Жылдары қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған



бет2/2
Дата27.12.2016
өлшемі0,54 Mb.
#5684
1   2

АБДОЛЛА БАЙТАСОВ

Байтасов Абдолла — 1900 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. Білімді. «Жас алаш», “Жаз қайрат” газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған.

Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұны осындай.


Eндi тергеу барысында бұрын басқа қандай заңсыздықтар жiберiлгенiне көз жiберейiк. Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасынан:

«Жоғарыдағыларға қоса осы iс бойынша қылмысты тергеу кодексiнiң ережесi өрескел бұзылған: қылмысты iс қозғау туралы тиiстi қаулы қабылданбастан-ақ, тергеу жүргiзiлген және ол тек қана айыптау әрекетiн көздеген. Барлық айып тағылғандарды прокурордың санкциясынсыз және соған лайық дәлелдi негiздерi жоқ бола тұра түгелдей тұтқынға алған.

Барлық адамдарға тағылған айып қылмысты iстер жөнiндегi заңға сүйенбестен-ақ жүргiзiлген. Тергеу бiр жылдан аса уақытқа созылса да, алдынала тергеу мен айыпкерлердi арнайы күзетпен түрмеде ұстау туралы кесiмдi мерзiм ұзартылмады. Тергеу барысында контреволюциялық ұйымның болғаны туралы: оның программасы, уставы, iс-әрекет мақсаты және оны жүзеге асыруға ұмтылған нақты шаралары жөнiнде ешқандай да обьективтi деректер анықталмады.

Тергеу аяқталғаннан кейiн оның материалдары айыпкерлерге таныстырылмады және олар өздерiн қорғау құқысынан айырылды. Iс осы қалпымен және айыптау қорытындысы шығарылмастан, сотқа қатысы жоқ мекемелердiң қарамағына жiберiлдi, ал олар сол бойынша «сырттай үкiм шығарды».

Осындай жағдайда Байтұрсынов және басқа да адамдар заңсыз түрде қылмысты iске тартылып, жазықсыз жазаланды.

Жоғарыдағы баяндаған жайдың негiзiнде Қазақ ССР қылмысты iстер кодексiнiң 375 статьясын жетекшiлiкке алып, Қазақ ССР Жоғары сотының қылмысты iстер жөнiндегi коллегиясы мынаны анықтады... »

Соттың ол анықтамасынаң мазмұны бәрiмiзге белгiлi. Сол шешiмнiң арқасында «Алашорда iсiне» қатысты адамдар ақталып, әлеуметтiк әдiлеттiлiк орнады.

Ал, СССР Халық Комиссарлары Советiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4 апрельдегi қаулысы бойынша:

  • Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мер – Якуб, Есполов Мырза - Ғазы, Әдiлев Дiнмұхамед (Дiнше), Аймауытов Жүсiпбек, Болғамбаев Хайретдин, Бiрiмжанов Ғазымбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа.

  • 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистiк ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшiн;

  • Далаға барып қарулы көтерiлiс ұйымдастыру туралы жиналыс өткiзгенi және далаға сiңiп кетуге дайындалғаны үшiн;

  • 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң сектетары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшiн;

  • Юсупов А. С. – ОГПУ-дiң құпия тыңшысы бола тұра, Бiрiмжановтың Валидовке кеткенiн хабарламағаны үшiн;


РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң
  • 58 статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармағы бойынша:

Ату жазасына кесiлдi.

- Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдос, Битiлеуов Дамолла - «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес – Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды.

Атуға бұйырылған төрт адамның – Ахмет Байтұрсыновтың , Мiржақып Дулатовтың, Мырзағазы Есполовтың, Қазымбек Бiрiмжановтың iсi 1931 жылы 13қаңтарда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмастырылды. Олар он жылға бас еркiнен айырылды. Ал, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов, Дiнмұхамед Әдiлов, Хайретдин Болғанбаев, Юсупов Ахмед – Сафа атылып кеттi. 1920 жылы 3 июндегi ВЦИК президиумының указы бойынша оларға жасалған кешiрiм де сол күйi ескерiлмей қалды.

Отызыншы жылдардағы саяси сахнадағы ойынның шиеленiстi, тартысты болғаны сондай, заң ережесi, адамгершiлiк нормасы, партиямен өкiмет қаулылары аяқ астында тапталып, жаппай жазалауға ұласты. Кiмдi кім жеңдi – мәселе осыған келiп тiрелдi.

Өкiнiшке орай, бұл «қара дауылдың» алғашқы аласапыраны едi.

--------------------------------------------------------------



Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес–тiн. Оған Қужақтың – Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенменде, адамның үмiтi үзiлген бе? Өзiнiң кiнәсiз екендiгiн, тағылған айыптардың дұрыс еместiгiн, тергеушiлердiң мүлдем қисынсыз қылмыстарды телiп отырғанын оларды мойындамайтынын мәлiмдеп Мұхтар Әуезов Голощекиннiң атына түрмеден хат жолдапты. Ондағы сөз – тергеушiлерге берген жауабының көшiрмесi болғандықтанда он томнан асатын тергеу хаттамаларының iшiнен зайыбына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз - ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбектiң әйелi Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз – арманын Голощекинге жолдап, одан қайрымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
«2 / VII – 29.

Голощекин жолдасқа!

Маған көмек көрсететiн бiрден – бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.

Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14 мамыры күнi ОГПУ –дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен. (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ –дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты) Мұның әлде - қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн, Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу – ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.

Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.

Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан – Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойындағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақта оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.

Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.

Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.

Евгения Аймауытова

15 / VI – 29 жыл.

Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».
Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезiмi сондай қасиеттi махабаттан туып едi. Түрменiң тар терезесiнен бiр нәзiк сәуле боп түсiп, Жүсiпбектiң жүрегiне жарық құйғысы келдi. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұңдырып, су тасыған ана қарлығаштың мейрiмiмен пара – пар едi. Бiрақ, оған «көмек көрсете алатын бiрден - бiр», «Қазақстандағы ең ықпалды» адамның «өзге адамның қайғысын түсiне бiлмейтiн», түсiнгiсi де келмейтiн, «кiшiпейiлдi де емес, қайрымды да » емес, қатыгез, Жүсiпбек пен оның үй – iшiне ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «осыншама қасiрет әкелген үлкен қателiктiң бетiн қайырудың орынына», соны тудырып, бүкiл елдi «кiшi октябрь үшiн» жаппай құрбандыққа шалып отырған қара жүректiнiң өзi сол Голощекин екенiн Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi. Екiншiден, бiрден Голощекинге арнап хат жазуының себебi, Жүсiпбекке тағылған айыптың бiрi – Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жаланы тергеушiлер алдын – ала айтқан да болуы керек. Мұңлы махаббат иесi тiкелей Голощекиннiң өзiне хабарласу арқылы оның жүрегiндегi қатқан берiштi ерiтуге тырысқан. Өлкелiк басшының кешiрiмiн алуға ұмтылған. Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеугiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi. Сөйтiп:

«ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгi кеңесiнiң шешiмi бойынша № 78754 3с бойынша айыпталған Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовты қылмысты iстер кодексiнiң 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 – баптары бойынша, Есболов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасав Халелдi 58/2 бабы бойынша, Әдiлев Дiнмұхамед пен Аймауытов Жүсiпбектi 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары...» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.

ІІ.


«Алаш iсi» бойынша жауапқа тартылған 42 адамның тек алдыңғы легiнiң ғана тiзiмiн келтiрудегi мақсатымыз, Жүсiпбектiң өзгелерден бұрын неге атылып кеткендiгiнiң себебiн аңғарту. Оның ең басты кiлтипаны Дiнмұхамед Әдiлевпен бiрге тiзiмге қатар iлiгуi едi. «Алаш iсiнiң» басталуына себепкер болған куәләрдiң iшiндегi ең «тұлғасы» да Дiнше Әдiлев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсiпбектiң жазасыз құтылуы мүмкiн емес едi. Егерде жеке тұрғанда оның арнаулы кешiрiмге iлiгiп, тағы да жетi – сегiз жыл Өмiр сүруiне мүмкiндiк туатын едi. Жүсiпбектi оқтың үшiне байлаған айып мынау:

«Дiнмұхамед Әдiлевтiң жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.

(Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзiн кекшiл – терроршы ретiнде көрсетедi – авт.). ... Айтпақшы, Есболовтың үйiнде Голощекин туралы әңгiме болды. Онда Голощекиннiң өмiрiне тiкелей қауiп төндiру жөнiнде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егерде ретi келсе оған қастандық жасаған артық болмас едi. Бiрақта бұл өте қиын дүние, бұл бiрiншiден халыққа қатты күйзелiс әкеледi деген қорытындыға келдi. Сөйтiп, бiз үшеуiмiз осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелестiк, алайда бұл мәжілісте нақты шешiм қабылдағанымыз жоқ. Менiң ағайым тұтқындалғаннан кейiн (оның «Алаш iсiне» ешқандай қатысы жоқ - авт.) Қызылордаға екiншi рет келгенiмде ол әңгiмеге қайтып оралғамыз жоқ.

1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келiп Аймауытовпен жолықтым. Әңгiме арасында Голощекин жөнiнде сөз қозғалды. Оған дейiн мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бiр бұзықты қойды», - деп жауап бердi. Содан кейiн: Жетiсу губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм – деп сұрадым, бұрын ол орында Әлiбековтiң отырғанын бiлетiнмiн. «Оған да бiр бұзықты қойды», - дедi Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуiр бiр қара түнек төнiп келедi, дүниенiң астан – кестенi шығып, асты – үстiне төңкерiлiп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелттi, соның барлығына Голощекин кiнәлi. Сол келгеннен бастап дүние асты – үстiне төңкерiлдi», деп мұңын шақты.

Сөйтiп, бiздiң әңгiмемiз Голощекин жөнiнде болды. Әңгiме арасында не ол екенi, не мен екенiм есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуiмiз оған қастандық жасауға болмас па екен дедiк, Аймауытов өзiнiң мұны - қастандықты қолдамайтынын бiлдiрдi. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па бiлмеймiн. Сен өзiңнiң ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзiңнiң адамыңды жiбер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремiн», - дедi.

Мiне, Дiнмұхамед Әдiлевтiң осы сөзi Жүсiпбектi «саяси қастандық жасады» деген айыппен кiнәлауға себепкер болды. Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлев өте күрделi өмiрбаянның иесi. Оны он төрт жасында көшеден көрiп қалған Мiржақып Дулатов бауырына тартып, Омбыға оқуға түсiредi. Одан қызылдардың әскерiнiң қатарына кiредi, Колчактың түрмесiне түседi, Қиыр Шығыстағы партизан жасағында соғысады, одан Қожановтың көмегiмен қызметке алынады, қазақ драма театрының тұңғыш директоры мiндетiн атқарады. Мiнезi тез, тентек, оқиға құмар Дiнше ауылына барғанда Бетбақдаланы шулатып жүрген, ауылдың қыз – келiншектерiн Сарысудың бойында жинап алып, бейбастақ әрекетке еркiндiк берген Қараноғай дегендi ұстап, оған өзiнше сот құрып, атып тастайды да денесiн мұздың ойындысына батырып жiбередi. Содан бастап қуғынға түседi. 1928 жылы желтоқсан айының 28 күнi ұсталады. Ол өзiн бiрден ұлттың жоқшысы ретiнде жариялап, «Алашорданың» тапсырмасын орындадым, - деп мәлімдейдi де бүкiл өмiрбаянын хатқа түсiрiп, «Алаш» үкiметiнiң барлық көсемдерiнiң қайраткерлiк әрекетерiн өзiнше баяндап бередi. Сөйтiп, әуелi Мiржақып Дулатов пен Жүсiпбек Аймауытов, содан кейiн Ахмет Байтұрсыновтар түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесiнде алдыңғы топта 42, кейiнгi топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсiпбек Аймауытов өзiне Дiнмұхамед Әдiлевтiң бiр рет жасырынып келгенiн, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бiрақта оған тентектiкпен iс бiтпейдi, сен бар жағдайды айтып, Қараноғайдың қылмысын дәлелдеп, өкiметке жаз. Ал қастандық жасаймын дегендi ұмыт. Халыққа кесiрiң тиедi, - деп шығарып салғанын айтады. Сондай –ақ, Жүсiпбектiң үстiнен өзiнiң шәкiрттерiнiң де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студентi Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкiрттен жауап алыныпты. Оның iшiнде кейiннен аты қазаққа танымал болған бiр адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптiштеп айтудың пәлендей қажетi шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсiпбектiң мойнына айып ретiнде тағылды. Негiзгi себеп осы ғана. Соныменен:

1930 жылғы 4 көкек күнгі ОГПУ-дің ерекше қаулысы бойынша:1.Байтұрсынов Ахмет, 2. Дулатов Мiржақып,3. Есболов Мырзағызы, 4.Ғаббасов Халел,5. Әдiлев Дiнмұхамед, 6. Аймауытов Жүсіпбек, 7. Бірімжанов Ғазымбек, 8. Юсупов Ахмет-сафа, 9. Кеншімов Мәдібек, 10. Тоқманбаев Барай, 11. Әбдікеев Бітімбай, 12. Әбдікеев (Бітімбай )Піттібай, 13. Байділдин Әбдірахман атылсын”, - деген үкім шықты.

Сондай–ақ, Битiлеуов Дамолла, Дулатов Асқар, Бөлтiрiков Оспан, Исмағамбетов Темiржан, Барлыбаев Жарахмет, Жұтақов Құлахмет, Есболов Есенбай ең жоғарғы жазаға кесiлiп, ол үкiм он жыл концлагерьде отыру жазасымен ауыстырылды; Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Ұрзабеков Абдолла, Сәтбаев Ибрагим, Әдiлев Асқар, Әдiлев Әбуәли, Әдiлев Әубәкiр он жыл түрмеге кесiлдi; Болғамбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла бес жыл түрмеге қамалып, солтүстiк аймаққа жер аударылды; Жәленов Кәрiм, Кенжiмбаев Дархан, Мұратов Төреғұл, Ибраев Әкбар, Кәрiбаев Нұрлан, Байдуллаев Ағабек бес жыл түрмеге кесiлдi. Байтұрсынов Ахметтiң, Дулатов Мiржақыптың, Әдiлев Дiнмұхамедтiң, Жұмабаев Мағжанның, Дулатов Асқардың, Бөлтiрiков Оспанның, Исмағамбетов Темiржанның, Барлыбаев Жарахметтiң, Есболов Есенбайдың, Мұратов Төреқұлдың, Кешiмов Мәдiбектiң еңбек мөлшерiнен тыс мүлiктерi тәркiге алынды. Арғымбаев Мұхамедия, Әлин Артықбай, Бектұрсынов Бажай, Майлиев Ерке, Тұрдыбеков Әбдiрахман, Мұханов Кәкен, Құлмұратов Тәжiбай үш жылға концлагерьге қамалды.

Мұндағы тiзiмде аты – жөнi көпшiлiк қауымға таныс емес адамдардың денi Д.Әдiлев пен М.Дулатовтың ауылының адамдары. Туыстары. Олар туралы дербес әңгiме етуге лайық. Араға сегiз ай салып барып, 1931 жылы 8 қаңтар күнi iс Мәскеуде қайта қаралып: Бiрiмжанов Ғазымбекке, Есболов Мырзағызға, Дулатов Мiржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке шығарылған ату жазасы туралы үкiм күшiн жойып, олар түрмемен ауыстырылды. Бұл тiзiмге, өкiнiшке орай Жүсiпбек пен Халел Ғаббасов iлiнбей қалды. Неге? Оның бiрiншi кiлтипанын жоғарыда айттық. Екiншi себебi: Ежов бұл кезде Мәскеудегi ОГПУ –дiң көсемдерiнiң қатарына қосылып келе жатыр едi. Ал 1922 жылы С.Сәдуақасов оны Семей губерниясының басшылығынан алып тастаған кезде Халел Ғаббасов пен Жүсiпбек Аймауытов оған қарсы «сөйлеп», «коммунистiк колонизаторлық» пиғылын әшкерелеген болатын. Олардың бұл мiнезiн «кене – адам» - Ежов кешпедi. Екеуiн де оқтың үшiне байлады. Одан ешкiмде арашалап қала алмады. Тағдырдың талқысы деген сол.



----------------------------------

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет