Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері есімше етістіктер мен етістікті сөз тіркестеріне тіркесіп келгенде, сын есімдер мен адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылып, субъективті модаль мағынасына, сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие болады. Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б. Туралы (жайлы, жөнінде, турасында, жайында, хақында)септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың тақырып-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Ол сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады. ... Артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым. Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың құрал-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б..