6 қазанда «Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған күніңмен, Балқаш!» атты жас ақындар шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті (С.Сейфуллин атындағы ОҚК). Кеш қонақтары туған қаласын жырларына арқау еткен ақындарымыз, «Қаламгер» клубының мүшелері Мөлдір Бөлекова мен сазгерлігімен танымал Қуандық Сәденов қатысты. Іс-шара қала мектептері мен колледждерінен келген әдебиетке жақын, шығармашыл, өзіндік жазу өрнегі бар жас таланттардың өнерін жандандыру, шығармашылығын шыңдау, қаламын ұштап, аға буын өкілдерінің дара жолын үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Балқаш маңызды білім беру колледжінен А.Климова, №7 мектеп-гимназиясынан Г.Көпбаева мен Абай атындағы №2 лицейінен Н.Тоғайбай өздері шығарған өлеңдерін оқып берді. Әдеби кеш ақындарымыздың жастарға сәттілік тілеуімен жалғасып, жастарымыз «Кәусар» әдеби-жастар клубының мүшелігіне қабылданды.
С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапхананың ақпараттық-кітапнама бөлімінің қызметкерлері «Балқашым – туған мекенім, мәңгілік мақтан етемін» тақырыбында танымдық сағат өткізді. Жасөспірімдердің Балқаш қаласының тарихын біліп, туған жерін, елін сүюге, халқына қызмет етуге тәрбиелеуге бағытталған шараға Балқаш сервис және медициналық колледждерінің студенттері белсене қатысты. Танымдық сағаттың әр кезеңдері қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты. «Қаланың басталу тарихы» кезеңінде қаламыздың алғашқы құрылысшыларының ерен еңбегі баяндалса, «Ұяшықтар», «Суреттен танып сөйле» кезеңдерінде өз білімдерін шыңдап, сұрақтарға белсене жауап берді. Шара барысында жергілікті ақын-композитор Қ.Сәденовтың «Балқашқа арнау» өлеңі оқылып, «Балқашым, әнім менің» әні орындалды.
Қорытындылау кезеңінде «Болашақ» талына Балқаш қаласына арнаған арман-тілектерін жазып қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |