Жұмыс бағдарламасы Дәрістер конспектісі Практикалық және семинарлық сабақтар Зертханалық практикум



бет4/5
Дата31.12.2019
өлшемі0,83 Mb.
#54033
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5

Негізгі әдебиеттер


1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965

2. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А. Мектеп. 1980.

3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы, 1994.

Қосымша әдебиеттер

1.Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. –Алматы, 1984.

2.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.

3. Ертегілер. 1,2,3, 4 томдар. –Алматы,1988, 1989.



4.Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. Алматы,1976.

&&&

$$$002-005-000$3.2.5 Тақырыбы: Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы
Жоспар:
&&&

$$$002-005-001$3.2.5. ХІХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиеті.ХІХ ғасырдағы бала тәрбиесінің тәрбиелік мәні

&&&

$$$002-005-002$3.2.5.2 Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы

Халықтық шығармалардағы балалар әдебиетінің өсіп жетілуімен қатар, XIX және XX ғасырдың бас кезіндегі жазушылар да балалар әдебиетінің өркендеуіне ат салысып, жетекші роль атқарды. Махамбеттің, Ы.Алтынсариннің, А. Құнанбаевтың, С. Көбеевтің, С. Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың жас өспірімдерге арнаған бірқатар шығармалары балалар әдебиетінен елеулі орын алады. Сонымен қатар осы тұстағы қазақ балалар әдебиеті орыс_балалар әдебиетінің қазақ тіліне аударылуымен де толығып, жетіле түсті. Өз шығармашаларымен қатар Ы. Алтынсарин мен С.Көбеевтің орыс тілінен қазақшаға аударған балалар әдебиетіне тән еңбектері өте көп. С.Көбеевтің Крыловтан аударып, жеке кітап етіп, 1910 жылы бастырған «Үлгілі тәржіме» деген 44 мысал өлеңі мен және басқа көп әңгімелері де қазақ әдебиетінің үлесін толықтыратын және одан ары дамыта түсетін үлкен мұра. Орыс әдебиетінен аударылған мұндай шығармалар қазақ балалар әдебиетінің өсіп, дамуына игі әсерін тигізген.

Балаларға патриоттық рух беретін, халық үшін қызмет етуге үндейтін, өз елін қорғау үшін, керек десе, жанын қиюға дейін баруға болатынын іспен көрсететін және үстем таптың озбырлық ниеттерін айқын әшкерелеп, оған қарсы күрес жүргізуге шақыратын Махамбеттің қысқа жазылған мазмұнды шағын өлеңдерінің балалар үшін маңызы ерекше. Махамбет—ба­лалар әдебиетінің өкілі емес, бірақ Махамбет өлеңдерінің бірсыпырасы балалар мен үлкендерге бірдей ортақ мұра. Балалар психологиясына тән нәрсе олардың ерлікті дәріптейтін шығарманы көп оқуы. Өйткені олар мұндай шығармаларға өте тез түсінеді, тез қабылдайды. Балалар әрқашан патриоттық күш-қайрат беретін, өздерін жігерлендіре түсетін шығармалардың ішіндегі кейіпкерлерге үнемі еліктеп отырады. Мазмұны қызықты және оқушысын патриоттық идеяға баулитын шығармалар жастың үлкен, кішілігіне қарамай бәріне бірдей қызмет етеді. Біз «баланың зейіні нашар, ақылы өткір емес деп ойлаймыз, жоқ, олай емес, баланың тек тәжірибесі ғана жоқ, ал ақылы өткір, қиялы жүйрік екеніне сеніңіз. Үлкен кісілердің кез келгеніне ұғындыра алмайтын алгебраның қиын есептерін он екі жасар бала оқып үйренеді ғой...»,—дейді Н. Г. Чернышевский. Бұл пікір әбден орынды айтылған зерттеу қорытындысы.

Махамбеттің: «Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Толарсақтан саз кешіп», «Айныман», «Қызғыш құс» деген өлеңдері баладардың ойына қозғау салатын, патриоттық рух беретін, оң мен солын танытатын тәрбиелік күші басым шығарма. Мұнымен қатар балалардың жаттап айтуына жеңіл, орамы күшті, әсерлі сөздер мен жанды теңеулер бар. Өлеңнің құрылыс өлшемі шағын, қысқалығы жағынан да ба­лалар үшін ұтымды.

Махамбет өлеңдерінің балалар әдебиетіне жақын, ұғымына жеңіл тиетін тағы бір өзгешелігі – онда аллитрация мен ассонанстардың жиі кездесуі деп бағалаймыз. Өйткені қайталанып айтылған сөз көңілге қандай қонымды болса, сөз барысындағы жеке дыбыстардың қайталанып айтылуы да балаларға сондай әсер береді.

Ереуіл атқа ер салмай, Еңку-еңку жер шалмай...

Егеулі найза қолға алмай, Ерлердің ісі бітер ме?

дегенде өлеңнің әрбір жаңа жолының басқы бірінші дыбысы «е» деген дауыстыдан басталып, өлеңге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Сонымен қатар, бір дыбыстың еселеніп, қайталап айтылуы сол сөздерге үстеме күшейткіш ұғым да береді. Өлеңді мәнерлеп, ерекше көрік беріп айтудың бұл сияқты түрлері Махамбет шығармаларынан жиі кездеседі.

Түн қатып жүріп түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темір қазық жастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?

дегендегі, бастапқы үш жолдың бірінші дыбыстары «т» әрпінен басталған. Аллитрация үшін өлең сөздердің әр жолының басқы дыбыстары бір тектес болып келуі ғана шарт емес, сонымен қатар сөйлем ішіндегі әр сөздердің басқы дыбыстары да бір келкі болып айтыла береді. Өлеңнің әрбір сөзі «т» әрпінен басталып, «тебінгі теріс тағынбай» деп сол сөйлемге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Аллитрация мен ассонанс елең сөздерге көркемдік сипат берумен қатар, қайталап айтылуы жағынан балалардың ұғымына тез сіңіп, ерекше әсер қылдырады.

Махамбет өлеңдерінің барлығынан да таптартысының осындай айқын күресі көрініп отырады. Халықты «Жұртшылықты күреске шақыру, қарулы қимылға үндеу, келешектегі игілікке сендіру бәрі де халық қозғалысының алдан үміт күтіп, жақсылыққа жетем деп көзденіп тұрған кездерін аңғартады» - дейді профессор Қ. Жұмалиев.

Махамбет өлеңдерінің біздің қазіргі жастарымызға рух беретіні және тарихи жағдайлармен таныстыратыны осында.

Махамбет жырларында Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің алдына қойған мақсаттары мен тілектері айқын көрінеді. Махамбет өзінің өлеңдерінде, хан, би, сұлтандардың жауыздығын әшкерелеп, еңбекші бұқараны теңдікке жеткізуді арман еткенін айтады.

Бұл өлеңдегі балалар ойына қозғау салып, оларды қызықтыратын бір өзгешелік – Махамбет өз басына түскен қуғын-сүргінді, азапты кісі ұғымына дәл тиетін екінші бір жәндіктер ортасында болатын оқиғаға салыстыра суреттеу арқылы көрсетуінде дейміз. Оқуға да, түсінуге де, жаттауға да да сондайлық икемді жазылған. Тәрбиелік маңыздымен қатар балалар әдебиеті мұрасына енетін Махамбет шығармаларындағы басты-басты ерекшеліктер осындай. Бұл өлеңдер арқылы үлкендер мен кішілерге бірдей қызмет еткен балалар әдебиетінің алғашқы даму, өркендеу, өсу кезеңдерінің қандай дәрежеде болғанын айқын көруге болады.

Қазақ балалар жазба әдебиетінің алғашқы қалыптасуы, шыға бастауы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұл – тек қазақ халқының бірінші ұлы педагогы, балалар жазба әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің атымен тығыз байланысты.

Қазақ халқы жазба әдебиетінің алғашқы шыға бастауы мен оның қалыптасып дамуы бірден қазақ әдебиетінің өзінен бастала қойған жоқ. Шоқан Уәлиханов та, Ыбырай Алтынсарин де, Абай Құнанбаев та өздерінің орыс мектептерінен оқып, хат тануына байланысты,олар алдымен орыс халқының озық мәдениетімен, XIX ғасырда үздік өскен әдебиетімен танысты. Орыс халқының әдебиеті оларға мол әсер қалдырды. Көзін ашып, көңілін оятты, ішкі дүниесіне қозғау салды. Олар орыс әдебиеті мен мәдениетінен мол әсер ала отырып, қазақ халқының түсінуіне жеңіл, әдет-ғұрпына ең жақын шығармаларын аударды. Орыс әдебиеті шығармаларының қазақ тіліне аударылып, хат, қағазға түсе бастауы қазақ жазба әдебиетінің алғашқы бастамасы, бет ашары болды. Абай да, Ыбырай да, беріректегі Спандияр Көбеев те, аударма арқылы үйрене, жаттыға келе өздерінің қолтума шығармаларын да бере бастады. Қазақ жазба әдебиетінің алғашқы шығуы, қалыптасуы осылай басталды.

Орыс әдебиетінен қазақ тіліне алғаш аударылған шығармалар көбіне балалар әдебиеті мұрасына енетін, солардың түсінуіне жеңіл еңбектер екенін де көрсетуге болады. Бұған дәлел ретінде Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы басылған «Киргизская христоматия» деген кітабына енгізілген аударма шығармаларды айтуға болады. Егер біз өзіміздің баспасөз тарихына көз жүгіртсек те, алдымен осыны байқаймыз.

Ыбырай Алтынсарин қазақ халқында халық ағарту жұмысын бірінші рет қолға алған, сол жолда өмірінің ақырына дейін үздіксіз еңбек еткен жалынды патриот болды. Мәдениеттен артта қалған сауатсыз көшпелі халықтың ауыр тұрмысына зер салып, қатты қайғырды. Бұл өте төзімсіз жағдай деп білді. Қараңғылық тұңғиығында тоқырап қалған өз халқын мұндай ауыр жағдайдан құтқарудың жолын іздестірді. Мәдениеттен артта қалған қараңғы елді мұндай тұңғиықтан алып шығудың бірден бір дұрыс бағыты, сара жолы ұлы орыс халқымен араласып, бірге өмір сүріп, бірге тұрып, олардың озық мәдениетінен үйрену деп тапты. Орыс халқының озық мәдениеті мен ілімі қазақ даласына жағылған шамшырақ болар еді деп арман етті. Бұл арманын іске асыру үшін алдымен қазақ елінде орыс-қазақ мектебін ашу керек, орыс-қазақ мектебі мәдениет ошағының ордасына айналар еді деп, сенді. Қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин бар өмірін халық ағарту жұмысына арнайы отырып, төрт жер­ден уйездік орыс-қазақ училищесін ашты. Бұл училищелер Елек, Қостанай, Торғай, ЬІрғыз жерлерінде болған еді. Жеті-қара, Обаған, Бөрте, Қараторғай, Қарабұтақ деген жерлерден облыстық 5 мектеп және Ақтөбеден бір колөнер училищесін, орыс балаларына арнап 2 мектеп ашты.

Ыбырай Алтынсариннің ұсынысы бойынша 1889 жылы Ырғыз қаласында қыздар училищесі ашылды. Бұл бүкіл шығыс елдері ішінде әйелдер үшін ең бірінші ашылған оқу орны еді. Ыбырайға дейін қазақ даласында діни медреселерден басқа бірде-бір мұндай оқу орындары болмаған.

Ыбырай Алтынсариннің «діни фанатизмнің күллі көкке ұшады» деп отырғаны, ол кезде ескі медреседе оқыған балалар өздеріне мазмұны жат діни схоластикаға байланысты сөздерді жаттаумен бастары айналып кететін-ді. Мұндай медреселерден оқудың негізгі манаты балаларға тек намаз сүрелерін жаттатып, құдайға құлшылық ете беруге үйретуді ғана көздейтін. Жас өспірімдердің ақыл-есін дамытуға, олардың сауатын ашуға дін оқуы мүлде көңіл бөлмеген. Қайта дін басылары жаңа типті орыс-қазақ мектептерінің ашылуына мүлде қарсы шыққан.

Ыбырай Алтынсариннің түсінігі бойынша, орыс-қазақ мектебінде қазақ балаларын орыс балаларымен қосып бірге оқыту, орыс тілінін, орыс мәдениетін тез үйретудің бірден-бір дұрыс жолы болар еді, орыс халқымен жақындасудың да, достасудың да, оларды аға тұтып бірге өмір сүрудің де айқын жолы осы болар еді деп біледі. «Шәкірттерім аздап орысша сөйлей біле бастаған кезде, мен оларды осындағы орыс балаларымен араластырып жіберемін. Оған менің заң жағынан қақым бар. Қысқасы, бұл шәкірттерім төрт жыл ішінде мектепті бітіргенге дейін әжәптеуір сөйлеп ол-пұлды біліп қалар деген үмітім зор», деп жазды Ыбырай Алтынсарин.

Халық ағарту жұмысы саласындағы идеясын іске асыру үшін Ыбырай Алтынсариннің өзіне тосқауыл келтірген діншіл фанатиктермен де аяусыз күрес жүргізуіне тура келді. «Надан жатқан, бірақ әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға, шамасы келгенше, қызмет ету біздің әр-қайсымыздың да борышымыз»,деп көзі ашық ел азаматтарына үндеу салған.

XIX ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, ұлы орыс халқының алдыңғы қатарындағы прогрессивтік өмірді аңсаған ақын-жазушылар баланы жан-жақты барлық нәрседен ха­бары бар — жақсы азамат етіп тәрбиелеуде балалар әдебиетінің алатын орны зор екеніне мән бере бастады.

Ұлы орыс халқының XIX ғасырдағы классикалық мол әдебиеттерімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой-санасына қозғау салып, дамытуда өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін алдымен бала­лар әдебиетін жасауға бет бұрып, балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Алдымен орыс халқының балалар әдебиеті тақырыбына жазылған еңбектерімен таныстырды. Жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл қазақ халқы үшін, әсіресе оның жас ұрпақ балалары үшін, аса игілікті іс, жаңа бастама.

Ыбырай Алтынсарин И. Крыловтың «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі», Л. Толстойдың «Пол­кан деген ит», «Силинші», И.Дмитриевтен «Екі шыбын», орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан, «Тәкаппаршылық», «Дүние қалай етсең, табылады», «Талаптың пайдасы», «Үш ұры», «Алтын шаттауық», «Аурудан аяған күштірек», «Әке мен бала», «Білгеннің пайдасы», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас» «Мейірімді бала» сияқты көптеген шығармаларды аударады.

Ы.Алтынсарин шығармаларының көбі балаларға арналғандықтан алдымен оның тілі жеңіл болуын қарастырды. Қарапайым, халықтық тілмен жазды. Осы кездерде, одан бұрын да қазақ әдебиетіне араласып, шұбарлай бастаған араб, пар­сы, татар, шағатай тілдері ЬІ. Алтынсарин шығармаларына енген емес. Діни сөздер мүлде кездеспейді. Қазақ әдеби тілінің бір тұтастығы мен тазалығы үшін күрескен. Мұның аса қүнды жақтары осы еді, баланың ұғымына қиын тиетін бірде бір түсініксіз ауыр сөздер жоқ. Екіншіден, сөйлем орамдары мейлінше қысқа, көбіне жай сөйлемдер болып отырады. Үшіншіден, жазылған әңгімелерінің көлемі шағын. Төртіншіден, оқиға желісі шұбалаңсыз, баланы жалықтырмайтын әрі қысқа, әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға тиетін ойларды дәл айтады, бос сөзділік, артық суреттемелер жоқ.

«Балалар кітаптарының беттерін енді дерексіз моральдық өсиеттер, қиялдан шыққан сандырақтар, елжіреген бос сөздер толтырмауға тиіс. Оларға дүние мен адам туралы дұрыс мәліметтер беріліп шындық өмірдің әңгімелері айтылуға тиіс, қоғамды қазір толықтырып отырған және қазіргі балалар өмірге аяқ басысымен кездесетін мәселелер түсіндірілуі керек» дейді. Н.А.Добролюбов, Ы.Алтынсарин шығармаларының барлығы да Н.А.Добролюбов айтқандай, осы талаптарға сай берілген. Онда асыра бағаланған, бұра суреттеген бірде-бір шығарма кездеспейді. Өйткені бала дәлдікті, әділдікті сүйетінін ұлы педагогтар мен жазушылар жақсы түсінген. Бұл жайттерді олар көп зерттеген.

Қазақ халқының ағартушыларының бірі ХІХ ғасырдың ақыны, ойшыл қоғам қайраткері,— Абай Құнанбаев.

Абай өзі — педагог болмаса да, Ы. Алтынсарин сияқты, баланы оқытуға, тәрбиелеуге көп көңіл бөлген, оған зор мән бере білген ақын. Баланы оқытудың да белгілі мақсаттары, алдарына қоятын тілектері барын айтқан. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,дейді Абай. Халық үшін туған ұл халық үшін қызмет етсін дегенді басты міндет етіп қояды.

Абай халықтың болашақ жаңа қауымына, жас өспірімдерге арнап бір талай өлеңдер жазды, ақыл сөздер айтты. Жас өспірімдерді өнер-білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін еріккеннің ермегі еткісі келмей, жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала ескертіп өтеді.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

дейді.

Абайдың жас өспірімдерге үлгі-өнеге көрсетуі олардың көңіл күйін оятуға күш жұмсаудан басталады. Одан соң өнер-білімге, ашығырақ айтқанда, орыс халқының үздік мәдениетіне шақыруды мақсат етеді.

Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ,

деуі осыдан келіп шығады. Абай бұл сөзді «Жас ұрпаққа, халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына әдейі арнап тұрып айтады»,деген еді М.Әуезов».

Абай өлеңдерінің әрбір жолынан балаларға үлгі-өнеге аларлық насихат белгілері көп табылады. Ол тек құрғақ насихат емес, өмір шындығына, өмірдің қызығы мен шындығы, дүниенің кілті орыс халқында, болашаққа көзіңді ашатын да солар, сондықтан олардан үйрену керек деп ашықтан ашық айтты.

Осы идеяны іске асыру үшін мұны да өз шығармасының негізгі арқауы етті.

Абай жылдың төрт мезгілін, табиғаттың әсем көріністерін адам өмірімен тығыз байланыстыра суреттеу арқылы оны жастарға тіршілік тірегі деп түсіндірді. Адам өзіне қажетті барлық заттарды, жаратылысты зерттеу, игеру арқылы табатынын, адам өмірі соған байланысты екенін суреттейді.

Орыс халқының атақты сыншысы В. Г. Белинский: «Сіз оларды тамаша дүниенің шексіз әр алуан құбылыстарымен таныстыра отырып, олардың білімдерін байыта аласыз, олардың өмір шындығына көзқарасын кеңейте аласыз... Ал ол үшін балаларға арнап бүкіл дүниеге, бүкіл табиғатқа жан беріп, меңіреу тасты да, қырдың қылтанағын да, сарқыраған бұлақты да, майда қоңыр желді де, гүл үстінде ұшып жүрген көбелекті де, сүйіспеншілік тілмен, өмір тілімен сөйлету ке­рек», — деген. В. Г. Белинский айтқандай, Абай өлеңдерінің балаларға лайықты әсем түрлері алдымен осы табиғат байлығын танытудан, оны адам өмірімен, тіршілік тірегімен бай­ланыстыра суреттеуден басталалы. Өйткені «Қай жерде өмір болса, сол жерде поэзия бар»,— деп А. С. Пушкин айтқандай, Абай да көркемдікті қабылдаудың, сүйсінудің қайнар бұлағы өмірдің өзі деп түсінген. Оның бәрі де еңбек процесі арқылы туатынын да жақсы білген.

Адамды қуантатын да, бақытқа жеткізетін де еңбек процесі екенін практикадан да, өмірдің өзінен де көрген. Сондықтан да Абай жылдың төрт мезгілін еңбек процесіне, қимыл, әрекетке байланыстыра суреттеген. Ол тек пейзаждық көркем көрініс емес, адам өмірі тіршілігі мен тығыз байланысты түрде сүйкімді, нәрлі көрінеді. Сондықтан балалар адам тіршілігімен тығыз байланыстыра суреттеген Абайдың «Қыс», «Жаз», «Күз», «Жазғытұрым» деген өлеңдерін аса қадірлеп, сүйіп оқиды.

Табиғаттың әсем көрінісін суреттеуде қолданған Абайдың шешен тілі, сөздік құрамы, әсем теңеулері балаларды таң – тамаша етеді. Соған сүйсінеді, сүйсінерлік істен үлгі алады. «Абайдың өмірді аңсаған, өмірді баяндаған поэзиясы, сиқырлап бойды алатын адамгершіл лирикасы, өмір сүйгіш жүректің арманын білдірген оның табиғат, жыл мезгілі, сұлу қыз, құс салу, ат, достық пен махаббат туралы тамаша өлеңдері эстетикалық ләззаттың сарқылмас бұлағы»,деп М. Қаратаев айтқандай, жас өспірімдер де Абайдың өмірлі өлеңдерінен эстетикалық ләззат, рухани азық алады.

Абайдың осы сияқты педагогикалық және тәрбиелік мәні зор өлеңдері мен ақыл сөздерінде оқушының түсінуіне жеңіл болу үшін екі нәрсені салыстыра айту методы бар. Түсінуге жеңіл болу үшін, өлең жазғанда да көрнекілік мәні бар екі затты қатар қойып, салыстыра жырлауды ірі жазушылар өздеріне зор міндет етіп қойғаны байқалады.

Данышпан Абай адамшылықтың ар, намысын, адал еңбек жемісін, адамдар достығын, семья сыйластығын, өнер-білім мұраттарын жырлай отырып бала жайында, бала өсіруші ата мен ана жайында да көптеген ұстаздық өсиет қалдырды. Солардың ішінде Абайдың қара сөздерінің «Оныншы сөз» деп аталатын ғақлиясы бала өсіретін ата-анаға арналып айтылған. «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді»,деп, мағынасы тар, мардымы аз дүмбілез ұғымды сөгеді.Өзіңнен қалған, өзгеден қызғанатын нендей дүниең, қандай еңбегің бар еді, әуелі соны неге ойламайсың»,дейді. Өзіңнің еткен амалың, көрген өмірің айтарлықсыз болса, оған бола мұрасқор тілеп не керек. «Артымнан құран оқысын деп тілейсің. Өз тіршілігіңде жақсы қылығың көп болса, саған кімнің жаны ашымайды, кім жақсылық тілемейді? Тіршілігіңде жақсы болмасаң, жақсылық ісің болмаса, жұрт сені не қылады? Өлген әкенің күнә сын, яғни кемшілігін, жаманшылығын, балаң қайтып өтейді.

Қартайғанда тамағымды асырасын деп тілеу де бос сөз. Қашан да болса өз күшіңе, еңбегіңе сен, балаңнан үміт еткің келсе, сол үмітіңді өзің әзірле. Балаңды соған лайық тәрбиеле. Үмітіңнің ақталарына өз тіршілігіңмен көзіңді жеткіз»,дейді.

Кейбір ата-ана өз баласын өзі алдайды. «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп қулық жасайды, соған мәз болады. Соңыра баласы алдамшы болса, оны кімнен көреді?

Бала тілін қызық көргенсіп, «Боқта, боқта» деп үйретеді де, «Кәпір қиянқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны дандайсытып, тентектікке, әдепсіздікке өзі үйретеді.

Абай жастарды тәрбиелеу, оқыту мәселесіне көңіл бөлумен қатар, жолдастық, достық қарым-қатынастар, адамгершілік жайында да іргелі пікірлер айтты. «Жаман дос көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың», - дейді Абай.

Достықтағы тұрақсыздық, опасыздық, екі жүзділік адам бойындағы ең бір жаман қасиет, ондай жаман әдеттен табансыздықтан жастардың бойын аулақ ұстауды талап етеді. Жас жанның сара көңілі әрқашан әділдікті жақтайтын боп өссін деген талаптар қояды. «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас, қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», дейді.

Кіммен достасудың аралық белгісін көрсетеді? Күнде жиын, күнде той боп жатқандай кейбір кісі қайғысыз, қасіретсіз болады. Осындайлардан, аулақ болуды, осындайлардан жастарды сақтандыруды әрқашан ескертіп отырады. Тоқсан ауыз создің тобықтай түйінін тауып айтады. Балаларға керектісі де сол. Өйткені олар айқындықты, дәлдікті, ақиқатты, сәби көңілін оятып, өзін болашаққа қызықтырып, итермелеп отыратын тұжырымды ойды қажет етеді. Қорытып айтқанда, Абай сөздері мен өлеңдерінің балаларға қымбатты да, қажетті жақтары оның осындай тәрбиелік зор бағасы барлығынан көрінеді. Ол сондықтан да қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы кемеңгердің бірі.
&&&

$$$002-005-100$Дәріс бойынша сұрақтар:

1.Махамбет жырларының халықтық негізі. Ақын поэзиясындағы реалистік сипаттар.

2.Ы.Алтынсарин-қазақ балалар әдебиетінің атасы.

3.Ыбырайдың өмірі мен ағартушылық қызметі, шығармаларының тәрбиелік мәні.



&&&

$$$002-006-000$3.2.6 Тақырыбы: Қазақ балалар әдебиеті тарихында Абай Құнанбайұлының орны.

&&&


$$$002-006-001$3.2.6.1.Абайдың балаларға лайықты өледері

&&&

$$$002-006-002$3.2.6.2.Қазақ балалар әдебиеті тарихында Абай Құнанбайұлының орны. Абайдың балаларға лайықты өледері

ХІХ ғасырдың екінші жартысында туған қазақтың жаңа жазба әдебиетінің атасы, үлкен ойшыл-ағартушысы – Абай Құнанбаев. Ол қазақ әдебиетінің атасы, ұлы ойшыл ғана емес, ұлттар достығын ерте бастап, қазақ даласының Ресейге қосылуын кімнен де болса келелі етіп жырлаған ағартушы, көркем сөздің теңдесі жоқ шебері. Абайды біз поэзияда көрінген тұңғыш ағартушы дейміз. Бұл реттен оның есімі Шоқан, Ыбырайлармен қатар тұрады.

Абай бұрынғы Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, атасы – Өскембай, арғы атасы – Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай – осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды.

Абай Құнанбайдың 41 жасында туған. Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі – қыздай алған Күңке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң, Құнанбай келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан; үшінші әйелі – Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абайдың өлеңінің мәнісі осы. Құнанбайдың төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған. [1; 30-35 бет]

Ұлжан мен Айғыз бір ауылда болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта екі шешесінің ортасындағы төл баласы Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ олардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Халиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасында, жалғыз баланың халінде өткізген. Екі шешеге бірдей бала боп жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға «Телғара» деп ат қойыпты. Кейін Аабй жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеде қойылған атпен оны «Телғара» дейді екен.

Абай он жасқа келгенде әжесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да Абай біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабүлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медреселер ұстаған. Оқушы шәкіртінің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу әрине ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның көбін араб, фарсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда түркіше оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болады.

Ұстаз халфелердің бар бейіл бергені – дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді фарсыша.

Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:

Фаули, Шамси, Сәйхали,

Навои, Савди, Фирдоуси,

Хожа Хафиз – бу һәммәси,

Медет бер я шағири фәрияд! –

деп өзі қадірлеген ескі ақындарының аруағын шақырады.

Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы оқу ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Мұсылманша оқуы да доғарылады. Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ақыл, сезімі ашыла бастаған өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.

Абайдың толық жинағы 1858 жылы жазылған екі өлеңнен басталады. Біріншісі – «Иузи – рәушан», екіншісі – «Фзули, Шәмси» бұлардан соң 1864 жылы жазылған «Әліфби» өлеңі бар. Ақынның он үш жас пен он сегіз, он тоғыз жастар арасында тудырған шығармалары осы.

Абайдың қазақ әдебиетіне енгізген жаңалығының бірі – осы реалистік эстетика алғашқыда ол реализмнен бастап, 1898 жылдары Салтыков-Щедрин ізіндегі үлкен сатирик болды. Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңдері бір кездері айтылғандай әдебиеттегі формализмнің, яғни өлеңді қалай жазудың техникасы емес, реалистік эстетиканың программалық ұраны болды. [2; 158-160 б.]

Абай поэзиясының қоғамды өзгертуші қызметін алға қояды. Өлеңнің түрі мен ішкі мазмұн бірлігіне де айрықша мән береді.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы, -

деген жерде соны аңғарсақ керек. Түр мен мазмұн байлығы Абайда орасан биік, классикалық дәрежеге жеткен.

Ат суреті мен қыздың кескінін суреттеу реализмнің бастаьмасы болды. Ақынның тілі мен теңеулері халық үлгісінде жасалуымен бірге заттың, адамның портретін өмірдегідей жанды көрсетеді. Абай Пушкин поэзиясынырң үлгісімен («Жаз», «Қыс») табиғат суретін де жырлайды. Мұнда да айналадағы табиғаттың жандыю суреті реалистік арнада суреттеледі. Сонымен бірге әлеуметтік өмірдің ішкі қайшылығы да жақсы айтылған. Ақынның әлеумет қайшылығын суреттеген бір өлеңі – «Қараша жел». Мұнда ол бай баласы мен кедей баласы тұсында тап қайшылығын жақсы көрсете білген.

Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ.

Екеуін аңдастырған құдайым – ай, -

деген жерде Абай екі таптың арасындағы қайшылықты айтып отыр. 1888 жылы жазған «Қыс» өлеңінде Абай бұл қайшылықты әлі толық тани қойған жоқ еді. «Күз» деген өлеңінде табиғат суретіндегі жыртық үй, жыртық киім, жыртық үйін жамаған кедейдің күзді күнгі көңілсіз күйін көрсетеді.

1890 жылдар ішінде тап қайшылығы артып, Аабйдың бұқарашылдығы арат түсіп, заман болмысына наразылығы да күшейеді. Ол өзі шыққан таптың тар аясына сыймай, әлеуметтік өмір қайшылықтарын, ескіні де, жаңаны да бірдей аяусыз сынайды. Партиягершілік, екіжүзділік, зорлықшылық, мансапқорлық, өзімшілдік, топастық секілді ұсақ мінездерді дәл тауып, қатты сынайды.

Қазақ әдебиетінде ел талаушы болыс бейнесін жасау осы Абайдан басталады. «Мәз болады болысың» деген өлеңінде ақын патшаға сатылған жуанның топас, халыққа жау кескінін шенеп көрсетеді. «Болыс болдым, мінекей» деген келесі өлеңінде болыстын, екіжүзділігі, халыққа көрсететін қиянаты әшкереленеді. Сол арқылы Абай патша ұлықтарын сынға алады.

Ақынның болысқа байланысты әшкерелейтін кейіпкерлерінің бірі — пысық пен шабарман. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлеңінде ол пысық мінезін былайша суреттейді:

Еңбегі жоқ, еркесіп,

Бір шолақпен серкесіп,

Пысық деген ат шықты.

Бір сөз үшін жау болып,

Бір күн үшін дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

Пысық кім деп сұрасаң —

Қалаға шапса дем алмай,

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрса бейне су.

Ат-шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса «қу».

Абай сатирасының бір күрделі саласы оның 1898 жылы Крыловтан аударған мысалдарына байланысты. Бұл мысалдарды Абай сатриаға әбден ден қойып, сол жанрға қуат беру мақсатында аударған.

Абай Крыловтың ғибрат рухындағы мысалдарын, емес, сатиралық өлеңдерін алады (мысалы, «Қазаға ұшыраған қара шекпен», «Жарлы бай», «Ала қойлар»). Сол арқылы ХІХ ғасырдың аяғында капитализм туғызған әлеуметтік жағдайды сын семсеріне алады.

Қазақ поэзиясында өміршіл, дауылпаз романтизмнің өкілі — Абай болды. Оның романтизмі 1890 жылдан бастап күш алады. «Жалау», «Жартас», «Асаутой, тентек жиын, опыр-топыр», «Дұға», «Тұтқындағы батыр», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Теректің сыйы», «Күлімсіреп аспан тұр», «Махаббат, достық қылуға», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Көңілдің күйі тағы да» сияқты өлеңдері, махаббат жайындағы жырлары, философиялық мазмұндағы басқа да өлеңдері романтизм рухында жазылған.

Олар Абай лирикасының ең көркемдері. «Адамның кейбір кездері», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Көкала бұлт сөгіліп» , деген өлеңдері дүниеге наразы болып бұлқынған, тулаған ақынның жан дүниесін ұлғайтып көрсетеді.

Өзтеге көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып

Іштегі дертті жоярсың,—

деген жерде ақынның сырласатыны өлең:

Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?


Босқа әуре қылмай, шынынды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық, бермен қайт,—

деген тұста ақын өз жүрегімен сырласады.

Абайдың лирикасы көп болса да, сюжетті дастандары аз. Лермонтовтың «Демон», «Вадим» сияқты поэмаларынан үзінділер аударған. «Мың бір түн», «Әзім», шығыс сюжеттерінен «Масғұт», «Ескендірді» жырлайды. Бұл поэмаларда Абайдың халықтық идеясы нығая түскен.

1885 жылы туған «Жасымда ғыылм бар деп» дейтін өлең Абайдың сол 1880 жылдардың бас кездерінде, ақындық еңбек жолында әр алуан түрде ізденіп жүргенін көрсетеді. Ізденуші Абай, ең алдымен, өзін жаңа үлгідегі ақын етуге жәрдемші болатын ғылымның жайын сөз етеді. Жасында оқыған оқуын, анық ғылым екен деп танымайды. Ендігі Абайдың арман етіп, «махрұм» қалдым деп көкірегін қарс айырғандай арман ететін мекені мәлім.

1886 жылдың тағы бір өлеңі – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымда» ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді. Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны «қалың елі қазағы». Оны «қайран жұртым»деп, бар жанымен ынтыға сүйеді.

Алғашы көп тақырыпты, мол өлеңдер жазған жылдың ішінде Абайдың бір топ өлеңі жастарға арналған. «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемді күнге» деген шығармалардың бәрі де – өсиетші, сыншы ұстаз ақынның жас буынға арнап айтқан сөздері. Солардың ішінде, әсіресе Абай шығармасына үлкен жаңалық қосатын өлең – «Интернатта оқып жүр».

Бұл өлеңде сыншылдық та көп, қоғам үшін қамқорлық озғын ой да мол. Жаңа буынға басшы болған ақын патшалық системасына да терең сын айтады.
&&&

$$$002-006-100$Дәріс бойынша сұрақтар:

1. Қазақ балалар әдебиеті тарихында Абай Құнанбайұлының орны.

2. Абайдың балаларға лайықты өлеңдері.

3. Қарасөздерінде халық ағарту мәселелерін көтеруі. Абайдың тәрбие мәселесіне байланысты педагогикалық көзқарастары.


&&&

$$$002-007-000$3.2.7 Тақырыбы: Абайдың қарасөздеріндегі тәрбиелік мәселелер
Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары – «қара сөз» деп аталады. Жалпы саны қырық алты бөлек шығарма.

Ақынның өз шығармалары ғана емес, Пушкиннен, Лермонтовтан және әсіресе, Крыловтан жасаған аудармаларының тұсында әр алуан өсиет, сын, мысқыл, әжуа, психологиялық, эстетикалық, педагогикалық жайлардан түйіп айтқан нақыл, ақыл, терең ойлар аса көп кездеседі [1].

Кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылатын ойлар қарапайым, оңай, жеңіл ұғымдармен қайтадан айтылады. Бұл жөнінде Абай өзінің көпшілік оқушы, тыңдаушысымен әңгімелеседі. Және сол әңгіменің үстінде адамгершілік мәселелерінен: әділет, ақтық, турашылдық, шындықты сүйгіштік, ғылымға құмарлық, еңбекті бағалағыштық сияқты жайларды айтады. Немесе осылардай, адамдық сипаттың жауы болатын, аярлық, жалғаншылық, бәле құмарлық, мақтаншақтық, мансапқорлық, өсекші - өтірікшілік, еріншектік, әр алуан арамтамақтық сияқты мінездердің барлығын айтқанда, Абай сол жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету жағын алдымен ойлайды. Айтпақ сөздері мен ойларын мысалдармен келтіреді. Кейде өзінің көз алдында отырғандай, тыңдаушысына сұрақтар береді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады. Мысалдарды қазақтың Абай заманындағы күнделікті болмысынан алады. Сол мысалдарды кейде күлкіге сайып, мысқыл, әжуа халдерді әдейі айқындай түседі. Әңгімесі тыңдаушысына пайдалы өсиет болумен бірге, көңілді айтылып, қызықты боп жетсін деген мақсатты ойлайды.

Өзінің адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуда, Абай педагогикалық жақсы әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып үгіт - өсиет асырады.

Жиыны барлық қара сөз, біздің аңғаруымызша он – он бір тақырыпқа бөлінеді. Мысалы, бірінші қара сөзінде Абай жазуға қалай кіріскені туралы сөйлейді.

Енді бір бөлек тақырып болып, жетінші қара сөз оқшаулау тұрады. Ол – жас баланың психологиясын еске алып талданған сөз. Баладағы білуге ұмтылу жақсы қасиет екенін атаумен бірге, үлкеннің надандығы сол жақсы баланы жаман тәрбиемен қорлап бұзғанын білдіреді.

Өзге қара сөздерден және де өз тақырыбынан оқшаулау тұратын он бірінші сөз – ұрпақ турасынан басталып, ұлықтарға қарсы, оларды қатты әшкерелеген сыншының ойын танытады. Халықтың, көпшіліктің өкілі боп отырған азамат жазушы жаңағыдай ұлықтар кесірінен бейнет шегетін ел үшін ширығып, ызалы турашылдық сөздерін сөйлейді.

Бұл тексерілгендерден бөлек қара сөздердің ішінде тағы бір қайталай түсетін тақырып – дін мен мораль, тәрбие жайларын қозғайды. Олар: он екінші, он үшінші, жиырма жетінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз сегізінші және қырық бесінші сөздерде.

Осы сөздердің кейбірінде Абай құдайға құлшылық етудің мәнін айтып, иман жайын сөз етеді (он екінші, он үшінші сөздер). Бірақ сол мұсылманшылдықтың анық діндік үгітін айта отырып, Абайдың өз оқушысына жеткізбегі – адамгершілік өсиеттер болады. Сол адамгершілік қасиетті адам өзінің жаратылыс сырымен қоса бағалап, түсінсін деп ойлайды. Сондай түсінік адамды адамгершілік биік сатыға көтереді дейді. Осы ойына тіреп, дерек етіп (жиырма жетінші сөзінде) әдейі ұстаздық, тәрбиешілік ниетпен Сократ сөзін береді.

Өлең шығармаларында адамгершілік, тәрбиелік терең ойларды қозғағанда айтатын қорытынды түйіндерін осы арада тағы келіп табады. Сөйтіп, анық айқын діншілдік үгіт сияқтанып басталған сөз ақынның өз ұғымындағы үлкен моральдық философияның тәрбиелік талаптарына келіп қосылады.

Ақынның өсиеттері мен қара сөзде көрінген ұстаздық мақсаттар екеуі де осындай тұстарда табысып кеп, үнемі бір сағаға қосыла құйылып жатады.

Осылайша топталып, тексерілген қара сөздердің тақырып бойынша құралатын ендігі бір мол түрі тағы бір топ сөздерде көрінеді. Олар: он бесінші, он жетінші, он сегізінші, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма сегізінші, отызыншы, отыз екінші, отыз төртінші және қырық төртінші сөздер. Бұнда әр алуан түрде қайталап келіп отыратын бір тектес тақырыптар бар.

Сол ортақ тақырыптар адамның адамдық қасиеттерін тереді. Үлкен адамгершілік, ақтық, тазалық, азаматтық жөніндегі тәрбиелік ойлар айтылады.

Он сегізінші сөзінде және де қысқа қайырып, адамды адам етіп өсіретін, ұлғайтатын ақыл, ғылым, ар мінез деген ой түйеді.

Жиырма бесінші сөзінде қазақ халқынан қадірлі азамат, қауымға пайдалы қайраткер шығару үшін орыс оқуының ерекше бағасын қадірлеп айтады. Оқушы өзі үшін емес, халқы үшін еңбек ететін адам болсын дейді. Бірақ осы сөзінің ішінде және осыдан бұрын жазылған жиырма екінші сөзінде Абай бірнеше қайшылық пікірлер айтады. Орысша оқып жүрген жастардың ішінде жақсы атаның баласы аз оқыды деп, екіұдай ұғым қалдырады. «Жақсы ата» деп Абай тұсындағы жалпы ұғымды алсақ, - жуан атаны да ұғынуға болад. Немесе Абайдың өзіндік сыны бойынша – үлгі берер, жеке жақсы атаны айтты деуге де болады [2].

Қорыта келгенде, Абайдың қара сөздері – оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына дейміз. Абайдың өз тұсында болған тарихи шындықпен, қоғамдық құрылыспен, күнделікті сан алуан надандық, қанаушылық, озбыр зұлымдық атаулының барлығымен байланысты туған шығармаларды көрдік. Қара сөздердің бағасы – Абай заманындағы жағдайды, тарихи шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып береді. Рас, біздің заманымыз үшін Абай сынап, суреттеп отырған ортаның барлық болмысы, барлық дерті және Абайдың сол ортада отырып, күнделікті өмірмен байланысты атап отырған мақсаттары, кейбір ұсыныс ойлары – бәрі де ескірген. Біздің қоғам үшін Абай өмір кешкен тарихтық орта мен қоғамдық шындықтан мүлде алыста, артта қалған дүние. Осы тұрғыдан қарағанда, қара сөздердің арманы мен мазмұны, мұраттары тек тарихтық жағынан бағалы деу керек.

Екінші – Абайдың адамгершілік жөніндегі моральдық өсиеттерін алсақ, олардың ішінде біздің заманға да бағасы зор шындықтары, тәрбиелік ойлары аз емес. Бұл жағы айрықша таратып, талдауды қажет етпейтін түсінікті жайлар.

&&&

$$$002-007-100$ Бекіту сұрақтары:

1. Қазақ балалар әдебиеті тарихында Абай Құнанбайұлының орны.

2. Абайдың балаларға лайықты өлеңдері.

3. Қарасөздерінде халық ағарту мәселелерін көтеруі. Абайдың тәрбие мәселесіне байланысты педагогикалық көзқарастары.



&&&


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет