Жиренше (ХІҮ-ХҮ) — аты аңызға айналған дала данышпаны, шешен. Түркі халықтарына ортақ ойшыл. Өмірде болған тарихи тұлға ретіндегі болмысы аз зерттелген. Бірқатар өмірбаяндық деректерінің нақтылығына, шығармашылық стилінің айқындығына және автор ретіндегі есімі ел есінде ғасырлар бойы еш өзгеріссіз сақталғандығына қарамастан, Ж.-ге әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ ретінде қарау басым. Шығыс мәдениетінің көне дәуірлердегі өкілдерін персонификациялауға күмәнмен қарауға бейім «евроцнтризм» салқыны сезіледі. Тіпті, әдеби лақап (псевдоним) пен жиынтық образ негізінде де шындық жататынын естен шығаруға болмайды. Ж. шешендік сөздері — далалық өркениет тәжірибесінің жарқын көріністерінің қатарына жатады. Терең тағылымды толғамдар өміршеңдікке шақырып, ақыл-ой салтанатын түйсінуге мүмкіндік береді.