Ашаршылық отырықшы аймақтарды да қамтыды. 1921 жылғы ақпан-наурыз айларында Қостанай губерниясындағы Исаев-Дедов аудандық кеңесі атқару комитетінің Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне жолдаған есебінде аудан тұрғындарының аш екендігі, сондай-ақ жекелеген ауылдардың наразылық білдіріп жатқаны туралы айтылды. Бірқатар аймақтарда шаруалар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жиналған астықты рұқсатсыз бөліп алған фактілері атап көрсетілді. Мәселен, Дмитриев селосының екі жүзге жуық әйелі көршілес кенттерден қосылған әйелдермен бірге жиналған астықты Орынбор астық қоймасына тапсыруға ашық қарсылық білдірді, «егер сіздер жиналған астықты әкететін болсаңыздар біз аштан қырыламыз» деген ұранмен шықты. Ал Васильев селосының тұрғындары кәдімгі күн сайынғы таңғы жиында шіркеу қоңырауымен бір мезгілде бір үзім нан мен мал азығы төңірегінде қызу айтыс ұйымдастырды. Олар кеңестердін жергілікті өкілдерін: «бізге астық беріңіздер, әйтпесе біз аштан қырыламыз» деген айқаймен қарсы алды. Никольск селосының тұрғындары, сол кезде көктемгі дән себу науқанына әзірленген тұқымдық астықты рұқсатсыз өзара бөліп алды.