Гестоз алдында болатын ағзадағы өзгерістерді білу үшін акушерлік тәжірибеде бірнеше қосымша сынамалар қолданады. Олар:
1. Салмақтың патологиялық артуы. Егер жүктілік екінші жартысынан асқаннан кейін әйелдің салмағы апта сайын 350-400 грамнан көбірек өссе, ол денеде «жасырын» ісінудің бар екендігін көрсетеді.
2. Қан қысымының асимметриясы: оң және сол қолдардың қан қысымының айырмашылығы сынап бағанасынан 10 мм көп жоғарылайды.
3. «Лабильді» (тұрақсыз) синдром. Мұнда жүкті әйелді тұрғызып, жатқызып қан қысымын екі рет өлшейді. Содан кейін оның бірнеше рет (7-10 рет) жүрелеп отырып, тұруын сұрайды. Осыдан кейін қайталап қан қысымын екі рет өлшейді. Екеуінің айырмашылығы сынап бағанасынан 10 мм аспауы керек, ал егер одан асса, әйелдің қан тамырларының жиырылу қабілеті өзгеріп, оның қозуының артқанын дәлелдейді.
4. Мак-Клюр-Олдрич сынағы. Бұл сынаманы қолдану арқылы ұлпаның суды тарту (гидрофильдігі) қабілетті анықталады. Ол үшін 0,2 мл физиологиялық ерітіндіні білектің ішкі бетінің төменгі жағындағы теріге жібереді, бұл жерде күлдіреу пайда болады. Бұл күлдіреу әдетте 40-45 минутта ұлпаға сіңіп кетуі керек, ал егер тез уақытта сіңсе (15-20 мин), ұлпаның гидрофильдік қабілетінің артқаны.
Достарыңызбен бөлісу: |