Жылқы тарихы – қазақ тарихы. Эоцен кезең



бет5/5
Дата08.10.2023
өлшемі42,49 Kb.
#184181
1   2   3   4   5
Байланысты:
Жылкы тарихы 1

Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жердегі Ботай қоныстарына байланысты аталған. Қазба жұмыстарын жүргізген Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы (1981 — 83, жетекшісі В.Ф. Зайберт) 15 га жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылды. Олар қабырғалары бір-біріне жалғастырып салынған бірнеше тұйықталған бөліктерден тұрады. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған.
Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі. Бұл мәдениеттің өмір сүру уақыты б.д.д. V-IV ғасырларда өтті. Зерттеулердің тарихи маңызы - жылқыны алғаш қолға үйретудің жер жүзінде ең басты орталығы Қазақстан болып саналуында. Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылды. Бұл тек зерттелген аумақтардан шыққандары ғана, әлі ашылмағандары қаншама?! Ботайлықтар, негізінен, жылқы өсірген алғашқы бақташы тайпалар.
Жылқының ертерек қолға үйретілгені жөніндегі тың дәлелдерді Science журналының жаңа санында ағылшынның Эксетер университетінің Алан Оутрам басқарған көпұлтты археологтар командасы жариялады.
New York Times газетінің жазуынша, археологтар біршама жылқы сүйектері мен басқа да қазбаларды тапқан. Оларды зерттеу барысында, бұл жылқыларды Қазақстанның солтүстігінде, біздің дәуірімізге дейінгі 3600 жылдан бастап 600 жыл қатарында дамыған деп дәлелдеген.
Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс (аяң, желіс, шабыс, жорға). Аяң –жылқының ең жай жүрісі. Мұнда ол алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын кезек басады. өгіз аяңда – алдыңғы аяқтың ізіне артқы аяқ жетпейді. Аяңшыл жылқыға кәдімгі ат бүкіл желіспен әрең ілеседі, аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады (сағатына 5-7 км жүреді). Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Бұл бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді. Бүлкіл — желістің ең жай түрі (сағатына 13-15 км); бөкен желіс ұзақ жолға қолайлы (сағатына 20 км); сар желіс – желістің ең шапшаң түрі (сағатына 50 км-ге дейін). Мұндай желіс желгіш жылқы тұқымдарына ғана тән. Бірақ жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды. Жолаушыға да, жылқыға да бөкен желіс тиімді. Шабыс – жылқының желістен де тез жүрісі. Мұның жай түрін майшоқырақ деп атайды, өйткені адамға тыныш келеді. Мұнан қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіншілігінше шабуын ағынды шабыс деп атайды, яғни мұндай жылқы қысқа қашықтықты өте тез алады. Бұл — әсірісе ахалтеке жылқысына тән қасиет. Жылқының өзге жүрісінің бірі жорғалау және қарғу. Қарғуға жаттыққан жылқы 2,47 м биіктіктен, ұзындығы 8,3 м ордан қарғи алады.
Белгілі этнограф М. Бабажановтың 1871 ж. «Журнал коневодство и коннозаводство» басылымдарында жарық көрген мақалаларында қазақ халқы өсіретін жылқыларды үш топқа бөледі: 1) күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қоңға пайдаланылған; 2) жүрдек аттар. Күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы салт жүріске жарамды жылқылар; 3) жүйрік аттар. Осы соңғы топтың өзін автор қарғыншыл (2, 4, 8 верст қашықтыққа ғана шабатын ұшқыр ат), қашағаншыл (бұл да аз қашықтыққа, асауды қайыруға пайдаланылады) ат, шын жүйрік ат деп бөледі. Зерттеушілердің бұл пікірі қазақ халқының жылқы. шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған.
Қазақтар жылқы түсін қылаң, баран, ала деп негізінен үш топқа бөлінеді. Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл; баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең; алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады. Алыстан қарағанда жылкының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң Ж. деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мыс., шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т. б.
Белгілі тарихшы Ахмет Тоқтабай «Алматыкітап» баспасынан «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітапты жарыққа шығарған. Тарихшы бұл еңбегіне 27 жылды жұмсаған екен. Ұзақ жылдар бойы көз майын сарп етіп, Қазақстанның көпшілік аймақтарын, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай елдерін аралап, қазақтың асыл текті жылқысына қатысты дүниелердің бәрін іздеп, зерттеп-зерделепті. Оның көп уақыты Мәскеу, Петербург, Орынбор, Омбы, Ташкент мұрағаттарында өтті. Жылқы мінезді қазақ оқырманы үшін бұл кітап таптырмас қазына. 700-ге жуық әдебиетті пайдаланып, күні-түні көз ілмей жазған «Қазақ жылқысының тарихы» еліміз үшін баға жетпес дүние. Бүгін біз оқырмандарымызға «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» жануардың қадірі мен қасиетін білдіргіміз келіп отыр.
1890-1892 жылдары орыс мал дәрігерлері Торғай облысының қазақ шаруашылықтарын зоотехникалық зерттеулерінде он төрт алтын түсті жылқыларды тіркеген. Алтын түс көбінесе түрікмен асыл тұқымды жылқыларында кездеседі. Әрине, қазақтың мыңдаған жылдық табындарында мұндай түстің табылуы теңізге тамған тамшыдай ғана, бірақ осы фактінің өзі қазақ шаруашылықтарында арғымақтың таңсық емес екенін көрсетеді. «Арғымақ – қазақтың кереметтей жақсы көретін бағалы жылқы тұқымы. Далада өткен небір тарихи оқиғалар осы арғымақтың атымен байланысты. Арғымаққа атақты қазақ жырауы Нысанбай ода арнаған»,– деп жазады «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» – деген мақаласында Я.Я.Полферов. 
Қазанат – қазақы биелерге асыл тұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан. Мәлімет берушілердің айтуынша, қазанат алу үшін кез келген асыл тұқымды айғыр жарай береді. Қазанатты қазақтар басқа жылқылардан көбіне жақсы көреді. Оның жақсы қасиеттерін білетіні сонша, айғырын сұрамайды да. Себебі, қазақы биелер басқа тұқыммен қосылғанда, айғырының жақсы қасиеттерін алып, өзінің жақсы сапасын жоғалтпайды, – деп дәлелдей түседі В.Фирсов. 
«Қарабайыр қазанат, қара жерде қалдырмас» атты халық мақалында қазанаттың айғыры қарабайырдан, Махамбеттің «Арғымақтан ту­ған қазанат» – деп келетін өлең жол­дарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Мұрағат деректерінде «Қазанат» – деп қазақтар арғымақтың тұқымын айтатыны хатталған. Ал, «Қазанат» терминінің шығуы әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қазан – ежелгі сақ, скиф замандарынан тоқшылықтың, құт-берекенің, күштіліктің, елдіктің белгісі болды. Көшпенділер қазанға табынды, қасиетті санады, ұлықтады. Қазандай күшті ат қазанның аттары деген сөздерден қазанат сөзі шығуы мүмкін. 
Қазмойын – қазанаттың үшінші ұрпағы. Қазанат айғырларды қазақы биелермен будандастырудан пайда болған. Мойны қаздың мойнындай иілген, бойы биік, сирақты, қамыс құлақ, бота көз, түрікмен тұқымына жақындай, салт жүріске жарамды жылқылар «қазанаттан туған қазмойын» – деген Махамбеттің жырлары ойымызды сабақтай түседі. Қазмойын – жеке тұқымға жатпайды, Бөкей ордасынан шығарылған қазанаттың бір тармағы деп айтамыз. 
Сауран тұқымы, сауран сойы деп аталатын жылқылар ХVII-ХIХ ғасырларда Кіші жүздің Бөкей ордасында тараған. М.Бажанов кіші жүз жылқылары Ел Сауран қаласы маңынан көшіп бара жатқанда көшке кеп қосылған белгілі бір айғырдан тарайтынын жазады. Айғыр арғымақ тұқымдас болғандықтан Бөкей ордасындағы әйгілі жүйріктердің көбі осы тұқымнан шыққан. Қазіргі қазақ тіліндегі Сауран сойы – әдемі сәйгүлік жылқы деген ұғымды білдіреді. Бөкей ордасындағы жылқы тұқымдарын асылдандыруға Жәңгір хан ерекше көңіл бөлді. Жәңгір хан бұрынғы қазақ хандары сияқты жылқы шаруашылығын бірінші орынға қойды. Ұзақ уақыт аумалы-төкпелі заманда (жоңғар соғысы, елдің қоныс аударып Еділ мен Жайықтың арасына келуі т.с.) жоғалып кеткен қазақтың бұрынғы тарихи жылқы тұқымдары: арғымақ, қазанат, қарабайырларды қалпына келтіруге тырысты. Ол үшін Орта Азиядан, Кавказдан, Ресейден асыл тұқымды айғырлар алдырып, тұқымдарын селекциялау шараларын жүргізді. Бұл іс жемісті болды. 1830 жылы Жәңгірдің Николай патшаның ұлына берген ақбоз желгіш қазақ тұқымды аты Петербургте мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жәңгірдің тұсында Бөкей ордасында мал басы өсіп, 200 мыңнан 5 млн. ға жетті. Хан жылда ат бәйгесін өткізіп тұрды. Оған Ішкі Ресейден т.б. жерлерден ат мамандары, жылқы өсірушілер қатысты. 
Бор – мәстек (қоныс аударушы орыс шаруаларының жылқылары) пен қазақ жылқысының буданы. Қазақ әлсіз денені, қорбиған жандарды әдетте «бор», «боркемік» тексіз, затсыз деп кемсітеді. Орыс зерттеушілері қазақтар өз жылқыларын мәстекпен шағылыстыруды қаламайтындықтарын жазады. Бор-мәстектер қазақ даласы мен Орынбордың шекаралық аудандарында кездескен. 
Жабы – Қазақстанның көпшілік жерінде ұшырасқанымен негізінде оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығыста шоғырланған. Парсылар ябы деп тұқымы тексіз, бірақ күшті, кер­уенде күш-көлік есебінде пайдаланылатын қораш жылқыларды атайды. Тәжікстандағы түркі тектес лоқайлықтар өз жылқыларын түрікмен жылқысынан айыру үшін – «йабы» дейді. Жабы түркі халықтарында көбінесе жүк көтергіш деген мағынаны білдіреді. Жабының жал-құйрығы қалың, денесі шымыр, тұрпаты шұбалаңқы, мойны мен аяқтары қысқа, тез ет алғыш, арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді жылқы. Қазақта кез келген асыл тұқымды жылқыны «арғымақ» деп, ұсқынсыз нашар жылқыларды, «жабы» деп екіге бөліп айту бар. 
Берік – күшті, еті тығыз жылқылар. Бұл түрге жататын жылқылардың бітімі қораштау, семіз, еті нығыз, кебеже қарын, кең құрсақ, аяқтары жуан, жал-құйрығы қабалау, басы үлкен, мойны жуан болып келеді. Жылдам жүріске, шабысқа жарамсыз, бірақ жай жүріспен кез келген қашықтыққа мойымайды. Беріктің негізгі қасиеті – жемшөп талғамайды, қоңдылығын көпке дейін сақтайды, ауыр жұмыстарға шыдамды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Тағы бір қасиеті – үстінен неше айлап ер-тоқым түспеген беріктер демалуға бір жеті, он күнге қоя бергенде, бұрынғы күйіне қайта келіп, тез ет алады. Мінезі жуас болады. Беріктің өзі халық арасында әр түрлі айтылады: шобыр ат – мініспен қатар күш-көлікке жарамдылығын; тұғыр ат- таза мініске арналғандығын, мес ат – аш-тоқтығы білінбейтін жуан денелі, қарынды, сирақты, күші мығымдылығын, шабан ат – жүрісінің шабандылығын айтады. Беріктер – жұмыс аттары болғандықтан, қой жаюға, мал қайыруға, күш көлікке т.б. пайдаланылады. Күй талғамайтын берік, басқа тұқымның екі-үш жылқысы істейтін жұмысты жалғыз өзі істейтін. Қазақтар өз табындарында арнайы беріктердің тұқымын сақтап өсіріп, көбейтуге мүдделі болатын. Беріктің шыққан тұқымына орай, «сәбден берік», «шекті берік» т.б. атау қалыптасқан.
Жүрдек – күші мығым, берік пен бәйге аттарының арасындағы салт жүріске арналған аттар. Жүрдектігіне, бойы­ның берікке қарағанда сұң­ғақтығына және денесінің сүмбідей жаратылысына қарап сұлу ат деп те атаған. Жүрісі көбінесе жайлы, желіс, заржеліс түрінде болады, сондықтан жастайынан желіске үйретеді. Жүрдек – қазақ жылқысының орасан үлкен қашықтықтарды салт атпен бағындыруға қолданылатын жылқы түрі. Жүрдек – мал ұрлаған барымташыларды қууға, алыс сапарларға шығуға, қиын-қыстау кезеңде бір жерден екінші жерге тез ауысуға т.б. пайдаланылады. Жүрдек әр тұқымда кездеседі. Сол себепті қазақтар «найман жүрдек», «адай жүрдек», «қазанат жүрдек» деп атайды. 
Жүйрік – шабыс аттары. Еуропа елдерінде жылқының ең жақсысы деп күйме, тарантас, каретаға жегілетін желгіштерді бағаласа, қазақтар шабысқа бейім аттарды бірінші орынға қояды. Жүйріктердің тұрпаты, сырт пішіндері әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қазақтар жылқының ұшқырлығын, әсіресе алысқа шабатын қасиетін жоғары бағалайды. 
Аяңшыл – тек салт мінуге арналған, әдемі аяң жүрісі бар, адамға жүрісі жайлы аттар. Абай мұндай аттарды «аяңы тымақты алшы кигізгендей» деп мақтаған. Аяң – қазақ тұрмысында өте жиі қолданылатын, ауыл мен ауыл, ел мен ел арасына аяңдап барып, аяңдап келетін халықтың мінезі мен болмысына жарасымды жүріс. Атқа мініп тура шапқанды, қатты желдірткенді, желіп-шауып жүргенді, атты құр бекерге қинағанды қазақ әсте жақтырмаған. Аяң – өгіз аяң, жай аяң, жел аяң т.б болып бөлінеді. 
Желгіш – жылқылар қазақ тұрмысында көп болмаған және қазақ көп пайдаланбаған жүріс. 1871 жылы қазақ жылқыларын түрге, топқа бөліп зерттеп жазған М.Бабажанов «желгіш» дегендерді мүлдем атамайды. Желгіш жылқылар қазақ жеріне ХIХ ғасырдың соңында, кейін Кеңес үкіметі кезінде көбейді. 
Жорға – қазақтың бәйге аттарынан кейінгі жоғары бағалайтын, ерекше жақсы көретін тұқымы. Жорғаның жүрісі тегіс жерде адамға жайлы, білінбейді. Жорға жылқыда туа бітетін жүріс болғандықтан, қазақтар жорға тұқымын сақтап, тіпті қолдан да үйреткен...
Бұдан басқа қазір мүлдем ұмытылып қалған, әр мақсатқа қолданылуына орай жылқы топтары кездеседі. Мәлімет берушілерден алған ақпарлар бойынша «сай ат», «сәйгүлік» – елшілер мінетін, «ереуіл ат», – жорық аттары. «Ереуіл атқа ер салмай ...» деген Махамбеттің «ереуіл» сөзінің мағынасы жөнінде кезінде үлкен пікір-талас болғаны мәлім. Этнографиялық ақпарлар жазба, тарихи деректермен шендеспегендіктен бұл сөздерді әлі жан-жақты зерттеу қажет. 
Қазақта асыл тұқымды жыл­қылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше сақталып, олардың шығу тегі, таралуы, қай құлын қайда берілгенін шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауызба-ауыз беріліп отырған. Арабтар жақсы аттың тегін қағазға жазып, былғарыға тігіп, мойнына іліп қойған, мұны «хюдже» деп атаған. 
Кейбір тұқымдар мал иесінің атымен аталады. Жазба деректерінде 1840-1850 жылдары Көкшетау уезінде «Сәбден тұқымы», Қарқаралы уезінің – Мойнақ болысында «Ниязбек тұқымы» туралы мәліметтер кездеседі.


Әдебиеттер тізімі:

  1. http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/26273

  2. http://www.alashainasy.kz/person/22027/ http://yvision.kz/post/317736


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет