын бiлмеймiн. Ақ-қарасы анықталар, әлi соты болған жоқ қой.

– Сотталмаса сотталады. Алаңға шыққанның өзi – қылмыс, совет үкiметiне қол көтеру!

– Қарағым-ай, қандай қаталсың! Жаудың сөзiн айтып тұрсың ғой. Кешегi көз алдыңда өскен бауырың емес пе едi, жамандық тiлеме! Өзiң де ұл-қыз өсiрiп отырсың...

– Менiң балаларым ондай болмайды!

– Оны қайдан бiлдiң?

– Бiлем. Бiз сiздер сияқты қожа-молла, байдың тұқымы емеспiз. Кедейден шыққанбыз!

– Мейлi ғой, кiм болса да ата-бабаның жаманы бар ма!

– Неге болмасын? Қасқырды қанша асырасаң да тауға қарап ұлиды деген осы. Үйде қайдағы-жайдағыны күңкiлдейсiздер де, мiне, нәтижесi.

– Бiлгенiң осы болса, сөзiм шығын, қойдым, шырағым. Айтысайын деп келгем жоқ, директор орнында болмаған соң, ауылдың бiр ағасы ғой деп кiрдiм.

– Нендей шаруа? – дедi мүйiздесу ендi қыза бергенде қарсыласының сытылып кеткенiне айызы қанбай кiржиген парторг тәмпiш танауының ұшынан ендi болмаса сырғып кетердей мiнбелеген көзiлдiрiгiн сұқ саусағымен жоғары итерiп қойып.

– Шөп сұрап келдiм. Малымыз аш тұр.

– Сiзге беретiн шөбiмiз жоқ, совхоздың малына жеткiзе алмай жатырмыз.

– Ең болмаса сабан берiңдер, онсыз да босқа өртеп жатырсыңдар ғой!

– Оны кiм айтты?

– Ешкiм айтқан жоқ. Көрдiм. Екi күн бұрын Аққұдықтағы былтырдан қалған бiр мая сабанды өртеп жiбердi.

– Ондай қасқандық актасын естiгем жоқ. Тексеремiз!

– Отыз жыл қой баққанда бiр шана сабандық еңбегiмiз сiңген шығар?

– Бiр шана түгiлi, бiр уыс шөп жоқ. Айттым ғой, сiзге жаңа. Әупiрiм деп осы қыстан совхоздың малын аман алып шыға алсақ, тәуба.

– Совхоздың малы-малы дейсiң, алдымыздағы жалғыз сиырмен жан бағып отырған бiздi неге ойламайсың? Бiз де совхоздың адамымыз. Қорғайды, жоқ-жiтiкке қарасады дейтiн үкiмет қайда?

– Сiз не, үкiметке риза емессiз бе?

– Қай жарылқағанын көрiп риза болам? Өмiр бойы мал бағып кеп бiр күн ауырып едiк, керегiмiз болмай, қаңғыртып айдалаға тастадыңдар. Бiр шана шөп сұрасақ – жауабың мынау.

– Жоғарыға арызданыңыз!

– Бiр шана шөп үшiн жоғарыға баруым керек пе ендi? Қажет болса барамын.

– Барыңыз, барыңыз. Өзiңiз үкiметке қарсы сөз айтасыз. Балаңыз үкiметке қол көтередi. Сөйткен үкiмет сiздi бағып-қағу керек, ә! Жо-жоқ, бiз бүйтiп жат пиғылды жаудың семьясына қамқорлық жасауға мiндеттi емеспiз!..

Кеңседен қорланып шықты, көкiрегi өксiкке толып. Көз алды бұлдырап кеттi. Үйге жеткенше көз жасы тиылған жоқ, ызғырық аяздан тамшылаған жасы пальтосының омырауына маржандай боп саудырап қатып қалды.

Азан-қазан мөңiреген қара сиырды қайқайтып тұрып бастан бiр тептi. Бар өшiн содан алды. «Өл, қарасан! Арам қат! Сен болмасаң, осы сөздi естiр ме едiм! Бүйтiп қорланар ма едiм!»

Қорлығы мен қиянатын көз алдынан өткiзiп ашынған ана одан сайын көкiрегi тiлiнiп, қыстыға өксiдi. Құдай-ау, қайтсе құтылмақ бұл азаптан? Не керегi бар бүйткен өмiрдiң. Қызығатын, қимайтын не қалды? Көз алды қалың тұман, жылт жоқ. Мойнына масыл анау ауру шал мен шырылдап далада қалатын мына жұдырықтай екi ұл болмаса, асылып өле салғысы-ақ келiп тұр. Қылғынып, бауыздалып... кейбiреулер неге өлiп жатады десең, өстiп тығырыққа тiрелгенде, өмiрдiң түк мәнi қалмайды екен ғой.

Екi күн бойы жылап, қайғыдан жаншылып, талықсып барып көзi iлiнiп кеткен. Ұйықтады ма, есеңгiреп жатты ма – қанша уақыт өткенi белгiсiз, селк етiп басын көтерсе, қырау басып, шелденген терезеден бозарып таң кiрiп келедi екен. Жо-оқ, ұзын көйлек-ыштаны ағараңдап таң бозымен құшақтасып бiреу тұр сорайып. Кереуеттiң арқалығынан ұстап, құлап қалардай қалт-құлт теңселедi. Аң-таң. Өз көзiне сенсiн бе, жоқ па. Жаңа ғана ес-түссiз, тiршiлiктен үмiтсiз жатқан шалы!..

– Әй, Нұрғайша! Нұрғайша! – дедi дауысы қалтырап. – Ұйықтап жатырсың ба?.. Иә, қиналдың ғой, бейшара!

– Ояумын, – дедi бұл жүрексiне үн қатып.

– Мен, мiне, түрегелдiм! Көрiп тұрсың ба, түрегелдiм. Аяғым қимылдайды, жүре алам! Мiне, мiне! – Кереуеттiң басына бiр қолымен таянған күйi арлы-берлi қалтақтап жүре бастап едi, не iстерiн бiлмей бүрiсiп бiр орында шегеленiп қалған Нұрғайша ұшып тұрып, жанына жетiп барды да, құласа қағып алардай қанатын жая шыркөбелек айналып:

– Байқа, ақырын-ақырын... О, тәңiрiм, ақсарбас, ақсарбас! – дедi күбiрлеп. Өңi ме, елес пе – әлi сенер емес. Ағараңдаған көйлектiң сыртынан ұстауға батылы бармай, қолын соза берiп тартып алды. Күдiгiн күшейте түскендей, алдындағы ақ киiмдi: «Шегiр атам қасымда тұр едi ғой, қайда кеттi?» деп жан-жағына қарағыштап едi, «Ойбай, құдай, не дейдi!» деп баж етiп, ыршып түскен.

– Қорықпа, бәйбiше! – Орнықты дауыс қолын созып, күдiктiң шырмауынан суырып алды. – Жаңа қасыма Шегiр атам келдi. Ол кiсi әулие болған ғой жарықтық. Көкбастаудағы зиратына бала кезiмде ауру-ғарiп, құрсақ көтермеген әйелдер шырақ жағып түнеп жататын. Кейiн Хрущевтiң тұсында жаппай жүгерi егу науқаны басталғанда Көкбастауды да жыртып, шаңын аспанға шығарды емес пе. Арақ iшiп ап, зиратты таптап өткен екi трактористiң бiрi жынданып суға кетiп өлдi, екiншiсi тiл-аузынан айрылып, мүгедек боп қалды. Қазiр де сүйек жатқан жердiң үстiне келгенде трактор өзiнен өзi сөнiп, тоқтап қалады екен. Естiгенiм болмаса, ол кiсiнi көрген жоқпын ғой. Ақ сақалының ұшы екi айрылып, өңiрiн жапқан, сұсты, ұзын сары кiсi екен. Қолында екi бүктеп ұстаған сары ала қамшысы бар. «Неғып жатырсың, тұр!» дедi бұйырып. «Тұра алмаймын, ата. Жарты денемде жан жоқ» дедiм тiлiм күрмеле. Үстiме төнiп келiп, әлдебiр дұғаны үш қайталап, бетiме үшкiрiп едi, жансыз сiрескен сол жақ жарты денем шымырлап ыси жөнелгенi. «Әзиз-Сұлтанның кеудесiн қара тас басып жатыр. Жалғыз әлiм келетiн емес, жүр, екеуiмiз барып көтерейiк. Бол, тез!» деп жағымнан шапалақпен тартып қалғанда, ұшып түрегелдiм. Сенейiн бе, сенбейiн бе?..

Көз алдындағы болып жатқан кереметтi санасына сiңiре алмай таң-тамаша боп отырған Нұрғайша Әзиз-Сұлтанның есiмiн естiгенде, селк етiп оянғандай зор қайғысы есiне түсiп, көкiрегiн қара түнек қайта басты. Осы сәтке дейiн көңiлi қос қасыреттiң ортасында шөре-шөре шырылдап бөлiнiп-жарылып келген. Ендi отағасының бетi берi қарағандай рай танытқан соң, ықылас-назары тұтастай Әзиз-Сұлтанға ауысты. Баласының басына үйiрiлген бақытсыздықтың шын мәнiн жан-жүрегiмен жаңа сезiнгендей, бiржолата жаншылып, күйреп қалды. Тереңнен лықсып шыққан ащы зар тар көкiрекке сыймай, тұрған жерiнде шөкелей кетiп, өксiп-өксiп жiберген.

Жар басындағы жалғыз үйде жаңа бiр таң жылап атып келедi.

Шел көз терезеден сыздықтаған бозамық сәуле бөлме iшiндегi қараңғы түндi болат бұрғыдай үңгiп, қас қағымда көзге шалынбас буалдыр тозаңға айналдырса да, Ана көкiрегiндегi түнекке жылт еткен сызат түсiре алар емес. Сорлы ана қаншама күннен бергi қыстыққан жасын тоқтата алған жоқ, әппақ шашы жерге төгiлiп еңкейiп, сыртта есiк тырнап өксiген желге қосыла, сыбырлай сыңсыды:

– О, жаратқан Аллам-ау, бүйтiп зарлататындай не жаздым, не күнәм бар алдыңда? Қайғысыз iшкен қара суды қанағат қып келдiм. Көп нәрсе сұрадым ба сенен? Байлық бер дедiм бе? Абырой-атақ үшiн жалбарынып мiнәжат қылдым ба? Соңымнан ерген құлындарымның амандығынан басқа не сұрадым? Соны көпсiндiң бе менен? Неге тарылдың сонша, не пиғылымнан таптым? Ең болмаса, қара нан, қатықсыз көжемдi алаңсыз iшуге хақым жоқ па едi, бұл не жазаң! Он сегiз мың ғаламның иесi пәруардигарым, қайда сенiң ғадiлдiгiң?!!

– Тоқтат, сұңқылдамай! – отағасының ентiккен, әлсiз дауысы әмiрлi естiлдi.– Адамның қиянатын Аллаға жаппа! Болды, сабыр қыл ендi! – Әлгiндегiдей емес, буыны бекiгендей, кереуеттiң арқалығынан қолын ажыратып, жаңа аяғы шыққан баладай қалт-құлт бiр басып-екi басып кеп бөлменiң ортасында қалқайып тұрды.

– Жарадың, құлыным! Атаның күшiн, ананың сүтiн ақтады деген осы. Бiз iстеуге тиiстi, бiзден iлгерiндi-кейiнгi ұрпақ атқаруға тиiстi ұлы ерлiктi сен жасадың. Бiз еңсе көтере алмадық, серiппемiз басылып, iштей булықтық; қарсылығымызды қанжардай жұтып, қорлық пен тепкiге үнсiз көндiктiк. Ал, сен құлыным, тәңiрдiң таңдауына iлiктiң. Ерекше нұры түсiп, аруақ қонды... Сораңды ағызбай, тоқтат ендi, бәйбiше! Қазақтың қай баласының қолынан мұндай ерлiк келiп едi. Осындай ұл тапқаныңа мақтанбайсың ба!..

Бұл неге көндiкпеген бас. Қатыбас тiрлiктiң небiр қыспағынан өтiп, қайғының өзiнен қуаныш жасап үйренген бейбақтың болымсызға емексiп, дәтке қуат қып тұрғанын санасы сансыраған шерлi ана қайдан түсiнсiн.

– Ой, алжыған байқұс, не сандырақтап тұрсың! – дедi басын екi жағына кезек шайқап. – Неме жетiсiп мақтанамын! Бұл бақытсыздықты көргенше, өлсем-еттi!

– Сабыр етейiк, бәйбiше. Белiңдi бу, беркiн. Тумақ бар да өлмек бар, бiреу ерте, бiреу кеш. Дәм татары солай боп, абыроймен озса, оған да көну керек. Әзиз-Сұлтанның орнын жоқтатпасын дедi ме, аруақ қолдап, мiне, мен сал боп сүйретiлiп жатқан жерiмнен тұрдым. Бұл да құдайдың кеңшiлiгi шығар. Ақ пейiлден жаралып, ақ сүт емген жарығымның әдiл iсiн, абыройлы есiмiн медет тұтайық көңiлге!..

Таң бозында бөлме ортасында көйлек-дамбалы ағараңдап, сабырлы, қоңыр дауыспен күмбiрлеп уағыз айтқан абыздың ақ сақалының ұшынан ыстық жас тамшылап тұрды. Көз алды бұлдырап өксiкке булыққан шерлi ана оны бiрақ ала көлеңкеде байқар емес.

ОТЫЗ ЕКІНШІ ТАРАУ

ТӘТТI АЗАП

1

Шықаң – Шынарбай Әшетовичтен соңғы уақытта мықтап маза кеттi. Сәбираны көргеннен берi көңiлi астан-кестен, тыншыған тып-тынық көл едi, бауыры жалтыраған ақ сазан шолп-шолп ойнап айдынын толқытты. Онсыз да кербез кiсi айнаға тiптен жиi қарайтын болды. Крем-массаждың не түрiн қолданып, қалай күтiнсе де бетiндегi ұрланып кiрген әжiмге, тараған сайын пенжагының өңiрiне жыпырлап қонған жартысы ақ, жартысы қара шашқа қарап, ұзақ-ұзақ күрсiнедi. Жүрегi құрғыр, он сегiздегi бозбаладай елегiзiп, байыз тапқызар емес. Көзiн ашса да, жұмса да Сәбира елестеп, тәттi азаппен көкiрегi ыңырсиды.

Кино үйiнде Ұлбану сияқты Алматыдағы ысқы аяқ пысықтар мен номенклатуралық қызметкерлерге арнап ай сайын голливудтық, тағы басқа шетелдiк әртүрлi ағымдағы жаңа фильмдердi жасырын көрсетiп тұрады. Көбiнекей порнография. КазГУ-де оқитын ортаншы қызы екеуi құр жiберген емес. Қиялың жетпес қызықтың көкесi сонда. Осындай кино көру үшiн-ақ бастық болу керек екен ғой деп ойлайды кейде.

Түн баласында тыныш ұйқы жоқ. Жастыққа басы тисе болды, күнi бойы санасын сансыратқан елестер мен тәттi қиялдар түсiне енедi: қыз, жiгiт боп Сәбира екеуi жасыл бақта қол ұстасып келе жатады, не вальстiң ырғағымен әдемi тербелiп, күңгiрт сәуле төккен кең залда билеп жүредi, ендi бiрде ақ төсектiң үстiнде ақ тәндерi айқасып, айра-жайра аймаласып жатқаны...

Бүгiн де мiне, Сәбира екеуi соңғы көрген голливудтық фильмнiң бас кейiпкерлерiне айналып, тар төсекте табысқан. Жүгенсiз құмарлық ойнына кiрiсiп, жаны ышқынып жатып оянып кеткен. Жүрегi ойнап, аузына тығылды. Өз үйi, өз төсегi, терiс қарап жатқан өз әйелiн көрiп, дыбысым шығып кетпедi ме, Сәбираның атын естiп қоймады ма деп зәресi ұшты. Көрпе үстiнде малдас құрып мәңгiрiп ұзақ отырды. Жаңағы тәттi елес көз алдынан кетер емес. Батар айдың өлеусiреген жарығы ма, таң бозы ма, үй iшi ала кеуiм. «Бұл пәле сыбағасын кейiнге дайындап, өтiрiк ұйықтап жатқан жоқ па?» деп әйелi жаққа күдiктене қарады, демiн iшiне тартып, құлағын тосты. Жоқ, алаңсыз ұйқы құшағында, жұқа танауы пыс-пыс етiп, бiр қалыпты тыныс алады. Сол аяғын көрпенiң үстiне тастап, iшкөйлегi түрiле, жуан жамбасы жарқырап тоңқайып жатыр. Бәрiбiр қызықпады, қайта бойындағы бар мiнi осы сәт бадырайып көрiнiп тұрғандай: мойнына әжiм түсiп, емшегi салбырай бастапты; мықыны қандай жуандап кеткен! Тобығы шодырайып тұр ма, қалай өзi?.. Әйтеуiр, еш жерi жағар емес, бiр-ақ күнде сыйықсыз, сүйкiмсiз боп шыға келгендей.

Фатима өзiнен жиырма жетi жас кiшi. Тұңғыш қызымен түйдей құрдас. Осыған қолым жетсе, екi дүниеде арманым жоқ деп өлiп-өшiп жүрiп үйленген ғашық жары. Марқұм бәйбiшесi науқастанып жүргенде-ақ екеуi әуейi болған. Қазаннан осындағы жоғарыда iстейтiн абзиының үйiне қонаққа келген ерке тоташ екен. Құдай айдап, тағы бiр жоян абзидың қыз ұзату тойында екеуi танысып қалған. Көрген бетте-ақ күйiп-жанды. Дегбiрi қашып, ынтызары күн санап арта берген.

Қызыл алма уылжып пiсiп тұр. Қызығушы, сiлекейiн жұтып тамсанушы көп, Қарманбаса, кез келген сабағынан үзiп әкетерi хақ. Басы әңкi-тәңкi. Әйелiмен ажырасайын десе, әрi науқас, әрi қайын жұртының доғынан қорқады. Екi қолтығынан болмаса да, бiр қолтығынан сүйеп жүрген әйдiк қайнаға әлеуеттi қолымен желкесiнен бiр-ақ нұқып тағынан төңкерiп тастамай ма. Әйелi марқұм ұзақ ауырды. Құдай өзi кешсiн, мойындамақ түгiлi, ойлаудың өзiнен шошиды осы уақытқа шейiн. Күнде совминнiң ауруханасына барып балаларымен кезектесiп бiр сағат – жарты сағат әйелiнiң қасында отыратын. Бейшараның майы таусылған шамдай күн санап сөнiп бара жатқан қан-сөлсiз жүзiн көргенде, қабырғасы сөгiлiп қамығудың орнына, көкiрек түкпiрiнде әлдебiр қара шайтан секiрiп, алақанын шапаттап: «құтылдың, құтылдың!» деп құлағына сыбырлағандай болатын...

Обалы нешiк, осы табалдырықтан аттағаннан берi


Фатима бетiне жел боп тиген емес. Жастығын пұлдап, қылтың-сылтың мiнез көрсеткен жоқ, ондай ой тiптi қаперiне кiрiп те шықпайтындай, иiлiп – жастық, жайылып – төсек. Қуаныш-қызықты тек өз шаңырағының астынан iздейтiн тәубашыл аналық мiнезбен от басының береке-бiрлiгiн ойлап қалтырап тұрғаны. Мұның тартыншақтағанына қарамай, едел-жедел екi құрсақ көтерiп, үй iргесiн бекiте түскен. Ендi осы төрт қабырғадан тыс жерде ол үшiн өмiрдiң ешқандай қызық-шыжығы жоқ тәрiздi.

Баптанып таңертеңгi шайды iшiп болған соң, сыланып-сипанып жұмысқа дайындала бастаған. Үйде көлденең ешкiм жоқ екеуара қалғанда Фатима бұны «Шықашка» дейтiн еркелетiп. Шала ұйқыдан ба, әлде бүйрегiнде бiр кiлтипан бар ма, мойнына асқан түктi орамалдың бiр ұшын суық сумен сулап, көзiнiң алдындағы күлтiлдеген iсiкке басып тұр едi, ас үйге қарай өтiп бара жатып, қалт тоқтай қалды да, ту сыртынан: – Шықашка-а! – дедi дауысын соза назданып. – Соңғы кезде айнаға көп қарайтын боп кеттiң. Сенде бiр өзгерiс бар!

Ұрының арты қуыс деген, Шықаңның арқа тұсын шым еткiзiп аяз қарып өттi. Әйтсе де сыр бiлдiрген жоқ.

– Әйелiмiз жас болған соң, ендi қайтемiз. Күтiнбесек бола ма! – дедi қалжыңға бұрып.

– Ондай қулықты қой. Байқа, менiң агентурам жақсы жұмыс iстейдi. Хабарлап тұратын адамдарым бар!

– Қойшы, шалды кiм керек қылсын!

– Сен – шал емес, балсың! – Фатима талпынған ып-ыстық қос анарын майкашаң тұрған Шықаңның арқасына жапсырып, белiнен айқара құшақтады. – Жасарғаның керек емес маған. Мен үшiн шашыңның ағы, бетiңнiң әжiмi болғаны жақсы. Сонда сенiмдiрексiң!

– Өй, ақымағым менiң.

Фатима күйеуiнiң иығына басын сүйеп, айнаға қарап көзiн қысты: – Жоқ, Шықашка, сен ел көзiнде жүретiн азаматсың, қатып жүр, сәнден. Ел қызықсын!

– Мiне, сөзiң ендi түзелдi... Жарайды, жұмысқа кетейiн.

– Түске не әзiрлейiн? Тұшпара? Сорпа?

– Өзiң бiл. Келмей қалуым да мүмкiн. Қарбалас жұмыс көп бүгiн.

– Жұмыс қайда қашады, денсаулығыңды ойла. Режим сақтап тамақтанбасаң, гастритiң ашылып кетедi.

– Жарайды, көрермiз...

Машина келдi-ау деген мезгiлде пальтосын жүре киiп, дипломатын алып, апыл-ғұпыл есiкке беттеп едi, Фатима жолын кес-кестедi:

– Шықашка, саған не болған өзi?

Бұл «иә, не бопты?» дегендей, түк түсiнбей, сұраулы жүзбен қарады.

– Ештеңе ұмытқан жоқсың ба?

– Жоқ.

Фатима күрсiндi. Тұп-тұнық мөлдiреген бота көзi әнтек жаутаң етiп, ұзын кiрпiктерiн төмен түсiргенде ақша қардай кiршiксiз жүзiн бұлт шалғандай болды. Көңiл шiркiн басқаға ауып, көз тұнғанда ештеңенi көрмейдi екенсiң ғой, әйтпесе, осы тұрысында Фатима сурет едi. Кiрпiгiн басқан ауыр мұңды күшпен серпiп, жанарын жарқ еткiзiп ашып алды да, аш белi үзiлiп, ып-ыстық ақ бiлегiн мұның мойнына асты. Иегiн әнтек бұрып, қан тамыры бүлк-бүлк соғып үлбiреген тамағын алдына тосты. Күнде жұмысқа кетерде алқымынан не бетiнен сүйiп қоштасатын. Бүгiн сол әдетiнен жаңылыпты. Амалсыз еңкейiп ақ тамақтан өпкен. Сол сәт бүкiл болмысын баурап көз алдында мөлдiреп тұрған Сәбираға опасыздық жасағандай жүрегi бiр түрлi қалтырап, сыртқа шығысымен жерге шырт түкiрдi де, орамалмен ернiн үстi-үстiне сүрткiледi.



Талай жыл бiрге қызметтес боп, қабақ тануға әбден жатылған сыралғы хатшы әйел бастығының кезектi махаббат маусымы басталғанын жақсы бiлетiн. Осындай сәтте желiккен шалды желпiлдетiп, көңiлiн көтере сөйлеуге шебер, буынын босатып ап, оны-мұны қолқасын жiңiшкелеп өткiзiп те жiберетiн.

Шықаң емен есiктi сықырсыз ашып iшке енгенде ақ томпақ келiншек қарға аунаған түлкiдей орнынан ұшып тұрып, бұлаңдай қарсы алды:

– Шынарбай Әшетович, тiфә, тiфә, тiл-көзiм тасқа, бүгiн жайнап кетiпсiз ғой! – дедi сәлемдескеннен кейiн өзiмсiнген еркiн үнмен. – Күн сайын жасарып барасыз!

Шықаң келiншектiң көтерме сөзiне онша сенiңкiремесе де, сенгiсi келiп елiтiп қалды:

– Көңiлiңдi құдай көтерсiн, Светочка! Хал нешiк?

– Жәй, ептеген! – дауысы күрт сынып, келiншек мұңая қалды.

– Не мұқтаждық, проблема бар?

– Әлгi кiшi ұлдың әлегi. Бала үлкейсе, проблема да үлкейедi екен ғой.

– Не, үйленем дей ме?

– Өйтсе арман не! Милицияға түсiп қапты. Темекiсiнен наша табылған дей ме? Бiр күннiң iшiнде үш мың тауып әкелмесең, iс қозғаймыз дептi.

– Тiкелей айналысып отырған кiсiлердiң атын бiлiп бершi. Мен бастықтарымен сөйлесейiн.

– Рахмет, Шынарбай Әшетович. Қазiр-қазiр... – Ақ томпақ келiншек тоқ мықынын ойнатып, шырылдаған телефонға қарай ұмтылды.

Шықаңның жұмысы қарбалас басталды. Басқарма, бөлiм басшылары қолтықтарына бiр-бiр папка қысып ап, кезек-кезек кiрiп, түске дейiн алдын босатқан жоқ. Тоғыз қатынның толғағы дәл бүгiн тақалып қалғандай, бiрi «күрделi жөндеудiң сметасын бекiту керек» дейдi бiр қора қағазды алдына жайып; екiншiсi «мынау КРУ-дiң өткендегi тексеруiне байланысты жазылған түсiнiктеме» дейдi қолы дiрiлдеп. Шықаң тезiрек құтылуға асық. Көп қағазды әр жерiнен бiр аударыстырып, қасын қайшылап, қатаң дауыспен: «Бәрi дұрыс қой? Ши шығып жүрмесiн!» деп қыжыртып алады да, шынашақпен шұқып көрсеткен жерлерге қолын сүйкеп қоя салады. Уh, деп креслоға ендi шалқалай бергенде тағы бiреу кiрдi ентелеп.

– Кешегi қағазды қарай алдыңыз ба?

– Ол не қағаз?

– Соңғы Пленумның шешiмiне сәйкес министрлiктегi идеологиялық шаралардың жоспары туралы. Орталық Комитет тездетiңдер деп жатыр.

– Қарай алғам жоқ, қолым тимедi. Өздерiң жауап жаздыңдар ма?

– Әуелi сiздiң нақты ұсынысыңызды бiлейiк деп.

– Не бiлетiнi бар. Өздерiң бiрдеңе қыла салсаңдаршы...

Жiгiт көзi бақырайып, орнынан созалаңдай тұрды. «Мына шал алжаса бастаған ба, не iстеп, не қойғанын бiлмейдi. Пенсиясына неге кетпейдi екен!»

Расында да жұмысты ойлап отырған Шықаң жоқ. Жоғарыдағы жаңа келген қожайын бүкiл республиканың шаңын қағып, барлық буында тазарту жүргiзiп жатса да, жағдайым қалай болар екен деп саспайды. Өйткенi бұл басқарған министрлiк – саясаттың толқынында жүзген идеологилық ұйым емес, өнеркәсiптiк мекеме. Әрi сол саладағы, мiне, ұлттық кадрымыз деп тұқымға ұстап отырған азын-аулақ қазақтың бiрi. Оның үстiне жаңа қожайынның тiлiн тез тауып, айналасына үйiрiле қалған аталастары да жауға оңай бере қоймас. Ендеше, Шықаңның бiр жеңi бос жатпай қайтсiн.

Кiсi аяғы саябырлаған сәтте Светаға:

– Ендi ешкiмдi кiргiзбе. Жоғары жақпен сөйлесiп жатыр деп айт! – деп тапсырды да, – Әлгi кiм едi?.. – дедi жорта ойланған боп, ұмаждалған қағаздай бетiн тыржитып. – Сәбираны шақыршы, тапсыратын шаруа бар.

Сыр бiлдiрмеген келiншек бұрыла бере бiр жымың еттi.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет