XX ғасырдың 20–30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Дулатов, М. Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.
С. Сейфуллин — «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды.
М. Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» т. б. дастандарын жазды.
С. Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды.
І. Жансүгіров «Құлагер», Б. Майлин «Азамат Азаматыч», И. Байзақов «Құралай сұлу», Ғ. Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж. Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды. Б. Жәнікешов, Б. Ізтөлин – азамат соғысы жылдарындағы белгілі ақындар.
Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б. Майлиннің «Жалбыр», М. Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды. Қазақ әдебиетінде кеңестік басқа ұлт өкілдерінің де алатын орны ерекше. Мысалы, қазақ жеріндегі ұжымдастыру жөнінде Мате Залка «Тұман тұмшалаған ауыл» атты романын жазды.
20–30 жылдардағы қазақ әдебиетінде аударма ісі де ерекше орын алды.
Алаш қозғалысының жетекшісі Ә. Бөкейханов аударма ісінің шебері болды.
А. Байтұрсынов И. А. Крыловтың шығармаларын, Ж. Аймауытов М. Ю. Лермонтов пен А. С. Пушкиннің, Ғ. Тоқай Ф. Шиллердің шығармаларын;
М. Жұмабаев М. Горький мен Г. Гейненің, Гете мен Д. Мамин-Сибиряктың, В. Ивановтың шығармаларын аударды.
Ж. Аймауытов «Интернационалды» аударды.
Ж. Жабаев пен Н. Байғаниннің, Ш. Қошқарбаевтың т. б. ақындардың өлеңдері мен дастандары қазақ поэзиясын одан әрі дамытты.
XX ғасырдың 20–30 жылдарында Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, Ә. Сәрсенбаев, Д, Әбілов, Қ. Бекхожин, Ж. Саин, Т. Жароков бастаған жас буындар әдебиет саласында белгілі болды.
Сталиндік бюрократизм, жазалау шаралары, репрессия қазақ әдебиетіне орны толмас шығын әкелді. Мысалы, жазықсыз жолмен М. Дулатов түрмеге қамалып, 1935 жылы қайтыс болса, А. Байтұрсынов 1937 жылы атылды.
Достарыңызбен бөлісу: |