ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ
Сонымен, астыртын контрреволюциялық ұйым ашылмады. Енді тергеушілер де тәсілді күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тауып, Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай. «Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруге әрекеттенді», «далада көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айып аяқ астынан табыла кетті. Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден; бұл бұлтартпайтын ашық жаулық қой. «Айыпкерлердің» кез келген пікірі айғаққа жарайды. Екіншіден, социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Расында да, «Кіші октябрь» жасау керек» деп, Сталиннің іштей сүйсінетіні сөзсіз. Әрине, бұл жай ғана қиял, Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин — өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске алуы, тіпті мәжілістерде де қайталауды ұнататынын өзгеше қалай түсінуге болады?
Сонымен,Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы мамыр айында тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа: 1927-1928 жылдары қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған деген төмендегі айып соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орыныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым деген болатын. Мен мұны Қожанов айтқанмын. Ол Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым...1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұржан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уездінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Бәйсейіт елге шығып кетті. Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: Қожанов Мәскеуден келді: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс – деп айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер – деген үмітпен туысым Нұрлан Қарабаевты ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келсек Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт – деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».
Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болған жай, Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті». Және Д. Әділевтің берген көрсетіндісін мойындауы. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
«Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д. Әділев) бұған (Ж. Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек қой. Ол кезде Жүсіпбек Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушы болатын. Ал, түрмеге жабыларда, ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.
«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921жылы 18 маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті еуропалық аштарға азық-түлік жөнелтумен шұғылданды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті. Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:
«Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық» – деп жазды.
«Алашордашылардың ісіне» Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы тергеудің сот хаттамалары да тіркелген. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды – деп бағаланып, домалақ арыз жазуға түрткі болды. Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылған. Оған әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш.
Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады. Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын. Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келуге міндетті боламын.
Жүсіпбек Аймауытұлы. 18-сентябрь, 1927 жыл».
Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927-жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты. Сол жылы ол 37 жасқа толыпты. Орынбордың Совет және Инспектор көшесінің қиылысындағы №51 үйде тұрыпты. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.
«Алашордашылардың» үстінен жүргізілген «атышулы сот ісі» Голощекиннің «дабылымен» тіптен үстемеленіп, қоңыраулатып өтеді.
Ж.Аймауытов пен И.Байменовтың үстінен жүргізілген соттың нәтижесі туралы Ораз Исаев Голощекинге есеп берген хатында Ж.Аймауытовтан көрі С.Сәдуақасовты айыптау басым. Бұл мәселенің ұзын-ырғасы деректермен барынша қанық баяндалса да, Орталық комитеттің көзқарасын білдіретін ресми тұжырым болғандықтан да толық келтіреміз. Өйткені бұл тек қана Жүсіпбек Аймауытовтың ғана емес, бүкіл «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, алдағы үлкен істің дайындығы болатын және бұл сот процесі енді күш ала бастаған қужақтардың – голощекиншілердің де «Алашорданың» аштық тұсында ел үшін еткен еңбегін еш кетіру, өз туыстарының қамын ойлаған пайдакүнемдер ретінде көрсету әрекеті болатын. Ораз Исаевтің де «Алашордаға» қарсы науқанды ұйымдастырудағы «алғашқы қадамы» еді:
О.Исаевтің баянхаты: «Аймауытов және басқалардың үстінен жүргізілген сот процесі» туралы әр түрлі алып қашпа сөз айтылып жүргендіктен де, екінші жағынан алғанда соған қатысты кейбір жайлардың шектен шыққанын ескеріп, сол кезде бюро мүшелерінің көпшілігі жоқ кезде Өлкелік комитеттің хатшысының орынында қалғандықтан да хат арқылы төмендегіні мәлімдегім келеді. Осы істің барысы туралы мәселе Қазаткомның президиумында қаралған сияқты еді, сонда президиум мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасов елден ерекше пікір ұстанып, бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында ішінара назарылық тудыруы мүмкін – деген сылтаумен істің қаралуына қарсы болған. Бұл наразылық Өлкелік комитетке берілді ме, жоқ па, оны білмеймін. Мен мұны тек сот процесі өтердің алдында ғана, Жоғары соттың төрағасы ж.Демме Өлкелік комитеттен арнайы қоғамдық айыптаушыны белгілеп беру туралы ресми түрде хабарласқанда ғана білдім. Оған менің жеке өзімнің қатысуымды өтінді. Киселев жолдастың қолдауымен мен бас тарттым. Киселев жолдастың Сырдарияға іссапармен кетуіне байланысты хатшының орынында қалатынымды, сондықтан да уақыттың болмайтынын және ыңғайсыз екендігін желеу еттім. Мұның басты кілтипаны – ашаршылық жылдары келтірілген шығын болғандықтан да ғана «үлкен адамдар» іске тартылып отырғандығында екенін баса көрсетттім.Одан басқадай (төменде айтылатын) шиеленіс ойыма да келмеді. Жоғары соттың өтінішіне орай алғыр әрі қолы менен көрі бостау ж. Бековті ұсындым. Соттың құрамы туралы сөз болған жоқ. Сөйтіп процесс басталып кетті. Баспасөз пікір білдіріп жатты, бірақ соның ішінде «Советская степь» газетінде дөрекілеу мәнерде жазылған мақала мен хабарландырудан басқа белсенділік танытқан жоқ. Соған орай қандай да бір ұйымдасқан іске қатысты қарсы мақаланы Қазаткомның органдары жариялаған емес.
Соттағы айыпкердің орнына өте белгілі адамдар, соның ішінде Аймауытов пен коммунист Байменов отырды.
Істі тыңдау барысында мәселенің басқа жағы көріне бастады. Процес барысында көпшіліктің пікірі: айыпкерлерге жаны ашығандар боп және соттың үлкен жазаға кесуіне мүдделі топтар болып – екіге жарылды. Мұның орын алуына түрткі болған жай кейін баяндалады. КИНО (Қазақ оқу-ағарту институты – Т.Ж.) мен Өлкелік партия мектебінің оқушыларының айыпталушыларды жақтайтыны байқалды, ҚӨПМ-нің тыңдаушылары сот кезінде Байменовті (ҚӨПМ-нің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі) еркіндікте ұстау туралы сотқа мәлімдеме тапсырды. Тіпті сот процесінде айыпкерлерді қамақта ұстау туралы талап қойылды. Сот төрағасы ж.Бекбатыров: олар өздерін тым еркін ұстағандықтан да солай істеуден басқа амалы қалмағанын айтты.
Осы іске байланысты ж.Сәдуақасовтың жөнсіз іс-әрекетін атап өтпей кете алмаймын. Сот тергеуі аяқталар тұста ж.Сәдуақасов Москвадан (әлде Орынбордан ба) Тоқжігітов арқылы жедел хат жолдап, бұл іске байланысты оның маңызды айғақтары бар екенін хабарлайды. Істе бұл адамның аты-жөні жоқтығын, өзінің Қызылордадан тыс жүргенін ескеріп, өтінішін ескерусіз қалдырады. Сәдуақасов келген кезде сот тергеуі аяқталып, екі жақтың жарыссөзіне кезек келеді. Ол келе сала Өлкелік комитеттің бюросында талқылауды ұсынып, мәселені ушықтырып жіберді. Мен Нұрмақовпен сөйлестім, сот төрағасы Бекбатыроыты шақырып, істің барысын сұрадық. Ол: Байменов пен Қарпықовтың және басқалардың қылмысы дәлелденгенін, ал Аймауытовтың кінәсі аз екенін айтты. Нұрмақов екеуміз оған: егерде Аймауытовтың кінәсі елеусіз, дәлел болмаса, онда біздің ойымызша, 3-4 айдан артық кесім жасамаңыз, бұл партияда жоқ интеллигенттердің арасында бізді (өкіметті) «жала жабуға», қудалауға тырысты деген пікір тудырады. Қалғандарына заң бойынша жаза беріңіз – дедік.
Біз осымен шектеліп, 2 адамнан тұратын бюро мәжілісін шақырмай-ақ қоюды ұсындық. Алайда Сәдуақасов бюроны шақыруды, онымен де шектелмей, Өлкелік комитеттен олардың барлығын, тым құрығанда Байменовті ақтауды талап етті. Нұрмақов жолдас та бюроны шақыруды қолдады. Бюроны шақырудың мүмкіндігі болмағандықтан да, Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Исаевтің, Кадиктің, Арынованың, Бокштың және басқалардың қатысуымен кеңес өткіздім.
Мен біздің неге жиналғанымызды, сот төрағасымен арадағы әңгімені баяндап бердім, ал Сәдуақасов жолдас арнайы баяндама жасағандай сөйледі. Оның пікірі мынаған саяды: 1. Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернациональ» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді. 2.Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы «Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес). 3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.4.Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық ( бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды). 5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек. 6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін. 7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді – деген пікір білдірді.
Кеңес мұның бәрін бекітпеді және бізің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым: 1.Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда оның қалай дамитынына мән бермеді. 2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жік ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылымысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.3. Алашордашылар өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты. 4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді. 5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін жүргізген «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жо қ.6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді, Сергеевті айыпталушының өзі таңдап отырғандықтан да, қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес. 7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды – дегені де жеңілтектік, өйткені мұны ол соттың төрағасынан үкімнен бұрын естіп алған болатын.
«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған ісіне Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О.Исаев» – деп пікір білдірді.
Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек, бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот деген пікі өте орынды болатын. «Ашаршылық» тұсында өзінің туған ұлты мен туған ауылын аштыққа ұшырата отырып, Ресей мен Украинадағы аштарға азық-түлік жіберумен шұғылданған большевик қазақтар, соның ішінде Меңдешев пен Исаев та бар, алашордашылардың халыққа жасаған қайырымдылығын кешіре алмай жүр еді. Тағдырдың тәлкегіне орай, олардың бұл өкінішін орындатуға тағы да мүмкіндіктері болды. Ал олар ол ашаршылықтан туған халқын қорғап қалған жоқ, қайта, сол аштықты өз қолдарымен жасады. Ол тұста да бұл кінәні «Алашордаға» жауып, оларды шетінен соттады. Бірақ ар алдында өздерін-өздері ақтай алмайтындай күнаға батты.
Сондағы сөздің тексін тапқан адам – зерделі, сергек ойлы аға, марқұм Бейсенбай Байғалиев. Б. Байғалиевтің Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, сол кісінің қолындағы Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзін келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында қаралған.
Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі: «– Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1) Мал үлестірген комиссияда болуым. 2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау: 1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болып, оның үстіне Торғай аштары кісі етін жеп жатыр деп, үрейленумен болды. 2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласындағы жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем-бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген. Аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол» деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім. 3) Мен комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып жіберіп, талап алатұғын еді, өйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ол талау екінші топ мал үлестіргенде болғаны көрініп отыр. 4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.
Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау: 1) Мен Торғайдың кейбірі – оқығандарыін ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек. 2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олардың малды алуы мүмкін де емес. 3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары, он бес шақты үй ашпыз деп арыз қылды, тағы сондайлар болған. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар, себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай аймағынан қарап, жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) – Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты атальш, аш ағайындарына мал берілген, оны маған айтып түсіндірген тағы да Торғай жігіттері, беруге ұйғарған – комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, олардан сұрауға болар.
Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы да сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.
Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.
Еңбегім салауат! Ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын. Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.
Жүсіпбек Аймауытұлы.Тергеуші Сейдалыұлы» (ҚР ОМА, 251-қор, 4-тізім, 16-іс, 58—59 парақ)
Есіл ағаның аузына «мен-ақ құрбандығың болайын” деген сөз қайдан ғана түсіп еді. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Ал, бірінші тергеуде Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Ол өзін театрдың директорлығынан босатқаннан кейінгі ашудан туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған ақылы үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке басу айтқан ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
Сот анықтамасынан: «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ».
Тергеудің ІІІ томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаев берген көрсетінді бойынша Ж.Аймауытовқа «көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған» деген айып тағылып, жазықсыз атылып кеткен. “Ұстаз” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеп ГПУ-ға түсінік берген. Көрсетіндісінде Абайды да “халық жауының” қатарына қосыпты. Соған қарағанда кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады. Мұнда Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен” – кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады.
«1929 жыл, 26 маусым.
Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2 үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.
Аймаутов Жүсіпбекті 1921” жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – авт.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек - авт.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен.
Ол 1926 жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл - алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – авт.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға береді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» - ? – авт.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді - делінген.
Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды”- деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.
Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақта мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – авт.) жазылғандықтанда ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, а онда бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ - делінген.
Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын, жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.
(Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас).
«1928 жылы көктемде педтпхникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – авт.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс.
Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған –авт.) студенттерді оқудан шығарған соң оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды.
Егерде ішінара кейбір студенттер оған: Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз - деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі – деп жауап беретін» – дейді.
Енді шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Қалабайдың өзінің ұстазы жөніндегі жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде «үндеместің тыңшысы болмады ма екен?» - деген күдік ұялайды.
«Аймауытов әсіресе қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймаутовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Иса мен Әміре, Жұмат Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі да әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.
«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді».
Осы ретте Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:
«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймаутовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай. Алайда, Ғабит Мүсірепов марқұм көтеріліске шақырған үндеуді өз көзімен оқып шығып, бұл - Жүсіпбектің жазу мәнері емес, басқа бір ірі жазушының қолы дегенді айтқан.
Иә, «бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Қайтеміз, орны толмайтын азамат опат боп кетті.
Енді Ж.Аймауытовқа: – контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын жаңа үйірме «Алқаның» әрекеті “әшкереленді» – деген үшінші айып тағылды.
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
Бәрі де қисынды. «Астыртын ұйым», “қарулы көтеріс”, “Голощекинге қастандық” – қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденеді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты «өте қауіпті», творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі — оны «сыйламау, көзге ілмеу». Ал оған себеп дайын, тек қара күйені жағып, тонын теріс айналдыратын протокол ғана керек. Ілік – Ташкент қаласындағы «Алқа» атты әдеби үйірме. Оны ұйымдастырған – Мағжан Жұмабаев, ар жағы түсінікті.
Түсініктісі сол, бұл үйірме – Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясының құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абайдың өлеңдерін отап тастады, ұлы ақын есімі «қара тақтаға жазылды». КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар» – өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты үйірме ашты. Өз шығармаларын талқылады. Мағжанның “Батыр Баяны”, Мұхтардың «Кексерегі», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы» іспетті туындылары сол жылдары жазылды. Әрине, «Алқада» оқылды. Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Шолпан» журналы арқылы сол идеяларын жариялады. 1927 жылы шыққан КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырған» бес-алты мақала басылды. Саяси айып тағуға соның өзі жетіп жатыр еді. Солай болды да. Өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.
1929 жылы 20 шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылды.Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылған. Ондағы беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді. Өкінішті. Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.
Ал, осы төртiншi бағыттағы айыптың негiзiне, «Алашордашылар»: 1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүгезе асырды. 2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқуkық жазып, арандату әрекеттерiн жандандырды. 3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады. 4. Ұлтшылық-буржуазиялық иделогиялыны көркем шығармалары арқылы насихаттады. Сөйтiп, пролетариаттық мәдеиеттi мойындамай, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтады деген «қылмыстық желеу» себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәркiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз.
Әрине, «жаппай құрбандық шалу» нақанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi. Бұл ретте тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiн айнаға терiс түскен бейне деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз.
Сонымен, «дүние астан – кестен болды». Өмiр де, өнер де тығырыққа тiрелдi. Не iстеу керек? Ұлттың рухын өлтiрмей, жанын қалай таза ұстау керек? Бұл ұлт жазушыларын қатты ойлантты. Соның нәтижесiнде «Алқа» атты әдеби үйiрме құрудың қажеттiгi туралы. Сондықтан да ұлт ақыны:
«Қазақ әдебиетi тоғыз жолдың торабында тұрды. Артында бiр жол, алдында мың жол. Мың жолдың iшiнде өзен өрлегенi де, шөлiркегенi де, барса – келерi де, барса – келмесi де бар. Қазақ әдебиетiн мынау мың жолдың тарауына алып келiп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Аңырып тұрған тұрмыс - қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы; қазақ әдебиетiнiң орыс әдебиетiнiң екпiнiне, орыс әдебиетi арқылы Еуропа әдебиетiнiң екпiнiне кез келуi - «тас пен жапалақтың» кез келуi. Жапалақ өлмек.
Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиетi өртелмек. Бiрақ, бiзге молда болатын Еуропа әдебиетiнiң өзi де бiр молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоялық, көршiмiз орыс әдебиетiн алалық. Оның да өткен дәуiрлерiн бүркеп, осы күнгi дәуiрiн алалық. Осы күнде пролетариат төңкерiсi дәуiрiнде кеңес өкiметiнiң өзiнде орыс әдебиетiнiң мың бағыты бар. Бәрiнiң жалауы - қызыл, ұраны – төңкерiс, алды – ортақшылдық сықылды... Алайда, искусство, ән – оның бiр саласы. Әдебиет туралы түрлi бағыттың (өзiнше – авт.) бiр ұғымы бар. Искусство бар, ән болмақ деген бағыттан бастап, искусство жоқ, ән болмақ емес, бұрын болса да бұдан былай болмақ емес, болуға тиiстi емес деген бағыт шейiн бар.
Оның iшiнде, бiз дүние астан-кестен болған заманның адамымыз. Жұмыр жердiң бетiндегi шiрiк қауды өртеп, өртең шығару үшiн қылыш, найзаны қолдан түсiрмей, майданда жүрген әскердеймiз. Әйелiмiз де, ерiмiз де саясатшылмыз, шаруашылмыз, әдебиетшiлмiз, тегiс әскермiз. Әскер болуға мiндеттiмiз. Төңкерiс iсi осыны тiлейдi. Тұрмысы да осыны тiлейдi.
Бiрақ майдандағы әскердiң әрбiр тобының да, әрбiр таптың да бес мiндетi болмақ. Әрбiр топ өзiнiң iсiн дұрыс атқарса ғана жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бұл топ өз мiндетiн атқара алмаса, өз мiндетiн ұмытып, көптiң дүрмегiмен, айғай атанның желiгiмен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ. Қазақтың жазушылары да аз әскердiң кiшкене бiр қанаты. ‡ркердей бiр тобы. Бiрақ олардың мойнында жалпы әскерлiк мiндеттен басқа бес мiндет бар: Жазушылықтың, ақындықтың, өз мiндетi бар. Жазушыларымыз әскерлiк мiндетiн бiлiп, ақындық мiндетiн бiлмесе, атқара алмаса, ақын емес. Ақындықты бiлiп, әскерлiктi бiлмесе әскер емес.
Қазақ елi Еуропа мәдениетiнiң көзiмен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, бiздiң жазушыларымыз әскерлiк, азаматтық мiндетiн ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкiн. Әсiресе, ақындық мiндетiн бiле алмай, жалпы айғайдың екпiнiмен кетуi де мүмкiн. Әдебиеттi айғай ғана деп, ақындықты – үгiт – насихат қана деп ұғуы. Мысалы, әдебиет, не дiншiлдiк бәдуамы, не дiнсiздiк деп, әйтеуiр, бәдуәм деп ұғуға мүмкiн... Үлгi боларлық орыс әдебиетiнiң түрлi тарауының тұрақсыз бiр тарауына, не барса келмесiне, не ұзамай құрып кететiн сиырдың шұбырындысына түсiп кетуге мүмкiн. Осы мүмкiндiктердiң шет пұшпағын көрiп, әдебиет қазанының бiр құлағына жармасып жүрген, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегi пiкiрлердi ортаға салуымызды борышымыз деп бiлдiк.
Бұл құрғанымыз сегiз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес, «абылайша». Майдан анық, жарық дәуiрiнде дағарадай орда да, айдан ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуiрiне «абылайша» керек. Жорық «абылайшасы» керек (жорықта тiгiлетiн қос). Басы жаңа тұрмыс орынына «абылайша» қалып, бәрiмiз сиятын боз орда тiгiлер. Бұл келешектiкi. Әуелi баспана - «абылайша!». Оқушы! Жақсы келдiң. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кiр!» - деп ұран тастады.
Бұл – «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң «Табалдырық» атты бағдарламасының кiрiспе үндеуi болатын. Оны жазған – ақын Мағжан Жұмабаев едi.
Ақындық асқақ көңiлмен екпiндете жазылған бұл үндеудiң астарында терең мән жатыр едi. Ол тұстағы әрбiр науқанның өзiн «майдан» деп атау рәсiмге кiрiп кеткендiктенде, әр саланың адамдары өзiн әскер ретiнде сезiнуi заңды және мұны Мағжан жарым-жартылай мысқылмен айтып отыр. Негiзгi түйiнi қалайда Мәскеудегi әріптестерi сияқты бiр бағытты ұстанған өнер адамдарының басының бiрiктiруiн тiлеген ниетте жатыр. Өйткенi сол тұстағы жалаң әлеуметшiлдер мен қызыл жалаулы ұраншылдар мәдениеттiң түп тамырына балта шауып, бәрінен бас тартты. Тек қана ұранды желеу еттi. Бұл өнердi өлтiрудiң ең үлкен шарасы едi. Екiншiден, дәл осыны жазардың алдында Мәскеудегi қазақ оқығандары мен студенттерi жиналып, Мағжанның шығармаларын қазақ кедейдерiне қарсы гіт-насихат құралы деп есептеп, оны жарияламауға қаулы қабылдап, барлық баспасөздерге хат жазған болатын. Ақынның намысын қоздырған және оны «Алқа» атты әдеби үйiрме құруға мәжбүр еткен де сол жағдай. Ол майданға «жеке әскер» ретiнде емес, «абылайшасы» бар әдеби топ ретiнде аттануға қамданған. Сондықтан да ол өзiнiң ойын айқындай жазып, қанаттас қаламгерлерден ақыл-кеңес сұрады. Тергеушiлерге берген жауабында ол «Алқа» үйiрмесiн құруды және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылдың желтоқсан айының аяғында, 1925 жылдың қаңтар айының басында жазғанын, бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылағанын, өзгертулер енгiзгенiн жазды. Содан кейiн барып жан-жаққа таратқан.
Әрине, тергеушiлерге берген жауабында «Алқаның» алдына қойған ешқандай саяси мақсаты жоқ, тек қана әдеби мүддеден туындады деген лаж айтады. Бұл орынды да және солай, негiзiгi мақсат – өнерден туындап отыр. Бiрақта тергеу барысында анықталғанындай, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:
«...Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевтi Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай–ақ Жұмабаевтiң де пәтерiнде болғаным жоқ…Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсембиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар.Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соныңөзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн.Жұмабаевтiң әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдыоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдыоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпы» – дейді.
Философия ғылымында «терiске шығуды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен боспаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасақана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.
«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтанда, Тынышбаев, Досмұхамедов, Әуезов, Ермеков, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеровтердiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн мәлiмдейдi. Бiрақта өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек, «күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер» деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген. Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады.
Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтанда тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс – әрекетiн дербестендiруге тырсқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтiң, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абайша айтқанда, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты. «Терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Бұл тәсiлдi жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:
«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани, құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi деп түсiнедi. Әдебиеттi өнер деп емес, насихатшы құрал деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...
Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.
Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды», - деп көрсеттi.
«Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:
«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.
Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда мен Сәрсембинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдыоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдыоңғаровтың – авт.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсембин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», - дедi. Сөйтсем Алдыоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен.Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдыоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсембин, Алдыоңғаров, Сегiзбаев, аты – жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар Қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсембин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында «Мұны Жұмабаевтың қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған» деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар – жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсембин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсембин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтiң өзiне тiкелей жазып жiберемiн дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.
Қатысқандар Сәрсембиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? – деп сұрады. Оларға Сәрсембин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», - дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсембин: «Кiмде – кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсембинге хабарлассын», - дедi. Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi...» – деп жауап бердi
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт – бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды деп қауiптенбегендерi байқалады. Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығында кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi.
М.Әуезов: «Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт – бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын,кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте – бiрте өшiп тынды. Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады.Тергеу iсi жаңа басталғандықтанда, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Сот анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовті “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М. Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».
“Алқа” - алқадан тұзаққа айналды.
Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік.
Достарыңызбен бөлісу: |