1922 жылдың соңына қарай босқындар туған өлкелеріне орала бастады. Оларды қарсы алу мен орналастыру жұмыстары жергілікті кеңестерге жүктелді. Мұндай жұмыстың ауырлығы мен қиындығы ашаршылықпен күресу жөніндегі жұмыстан кем түскен жоқ. Босқындарды қарсы алатын, оларды ауылдарға, кенттерге, қалаларға және басқа елді мекендерге орналастыру жұмысын ұйымдастыратын арнаулы комиссиялар құрылды. Кеңес үкіметі оралғандарға арнап әлеуметтік жеңілдіктер көздеді. Өз мекеніне қайтуға тілек білдіргендер үшін жолақысына 40 000 сом бөлінді. 1922 жылғы 1 тамыздан бастап оралғандарды салықтың барлық түрінен босату көзделді. 1921 — 1923 жылдардағы ашаршылықтан зардап шеккендер мен азық-түлікке өте зәру губерниялардың тұрғындарына да осындай жеңілдіктер қарастырылды. Күйзелген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан өндірістік көмек көрсетілді, ал малы жоқ, орташа ғана астық жинаған шаруашылықтар азық-түлік салығының 50%-ынан босатылды, сондай-ақ 1921-1922 жылдарға берілген несиені төлеу мерзімі ұзартылды, бірыңғай мемлекеттік салық төлемі бойынша жеңілдіктер жасалды.